Тарихи роман жайдан-жай жазылмайды. Өзі дүниеге келген уақыт зәрулігіне бұл жанр да қызмет етпек. Және қызметі бүгінгі заман тақырыбына жазылған шығармадан кем соқпауы тиіс


ТАРИХИ ТАҚЫРЫПТАҒЫ ПРОЗАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫҢ ПОЭТИКАСЫ



бет9/12
Дата10.07.2023
өлшемі0,95 Mb.
#104151
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
ДИССЕРТАЦИЯ. ЖӨНДЕЛГЕН

3. ТАРИХИ ТАҚЫРЫПТАҒЫ ПРОЗАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫҢ ПОЭТИКАСЫ


3.1 Қазіргі тарихи романдардың құрылымдық жүйесі

ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI ғасырдың басы адамзат қоғамына соны өзгерістер, санаға саяси-әлеуметтік, тарихи-танымдық сілкіністер әкелді. Нәтижесінің оң-солын, дұрыс-бұрысын тануға саясаткерлер, ғалымдар және суреткерлер ұмтылыс жасауда. Тарихи және рухани сілкіністің салдары мен себебінің нәтижесінде қазақ халқы да өзінің тарихи негізді ұлттық құндылықтарын тануда, зерттеуде өзгеше құлшыныс танытты.


Роман жанры туралы айтқанда, оны салыстырмалы-тарихи талдау принципі тұрғысынан зерттеген орыстың аға буын зерттеушілерінен В.М.Жирмунский, Н.И.Конрад, М.П.Алексеев, Г.Н.Поспелов, М.Б.Храпченко, И.Ф.Волков, П.А.Николаевты, сол сияқты шетел зерттеушілерінен А.Дима, Д.Дюришин, В.Ничева және тағы басқаларын атауға болады. Бұл зерттеушілер романның мазмұн формасын, жанрлық ерекшелігін, кейіпкерлер жүйесі мен құрылымдық жағын қарастырды. Соның ішінде романның құрылымдық жағы басты назарда болды. “Құрылым” ұғымы әдебиеттануға байланысты зерттеулерде жиі кездесетініне қарамастан, әлі қалыптасу үстінде.
Терминологиялық нақтылыққа жету кезінде, бұл өткен ғасырдағы зерттеу еңбектерде көп кездесетінін байқадық. Ол ғылыми категория ретінде және философиялық ұғымға ие болу жағынан өткен ғасырдың елуінші жылдарында қалыптаса бастады. “Философиядағы жаңа категория ретінде құрылым ұғымы алынды”,- деп жазды О.С.Зелькина [31]. Ғалым-философтар бұл ұғымды әр түрлі философиялық категориялар - элемент, тұтастық, функция (қызмет), жүйе, мазмұн және форма түрлерімен қатынаста қарастырады. Солардың ішінде құрылым және жүйе қатынасы мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. “Құрылым ұғымы жүйе түсінігімен неғұрлым жиі қатынаста қолданылады, сөйте тұра, әдебиетте екі ұғымның бірлігі туралы бірізді көзқарас жоқ. Тек, біршама қалыптаса бастаған пікір құрылым жүйесінің кейбір аспектілері болып табылады дегенге саяды. В.И.Свидерский құрылымды “элементтер арасындағы қатынастар жүйесінің заңдылығы‑дейді. Зерттеушілер В.В.Агудов пен М.Хасанов құрылымда тұрақты байланыстың сақталатындығын айтады [32]. Яғни, романның жанрлық құрылымы мәселесі бізді оның әр түрлі элементтер жүйесінен тұратын тұтастығын қабылдауға жетелейді.
Роман жанрын зерттеуші ірі ғалым А.В.Чичерин: “құрылымдық категория мазмұндық сипатқа ие, ал мазмұндық категория құрылымдық формада көрінеді” дейді [33]. Бұл әсіресе, мәтін тұтастығын беретін - романға тән. Роман жанрының даму және зерттелу тәжірибесі көрсеткендей, оның проблемасы көркемдік материалдың ұйымдасу ретінен туады.
Қазіргі жанрлар теориясында романның басқа жанрлардан ерекшелігі анықтала түсуде. Өз кезінде әдебиеттанушы М.Бахтин “басқа жанрлардың арасынан “берік формадағысы – роман” деп таныған жанр, бүгінде құрылымдық, көркемдік жағынан толысты. Романның жанр тудырушы факторлары – сюжеттік‑композициялық жүйе, уақыт пен кеңістік, баяндау – шын мәнінде бұл жанрдың көркемдік құрылымын жан‑жақты ашып берді. Көркем мәтін – тұтас құрылым болса, оның ішінде роман көпүнді тілдік құбылыстардың жиынтығы. “Роман – бұл көркем түрде ұйымдасқан, әр түрлі әлеуметтік көпүнділік арқылы заттық‑танымдық өмірді суреттейтін жанр” [34].
Жалпы, роман жанры авторға шындық өмірді еркін, кең арнада, әр түрлі тәсілдермен бейнелеуге мүмкіндік береді. Мұнда эпикалық, драмалық, лирикалық сипаттар үндесіп, мәтіннің түрлі компоненттері (баяндау, суреттеу, диалог, лирикалық шегініс, портрет т.б.), көріністері мейілінше мол суреттеледі.
Автор туындысына өзі баяндаушы болады. Ол шығармадағы оқиғаның ретін, кейіпкерлердің көріну тәсілдерін, шығарма тілінің көркемдігін қамтамасыз етеді. Автор кейде шығармасында өзі жасаған шындық әлемімен бірігіп, біртұтас дүние болып кетеді. Баяндау құрамына шығарма авторы, кейіпкер, олардың арасындағы қарым‑қатынас, шығарманың белгілі бір мезгілдік, кеңістік және экспрессивтік тұрғыдағы бағдары енеді. Бұлардың бәрі бірлікте бола отырып, автордың идеялық‑эстетикалық көзқарас‑қатынасын білдіреді.
Қазіргі прозалық шығармалардың баяндауы сан қырлы болып келеді. Олардың бастылары – шексіздікке және шектеулікке ие болады. Алдыңғы жағдайда баяндаушы (автор немесе арнайы баяндаушы болсын) бейнеленетін оқиғалардан, кейіпкерлерден сыртқары тұрады. Ал шектеулі баяндауда баяншы оқиғаны оқырманның көз алдында өтіп жатқандай етіп береді. Суреткер ойы туындыда әрқашан көрініп тұрмайды, негізінен қалтарыста, тереңде жасырынып жатады.
Көркем шығарманың құрылымы түрлі компоненттерден тұрады. Олар көркем туынды тілінің эстетикалық заңдылықтарына бағынып, көркемдік‑тілдік жүйе құрап, шығарманы жинақыландырады. Шығармадағы баяндаушы – автор бола отырып, ол суреттеліп отырған мәселеге өзіндік көзқарасын білдіреді. Яғни, автор туындыдағы оқиғадан оқиғаны тудырып, соған жетелеп, кейіпкерлерін сөйлетіп отырады. Шығармаға өзек болатын өмір құбылыстарын сұрыптап алып, оған идеялық бағыт беріп, бейнелі күш дарытатын, бір сөзбен айтқанда, шығарманың идеялық мазмұнын қалыптастыратын жазушының өз бейнесі – автор бейнесі деп аталады. Автор бейнесі шығарманың тілінен, оқиғаның жүйесінен, баяндау стилінен танылады. Автор бейнесі қай кезең әдебиетінде де барша қырынан көрініс беріп отырған. Мәселен, XIX ғасырда бір жағынан баяндаушы бейнесін объективтендіруге бағыт ұсталса, екінші жағынан, керісінше, субъективтендіруге бет бұрды. Алғашқысында (натуралистік бағыт) оқиға автордың қатысуынсыз, өздігінен болып жатқандай беріледі, сондықтан романда диалог үстемдік құрады. Соңғысында (психологиялық бағыт) кейіпкердің ішкі ой‑толғаныстарын беру алдыңғы кезекке шығатындықтан, ортақ төл сөз формалары пайда болды. Ал, роман жанры қатысушы кейіпкерлердің молдығымен, оқиғалардың сан тараптығымен ерекшеленеді.
Эпикалық жанрдағы шығармаларда сюжеттің берілуі әр түрлі болады. Ертеректе, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жарық көрген мақалалардың бірінде (зерттеуші Ю.Суровцев) сюжет құрудың “эпикалық‑өнерпаздық, эпикалық‑драмалық, және эпикалық‑баяндауыштық принциптері” деген түрлерін аталып, солардың ішінде соңғысы повесть пен романның жанрлық табиғатын танытатындығы айтылады. Әрине, бұл принциптердің үнемі дара кездесе бермейтіні белгілі. Бір шығарманың өне бойында олар үндесе жұмсалады. Сюжетті құрайтын оқиғалардың өзара қатынасы түрліше болады. Кей жағдайда оқиғаның біреуі алдыңғы кезекке шығып, бір әрекеттің желісінде өрбиді. Бұл жағдайдан басқа шығарманың оқиғалары бір‑бірімен тең түрде дамып, өзінің басталуы мен аяқталуын дербес сақтайтын сюжеттер де болады. Бұл туралы әдебиет зерттеушісі В.Хализев: “Туындының басталуы мен аяқталуы – эпизодтық фабулалар. Мұнда оқиғалар өзара себеп‑салдарлы байланыста болмайды. Олар тек бір‑бірімен уақыт жағынан ғана байланыста,” деген пікір білдіреді [35, 30 б].
Көркем мәтін ‑ өзара ішкі байланыстары мол көпқабатты құбылыс. Әдеби шығармада сюжет оқиғалардың тізбегінен, яғни уақыт‑кеңістік қатынасындағы кейіпкерлерінің өмірінен, бір‑бірімен алмасып отыратын әрекет‑жағдайлардан тұратыны белгілі. Онда берілген үлкенді‑кішілі әрекеттердің бірлігі сюжет, идея, кейіпкерлер арқылы қабысады. Автордың толғамы әр түрлі ситуация ішінде шектеусіз көрініп отырады да, шығармадағы оқиғалар уақыттан тыс, кешенді де сипат алады.
Көркем шығармада баяндаушы немесе әңгімешінің орны ерекше. Олардың ерекшелігі оқиғаны жеткізулерінен айқындалады. Біреуі оқиғаны үшінші жақтан баяндаса, екіншісі оқиғаның қатысушысы ретінде көрінеді. Әдебиет зерттеушісі В.Е.Хализев: “Оқиғаны өз атынан тікелей баяндайтын адамды әңгімеші деу керек”,‑дейді [35,35-б]. Үшінші жақтан баяндайтын адам өзін бәрін білетін автор ретінде немесе белгісіз, жасырын әңгімеші ретінде көрсетуі мүмкін. Бірінші жақтағы баяншы тікелей автор да, нақты әңгімеші де, шартты түрдегі баяншы да болуы мүмкін. Осы жағдайдың әрқайсысында әр түрлі мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Енді бір жағдайда мәтіннің авторы өзінің нақты позициясын әр түрлі: өзі арқылы, жасырын автор түрінде, аты аталмаған басқа кейіпкерлер атынан да беруі мүмкін.
Баяншы – оқырманға кейіпкердің әрекеттері туралы баяндап, оның өту уақытын белгілеп, кейіпкердің бейнесін, ортасын суреттеп, оның ішкі дүниесін ашады. Бұл кезде ол бәрінен тысқары тұрады. Баяншының міндеті бір мезгілде өзі бейнелеп отырған шектеулі кеңістікте көріне отырып, оның оқырмандарына да арналады. Яғни, автордың бейнелеп отырған кеңістігінің сыртына да шығып кетеді. Сонда баяншы белгілі бір адам бейнесі емес, ол қызмет, функция деген жөн. Баяншының автордан өзгешелігі ол суреттелетін уақыт пен кеңістіктен тыс тұрады. Сондықтан ол алдыңғы кезекке тез өте алады немесе кейін орала алады. Сол сияқты оқиғаның алдындағы мәселені немесе оның нәтижесін біліп отырады. Алайда, оның мүмкіндігі көркемдік бүтіндіктің шектеулігіне байланысты. Баяншыға қарағанда әңгімешінің ерекшелігі автор мен оқырманның ойластырған әлемінің шекарасында емес, бейнеленетін шындықтың бүтіндей ішінде болады. Барлық негізгі мәселелер “өзі әңгімелейтін оқиға” бұл жағдайда бейнелеудің негізіне, ойдан шығарылған шынайылықтың айғағына айналады. Әңгімешінің бейнесі – характер немесе “тілдік тұлға” (Бахтин) – субъектіні бейнелейтін негізгі айырма. Яғни, әңгімеші – бейнелеудің субъектісі. Ол жеткілікті түрде объективтеніп, белгілі бір әлеуметтік‑мәдени және тілдік ортамен байланысты болады да, ол шығармадағы басқа да кейіпкерлерді бейнелейді. Баяншы керісінше өзінің қызметі жағынан автор‑тудырушыға жақын. Осымен бір мезгілде кейіпкермен салыстырғанда ол неғұрлым бейтарап тілдік ақпараттарды жеткізуші. Кейіпкер неғұрлым авторға жақын болған сайын, олардың тілдік айырмасы аз болады. Баяншының дәнекерлік қызметі оқырманға өткен оқиғалар мен әрекеттер жайлы жеткілікті де сенімді мағлұмат беруге көмектеседі. Әңгімешінің дәнекерлік қызметі бейнеленіп отырған әлемнің ішіне кіруге, оған кейіпкердің көзімен қарауға мүмкіндік береді. Біріншісі белгілі бір сыртқы көзқарастармен байланысты. Ал, оқырмандарды оқиғамен тікелей таныстыратын шығармаларда (мәселен, күнделік, хат, монолог) баяншылар болмайды. Сонымен кең түрде алғанда баяндау – баяндаушы, әңгімеші, автор бейнесінің сөйлесулерінің жиынтығы бола отырып, бейнеленіп отырған әлем мен оқырмандардың арасындағы дәнекерлік қызмет деген сөз. Яғни, баяндау кең түрдегі мағынаға ие болады. Ол суреттеу, ой толғау, тікелей және жанама түрде көрінетін тілдік құрылым ретінде көркем шығармада барынша кең қолданылады.
Баяндау тікелей мағынасында ақпаратты жеткізу қызметін атқарады. Бұл кезде берілетін ақпарат бейнелі, көркем түрде жетеді де, оған суреттеу, бейнелеу, портрет, пейзаж, хабарлау кіреді. Суреттеу кезінде баяншы оқиғаны, оның өту орнын, кеңістігін сипаттап, қосымша ақпарат, мәліметтер береді. Бейнелеу негізінен көркемдеу тұрғысында, яғни, оқиғаның өтетін орнының жекелеген, ерекше көріністерін суреттеп, ажарлай түседі. Сөйтіп, оқырманға әсерлілігін күшейтеді.
Композициясының түрлеріне байланысты ойын әрі қарай тарата келе, көлемді роман жанры композициясының мынадай ерекшеліктерін топтастырады:
А) бірінші сатылы композициялы романдар. Мұнда роман бірі екіншісінің заңды жалғасы есебінде келетін бірнеше эпизодтардан немесе новеллалардан тұрады. Ол эпизодтар арасы бас кейіпкер арқылы байланыстырылады да, ол бір эпизодтан екіншісіне ауысып, әр эпизод сайын жаңа жағдайда өз характерінің бұрын көрінбеген жаңа сапаларын көрсетіп отырады. Жазушы романға енген әрбір эпизодта сол кейіпкер өмір сүрген кездегі типтік жағдайларды көрсетіп, оқиғаны бас кейіпкердің өмірбаянына, істеген ісіне сәйкес сатылай дамытып, ілгері жылжытады. Осылайша ондағы оқиғалар бір желі бойына тізіліп беріледі.
Ә) Екінші жарыспалы композициялы романдарда қатынасушы кейіпкерлер бірнеше топтарға бөлінеді. Ол топтардың әрқайсысының өзіндік тағдырының тарихы болады. Солар роман ішінде өз алдына жеке сюжеттік желі құрайды да, екі сюжеттік желі бірінен кейін екіншісі алма‑кезек алмасып, баяндалып отырады. Әңгімелеу көп жоспарда жүргізіледі. Әуелі бір топта не жүріп жатыр – соны баяндайды. Содан кейін екінші топта жүріп жатқан оқиға баяндалады. Осылайша бір уақыттың ішінде бірнеше новелла сала‑сала болып басталып, оқиғаның даму барысында екі топтың кейіпкерлері түйіседі де, көбіне бір топтың жеңіп, екінші топтың жеңілуімен аяқталады.
Б) Үшінші қаусырмалы композициялы романдарда новеллалардың орналасуында сатылы композициялы романдардағыдай бір ізділік болмайды, яғни олар тең орналаспайды. Оқиға кейде ілгері жылжып, кейде кейін шегініп отырады. Осы эпизодтардың ішінде бас кейіпкердің бейнесі әр қырынан көрініп, характері ашылады [36,102-б.]
Сюжетті құрайтын оқиғалардың өзара қатынасы түрліше болады. Кей жағдайда оқиғаның біреуі (ситуация) алдыңғы кезекке шығып, бір әрекеттің желісінде өрбиді. Бұдан басқа оқиғалары бір‑бірімен деңгейлес түрде дамып, өзінің басталуы мен аяқталуын дербес сақтайтын сюжеттер де болады. Бұл туралы әдебиет зерттеушісі В.Хализев: “шығарманың басы және аяғы (Аристотельдің термині) – эпизодтық фабулалар. Мұнда оқиғалар өзара себеп‑салдарлы байланыста болмайды. Олар бір‑бірімен тек уақыт жағынан ғана қатынаста деп, мысалға Гомердің “Одиссеясын”, Сервантестің “Дон Кихотын” атап, бұл хроникалы сюжетке тән” дейді [35,216-б].
“Ғасыр наны” романы құрылымындағы оқиғалар шығарманың көлемділігіне қарамастан, үзік, шағын түрде беріледі. Эпизодтық көріністер оқиғалардың түрленіп, басқаша арна тауып отыруында үлкен роль атқарады. Романның алғашқы тарауында Жәми, Бәйет, Лизаның сырларына қанығамыз. Автор олардың сырын жайып салуымен, өзінің даралауға тиіс кейіпкерлеріне жеке тоқталып отырады. Сол арқылы әр тараудағы оқиға реті, мазмұны нақтыланып отырады. “Ғасыр наны” қазақ жеріне үлкен алапат әкелген тың игеру заманының қыр-сырын ашып қана қоймай, қазақ жұртшылығының басында болған психологиялық төңкерістерді нағыз суреткерлікпен баяндап бере алды. Романның коллизиясы - саясат, одан қалса - ұлт тағдыры”[37,194-б].
Әдебиеттанудағы адам тұлғасын зерттеуге бағытталған еңбектердің жаңашылдығы - адамның ішкі әлемін зерттеу. Бұл алғаш Л.Гинзбург еңбектерінде көтерілді. Онда мемуарлық-өмірбаяндық және эпистолярлық, күнделік жанрларын зерттеу үдерісінде жеке тұлғаның құрылымы туралы мәселені көтереді. Зерттеуші “адам-күрделі, көпқұрамды организм” дей отырып, оның сезімі түрлі деңгейдегі үндестік, физиологиялық, психологиялық, әлеуметтік бастаулардан шығатын көптеген сарындар мен импульстер жиынтығы” дейді [38,128 б]. Соның ішінде екі қасиет - этикалық және психологиялық қырлары ерекше аталады. Мәселен, Руссо “Исповеды” шығармасында адам характерінің психологиялық ерекшеліктеріне талдаудың қалай жүргізілетінін, моральдық тұрғыда қалай үндесетінін, әр қилы өмірлік ситуацияларда олардың өзара ықпалының нәтижесі қандай дегенді көрсетеді. Сөйтіп, “көне дәуірлерден бастап, Толстойға дейінгі аралықта психологизм моральмен тығыз байланыста болды. Өзін-өзі тану - талдау мен бағалаудан тұратын екі жақты акт” дейді. Тану мен өзін-өзі тануға басымдық бере отырып, кеңес психологтары сананы әрекеттен бөліп тастауға болмайды, дегенді айтады. Бұдан түйетін қорытындымыз: сананың мәні мен тұлғаның өмірдегі әрекет (қызмет) формасы оның қоғамдағы жағдайына, әлеуметтік ортаға байланысты.
Қандай да қаламгер қоғамдағы, әлеуметтік өмірдегі ортамен қабат, әдеби ортада да болады. Ол қандай жағдайда болсын өзінің шығармашылық жұмысын белгілі бір әдеби ортада жалғастырады. Сондықтан ол өзінің алдында өткен немесе өз ортасындағы әдеби дәстүрмен байланыста болады. Қай кезде де сөз өнерінің басты нысаны ‑ адам. Сондықтан әдеби шығармада суреттелетін адам тағдыры, оның болмысы әр уақытта өзгеріп, дамып, жаңа қасиеттерге ие болып отырады.
Адам санасын абстракциялы дүние екен деп, тарихтан тыс алуға болмайды. Адам санасындағы құбылыстарды қоғам, орта жағдайына бейімдеп отырады. Адамның ішкі әлемін көп жағдайда психологиялық әлем дейді. Психология көне дәуірден адамның әр түрлі дәрежедегі ой, сезім, әрекеттерін көрсетеді. Соның ішінде, әлеуметтік психология адамның белгілі бір ортадағы, топтағы психологиялық ұстанымын қарастырады. Мұндағы “әлеуметтік” деген ұғым тек психологиялық қана емес, адамгершілік, діни, саясат, тіпті құқық саласындағы өзгерістерді қамтиды. Көркем туындыдағы “уақыт” пен “кеңістік” сияқты, адам да маңызды мәнге ие. Адам көркем шығармада уақыт пен кеңістік аясында суреттеледі. Ол шартты түрде белгілі бір ортаға тәуелді әрі нақты бір мәтіндік аяда өмір кешеді. Автор мен кейіпкер бейнесін зерттеген белгілі ғалым М.В.Строганов: “уақыт пен кеңістік және кейіпкер қатынасында екі бағыт бар. Бір жағынан көркем уақыт пен кеңістік категориясы сияқты кейіпкер категориясы да автор категориясымен байланысып, мәтінде авторлық “әлем концептісінің” мәнді бөлігін құрайды. Екінші жағынан хронотоп образ, кеңістік пен уақыт нақтылығын беруге ықпал етеді, яғни көркем уақыт пен әрекет негізіндегі үйлестірушілік рөл атқарады. Зерттеушінің пікірінше, көркем мәтіннің сапалық жағына үш мәселе – автор, әрекет иесі – кейіпкер – оқырман қатысты. Яғни, түптеп келгенде, мәтін адамға қатысты дүние [35, 59 б]. Осыдан келіп туындының әлеуметтілігі туады. Мәтіннің әлеуметтілігі белгілі бір уақытпен, дәуірмен, қоғамның әлеуметтік құрылымымен байланысты. Бұл ойды ғалым М.Бахтин де бекіте түседі: “Қандай да әдеби туынды әлеуметті. Онда жанды әлеуметтік күштер, топтар болады” [34,79 б].
Қазіргі қазақ прозасындағы психологизм мәселесін дербес зерттеу нысаны еткен Г.Пірәлиева: “Суреткер кейіпкерінің жан дүние диалектикасын, белгілі бір іс-әрекетке бастар көңіл-күйінің себеп-салдарын көркемдік тұрғыда талдап жазғанда ғана, шығармада психологизм өріс алады. Көркем шығармада кейіпкердің әр түрлі қалыптағы қарама-қайшы дүниетанымын, көзқарастарын, іс-әрекеттерін, көңіл-күйлерін тереңдей талдап, жан-жақты бейнелеу психологизмнің көркемдік табиғатын танытады”,-дейді [39,12-б]. Романдағы кейіпкерлер қай әрекет үстінде де тым сезімтал. Кейде өткендегі оқиғаның елесі маза бермесе, кейде болашақта күтілетін оқиға алдын-ала хабар етіледі. Психологияда айтылатын сана ағымы-кейіпкердің сананың шынайы қызметіне неғұрлым жақын ішкі монологының бейнесі. Бұл жерде автор кейіпкерін өз еркіне жіберіп, емін - еркін ішкі ойын ақтартып, бүкпесіз сөйлетеді.
“Мәтіндегі оқиға деп – кейіпкердің семантикалық шеңберін ауыстыруын айтамыз. Егер бір семантикалық шеңберден екіншісіне өтпесе, оқиға болмайды. Бұл қимыл‑қозғалыс оқиғаға айналу үшін, өзінің тұрғылықты жеріне жету керек. Оған жетер жолдағы шағын оқиғалар жүйемен дамыса, сюжетке айналады” [40,140 б.]. Сондықтан сюжет табиғаты оқиғамен тығыз байланысты. Ал, көркемдік кеңістік ұғымы сюжетпен тығыз байланысты. Оқиғаның ең кішкене бөлшегіне дейін сюжетті құруға қатысады. Мұны орыс зерттеушісі А.Н.Веселовский мотив‑сарын деп айқындады. Мотив – белгілі бір оқиғаның тұтастығына қатысты баяндаудағы бөлінбейтін, кішкене бөлшек. Мотивте екі бірлік – сөз және идеялық мазмұн ерекше мәнге ие. Ол көркем шығармада баяндалатын оқиғадағы басты мәселені, сипатты айқындайды. Яғни, оқиғаның себебі, оған қатысушылар, кейіпкерлердің әрекет‑мінездерінің көрінуі, олардың өту кеңістігі, өрбуі, шығарма тілі – осының бәрі белгілі бір сарынның сипатын анықтайды.
Көркем шығармадағы мезгілдік қатынастар әңгімеленудің түрленуіне негіз болады. Олар ірі, орта және жалпы тұрғыда беріледі. Әңгімелеу ірі, орташа түрде алынса, мезгілдік шектелу дәрежесі түрліше болады. Жалпы түрде алынса, мезгілдің шектелуі жоғары дәрежеге жетеді де, оқиға мен баяндау уақыты бір‑бірімен сәйкесіп жатады. Сондықтан әңгімелеуші оқиғалардан алыс тұрған сайын, оларды атап, түстеуге мәжбүр болады. Ірі тұрғыда әңгімелеу мен суреттеу деген сөз – болмысты жақын қашықтықтан шектеулі кеңістік пен бейнелеу деген сөз. Жақын қашықтық шағын аумақта болған жайды толықтырып, тәптіштей суреттеуге көмектеседі. Орта тұрғыдан баяндауда әңгімелеуші оқиғадан едәуір қашықтықта орналасады, сондықтан ол біршама үлкен аумақты қамтиды. Баяндаудың өз алдына бөлек түрі ретіндегі суреттеуде оқиға жақын қашықтықтан алынады.
Әңгімелеуде белгілі дәрежеде эпикалық қашықтық сақталады. Неғұрлым оқиға алыстаған сайын, мезгіл шектеулігіне сай ол толықтай алынбай, жалпылама түрде беріледі. Әңгімелеудің эмоционалдық құрылымы бейтарап тұрғыда болады. Әңгімелеудің келесі түріне басынан өткізгенді не естігенді ауызша баяндау жатады. Мұнда эпикалық қашықтыққа байланысты екі түрлі жайды байқауға болады. Бірінде әңгімелеу кезі мен оқиға кезі сәйкес келіп, әңгімелеуші оқиғаға тікелей қатысады. Бұл жағдайда әңгімелеу ірі тұрғыда алынып, суреттеудегідей болмысты тікелей бейнелеу жүзеге асады. Сондықтан шектеулі уақыт ішіндегі оқиға бүге‑шігесіне дейін толықтай бейнеленеді. Бірақ суреттеу формасынан айырмашылығы – оқиға эпикалық түрде әңгімеленеді. Мұндай әңгімелеуде болмыс осы ақтық түрде баяндалатындай көрінеді. Басынан өткенді немесе естігенді әңгімелеудің екінші бір түрі оқиға сәті мен әңгімелеу сәйкеспейді. Сондықтан уақыт шектеулігі тым жоғары болып, баяндау, жалпылама шолу сипатында болады.
Ойлану, толғану, ойталқы түрінде келетін баяндауда уақыт жағынан сәйкестік болмайды. Сондықтан, ойталқыны “мезгілден тыс” баяндау формасы деп те атайды [41,7-б.]. Дегенмен көркем әдебиеттің даму тарихы кейіпкер мінез‑құлқын оқырманға жақындата түсу үшін, бұл форманың ірі түрін жасап шығарды. Мұндай форма ой‑толғаныстың мазмұнын ғана беріп қоймайды, оның тууының кезектілігін, табиғилығын, ішкі байланыстарын да береді. Сөйлемдер арасындағы логикалық байланысты уақыт жағынан кезектілікті білдіретін жалғамалы байланыс ауыстырады. Сөйтіп, эпикалық қашықтық оқиға мен әңгімелеу арасындағы қатынастың кеңістік және мезгілдік сипаттарын анықтап, соған сәйкес сөйлеу формаларының өзгеріп, түрленуін қамтамасыз етеді.
Әдеби шығарманың құрылымында сюжеттің мәні ерекше. Біріншіден, ол оқиғалар тізбегін жүйелеп, бір арнада шашау шығармай бейнеленуін жүзеге асырса, екіншіден, көркем шығармадағы кейіпкерлердің жасалуына, мінез‑сипатының анықталуына әсерін тигізеді. Яғни, оқиға белгілі бір дәрежеде кейіпкерлер үшін “әрекет өрісі” болып, оқырмандар алдында бара қырынан ашылуына мүмкіндік береді.
Адамның жеке тұлғасын қарастырғанда этика позициясының мәні үлкен. Ол адамның адамгершілік қасиеттерін, мінез-құлқын, сана-сезімін көрсетеді. Соның ішінде мораль адам қызметінің қажеттілігінен туындайды. Адам санасы жоғары болған сайын, өз мүддесінен қоғам мүддесін, жалпының жағдайын жоғары қояды. Адамгершілік, мораль мәселесі адамзат тіршілік кешетін саналы қоғамда әруақытта да биік тұрмақ. “Қоғам” ұғымы кейіпкердің іс-әрекеті, қарым-қатынасы, тартысы арқылы кез келген шығармада көрінеді. Романның кеңістік жағдайындағы мүмкіндігі жазушының онда неғұрлым көбірек мәселені қамтуына, сол ортаны неғұрлым тереңірек суреттей алуына байланысты. Мұны уақытқа байланысты да айтуға болады. Романдағы уақыт кейбір кейіпкердің әбден ашылып, бойындағы бар қасиеттердің түгелдей көрінуіне жағдай жасайды. Әрине, кейіпкердің дүниетанымы, өзгерісі шексіз емес. Бұл алдымен, тұлғаның психологиялық жағынан қалыптасуына байланысты. Қазіргі психологтардың пікірінше, адамның болмысында оның әрі қарайғы тұрақтылығын қалыптастыруға негіз болатын бастапқы қасиет сақталады. Екіншіден, әлеуметтік жағдай да адамның ішкі әлемінің өзгерісін негіз ете отырып, одан белгілі бір тұрақтылықты, айқындылықты, яғни бағалау бағдарын қажет етеді. Үшіншіден, білім мен дүниетаным ұғымының қалыптасу тәсілінің әр түрлілігіне, мәселен, рухани күйзеліс пен дағдарысқа байланысты. Алайда, бұл белгілі бір нәтижеге, жалпы қорытындыға жақындау мүмкіндігінің жоғалуы деген сөз емес. Сондықтан, роман кейіпкері бастан кешетін эволюция үнемі шарықтау шегіне жетіп, бірақ, өзінің ұзақтығын шектеп, аяқталуға жақындайды да, оның көрсеткіші ретінде адамгершілік, философиялық, рухани түйін алынады. Осы тұрғыда романдағы психологизмнің атқаратын рөлі екі жақты: ол алдымен, жеке танымның құрылымы ретінде - адамгершілік, психологиялық және идеологиялық деңгейде көрінсе, екіншіден жеке тұлғаның ішкі әлемін ашу тәсілі ретінде көрінеді. Жоғарыда айтып кеткендей, роман кейіпкерлерінің қақтығысы, жеке бастың мүддесінен аулақ жатыр. Қақтығыс үнемі қоғамдық өмірдің, ортаның ауқымында алынып жатады. Бірден тартысқа түсу, қарама-қайшылыққа барудан бұрын, кейіпкер ішкі үнін тыңдайды, ішкі ойын таразылап, басар қадамын, барар әрекетін әбден ойланып барып жасайды. Кейде оған ішкі ойы қарсы шығып, үлкен дағдарыс үстінде жүреді.
Қазақ әдебиеттану ғылымында суреткер туындыларына тән психологизм мәселесін бірқатар ғалымдар зерттеу өзегіне айналдырғанын жоғарыда айтып кеттік. Солардың бірі зерттеуші Б.Майтанов: “Психологизмнің негізгі қызметі - өмірлік шындық пен көркем шындықтың жанды тамырластығын сақтау. Бұл ретте осы құбылыстың ішкі салалары деп, даралау мен жинақтау, ұлттық, жалпыхалықтық, дерек пен қиялдан қосу, автор бейнесі, шығарманың заттық құрылымы іспетті түрлі мәселелердің өзара ықпал, әсерін айқындау. Бүгінгі қазақ әдебиетінде психологизм көркем шындық принципінің айырмас сыңары бола жүріп, қоғам өмірінің диалектикасын мол нанымдылықпен суреттеуде зор танымдық эстетикалық міндет атқарып келеді,”- дейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет