Педагогикамен жақсы таныс болудың керектігі Балаға тәрбие бергенде әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы — өз тәжірибесі. Яғни бала күнде өзі қандай тәрбие алған, һәм баланы бұрын өзі қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүреді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәрбиесі - аса қымбат нәрсе. Адамның өз тәжірибесі - жүріп кеткен жолы. Ол жолдың жақсы-жаман жағы көз алдында сайрап тұр. Істегеннен көрген анық. Көргеннен бастан кешкен анық. Бірақ бұл әркімнің өз тәжірибесі қанша қымбат болғанмен, қатесіз жол деуге болмайды. Бір адамның тәжірибесі тым тар, тым бірбеткей тәжірибе. Тәрбиешінің өзіне қолайлы болған жол тәрбие қылатын балаға қолайлы болмасқа мүмкін. Тәрбиеден мақсұт — баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес. Келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. «Балаңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!» деген Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар. Бұл – бір.
Екінші, әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы — ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті. Бірақ, ұлт тәрбиесін, ұлттың тәрбие жолында ұстаған жолын түгелімен дұрыс деуге болмайды. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болған сықылды, жамандық жағы да көп. Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр. Баяғыдан бергі ұлт тәрбиесінің ішінде ұнамсыз, зиянды әдет, жол-жоралар толып жатқан ұлттың біреуі - біздің қазақ. Қысқасы, ұлт тәрбиесі қанша қадірлі, керек жол болғанмен, адастырмайтын дұрыс жол деуге бола бермейді.
Жоғарыда айтқаннан көрінеді, балаға шын дұрыс тәрбие беру үшін, тәрбиешінің өз тәжірибесі, һәм ұлт тәрбиесімен таныс болуы жетпейді екен. Бұлар - бірбеткей шикі тәжірибелер. Бұлар сыннан өткізіліп, пісірмеген күйде берік негіз бола алмайды. Бұлардың арасынан жақсы-жаманын, алтын мен мысын тізіп ала білу үшін тәрбие майданында шабылып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсіретін шын тәрбие дәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек.