Жырдағы образдар. «Қобыланды батырды» жырлаған ақындардың қайсысы болса да, адам образын жасауға айрықша мән береді. Халықтың досы қайсы, дұшпаны қайсы екендігін дәлдеп көрсету үшін жырдағы басты адамдардың іс-әрекетін сипаттайды, олардың бәрін есте қаларлықтай етіп суреттеуге тырысады.
Қобыланды. Қобыланның батырлығы жөнінде жыршы ақындардың бәрі де әңгімені әріден, баланың тумай тұрған кезінен, Тоқтарбай мен Аналықтың бір перзентке зар болуынан бастайды. Бұған үлкен мән беріледі. Бұдан бір жағынан, шаруаңор, адалеңбек етіп ел-жұртан асырайтын, екіншіден, ішкі және сыртқы жаулардан халықты қорғап алатын батыр ұл болуын арман еткен халық қиялы көрінеді. Әңгіменің негізгі идеясы-халыққа қамқор болатын батыр ұл іздеуден туған.
Сондықтан халық ұғымында мұндай адамның жаратылысы да, туысы да басқалардан ерекше болуы керек. Ондай ерекшелік фантазияға, мифке байланысты жатады.
Дүние жүзілік эпостың көбінде батыр образы батырдың есейген кезінен басталса,Қобыландының болашақта асқан батыр болатыны оның ана құрсағында жатқан уағынан-ақ білінеді.Мәселен,Қобыландының шешесі Қобыландыға екіқабат болғанда жерік асына не арыстанның жүрегін,не айдаһардың өтін жейді, не қара тасты шайнайды. Сөйтіп жерігін басады.
Жаратылысы, туысы ерекше болған баланың өсуі де, мінезі мен қылығы да, ақылы мен айласы да басқалардан айрықша артық болады. Қобыланды жайындағы жырлардың көбі оның бала кезіндегі өсуіне молырақ көңіл бөледі.
Таулар күйіп , тас жанған,
Алты жасар баланың
Елбеңдеген зарпына
Қобыландының шын мәнісіндегі батыр атағына ие болуы оның өзіне тең жар іздеуінен басталады. Онаң шын мағынасындағы батыр атанып, даңқы шығуы оның Құртқаға үйленуіне байланысты.Жігіт болып ержеткен Қобыланды өзіне тең жар іздейді.Бірақ ондай адам өз елінен табылмайды. Сондықтан жыршы ақындар Қобыландыны Көкілен кемпірдің еліне аттандырады. Құртқаның қойған шарты үлкен бәйтеректің басына қойылған жамбыны садақпен атып түсіру еді.Қобыланды оны атып түсіреді. Бұл батырлық емес, мергендік.Сондықтан жырда, батырдың күштілігін көрсету үшін оған жамбы атқызып қоймай,қара тас пен шойыннан құйылған діңгекті қақ айыртады. Қобыланды Көкіланның алып дәулерін де жеңіп шығады.
Бұдан арғы жерде жырдың барлық вариантында Қобыланды өмірінің жаңа кезеңі, отанын қорғаған, халықтың жауларына қарсы соғысқан кездері айтылады. Осы кезде Қобыландының батырлық образы жасалады.
Қобыландыға Қараман келіп,Қазанның жаугершілік жасап,әлденеше рет елдің мазасын алғандығын және сол Қазан тағы да шабуыл жасап келе жатқанын естігенде,Қобыланды батыр қатуланып,намыстанады.Халықтың басына төнген қауіп батырға қатты батады,тұла бойын ыза кернеп,қару-жарақ асынып басқыншы жау Қазанға қарсы аттанады.Жыршы ақындар Қобыландының жау батырларымен күресін бірден жырлай салмайды.Ең алдымен, қас батырлардың бір-бірімен қалай кездескені айтылады. Екі батыр жекпе-жек соғысқа кіріспестен бұрын,бір-бірін сөзбен сынайды,сөзбен найзаласып алады.Әрқайсысы өз сөздері арқылы батырлық образдары жасалады. Осыдан кейін олар қолма-қол ұрысқа кіріседі.
Ырғай сапты сүңгіні Бүгісе-бүгісе тұрысты,
Ырғай-ырғай салысты. Тебінгіден тер ақты,
Найза қанға майысты, Қабырғадан қан ақты,
Қармақ болып қайысты. Түкіргенде жан татты,
Итерісіп тұрысты Қанжар қалды қайысып
Ат тізесін бүгісті, Семсер қалды майысып...
Ақырында, Қобыланды Қазанды жеңеді.Бұдан кейін ол Көбіктіні, Алшағырды, Шошай мен Барсаны да жеңеді. Өйткені, Қобыланды әділ іс үшін, халық намысы үшін күреседі.
Жыршы ақындар Қобыландының батыр екендігін халық ұғымында қас батырға тән қасиеттерімен де дәлелдей түседі. Ол қасиеттер: айтған сөзде тұрушылық, намысқорлық, аңғалдық, жолдастық - достықты сақтаушылық. Мұның бәрі халық ұғымында батырлықтың бейнесі деп айтылады.
Алшағыр Қобыландымен өтірік дос болады да, батырды алдап өлтіру жайын қарастырады.Ол Қобыландыға: «Дос болсаң менің жауларымнан кек әпер»-деп өтінеді.Қобыланды бұған разылық білдіреді. Құртқа батырдың бұл сапарға бармауын өтінеді.Бірақ, «Екі сөйлегенім өлгенге тең, айтқанымнан қайтпаймын « ,- деп Қобыланды сапарға аттанады.
Қобыландының халық ісі үшін туған ұл екендігін, басқыншы жауға қарсы асқан ерлікпен күресуін, ел-отанын, халқын адал көңіл, шын ниетімен сүйген батыр екендігін халық намысы үшін ар-ұятымен қызмет еткен адам екендігін және аңғырт, аңғал, намысқор мінезін, жолдастығын, адамгершілігін жыршы ақындар молынан суреттей отырып, халқына айбар болған батырдың батырлық образын жасайды.
Қараман.Қараман-жағымсыз бейнеде алынған образ.Оның жырға қосылуы Қобыландының батырлық даңқын көтеру үшін, ел қорғаған ер қайсы, қарабастың қамын ойлаған ез қайсы екенін көрсету үшін, нағыз батыр мен қорқақты айыру үшін алынған.
Қараман-қорқақ адам.Ол өз қара басының аман-саулығын көздейді.Бұл ретте ол жауына жалынып, кешірім сұрауға дейін барады. Мәселен, Көбіктінің қолына түсіп қалып, зынданда жатқан кезінде бұлардың қасына Қарлыға келеді де: «Тұтқыннан босатсам не дер едіңдер»,- дейді. Сонда Қараман:
Менің өзім нашармын
Түтікпен ауыз ашармын,
Бұл бейнеттен құтқарсаң,
Болайын сізден тасаттық,
Қарлыға босат қолымды
Бұл шаһардан қашамын,-дейді. Жыршы ақындар Қараманның қорқақтығын, жолдастық қасиеті, адамгершілігі жоқтығын суреттеумен қатар, оның мансапқор екендігін де көрсетеді. Бұл ретте ол көзі тойса да, көңілі тоймаған адам бейнесінде алынады. Қазаннан түскен көп олжаға тоймаған Қараман Көбіктінің еліне бару жайын айтады. Ондағы мақсаты Қобыландының күшін пайдаланып, тағы да көп олжа түсіру болады. Мұнымен де тұрмай, ол үнемі сауға сұрап жүреді.
Сөйтіп, халық жыры Қараман образын жағымсыз бейнеде суреттей отырып, оның істерін мінеп, мысқылдап мазақ етеді. Мұндай адамдарды жыршылар үлгі ету үшін емес, одан жұртты жирендіру үшін жырға қосады.
Құртқа. Халықтың батырлар жырында суреттелетін әйелдер көбінесе батырдың сүйікті жар-жолдасы, сенімді серігі, ақылшы досы ретінде алынады.Халық жырында Қобыланды қандай ардақты болса,Құртқа да сондай.Егер жырда Қобыланды ел қорғаған, халқына қамқор болған батыр деп көрсетілсе, Құртқаны білгір, дана деп суреттейді.
Құртқаның аса ақылды,білгір адам екендігі оның Қобыландыға жасаған қамқорлық істерімен суреттеледі.Бұл ретте халықтың Қобыландыға айтар ақылы да,көрсетер көмегі мен қамқорлығы да осы Құртқа арқылы берілген. Құртқаның ақылды адам екендігі Қобыландыға керекті тұлпарды,қару-жарақты даярлап беруінен басталады.
Құртқа қандай күйге ұшыраса да, Қобыландыны есінен шығармайтын адал жар бейнесінде суреттеледі. Ел-жұртын Алшағыр шауып алып байлауға түскен кезде де, Құртқа ақылмен іс істейді. Қобыландының келетініне сенеді де, бір кезде Тайбурыл байланған алтын қазықты және күлге көміп азық тастап кетедіі
жолшыбай тұлпардың жемін шашып кетіп отырады. Бұларға Қобыланды кез болады да ел-жұртын қандай жаудың қалай қарай алып кеткенін біледі. Қобыланды Алшағырдың қорғанын қалай алу жайын қарастырып тұрған шақта оның алдынан Құртқа шығады.Ол ақыл-айласымен Алшағырды алдап түсірген болады және Қобыландыға қорғанды қалай бұзудың жолын айтады.Сөйтіп, ол бұл жерде де батырға көп жәрдем жасайды.
Құртқа Қобыландының достары мен дұшпандарының алдында абыройы түспеуін де қатты ойлайды.Алшағырдан ел-жұртын босатуға келген кезінде, алдынан шыққан Құртқаға Қобыланды сағыныш сезімін білдіреді. Батырдың мұнысы аңғалдық екенін білген Құртқа: «Әуелі жау қолынан ел-жұртыңды босатып ал, олай етпей тұрып, мені алып кетсең - досқа күлкі, дұшпанға таба боларсың,» - деп ақыл айтады. Жұрт алдында батырдың өсек сөзге ілікпеуін, абыройы түспеуін қарастырады.
Жыршы ақындар Құртқаның ақылын, даналығын, білгірлігін аса жоқары бағалайды, оны жастарға үлгі етеді. Құртқаның істеріне сүйсінген халық Қобыландының сөзімен «ақылы артық Құртқажан, хан болуға лайықты « деп көрсетеді. Бұдан халықтың халыққа қорған болған ерлермен қатар ақылды, дана әйелдерді де ардақтағаны көрінеді.
Қарлыға. Егер жырда Құртқа ақылды, дана, білгір адам бейнесінде суреттелсе,Қарлыға көк сауытты киінген,көк сүңгіні ұстаған батыр тұоғасында алынады.Жыршылардың қайсысы болса да Қарлығаны батыр, өжет қыз етіп суреттейді.Олар Қарлығаның батырлық істері ел қорғау тілегіне байланысты еместігін,оны бұған бастап жүрген махаббат күші,қыз намысы екендігін көрсетеді.Оның бар мақсаты-өзі секілді батырға қосылу.Осындай мақсатты алдына қойған Қарлыға ойламаған жерден Қобыландыға кездеседі, оны бірден-ақ ұнатады, өзіне тең тұтады,ғашық болады.Қобыланды жағына шығады. Сондықтан да ол:
Арманым жоқ дүниеден
Қобыландымен бас қосып
Бірге жүріп өлсем деп,-ант етеді.
Ол Қобыланды үшін қолынан келген жәрдемін аямайды. Ел -жұртын тастап Қобыландыға ереді, өз әкесі Көбіктіні өлтіруге көмектеседі, туған інісі Быршымбайды өлтіреді. Мұның бәрін ол сүйген адамына қосылу үшін жасаған болады.
Қарлығаның күшті адам екендігі жырда мол көрініп отырады. Мәселен, Көбікті Қобыланды мен Қараманды ұстап әкеліп, оларды зынданға салуды Қарлығаға тапсырады. Сонда Қарлыға екеуін екі қолтығына қысып алып кетеді.Алшағырдың Қобыландының елін босату жолында Қарлыға бірсыпыра ерліктер жасайды. Жау батырларын найзамен іліп тастап отырады. Кейіннен ол Қобыландының өзін де ат үстінен түсіріп кеткен болады.Мұның бәрі жырда Қарлығаның батырлық образын жасау үшін алынады.
Қарлыға тек батыр ғана емес, ол өзінің ақылы, мінездерімен де сүйкімді.Қобыландыға ғашық болған Қарлыға қаншама ерліктер жасаса да, мақсатына жете алмайды. Оған көңіл аудармайды. Бұған ызаланған Қарлыға Қобыландыға қарсы шығады. Қан майдан үстінде батырға найза салып, аттан түсіріп кетеді.Бір кезде Қобыландыға деген сүйіспеншілік,ғашықтық, махаббат сезімі енді кекке айналады.Бұдан махаббат,ерлік сезімі ерлік істерге, өжеттікке бастайды. Қандай іске болса да бел байлаттырады, бәрінен де махаббат сезімі күшті деп жыршы ақындар қорытынды шығарады. Осы негізде олар Қарлыға образын жасайды. Қарлығаға аяушылық білдіріп, ақырында оны Қобыландыға қосады.
Достарыңызбен бөлісу: |