Баланың тамағы. Баланың жақсы өсуі үшін оның тамағы жақсы болуға тиіс. Тамақ баланың өсуіне қарай өзгеріп отыру керек. Бастапқы кезде балаға ең дұрыс тамақ – ананың сүті. Сүттің ішінде денеге керек заттардың бәрі бар. Ана сүті бала өскен сайын өзгеріп отырады. Ана бір себептерден баласын емізе алмайтын болса, әрине, қолдан асырауға тура келеді.
Бірақ емізуге мүмкін болғанда абзалы – ананың өзі емізу. Статистикалық санақ пәнінің көрсетуі бойынша ана сүтін емген жүз баладан 15-20-сы ғана өледі. Ал, қолдан асыраған жүз баладан бір жылда 65 бала өледі.
Қолдан асырау. Қолдан асырағанда балаға лайықты тамақ – ешкі сүті. Бұл болмаған күнде сиыр сүті. Бірақ сиыр сүтінде ақ (белковина) пен май көп, қант аз. Сондықтан сиыр сүтін сұйылту һәм тәттілеу керек. Жаңа туған балаға берілетін сиыр сүтіне үш есе су қосу керек. Мұнан соң 2-3 айға шейін бір бөлім сүт, екі бөлім су, 3 айдан 6 айға шейін екеуін де бірдей, ал тоғыз айдан былай таза сүттің өзін беріп отыру керек. Бір ішкізгеннен қалған сүтті екінші рет беруге жарамайды. Балаға беретін сүттің жылылығы адам денесінің жылылығындай болуы керек.
Сүтті тәттілеу үшін сүтке кәдімгі қант салу керек. Бір стакан сүтке бір бал қасық қант жетеді. Балаға берілетін сүт сау сиырдың жаңа туылған сүті болсын. Әр сиырдың сүтін бір бергеннен бір ғана сиырдың сүтін берген дұрыс. Сүт, ыдысы таза болсын һәм берілетін сүт қайнатылуға тиісті.
Емізік. Қолдан асырағанда балаға тамақ беру үшін қолайлы әдіс – емізік. Ішіндегі сүтін емізіп болған соң құр емізікті балаға сорғызып қою тіпті дұрыс емес. Біріншіден, баланың іші желге толып аурулы болуға себеп болады. Екіншіден, желімнен жасалған емшек баланың денесіне зиян келтіреді. Баласына құр емізікті сорғызып қойып, ауыл қыдырып өсек аңду анаға лайықты іс емес, баланы таба білсең, ерінбей дұрыс баға біл.
Аралас тамақтандыру. Анасы емізген бала біраз өскен соң анасының сүтінен басқа тамақ тілей бастайды. Ол уақытта ана сүтінен басқа тамақ бере бастауға мүмкін. Жай тамақты алты айсыз бере бастау дұрыс емес. Жай тамақты бергенде әуелі жеңілінен бастап, бірте-бірте ауырына көшу керек. Мысалы былай: сиыр сүті, бал қаймақ, ақ ірімшік, қатық (ащы қылып ұйытпау шартымен), қаймақ, жұмыртқа, сорпа.
Ал енді жас балаға (бір жасқа толған) май, нан, ет беру тіпті дұрыс емес. Қызыл иегімен қажалатқызып балаға нан беріп, ет беріп, сорғалатып май беріп қойған ана, баланың досы емес, қасы. Маған майлы бауырсақ, қазы, қарта бере көр дегенде баласына ет, нан шайнап беретін ана – ананың нағыз оңбағаны, барлық денесі, асқазаны тіпті нәзік баланың нан, май, ет жеп көтеретін қанша күші бар? Қазақ баласының ауру болуы, көбінесе осы талғамай тамақ жегеннен болады. “Ауру – астан” деген қазақ мақалынан айналып кетсең болмас па?