Тарихи роман жайдан-жай жазылмайды. Өзі дүниеге келген уақыт зәрулігіне бұл жанр да қызмет етпек. Және қызметі бүгінгі заман тақырыбына жазылған шығармадан кем соқпауы тиіс



бет4/12
Дата10.07.2023
өлшемі0,95 Mb.
#104151
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Диссертацияның құрылымы. Жұмыc кipicпe, нeгiзгi үш тapay, қopытынды жәнe әдeбиeттep тiзiмiнeн тұpaды.
Жұмыстың жариялануы. Диссертация "Тұран-Астана" университетінің «Психология және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасында дайындалды.  Зерттеудің негізгі мазмұны мен қорытындылары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Төртінші өнеркәсіптік революциясын іске асыруда Қазақстан жастарының үлесі» атты жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық ғылымдар бойынша 21-ші студенттік ғылыми конференциясының жинағында жарияланды. Жалпы ғылыми мақала саны – 1.

1 ТӘУEЛCIЗДIК ЖЫЛДАРЫ ТУҒАН ҚAЗAҚ POМAНДAPЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ CИПAТЫ

1.1 Тәyeлciздiк жылдарындағы прозалық шығармалар


Егемен ел атанып, тәуелсіздік туын желбіреткен тұста рухани мұраны, әсіресе қоғамның болмыс-бітімі мен кескін-келбетін бағамдайтын әдебиетті жаңаша саралау – өзекті мәселелердің бірі болды.


Қазақ прозасы әдебиетіміздің өзге жанрларына қарағанда өзінің кең құлаштығымен де, көркемдік-эстетикалық қуатымен де халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алады. Замана ағымының қилы кезеңдерінде шыныққан сөз өнерінің тақырыптық тұрпаты үздіксіз жаңғырып, дамып отырады. Ел басына түскен қиындықтар ұлттың сана-сезімін тереңдетіп, ұлттық идеяның дамуына түрткі болды.
«Бүгінгі таңда, елдің егемендігі, ұлттың тәуелсіздігі төл туындыларымыздағы заман шындығы мен халық тағдырының көрініс беруі, ұлттық идеяны насихаттау, оны көркемдік тұрғыда жинақтау мен пайдалануда қазақ қаламгерлерінің қол жеткізген жетістіктерін жан-жақты талдау қажеттігін тудыруда. Қазіргі қазақ прозасы бүгінгі заман тіршілігіне шындап бет бұрды. Тақырып аясы кеңіді. Образдар жүйесі жаңа бейнелермен толықты. Өмірге қилы мінезді, алуан келбетті кейіпкерлер келді. Бейне жасаудың тәсілдері жаңаша сипаттарға ие болды. Бүгінгі күн тақырыбын көтерген жазушылардың ішкі жан әлеміне оның моральдық, эстетикалық сипаттарына тереңірек үңіле отырып, сан алуан қасиетке ие бейнелер жүйесін жасады» [1,332 б].
Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиетімізде алдыңғы буын дәстүрі кең көлемде тың ізденістермен молығып, жалғасын тапты. Көп жыл бойғы көркем әдебиетке күштеп таңылған социалистік реализм әдісінен қол үзген жаңа буын әдебиеті жаңа өріс іздей бастады. Сол ізденістер нәтижесінде тың сипатты туындылар дүниеге келді.
XX ғасыр соңы кезеңі мен XXI ғасырдың алғашқы кезеңінде қазақ әдебиеті ел тәуелсіздігі жағдайындағы дамуға табан тіреді. Тәуелсіз, егеменді ел әдебиеті рухани дамуымызды жаһандық деңгейде танытуға ат салысты. Көркем сөз шеберлерінің мерейтойлары ЮНЕСКО-ның қолдауымен әлемдік деңгейде аталып өтті. Атап айтсақ, Абай мен Жамбылдың 150 жылдығы, М. Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ. Мүсіреповтің 100 жылдығы, Дулат пен Махамбеттің 200 жылдығы сынды әдеби шаралардың өтуі қазақ халқының атағын дүние жүзіне паш етті.
1991-2001 жж. қазақ әдебиетінің жаңа кезеңі бастау алды. Аталмыш кезеңде әдебиеттің ұлттық келбеті айқындалып, идеялық-эстетикалық болмысы жаңарды. Бұл кезең әдебиетінің бір өзгешелігі – Кеңес кезіндегі әдебиетпен, әсіресе, оның соңғы жылдарында қосылған “ақтаңдақтармен” сабақтастығы. Әдеби-көркем мұраларымыздың Сталиндік нәубет кезінде қаншасы жыртылып, жоғалғанын білеміз. Осы тұстарда әдебиетіміздің аталған ақтаңдағы қайта қалпына келтіріле бастады. 1988 жылдың сәуір айында, яғни Кеңес Одағы ыдыраудан сәл бұрын Ш. Құдайбердиев, желтоқсанның аяғында М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж. Аймауытовтар ақталып, туған халқымен қайта қауышуға жазды. Өзге де ондаған ақын-жазушылардың еңбектері шаң жұтып жатқан “жабық қордан” аршылып алынды. Тұтас дерлік оқылуға, жариялауға тыйым салынған ақын-жыраулар, фольклор шығармалары, яғни “Қамбар батыр” жырларынан өзгелері халық игілігіне қайтарылды. Тәуелсіздік кезеңінің әдебиеті мен ғылымына ұлттық-демократияшыл әдебиеттің қайта туып, жаңғыруы айтарлықтай әсер етті. Мағжанның поэзиясы, Ахмет Байтұрсыновтың ілімі, Міржақып Дулатовтың “Оян, қазағы” өзге де қастерлі қазынамыз әдебиетке жаңа рух, тың тақырып ала келді. Енді ұлттық идея, ұлт тағдыры, ел тәуелсіздігі - бүгінгі Қазақ Сөзінің өзекті арнасына, алтын арқауына айналып отыр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихи тақырыпқа арналған романдар жарық көрді. Кеңес дәуірі кезінде шынайы айтылмай, бұра тартылған тақырып арнасы бұл кезеңде тереңдей ашыла түсті. Сондай туындылардың қатарында Рамазан Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы”, “Қалмұқан Исабаевтың “Серт”, “Шоң би”, Кәдірбек Сегізбаевтың “Беласқан”, Қабдеш Жұмаділовтың “Дарабоз”, Софы Сматаевтың “Жарылғап батыр” (өлеңмен жазылған роман), Ұзақпай Доспанбетовтың “Қызыл жолбарыс”, Хасен Әдібаевтың “Отырар ойраны”, Әнес Сарайдың “Еділ-Жайық”, Тұрсынхан Зәкенұлының “Көк бөрілердің көз жасы”, Жанат Ахмадидің “Шырғалаң” тағы басқа романдарын атауға болады. .
Сөз өнеріндегі қозғалыс өзіндік бағыт-арнасымен ілгерілей берді. «Сөз өнерінің зор саласы – проза, жетекші жанры – роман бабында екені ерекше қуантады. Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» роман-дилогиясы, З. Қабдоловтың «Менің Әуезовым» роман-эссесі, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», М.Мағауиннің «Мен», Қ.Ысқақовтың «Ақсу-жер жаннаты», Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Ә.Таразидың «Жаза», Т.Әбдіктің «Парасат майданы», С.Сматайдың «Жарылғап батыр», Қ.Жұмаділовтың «Дарабоз», Қ.Исабаевтың «Шоң би», Б.Мұқайдың «Өмірзая», О. Сәрсенбайдың «Шеңбер», К.Сегізбайдың «Беласқан», Б.Нұржекеұлының «Әйел жолы жіңішке», Т.Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы», Ж.Ахмадидің «Шырғалаң», Х.Әдібаевтың «Отырар ойраны», Ұ. Доспамбетидің «Қызыл жолбарыс», А.Алтайдың «Алтай новелласы», Ә. Асқардың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», С.Елубайдың «Мінәжат», Т.Нұрмағамбетовтың «Айқай» атты шығармалары, т.б. қазақ прозасының он жылдығы аса шабытты, мол табысты еңбек кезеңіне айналып кеткенін көрсетеді.
Бұл кезеңде қазақ прозасы, әсіресе «...эпикалық жанрдың орташа түрі» повесть тақырыптық тұрғыдан, ізденіс араналары мен көркемдік жағынан, адам еңбегін, өмір құбылыстарын бейнелеу сәттерінен биік белеске көтерілді. Бастысы, әрине: «Тәуелсіздіктің он жылы ішінде туған повестердің баяны – халық өмірінің кешегі күндерінен. Өткен шақпен есеп айырысады. Бүгінгі нарық заманы тақырыбынан жазылғаны саусақпен санарлық. Бірақ аз жазылса да, саз жазылып жатқанын баса айтуымыз керек. Бір хикаят нарықты сынай отырып жақтайды, адам тірлігіне жаңа тыныс бергенін алға тартады. Екіншісі, нарық пен демократияның ел өміріне әкелген кесірлі жақтарына шүйіледі.
Еліміздің тәуелсіздік алғаны үлкен мәртебе. Сол тәуелсіздік, жариялылық лебімен қоса өмірге жаңа өзекті мәселелер де туындап жатты. Еліміз саяси бостандық алды. Бірақ, сөз бостандығы қай деңгейде екенін бағамдай алмай отырған жай бар. Дегенмен, халқының ой-арманы мен көкейінде жүрген сансыз сауалдары, өзекті өртер өңірлерін байыптап, бағамдап, оны ел алдында айта алып жүрген азамат жазушыларымыз бар. Соның бірі – Шерхан аға Мұртаза.
Ұлтым десе, жаны ауыратын, жұртым десе, санасы сан саққа кетіп, тығырықтан шығудың жолын іздеп, оны шығармаларында өзекті арқау еткен қаламгер бүгін де аты аңызға дерлік ел аузында. Жазушының тәуелсіздік жылдарында жарық көрген еңбектеріне туған халқының түрлі қиындықтарының өзек болып келуі де заңдылық. Өйткені туған ұлтының басындағы түрлі жағдаяттарды жазушы сонау Кеңес өкіметінің тұсында да үнемі әңгіме өзегіне, көркем ойдың тиегіне айналдырып отыратын.
Адам – уақыт перзенті. Әрбір адамзат өмір кешкен уақыт аралығында тіршілік бақыты үшін күресіп, тағдыр талайын бастан кешеді. Уақыт, заман, ғұмыр, тіршілік, жарық дүние, бақыт... қай қайсысын алсақ та адамзатқа тән құбылыстар атауы. Адам тағдыры өте қызық. Әсіресе, ел таныған азаматтардың ғұмыр жолы мен олар жүрген соқпақтарында талай сыр мен мұң жатыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін Шерхан Мұртазаның көркем туындыларына үңілейік. Шерхан Мұртазаның негізгі шығармалары Кеңес дәуірі кезеңінде жарық көрді. Біздің қолымызда жазушының туған жеріне деген сағыныштан басталып, жоқ-жітікті балалық шағын суреттеген «Ай мен Айша» атты мемуарлық романы.
Мемуар – шаңырақ жәдігері. Француз тілінен аударғанда «еске алу» деген ұғымды береді. Мемуарда жанұя жағдайлары, тұрмыстың ауыр азабы мен деректі әулет шежіресі сондай-ақ, автордың арман-қиялынан тұратын ой түйткілдері орын алады. Алғаш әлемдік әдебиет пен философия тарихында күнделік қалпында туып, кейін халық қажетіне айналған деректі мемуар үлгілері аз емес. Айталық, ХV ғасырдағы Филипп де Каминнің «Мемуарлары», ХҮ-ХVІ ғасырлардағы Бабырдың «Бабырнамесі» еңбектері, декабристердің мемуарлық жазбалары бәрі әуел баста күнделік жазбалар ретінде өмірге елеусіз келген. Кейін тарихи сипат алған. Әлем философтарының «Карманный оракул» аталатын қойын кітапшалары да әуелі күнделікті жай жазбалар ретінде дүниеге келген. ХҮІІ ғасырда Испан философы Балтасар Грасианның осылай аталатын кітаптарын, ХҮІІІ ғасырдағы Марко Полоның жазбаларын, неміс философы Г.К.Лифтенбергтің «Афоризмдерін» де да атауға болады.
Орыс әдебиетінде А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой, И.С.Тургенов, Ф.М.Достоевский, т.б. мемуардың дамуына өзіндік үлестерін қосты. Келер ұрпаққа ғажап бай әдеби мемуарлық шығармалар үлгісін қалдырды. Бірақ олар көзі тірісінде өз жазбаларын жариялауды мақсат етпеген.
Қазақ әдебиетінде халқымыздың ХІХ ғасырдағы ұлы ағартушысы Шоқан Уәлихановтың тарихи, этнографиялық мәліметтерге бай «Ыстықкөл күнделіктері», «Қашқар күнделіктері» күнделіктерін басшылыққа алып, біздің қазақ жазушыларымыз роман, повесть секілді көлемді шығармалар дүниеге әкелді. Айталық бұған С.Бақбергенов, С.Мұқанов, К.Бейсенбаевтың шығармалары куә.
Соңғы бiр ғасырда жазылған қазақ мемуарлық романдарының саны әжептәуiр. Солардың арасында Кеңес үкiметiнiң қалыптасу кезеңiнде жазылған мемуарлардың шоқтығы биiк деуге болады. Оларға С.Сейфуллиннiң «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Өмiр мектебi», Ғ.Мұстафинның «Көз көрген», С.Көбеевтiң «Орындалған арман» сияқты туындыларын жатқызуға болады.
Бұл мемуарлардың оқиғалары тарихи-қоғамдық күрделi өзгерiстер, аласапырандар кезiне сай келген-дi. Сондықтан олар iрi, кесек мәселелердi қозғады, сюжеттi желiлерi мен шиеленiстерi де күрделi болды. Ал, кеңестiк идеология күшiне әбден енген тұста жазылған мемуарларда осындай iрiлiк, кесектiк байқалмады. Олардың авторлары өзi ғұмыр кешкен ортадағы қоғамдық-саяси оқиғалардың шынайы көрiнiсiн бейнелей алмады. Дегенмен, олар сол кездегi тарихи оқиғаларды баяндауымен маңызды.
Осы орайда, мемуарларды зерттеумен айналысып жүрген әдебиеттанушы ғалым, жазушы Нұрдәулет Ақыштың пiкiрiне зер салайық:
Халық тағдырына қатысты тақырыптардың қай-қайсысы да кесек, тiптi ұлы десек те болады. Жазушы мемуарлық роман жасауға бел буа отырып, ұлт тағдырына қатысты өзектi мәселенi айтуға да тәуекел етуi тиiс. Мұндай талаптар Кеңес дәуiрiнде қабырғасынан қойылып көрмегенiн ескерсек, бүгiнгi тәуелсiздiк кезеңiнде ұлт пен тiл тағдыры күлбiлтелемей ашып айтуды қажет етедi. Қазақ мемуарлық романдары белгiлi бiр дәрежеде оқырман бойында отаншылдық-патриоттық рухты оятуға, оны туған халқыңды сүйе бiлуге, туған жердi қорғауға, ұлттық тәуелсiздiк мәселесiн ұмытпауға, сонымен бiрге басқа жұрттар тарапынан болатын ұлттық езгiге төзiмсiздiкпен қарауға баулығанмен, ұлт пен тiл тағдырына қатысты өзектi мәселелердi барынша ашық көтерiп отыр деп айта алмаймыз. Сонымен бiрге тарихи шындық пен мемуарлық роман мазмұнындағы шындықтың қабыспайтын тұстары да болып тұрады. Осыларды ескере келгенде, мемуарлық роман қазақ әдебиетiнiң алдыңғы қатарлы жанрларының бiрiне айналды деп тұжырымдауға әлi ерте, - дейдi.
Бұған қарап мынадай ой қорытуға болады. Бiрiншiден, мемуар жазу — өзiңе, қала бердi халыққа есеп беру. Өйткенi, мемуар ғұмырнамалық деректi шығарма болғандықтан онда қоғамдық-саяси оқиғалар автордың өз өмiрiмен байланыстыра отырып баяндалады. Демек, автордың қоғамға, мемлекетке, ұлтқа қаншалық еңбек сiңiргенi мен сiңiре алмағаны өзiнен-өзi екшеледi. Екiншiден, мемуар жазу — ардың iсi. Тарихи шындық пен мемуарда баяндалған шындықтың арасы алшақ кетпеуi үшiн автордың ары таза болуы керек. Әйтпесе, өзiнiң қатесi мен күнәсiн бүркемелеу үшiн ақиқаттан алыстап кетуi бек мүмкiн. Үшiншiден, мемуар жазу — ұлттың, ұрпақтың тағдырына қатысты iс. Автор өзi өмiр сүрген кезеңнiң тарихын келер ұрпақ осы туындысы арқылы танитынын түсiнуi, мойнында сондай жауапкершiлiк тұрғанын түйсiнуi тиiс.
Елiмiз тәуелсiздiк алған соң да мемуарлар аз жазылған жоқ. Айталық, Ә.Нұршайықовтың «Мен және менiң замандастарым» деген дилогиялық мемуары, Х.Әдiбаевтың «Өмiрдария», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» дилогиясы, Қ.Жұмадiловтiң «Таңғажайып дүние», Қ.Ысқақтың «Келмес күндер елесi» және М.Мағауиннiң «Мен» деген романдары қазiргi қазақ мемуарларының арасында ерекше орын алады.
Романның жанрлық сипатын дәйектеу үшін алдымен поэтика, жанр, роман ерекшеліктеріне жеке тоқталуымыз қажет.
А.П.Квятковскийдің анықтамасы бойынша: «Поэтика – көркем шығармалардың құрылымдық пішіндері мен осы пішіндердің жаңа мазмұнның ықпалымен өзгеруінің тарихи заңдылықтары туралы ғылым» [2, 221б.]. В.П.Скобелев «поэтика» термине екі түрлі анықтама береді: «Біріншісі, поэтика дегеніміз – жазушы шығармашылығының мазмұнын ашатын көркемдік пішінді жасайтын көркемдік құралдар кешені. Екіншісі, поэтика дегеніміз – көркем шығармашылықтың пішіндері, түрлері, құралдары мен тәсілдері, әдеби туындылардың құрылымдық типтері мен жанрлары туралы ғылым» [3, 10б.].
Ал зерттеуші Н.Д.Тамарченко поэтикаға «пішін», «бейне», «автор», «эстетикалық» ұғымдарымен қатар, лингвистикалық тұрғыда «көркем сөйлеу», «поэтикалық тіл», «сөз», автор мен кейіпкердің сөйлеу формалары: «диалог», «монолог», «стиль», «стилизация», т.б. жатқызады [4, 4 б.].
Поэтика, негізінен, үш түрге жіктеледі:

  1. Жалпы поэтика немесе макропоэтика (яғни теориялық немесе жүйелі поэтика);

  2. Жеке поэтика немесе микропоэтика (яғни сипаттама поэтика);

  3. Тарихи поэтика [5, 128б.].

Негізінен, поэтика Аристотельден бастау алған еді. Ол: «Поэзия өнері» туралы ғылым – «поэзия тектерін» талдаудан, жанрлар (эпопея, трагедия) мен олардың түрлерінің, «поэтикалық туындылар формаларының «мәнін» анықтау» - деген анықтама береді [6, 97б.].
Поэтика саласындағы негізгі зерттеу бағыттарының бірі – жанрларды зерттеу. Мұндағы жанр көрнекті сөз зергерлерінің поэтикасы мен ұлттық әдебиеттер поэтикасын тарихи поэтикамен байланыстыратын жалпы поэтикалық категория болып табылады. Сондай-ақ, жанр көркем шығарма поэтикасының пішіндік-мазмұндық мәнін ашатын нақты поэтикалық құбылыс болып саналады. Біз зерттеу жұмысымызда қазақ романының жанр поэтикасын сөз еткенде осы соңғы мәніндегі терминде қолданамыз. Жанр мәселесі – әдебиеттану ғылымындағы ең өзекті әрі даулы да күрделі мәселелердің бірі.
Н.Л.Лейдерманның пікірінше, «...поэтика құрылымының мағынасы тұтастай барлық нақты нəрселер өз мақсаты мен тəртібін табатын əлдебір бейнелі «дүние моделін» жасауда жатыр...» [7, 18б].
Н.Л.Лейдерманның поэтика турасындағы маңызды жаңашылдық аспектісі – туындыға конструктивтік орын алатын көркем байланыстар мен бейнелерді жүйелеуші типологиялық әдебиеттану ғылымының саласы.
Н.Д.Тамарченко еңбектерінде поэтикалық-теориялық мəселенің басқаша шешімі ұсынылады. Поэтикалық құрылымның əмбебап моделінің əрекет ету механизмін, поэтика қозғалысының тарихи процесін Н.Д.Тамарченко поэтиканың сəйкесінше, «канон» категориясы арқылы қарастырады. Егер ғалым дəстүрлі жанрларды канондық деп көрсетсе, конондық емес жанрлардың тұрақты құрылымы осы жанрдың «ішкі өлшемі» ретінде анықталады. Н.Д.Тамарченконың тұжырымдамасы тікелей М.М.Бахтин идеясын жалғастырады. Кейбір ғылыми-теориялық қағидалардың (мысалы, «поэтика», «поэтика құрылымының өлшемді моделі») ортақтығын, сондай-ақ кейбір көркем-иллюстрациялық материалдарға көзқарасын - Н.Д.Тамарченконың ғылыми-теориялық зерттеулерінде роман жанрының поэтикасына айрықша мән беріледі.
Қазіргі əдебиеттану ғылымының басты ерекшелігі роман поэтикасы проблемасын біртұтас тануда теориялық тəжірибелерін жүйелеу жəне қайта ой елегінен сараптау болып табылады.
С.Н.Зенкиннің теориялық көзқарасында біршама тұжырымды ойлар бар. Романның поэтикалық құрылымы туралы өз пікірін білдіре келе, роман жанрын жанрдан тыс құрылым ретінде көрсетеді. Қазіргі бұқаралық əдебиеттің «жоғары» жəне «төменгі» қабаттарындағы поэтикалық үдерістерді бақылау, тарихи даму үрдісіндегі тұжырымдамасы роман поэтикасы теориясына қосқан елеулі үлесі болып табылады.
Қазақстандық əдебиеттану ғылымы салыстырмалы аз ғана уақыт ішінде поэтика теориясы мәселесі бойынша ғылыми-теориялық зерттеулерге айрықша ат салысып, қазіргі əдебиеттану ғылымын оның ішінде теориясын əлемдік ғылымның ізгі жетістіктерімен толықтырып, айрыұша даму үстінде.
«Поэтика» терминіне мынадай анықтамалар беріледі: ғалым А.Ісімақова: «Поэтика (грекше – poietik fehne – шығармашылық өнер) – көркем шығармадағы құндылықты бар болмысымен айқындар жүйе туралы әдебиеттанудың ең көне ғылым саласы. Кең мағынасында поэтика әдебиет теориясымен үндесетін ұғымды білдірсе, ал нақты түрде (тар мағынасында) сол теориялық поэтиканың бір саласы ретінде қабылданады. Әдебиет теориясының саласы ұғымындағы поэтика әдеби тек пен түрдің, ағымдар мен бағыттардың, стильдер мен әдістердің ерекшеліктерін зерделейді, сондай-ақ көркем тұтастықтың әр түрлі ішкі байланыс заңдылықтарын және олардың ара қатынасын зерттейді. Оның өзі мақсатты зерттеу аспектісіне байланысты романтизм поэтикасы, романның поэтикасы, немесе белгілі бір суреткердің шығармашылығының поэтикасы, не бір көркем шығарманың поэтикасы болуы ықтимал. Әдебиеттегі көркемдік құралдардың барлығы тілге қатысты екенін ескерсек, онда поэтика тілді зерттейтін көркемдік құралдар туралы ғылым болып анықталады (мысалы, көркем әдебиеттің тілі)» [7, 394б.].
Ғалым Р.Нұрғали: «Жанрды – әдебиеттің тегі, әдебиеттегі түрлер, оның табиғатын танып, даму барысын пайымдауда бүгін әр түрлі ағым, әр түрлі мектеп өз тұжырымын ұсынады», -дейді [6, 189б].
ХІХ-ХХ ғасырларда жанрлық сипаттарға деген көзқарас өзгеріп, жаңа сипат алды. Ал, ХХ ғасырда әдебиеттану теориясында текті белгілі бір жанрмен теңестіру туралы көзқарастар мен ой-пікірлерқалыптаса бастады. Бұл қағиданы әдебиеттану ғылымында теориялық тұрғыдан дәлелдеп, ғылымға паш еткенғалым М.М.Бахтин болып табылады. Ғалым, зерттеуші романға: «Бұрыннан бар және жартылай «өлген» жанрлардың арасындағы бірден-бір қалыптасып келе жатқан жанр»,- деп баға берді [8, 504б.].
ХХ ғасырдың 1930-40 ж.ж. тектік және жанрлық белгілердің айырмашылығы мен ерекшелігін ғылыми тұрғыдан ашып көрсетуге деген ұмтылыс А.Н.Веселовскийдің зерттеу еңбектерінен де байқауға болады. Ғалым-зерттеушінің бір айтарлығы, жанрлар тарихын жеке тұлғаның дамуымен байланыстырады да, қоғам мен адам арасындағы қарым-қатынастың өзіндік сипаты белгілі бір мазмұнды (эпопея, романның) тудырады деген көзқарасты айрықша атап өтеді. А.Н.Веселовскийдің айуынша,«тектердің пішіні мен мазмұнының дамуы бір-біріне сәйкес келмейді, сондай-ақ, пішін мен мазмұнның арасына үлкен шектеу қояды. Әдеби тектерді зерттеумен айналысты, дегенмен ғалымның әдеби тектерді мазмұны бойынша ажыратуға байланысты ұсынған көрсеткіштері жанрлық өзгешеліктерді қамтиды» [9.]. «Әдебиет теориясы» еңбегінің авторлары Р.Уэллек пен О.Уоррен де әдеби жанрды шығарманың пішіні ретінде қарап, былай анықтама береді: «Шартты түрде жанр деп ортақ «сыртқы» (өлшем, құрылым) және «ішкі» (көңіл-күй, қатынас, ой, басқаша айтқанда – тақырып және аудитория) пішіні теориялық тұрғыдан анықталатын әдеби шығармалардың тобын айтамыз» [10, 247-248б.]. Ғалымдардың айтуынша, жанрлық даму нәтижесінде ескі жанрлар жүйесі бұзылып, «ішкі» және «сыртқы» пішіндердің бірлігі жойылады. «Жанр туралы біздің теориямыз «ішкі» пішінге емес, «сыртқы» пішінге тәуелді. Сондықтан да жанр дегеніміз саяси роман немесе жұмысшылар өміріне арналған роман емес, октавамен жазылған «Гудибрас» немесе сонет болып есептеледі» [11, 250б.].
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында бір-біріне қарама-қарсы екі теория пайда болды.Олар:
1. Ф.Брюнтьердің биологиялық түсініктемесі (жанрлар тірі организмдер сияқты туады, өмір сүреді және өледі).
2. Б.Кроченің теориясы. Аталмыш теория бойынша, көркем шығарма сезім-түйсіктің (интуицияның) жемісі болып табылады. Кроче теориясының негізгі қағидасы, негізінен, жанрды жоққа шығару еді. Бұл негізі, ХХ ғасыр басында кеңінен тарады, себебі бұл кезеңде дүниеге келген әдеби туындылардың тектік, жанрлық белгілерін ажырату біршама күрделенген кезең болатын.Көркем әдеби туындының құндылығы авторлық субъективизмнің көрінуінде. [11, 271б.].
Кроченің идеясы Италия мен Германия әдебиеттану ғылымы мен теориясында 1930-жылдары П.Ван Тигемнің «вулкандық» теориясында өзіндік жалғасын тапқан болатын.Содан бері күні бүгінге дейін ХХ ғасырдың басындағы Б.Кроче, П.Ван Тигемнің теориялары қазіргі әдебиеттануда да артпаса өз құнын жойған жоқ.
М.М.Бахтин жанр деп «...шындықтың белгілі бір жақтарын» қамтитын құрылымды ататуды ұсынды, «...оған іріктеудің нақты принциптері, шындықты тану мен түсінудің нақты үлгісі, қамту кеңдігі мен пайымдау тереңдігінің нақты басқыштары тəн...» [9, б.170], - дейді.
В.Н.Хабин мынадай анықтама береді: «...ол бейнеленетін нəрсені барлық аумақтан шектеп, олармен арақатынасты белгілеуге көмектеседі, бейнеленетін нəрсенің ішкі байланыстарының сипатын белгілейді...» [12, 7б.].
Г.Н.Поспелов: «...көркем шығарманың күрделі мазмұнында оның тарихи қайталанатын, сонысымен құрамында жанрдың жалпы мəні мен оның көптүрлілігі бар жанрлық аспект болатын жақтарын анықтау...» [13, 156б.] деп атап өтеді.
Н.Д.Тамарченко: «Поэтиканың тарихи эволюция үдерісінде сақталатын механизмдердің болуы туралы айта келе, берілген жанрдағы кез келген шығармада жүзеге асатын дайын құрылымдық схема болып табылмайды, тек бірқатар шығармалардың жанрлық құрылымын салыстырмалы талдау негізінде логикалық қайта құрылуы мүмкін...» [4, 370б.]. Бұдан әрі: «... «ішкі өлшем» ұғымы үлгі таңдау мүмкіндігін белгілейді, бұл таңдаудың мақсаты - қарама-қарсы жанрлар үшін өзгермейтін ара қатынастың жаңа нұсқасын жасау» [4, 371б.]. Н.Д.Тамарченко белгілеген роман поэтикасының ұғымымен – поэтиканың тарихи-өзгерімпаздық жанрлық нұсқаларына дейінгі жанрлық трасформациялардың ықтимал кеңістігін атап көрсетеді.
Қазіргі əдебиеттану ғылымында романның көркем кеңістік көкжиегі пен уақыт поэтикасын, оның құрылымдық аспектілерін алғашқы негізі ретінде саралайтын біршама зерттеу еңбектері бар. Атап айтсақ, Д.С.Лихачев, В.Н.Топоров, З.Қабдолов, З.Ахметов, Р.Нұрғалиев, С.А.Қасқабасов т.б. ғалымдар зерттеді.
Осы жоғарыда аталған теорияларға ұқсас ой-пікірлер мен тұжырымдар қазақ әдебиеттануында да бар. Атап айтсақ, «Егер нақты (точный) ғылымдардағы заңдылықтарды белгілі бір тұрақты жүйеге түсіру мүмкін болса, көркемөнер шығармаларынан туындаған заңдылықтар мұндай қатаң жүйеге әрдайым бағынбайды, сондықтан да олар дайын формулалар мен ережелердің ауқымына сия бермейді. Өйтетін себебі жаратылыстану мен дәл ғылымдар қатал логикаға, сол логикалардың бірыңғай жүйесіне сүйенсе, көркемөнердің стихиясы – ешқандай шама, шек дегендерді білмейтін бостандық, еркін рух. Рас, көркемөнер заңдылықтарында да логикалық пайымдаулар белгілі бір роль атқарады, алайда суреткерлік творчествода түйсіктің, шығармашылық интуицияның маңызы әлдеқайда басым болмақ» [14, 104б.], - деп жазады С.Асылбекұлы.
Жанр теориясындағы формалистік бағытқа қарама-қарсы психологиялық бағытты да атап өтуге болады. Бұл бағытты ұстанған теоретик-зерттеушілер жанр ұғымын кең ауқымда қарастырумен қатар, көркем туындының пішінін екінші кезекте қарастыруымен ерекше болып табылады. Психологиялық ой-пікірлер бойынша жанрлық категорияларға анықтама беруде негізгі адамның (жазушы, оқырманның) әлемге деген психологиялық қарым-қатынасы, эмоциялық қабылдау ерекшелігі басшылыққа алынады. Еуропалық жанрлар дамуына тоқталған зерттеуші П.Ван Тигем оларды атай келе, жанрлық өзгешеліктерді көркем туындының формалдық белгілерімен емес, адам эмоцияларының типтерімен, туындының психологиялық атмосферасымен (ауанымен) байланыстырып қарайды. Жанрларды көркем туындыда, шығармада бейнеленген уақытқа орай жіктеу – психологиялық бағытты ұстанушы өкілдердің назар аударған мәселесі. Осыған орай: «Әдеби шығармалардың әр қилы түрлеріндегі ұқсастық проблемасын уақыт өзгешеліктері және онымен тығыз байланысты психологиялық қатынастардың өзгешеліктерімен түсіндіруге болады» [10, 58б], - деген тұжырымдардың кеңінен таралғанын да айта кету керек. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған бағыттардың барлығы жанр теориясына қатысты қағидалары сын көтермейтіні дәлелденіп келе жатыр.
Қазақ әдебиеттану ғылымыннан ойып орын алатын ғалым А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінде жанр табиғатына байланысты ой-тұжырымдар жетіп артылады. «Бұл еңбекте А.Байтұрсынов фольклорлық, әдеби текстерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете алатын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір толғайтын ұлы ойшыл екендігін көрсетті» [6, 50б], - дейді көрнекті ғалым Р.Нұрғали.
А.Байтұрсынов «жазба әдебиеттің сындар дәуірінің дарынды сөздерін әуезе, толғау, айтыс-тартыс деп үш топқа бөліп қарайды. Бұлар қазіргі әдебиеттану ғылымындағы – эпос, лирика, драма. Ғалым әуезе, яки әңгіме түрлі сөздерді былайша жіктейді: «Бұл топқа кіретін сөздер толып жатыр. Оның бәрін түгелдеудің қажеті жоқ. Басты-басты түрлерін алғанда, олар мынау болады: 1) Ертегі жыр, 2) тарихи жыр, 3) әуезе жыр, 4) ұлы әңгіме(роман), 5) ұзақ сөз, 6) аңыз өлең және әңгіме, 7) көңілді сөз, 8) мысал, 9) ұсақ әңгіме» [12, 447б]. Бұлардың ішінен зерттеуші «Ұлы әңгіме, яки роман деп тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз» - деген анықтама беріп, роман жанрының негізгі белгілерін атап көрсетеді [15, 448б]. Зерттеуші ойының құндылығы сол, роман жанрының өзіне тән ерекшеліктерін санамалай келе, роман (ұзақ әңгіме), әңгіме (ұсақ әңгіме) жанрларын да салыстырмалы түрде анықтайды: «Ұлы әңгіменің өресі қысқа, өрісі тарлау түрі ұзақ әңгіме деп аталады. Онан да шағындау түрі ұсақ әңгіме деп аталады. Ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгіме болып бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана. Мазмұндау жүйесі бәр-бәрінде де бір, айтылу аудандарында айырма бар: ұлы әңгіме сөзін алыстан айдаған аттарша жайыла бастайды; ұзақ әңгіме жақыннан айдаған аттарша жайыла бастайды; ұсақ әңгіме мүше алып оралып келе қоятын аттарша бастайды» [15, 450б]. Ғалым А.Байтұрсынов жанрларға жіктеуде көркем уақыт тұрғысынан келгенін анық аңғаруға болады. А.Байтұрсыновтың сонау ХХ ғасырдың басында айтқан бұл ой-тұжырымы қазіргі әдебиеттануда өз жалғасын тауып келеді.
90-жылдары қазақ елі ежелгі арманы тәуелсіздікке қол артқанда, тарихи роман тың серпін танытып, мұның алдындағы туындыларда жеріне жеткізе қазылмаған, аршылмаған көп жаңалық, ақиқаттарды бүкпелемей, сыздықтатпай, бар дауыспен ашық айтып берді. Бұл ретте алдымен ауызға алынатын шығарма жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» роман-дилогиясы», деп бағаланған (Ш.Елеукенов) “Дарабоз» романындағы ежелден еркіндік аңсаған қазақ халқының болмысы шынайы суреттеледі де, халық тарихында қалған батыр тұлғаларымен байланыстырылады. Ел басына күн туғанда етігімен су кешетін ер Қабанбай батырлық пен қаһармандықтың бейнесіндей. Ол қолына қару ұстаған батыр, кеудесінде ұлтын сүйген жүрегі атқақтай соққан ер. Автордың мақсаты «ұзақ жылдар архивтің шаңын қаға отырып, тарих жасаушылардың бұрмалаған фактілерін орын-орнына қойып, белгілі бір жүйемен баяндау». Туынды тарихи оқиғаны эпикалық сипатта кеңінен қозғай отырып, көркем тілмен сенімді баяндайды. “Ата-анасының бесікке саларда азан шақырып қойған аты Қабанбай да, Дарабоз да емес, Ерасыл болатын. Өзіне керемет ұнайтын. Ойлап отырса, уайым-қайғының не екенін білмейтін, ең алаңсыз, бақытты шағы да сол Ерасыл боп жүрген кезі екен». Енді Қабанбай болғалы өзінің атына зар болып қалады. Еліне Қабанбай атанған ердің ішкі ойы, мұңы да жетерлік: «Адамдар бақуат, бейбіт өмірге әбден зарығып, шөлдеп қалған екен-ау. Осы соғыс деген пәленің қайғы-зар, азап-сордан өзге адамзатқа берері бар ма? Бірақ, амалың қайсы, әлімжеттік, зорлық бар жерде соғыс жалғаса береді... Ел намысы, ата кегі ғой шыдатпайтын».
Романда жазушы қай кейіпкерін де бірнеше қасиеттерімен тоғыстыра көрсетеді. Батыры да, ел басқарған биі де тереңнен толғап, жүйелі де жеріне жеткізе сөйлейтін шешен әрі көреген. Мәселен, Төле би: «Мен кәрі сүйегімді сүйретіп, жат қолында қалған сонау Ташкенттен келгенде, жүрегімді жарған екі үлкен арман болатын. Оның бірі - кешегі Әз-Тәукенің алтын тағын, ту тіккен ордасын көріп, көңілімді бір демдеу еді, ол арманым орындалды. Бұдан кейін хан кеңесіне келіп, ағайынның алтын жүзін көремін бе жоқ па, ол жағы Алланың ісі.. Екіншісі - ата жұрттың жау қолынан ада-күде тазарып, азат-еркін ел болғанын көріп өлсем деуші едім. Арман шіркін алтайы түлкідей бұлаңдап, жеткізбейтін сиқы бар ма, қалай?! - деп ентігін басып сәл отырды. Өмірі басына ноқта кимеген, көзіне қамшы тимеген азат-асау ел едік. Тегінде қасиетті халқымыздың қазақ деген есімі - азат деген сөзбен төркіндес. Азаттықтан айырылғаны қазақтың құрып біткені... Міне, Ұлы жүз ұрпағының жоңғарға қарап қалғанына алдына елу жыл, артына отыз жылдай уақыт өтті. Халықты артық қан төгістен, үркін-босқыннан аман сақтап қалу үшін, амал жоқ, Халдан ханмен тіл табысуға тырыстық. Маңдайыңа құлдық таңбасы бір басылса, ол оңайшылықпен өшпейді. Қалмақтан қағажу көргеніміз аздай, енді отбасы отаныңды орысқа билетпексіңдер ме? Бодан-бодан дейсіңдер. Боданнан - құл туады, құлдан - жетесіз, жасық ұл туады... Сонда болашақ ұрпақтың жайы не болмақ?!»
Осы сөзінде абыз би ел қорғаны батырларға иек арта сөйлеп, жөнсіз қару сілтеп, ел іргесін сөгулерін де, басқа елдің қақпанына түсіп, пенде болмауларын да қаламайтынын ұқтырады. Ендеше жеті рет өлшеп, бір рет кесетін заман келді. Соны ойлайық, сақ болайық дегенді баса айтады. Романда елдің сол кездегі хал-жайы, қонысы мен көршілес отырған елдермен қарым-қатынасы, ойын-той, салт-жоралғы да өз кезегінде сәтімен өріліп отырады. Ер Қабанбай осы ел ішіндегі жайттарды да көз алдында ұстап, жөн айтып, кеңес беріп, игілікті істің бастаушысы болып суреттеледі. Әрине, ел ішіндегі алаңдаудың бастысы - төтеннен келген жаудың тырнағына ілігіп кетпеу. Үнемі ат пен қару-жарақтың әзірлігі батырлардың сергектігі қажет-ақ. Осы тұста ел басшылары да өздерінің кесімді байлауларын айтып, елдің тізгінін босатпауды көздейді.
Абылай: «Ақырғы айқастың ауыр жүгі, Орта жүз, тағы да өздеріңе түскелі тұр. Бұл «киіз кімдікі болса-білек соныкі» дегендігім емес, биылғы жағдайдың өзі осыған әкеліп отыр. Арқаның қатал қысынан жілік майы үзіліп, жүдеп шыққан жұртың мынау. Жаудың қолы жағасынан ажырап, тынысы сәл кеңіген күні құдайын ұмытып, өзгеде ісі болмайтын етек-басты еліңнің түрі анау... Өзіңнен басқа кімге сеніп, кімді аужал тұтарсың. Сондықтан осындағы хан мен сұлтан, батыр мен би, жыршы мен жырау ертеңнен бастап атқа қонып, ер-азаматты ту түбіне жинайтын болайық!
Автор роман оқиғасын тартыс пен шиеленіске құра отырып, негізгі идеяны кең түрде ашады. Қазақ халқы ең алдымен іргесінің берік, ұрпағының аман болуын ойлаған. Сол үшін ерлігін де, ақылы мен парасатын да қатар қару еткен. Сайын даласының еркіндігін ойлап, елге пана болар азаматын ардақтаған. Соның аясында елдік пен ерлік, салт пен дәстүр, ағайыншылық пен адамгершілік секілді туыстас ұғымдар қатар жұмсалған. Елдің ерсіз болмайтыны секілді қазақтың әрбір соқталы кезеңі шоғыр тұлғаларды тудырып отырған. Қабанбай да сондай ерлердің бірі. Ол елінің рухын жоғары көтерген батыр. Автор сол рух пен елдіктің, ерліктің киесін әспеттей бейнелеген.
Жаңа ғасырдың басы қоғамға үлкен өзгерістер әкелді. Терең өзгеріс, адам болмысының рухани түлеуі, эстетикалық-дүниетанымдық көзқарастың құбылуы тұтас мәдени өмірге үлкен леп әкелді. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасы өзінің лирика-эпикалық сипатын, ұлттық өрнегін, бейнелілік пен символдық нақышын, постреалистік болмысын тереңдетті. Оның үстіне жаһандық проблемалар адамзат қоғамымен тұтастандырыла суреттелді. Осыған байланысты қазақ романдарында адам өркениетінің көне бастаулары, мифтік таным, неомифологизм, полифониялық суреттеулер орын алды. Қазақ қаламгерлері прозаның дәстүрін берік сақтай отырып, жаңа сипат үстеді. Жаңа қазақ прозасы реализм, модернизм, постмодернизм тәсілдерін қабыстыра отырып, терең философиялық, онтологиялық, дүниетанымдық проблемаларды кең тұрғыда көтерді. Осы арқылы авторлар жалпыадамзат мәселесін қозғады. Жазушы Эрнест Төрехановтың «Ескендір мен Роксана» романынан осындай сипаттарды танимыз.
Көркем бейнелерді салыстыра талдау оның ұлттық ерекшелігін аша түспек. Көне әдебиетте батыр, қаһарман, алып ер тұлғаларымен қатар, әйел бейнелерін тудыруға да көңіл бөлінді. «Рамаянадағы» Сита, шумер-вавилон эпосындағы Иштар мен Шамхат, Гомердің «Одиссеясындағы» Цирцея, Пенелопа, Навзикая, Еврипидтің «Медеясындағы» Медея, Софоклдің Антигонасы - ірі бейнелер. Әрине, әйел бейнесі әлеуметтік-қоғамдық ортаның құрбаны болып та жатады. Өз бастарына түскен тағдыр ауыртпалығын ақылы мен парасаты арқылы жеңіп үстемдікке қол да жеткізеді. Жалпы христиан дінінде әйел туралы "зұлым", "күнәһар", "өтірікші", "кекшіл" т.б.деген сияқты өте төмен көзқарас қалыптасқан. Ал ислам дінінде әйелге, әсіресе әйел-анаға деген көзқарас бұдан өзгеше. Бұған "Жұмақ ананың табанының астында", "Алдымен анаңды, анаңды, тағы да анаңды, одан соң әкеңді сыйла", "Ең қайырлы болғаныңыз, әйелдерге ең жақсы мәміле жасағандарыңыз болмақ", "Балаларды махаббат пен сүйіспеншілікпен бағу, әйелдерге жақсы мәміле жасау - Исламның бармақпен басып көрсеткен ахлақ ережесі" т.с.с. ислам қағидалары дәлел.
Кез келген қоғамның маңызды институттарының бірі - отбасы. Ал отбасындағы әйел жағдайы - отбасы мен неке тарихындағы келелі мәселелердің бірі. Көптеген тарихи және тілдік деректер қазақ әйелінің отбасылық мәселелерді шешуге белсенді қатысқанын, ерлеріне шаруашылыққа қатысты істерде көп көмектескенін дәлелдейді.
Ал күйеуі жоқ кезде оның орнын жоқтатпай, барлық тіршілікке қатысты мәселелерді өзі шешіп, тіпті қазақы салт-дәстүрге сай қонақ күтіп, оны жөн-жоралғысымен шығарып салуға, күйеуін жаманатқа қалдырмауға міндетті болған. Сондықтан Айғаным, Бопай, Ұлпан, Зере сияқты әйелдерді халқымыз жоғары бағалаған. Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, әсіресе олардың сырты мен іші үйлескен сұлулығы, мінез байлығы, ақыл-парасаты жөнінде әңгімелегенде, ең алдымен батырлар жырындағы әйел кейіпкерлердің көз алдыңызға келері сөзсіз. Құртқа - қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көрегенділіктің, Жібек - сұлулық пен сымбаттың, Айман мен Ақжүніс әйел үшін таптырмайтын қасиет - қулық пен айлакерлік, тапқырлықтың, ал Баян - сұлулықпен бірге махаббатқа адалдықтың, сезімге тұрақтылықтың символы.
Қазақта қыз баланың, жалпы әйел затының бойынан төменшектік, именшектік, ұялшақтықтан гөрі өжеттік, еркіндік, ақыл, парасат сияқты қасиеттерді жоғары бағалайды.
Өзінің жалғызілікті тағдырына мойынұсынбай күрескен бейнені ағарту дәуірінде ағылшын жазушысы Дефо «Роксана» романында көтерді. Дефоның кейіпкері Еуропаны кезіп, әр түрлі қоғамдық ортада жүретін арандатушы, куртизанка. Ол Людовик төртіншінің дәуірінде Лондон салондарында шалқып жүреді. Өзінің өткен өмірінің күмәнді тұстарын әбден жойып болдым-ау деген кезде, ол оқшауланып, жан тыныштығына берілуді ойлайды. Сонда күтпеген жерден өзі тастап кеткен туған қызына жолығады. Бұл жағдайды күтпеген шешесі мен қызының арасында өшпенділік орнайды. Бұдан құтылуды ойлаған шешесі қызының көзін жоюды ұйымдастырады.
Қазіргі өнердегі концептуалдық бағыт макропоэтика, полифония, нақты, танымдық және көркем қабылдау тәсілдерін алға шығарды. Осының бәрі көркем мәтіннің бойына жинақталғанда, өзара гармония құрайды. Себебі, бұл көпсалалы проблемалардың барлығы - Адам проблемасын шешуге бағытталған. Романтизм мен реализмнен бастау алған постмодернизм мен барокко тәсілдерінің диапазоны кең. Бұл қазіргі қазақ прозасындағы көпсалалы идеядан, сюжет құраудан және кейіпкер бейнесінің жасалуынан байқалады. «Мен көкпарға тастаған лақ емеспін. Мен Роксанамын. Байтақ патшаның еркін өскен қызымын. Александр мені өзінің теңі деп білді. Мен оны да бағаладым. Ұлы Александрмен теңмін деп шалықтамаспын. Бірақ падишаға Ұлы Даланың еркін өскен қызына шақ теңдігімді кемітпеспін. Соңымда бейбіт өмірге жеткен елім қалып барады деп өзімді жұбатармын, жаратқан ием осылай жат жұрттық етіп дүниеге әкелді екен - ендігі тілеуім Александрдың амандығы болады». Қазақ қыздарына қайсарлық, өжеттік, тәкаппарлық, көрегенділік пен даналық сияқты қасиеттері ғасырлар бойы ел аузындағы аңыз әңгімелерге, батырлар жырына, ән-жырға арқау болған Тұмар, Зарина, Роксана, Домалақ ене, Айша бибі, Құртқа, Гүлбаршындардан келгені анық.
Роксанаға қатысты мәліметтердің бірінде: «...Осы қыздардың біреуін Роксана деп атаған. Ол бойжеткен қыз болған еді, сонда жорыққа қатысушылар, бұл бикешті Азияда көргендер сұлулардың арасында, жалғыз Дараявауш әйелін тең санамағанда, бір ару деп, қайта-қайта айтқан. Ескендір алғаш көргенінен оған ғашық болған, бірақ, тұтқынындағы қыз қолында болса да, өз құштарлығына күшпен қанағат болмай, өзін жайдақтатып заңды неке қию рәсімін өткізген еді». Бұл мәліметке қарағанда тарихшылар сол кездегі Раушанның жасы 14-16 шамасында болыпты дейді. Куртиус жазады, Раушанды әкесі басқа 30 игі қыздар арасында салтанатты тойда патшаның көңілін көтеру үшін әкелгенде Ескендір байқап қалған. Бұның айтуынша патша нөкерлері азсынушылығын перделеген: «…Азия мен Еуропаның патшасы тойда көңілін көтеру үшін әкелінген қыздан жеңіскерлерге ұлық тудыру үшін әйелі етті».
Э.Төрехановтың «Ескендір мен Роксана» романының басты кейіпкерлері ел билеген патшалар, ақылы кемел ғұламалар, әскери қолбасшылар. Шығармада толассыз шапқыншылық, айтыс-тартыс, кек алу, өшпенділік, қанды қырғын суреттеледі. Алайда, әлемге есімі жайылған Александр Македонский, Ұлы Дала патшалары Қаңлы Байтақ, Үйсін Күнбегі көрегендер өздерінің билік, үстемдігін көрсететін әміршілер емес, баһадүрлігін, ақыл-парасатын жоғары ұстаған қайырымды, ойлы тұрғыда бейнеленеді.
Б.д.д. IV ғасырда жасаған өзінің батырлығымен, қолбасшылығымен ерекшеленген Александр Македонский әлемдік мемлекет құрып, Шығыс пен Батысты тоғыстырғысы келді. Ол әскерімен әлемді шарлады. Александрдың өмірі мен қызметі әр елдің де қызығушылығын тудырды. Македония патшасы қайтыс болғаннан кейін Клитарх пен Онесекрит жазған қолбасшының шынайы тұлғасы бірте-бірте аңызға орын бере бастады. Осыдан келіп Александр туралы алғашқы романның нұсқалары пайда бола бастады. Вифинияда, Кіші Азияда дүниеге келген жазушы Квинт Эппий Флавий Аррианның Александр туралы жете баяндайтын көне заманда туған шығармасы «Александр жорығы» деп аталған. Шығарма жеті кітапқа бөлінген шығарманың кіріспесінде автор: «Егер кімде-кім неге Александр туралы жазған, ол туралы көп жазылған десе, алдымен ол туралы жазылғандарды оқып, менің жазғаныммен салыстырып, таң қалсын» деген. Мұның өзі Александрға қатысты көп және қайшылықты жазылғанын дәлелдейді. Одан әрі автор: «Менің ойымша Александрдың есімін естімеген бірде-бір халық, қала, адам болмаған. Сондықтан да менің ойымша, ол ешкім тең келмейтін құдай қалауымен дүниеге келген адам. Бұған Александрдың өліміне қатысты сәуегейлік те, әр түрлі көріністер де, әр адам көрген түстер де қазірдің өзінде адамдардың құрмет көрсетуі де куә. Менің өзім де бұл жұмыста Александрдың қателіктеріне көріпкелдік танытып, кешірімшілдікпен қарадым дегеніммен де, мен Александрды құрметтейтінімнен ұялмаймын да». Мұның өзі көнеден Александрға қатысты әр тарапты бағалауға ие болған еңбектердің мол болғандығын дәлелдейді.
Зерттеуші Е.Э.Бертельс Сасанидтер билігінің соңына қарай Александрды мінсіз билеуші етіп көрсетуге басымдық берілгенін, ол туралы нақты деректердің болмауы авторларға қолбасшының болмысын түрлендіре суреттеуіне негіз болғанын, бұл сол кездегі әр ғылым саласынан алынған мәліметтерді тоғыстыра жинақтайтын энциклопедия іспеттес «Александрия» ғылымының орнығуына дәлел болғанын айтады.
«Ескендір мен Роксана» романы тарихқа аты әйгілі тұлғалардың бейнесін көркемдікпен әрлей суреттейді. Әдетте, тарихи роман желісі қоғамдық-саяси ахуалдың барысын қуалап, ірі оқиғалардың тізбегін кең түрде беруден тұрса, бұл шығармада жекелеген кейіпкерлердің ой, парасаты, тағылымды көзқарастары аңғарылып жатады. Әдетте, билік иелері біршама тұрақталған қасиеттерге телінсе, мұндағы патша мен баһадүрлер әрбір әрекеттеріне баға беріп, сын айтып, қорытынды шығарып отырады. Содан да болар Александр «таспен ұрғанды аспен ұрған тұңғыш патша», «тәңір жалғыз, патша да жалғыз, оның бал жұтқан күнінен у жұтқан күні көп», «патша - осы елдің бас абызы» деген бұрын онша үйлесе қолдана қоймаған пікірлер роман сюжетімен танысқан оқырманды сендіре аларлықтай. Оның себебі, ұланғайыр жорық жасап, елді бағындырып келген Александрдың өзі кейде осы тірлігіне қанағаттана қоймай, іштей ойға беріледі. Патшаның мазасын алған Роксана болады. Ол «бес найза бейнелі көк байрағының астындағы тоғыз жүз алпыс мың түтінге билігі жүріп тұрған Байтақ патшаның өктемдігі жүре қоймайтын қызы». Роксанаға көңілі қатты құлаған Александр ойға беріледі: «Мен өзімді Роксанаға сыйласам қалай болады?».
Жоғарыда аталған Аррианның «Александр жорығы» шығармасында мынадай үзінді бар: «...Тұтқынға көптеген әйелдер мен балалар түсті. Солардың ішінде Оксиарттың әйелі мен балалары болды. Оксиарттың бой жеткен Роксана есімді қызы болған. Александрдың әскері Дарийдің әйелінен кейінгі Азиядағы әдемі әйелді көріп тұрғаны осы деп айтады. Александр оны көріп ғашық болып қалады. Ол оны тұтқын етіп қорлағысы келмей, әйелі етіп алады. Оксиарт балаларының тұтқынға алынғанын, Александрдың Роксананы ұнатқанын естіп, көңілі көтеріліп, Александрға келеді. Оны сыйымен кездесуге лайық қарсы алады».
«Ескендір мен Роксана» романында тарихи есімдер, тарихи оқиғалар, аңыз бен шындықтың қабат өрілуі көркем берілген. Әдеби портрет тікелей адамға бағыттала отырып, сөз арқылы автордың идеясын, ұстанымын ашады. Көркем шығармада портрет кейіпкер бейнесін жете тануға бастайды, сондықтан ол біржақты тәсіл болудан аулақтап, кейіпкерді әлеуметтік‑өмірбаяндық және психологиялық жағынан толықтырады. Қазіргі мәдени ахуалда гуманизм идеяларының терең күйреуі, адами болмыстың күрделі дағдарысқа ұшырауы байқалды. Қазіргі таңда тек жекелеген дәстүр, танымдар ғана емес, тұтас қоғамдық дәстүрлі қабылдаулар, гуманистік дәстүрлер өзгеріске ұшырауда. Батыс мәдениетінің интеллектуалдық тарихы өткен дәуірлерден бастап, бұрынғы идеялардың, құрылымдардың өзгеріп, қарама-қайшылықты ішкі, сыртқы байланыстардың тереңдегенін көрсетуде. Сөйтіп, тұтас менталды стихия байқалып, санасыз, аралас, дүбара түйсік орнықты. Осының өзі философияның пәндік өрісін өзгертті.
Бұрын классикалық философия мәдени дәстүрлердің сабақтастығына бағытталса, қазіргі интеллектуализм мәдениет пен адамның эмпирикалық негізіне бой ұрды. Қазіргі қызығушылық өзара үйлесу субъектісінің жоғалуына ерекше көңіл бөлінуде. Адамның “мені” неде? Ол өзінің сыртқы проблемалары мен өз жанының ахуалын қалай көрсетеді? Осы сауалдарға бүгінгі заманның философиясы жауап іздейді. Әрине, бағалы затын жоғалтқан адам өткеніне, бұрын басып өткен жолына қайта оралады. Роксана - көркіне парасаты сай бейне. Падиша айналасына шуақ шашатындай жылылық, әдемілік орнатқысы келеді. Роксананың ойы терең, парасаты кемел. Жазушы шығарма соңын былайша түйіндейді: «Роксана адасқақ ойлардан шыға алмай, қиылып алдына келген көп сауалға жауап іздеді. Енді патша болды. Қайсысы жеңер екен? Үстемдік әзәзілі ме, өнер киесі ме? Роксана терең күрсініп алды. «Таразысы тең түсіп, бір басында ынсап, екінші басында ақыл тұрса екен!».
Еліміздің өз дербестігін қолына алуы, рухани тәуелсіздікке де серпін берді. Ел еңсесін тіктеп, тарихын саралап, өзінің рухани құндылықтарының іздеушісіне айналды. Шет елде жүрген ағайындар да бір жағадан бас құрап, туған жері‑киелі шаңырағына оралуға мүмкіндік алды. Олар әр қиырда жүріп‑ақ, туған елін дәріптеп, тілекші болды. Тарих адамзат санасында екі жағдайда есте қалады. Алғашқысы тарихшылар міндетіндгі басты мәселе болып табылатын шежіретізбек (хронология) болса, екіншісі тарихи оқиғаларға байланысты ой топшылау, пікір орнықтыру. Осыдан келіп тарих пен уақытқа қатысты кезеңдеу (периодизация) пайда болады.
Халық тағдырына қатысты тақырыптардың қай-қайсысы да кесек, тiптi ұлы десек те болады. Жазушы мемуарлық роман жасауға бел буа отырып, ұлт тағдырына қатысты өзектi мәселенi айтуға да тәуекел етуi тиiс. Мұндай талаптар Кеңес дәуiрiнде қабырғасынан қойылып көрмегенiн ескерсек, бүгiнгi тәуелсiздiк кезеңiнде ұлт пен тiл тағдыры күлбiлтелемей ашып айтуды қажет етедi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет