Жау адамдары. Жыршы ақындар жағымды батырлардың ерлік істеріне ғана айрықша көңіл бөліп қоймайды. Олардың батырлық образын күшейтіп жасау үшін жау адамдарының мықты екендіктерін суреттейді.Қобыландымен алысатын Қазан,Көбікті.Алшағыр,Барса, Быршымбайлар осал жау емес.Жау батырларының мақсаты өз елін қорғау емес, көрші елдерге жорық жасау, соғыс ашу, ел талап мал жию. Сондықтан да жырда жау адамдарының образы бейбіт елге жасаған қиянат зорлығымен, өркөкірек, өзімшілдігі, тәкаппарлығымен алынады.
Жыршы ақындар жау батырларының образын жасағанда, ең алдымен, олардың сырт келбетіне көңіл аударады. Оларды ертегінің алып дәулеріне теңейді, мифтік сипат береді. Мысалы, Барса бейнесін:
... Будақтап түтін шығады,
Мұрнының тыныс лебі екен...
Сырғауылдан кем емес,
Барсаның тартқан шылымы...
Айғайлаған даусымен
Қара тасты жарады,
Екпінінен тыныстың,
Тастар ұшып барады...,-деп суреттейді.
Жау адамдары қанша мықты болса да, ақырында жеңіліс табады, мақсаттарына жетпейді.Оның мәнісі-олардың пәле бастап, бейбіт жатқан елге шабуыл жасауында, халыққа зорлық-зәбірлік көрсетуінде.
Тайбурыл. Ел қорғау ісінде батырға жолдас болған тұлпарларды әр халық өзінің батырлық жырына екі жүйеде қосқаны байқалады.Біріншісі,батырдың жаратылысы,туысы қандай ерекше болса,оның тұлпары да сондай болып келеді.Бұған жырда мифтік, діни мән беріледі. Екіншісі, тұлпарды батырдың өзі іздеп табады немесе оларды батырдың жақын жолдастары, ағайын-туыстары дайындап береді.
Батырға жауынгер жолдас есебінде жырға қосылған тұлпардың бірі - Тайбурыл. Құртқа секілді дананың күтімінде болған Тайбурыл Қобыландыға жауынгер жолдас болады. Тайбурылдың басқа тұлпарлардан артық бір қасиеті-адам тілін білетіндігінде, айтқанды түсінетіндігінде. Қырық күншілік Қазанға бір күнде жеткізуді өтінген - Қобыландыға Тайбурыл «жеткізем» деп уәде етеді.Сондықтан жыршы ақындар:
Жазығы мал демесең,
Тайбурылдың ақылы
Адамзаттан артық-ты-деп ардақтайды.
Тайбурылдың екінші бір қасиеті - жүйріктігінде. оның жүйріктігі барған сайын үдей түседі, қызған сайын дами береді. Оның шабысын:
Аршындап бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді,
Тау мен тасты өрледі...,
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі...,-деп суреттейді.
Көркемдік жағынан алғанда, өлеңнің әсірелеу түрінде жырланған «Тайбурылдың шабысы» - бұл қазақтағы батырлар жырының аса сұлу, өте шебер суреттелген асқар шыңы деуге болады. Халқы үшін кек алуға аттанған батырдың тасқындаған күші, найзағайдай жарқылдаған қаһары, ызасы мен намысы «Тайбурылдың шабысы» арқылы да берілгендігі байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |