КІРІСПЕ
Тарихи роман жайдан-жай жазылмайды. Өзі дүниеге келген уақыт зәрулігіне бұл жанр да қызмет етпек. Және қызметі бүгінгі заман тақырыбына жазылған шығармадан кем соқпауы тиіс. Қазiр шығарма авторлары үшiн қандай да архив есiгi ашық. Олар тарихтан тапқан тың материалын, соның негiзiнде жасаған қандай да түйiнiн еш алаңсыз еркiн айта алады. Тәуелсiздiкке қол жеткізген уақыт iшiнде жарық көрген тарихи туындылар, әрине, бәрi бiрдей, дәл өткен ғасырдың аяқ шенiнде жазыла бастамаған. Қолға алынуы, зерттелiп ойластырылуы кеңес кезiне тура келгеннiң өзiнде жазылу барысында бұрын айтудан жасқанып, қысылып-қымтырылып жүрген жерлердi ендi шындық күйiнде жеткiзуге сәтi түскенiне қуанбаған жазушы болмаған шығар деп жорамалдауға толық негiз бар. Ол шығармаларды бас-басына атап талдағанда, әдебиет қоржыны бүгiнгi Қазақстан дiлгiрлiгiне қызмет ететiн сан алуан туындыға байи түскеніне көз жеткіземіз.
ХХІ ғасырдағы қазақ тарихи романдарының жаңа көркемдік-эстетикалық биік өредегі ұлттық және адамзаттық өзекті тақырыптарға дендей енуі – заңды құбылыс. Себебі, тәуелсіздік кезеңінің орнауымен тарихи санадағы ақтаңдақ беттерді жазу тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері ерекше қарқынмен дамып, еселей түскені хақ.
Қазіргі тарихи романның өткенге сұрау салуы бұрынғыдан батылырақ, ауқымдырақ. Бұлжымас принципі – шындық. Әр дәуірдің күнгейі мен теріскейін қаз қалпында көрсете білу.
Тарихи тақырыпқа бару, яғни өткенге көз салу, сол өткендегі айтпауға болмайтын жайларды айтуға талпыныс – уақыт талабынан туындайтын құбылыс. Өйткені әдебиет – халық өмірінің идеялық-эстетикалық айнасы. Әдебиеттің ілгерілеуі де, өсуі де халықтың өткеніне көркемдік байыптау, қорытындылар жасау арқылы болады. Қазіргі өмір мен өткен заманның арасындағы байланыс, сабақтастық тарихи тақырыпты игеру нәтижесінде ғана ашылмақ. Халық өткен тарихын толық зерттеп, ондағы кемшіліктерден тиісті қорытынды шығармай тұрып, рухани дамуда үнемі жетістікке жетуі неғайбыл.
Тарихи тақырып арқылы бүгінгі күнге, қазіргі дәуірге қатысты идеялар айтылатынын естен шығаруға болмайды. Тарихи шығарма ол өткен заманның әлеуметтік-эстетикалық реконструкциясы ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да философиялық тұжырымдамасы жатады. Осы тұрғыдан келгенде қазақ халқының өткені мен бүгінгісін, адамшылық табиғаты мен азаматтық сана-сезім мен ұлттық мораль қалыптастырушы гуманистік қасиеттердің жаршысы міндеттерін атқарады. Шын мәніндегі әдеби шығарма – игі ниетті халықтарды бір-бірімен таныстыратын көркемлік дәнекер. Осы тұрғыдан келгенде, нағыз көркем туынды эмоциялық әсерлі әсемдік сезім сыйлаумен қатар, сол ұлттың ұлағаттарын, адамгершілік-азаматтық игі дәстүрлерін, тамаша қасиеттерін басқа халықтарға мөлдіретіп жеткізетін қоғамдық-философиялық ойдың көркем формасы екені мәлім. Бұл тұжырымдардың тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларға да қатысы мол.
Өзектілігі. Тарихи шығармалардың өмір танытқыштық мәнін айтқан кезде, онда бүгінгі рухани тіршілігімізге қатысты көп мәселелер қамтылатынын ескеру керек.
Сөз өнерінің әлеуметтік табиғатын зерттеушілер көркем әдебиет екі бірдей объектінің – шындық дүние мен автор тұлғасы модельдерінен тұратынын айтады. Автор моделін (шығармасын) өз дүниетанымына сай тудырады, алайда шындыққа сәйкес шығарма да автордың ой-санасына өз болмыс-бітімімен әсер етеді деп есептейді. Тарихи романдарға келетін болсақ, мұнда тағы да бір шығарма қызмет етеді. Ол үшінші модель – автордың суреттейтін көне дәуірден басқа өзінің өмір сүріп жүрген дәуірі. Соңғысы күрт өзгерген жағдайда автордың дүниетанымы да айтарлықтай өзгерістерге душар болады.
XXI ғасыр қарсаңында қазақтың тарихи романдары ұлттың өткен-кеткені жайлы нағыз уыз шындықты қара қылды қақ жарғандай етіп суреттей бастағаны белгілі. Осындай елеулі үрдістен дүниеге Тәуелсіздік көзімен қарайтын жаңа әдебиеттің пайда болғаны көрінеді.
Кеңестік дәуірде әдебиетіміз тоталитаризмнің төтенше зілмауыр идеологиялық қысымына төтеп бере отырып, үнемі халық қозғалысының алдыңғы сапында болғаны, дүние жүзі қабырғалы әдебиеттерінің қатарына қосылғаны мәлім. Бұл ретте Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты жаһанға әйгілі шығармаларын ауызға алсақ та жеткілікті. Ресми идеологияға қайшы озат ой, әділ көзқарас күрделі көркем обра тілімен жеткізілді. Әрине, бодандық жағдайында көп шындықтың қозғаусыз қалғаны да белгілі.
Нарық пен демократия дәуірі тарихи романның шүбәсіз таза шындықты бұрынғыдай бүкпей, астарламай барынша ашық айтуына толық мүмкіндік беріп отыр. Болашақ бұғауынан құтылып, емен-жарқын заманға, тәуелсіздігімізге қол жеткізуіміз көп нәрсеге көзімізді ашты. Сол үлкен биіктен бұрын көргенімізді көрдік, білмегенімізді білдік. Шовинизм үстемдігін – халықтар достығы, қолдағы бұғауды – қызыл империяның қалтқысыз қамқорлығы деп жазуға мәжбүр еткен социалистік реализмнен бас тартқызды.
Өткен XX ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ірі туындылары, атап айтқанда, Болат Жандарбековтың орыс тілінде жарық көрген «Саки» (1993), Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» (1994, 1996), Қалқұман Исабаевтың «Шоң би» (1993), Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» (1999), Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау», Жанат Ахмадидің «Дүрбелең» (1990), «Шырғалаң» (1997), Хасен Әдібаевтың «Отырар ойраны» (2001), Софы Сматаевтың «Елім-ай» (1976, 1980, 2003) және т.б. романдары ұлтымыздың өткен жолын бар қалпында дұрыс көрсетуге, тарихымыздың сабағын дербес ел игілігіне бағыштауға барын салды.
Тоқсаныншы жылдардың тарихи романдары кеңес кезеңінің туындыларында орын тепкен тап қырқысы, қайсыбір тарихи фактілерді боямалау \ секілді кінәраттарынан аулақ қонысқа қонуға тырысты.
Жұмыcтa ocы мәceлeлepдiң бүгiнгi қaзaқ пpoзacындaғы aлaтын opны cөз eтiлeдi.
Достарыңызбен бөлісу: |