Бір жақты тығыз кесте ("верхошов" немесе "владимир кестесі") - мұндай кестемен жастық тысына, дастарқанға т.б. өсімдік сабақтарын, гүлін, жапырағын салып кестелейді. Мұның бір өзгешелігі, тігілген кестенің тігістері түгелдей матаның оң жақ бетіне түседі, ал теріс жағынан матаның небәрі бірнеше жібі ғана іліп алынады. 6 қабатталған мулине жіппен немесе жүн жіппен тігіледі. Әдете, қызыл жіпке көк, сары, жасыл және ақ жіпті үйлестіріп алады. Бұл кестенің тігістері біріне-бірі тым тақау түспейді. Оң жақ бетіне негізгі сурет түседі, ал теріс жағына сурет нұсқасының бойымен көктелген сияқты бір қабат тігіс түсіп отырады.
Атлас кесте - тігістері біріне-бірі өте жақын, шым болып түседі. Қолданылатын жіптер - мулине және жібек. Инеге жіпті бір қабаттан қана сабақтайды. Әрбір келесі тігісті тіккенде алдындағы тігілген тігітен сәл кері қарай инені көрші тігістің ортасын ала шаншиды. Барлық тігіс жапырақтың өзегі бойынша жүріп отыруы қажет.
Керекті құрал-жабдықтар Кестелуді қолмен тігу үшін жіп,мата, ине (көзі кең, қысқа), қайшы, оймақ, түйреуіш, желңм, біз және дөңгелек кергіш қажет.
Матаның қалыңдығы кесте жібінің жіңішке, жуандығына және тігістің шаншылым жиілігіне сай келуі керек. Мата қалыңдау болғаны дұрыс, бірақ тігісті тартып, иненің өтуін қиындатпауы керек, мата өте жұмсақ болса да тіккен кесте бедері әдемі көрінбей қалады.
Кенеп матаның құрылымы қандай мөлшердегі болсын иненің өтуіне оңай, иненің қалдырған ашық іздері басқа маталарға қарағанда кейін тез жабылып кетеді. Өте нәзік бұйымдарды кестелеуге өте жұқа бірақ құрылымы тығыз маталарды пайдаланған жөн, себебі ол жұмысқа қосымша айқындық әсер беріп тұрады. Айқас тігіс сияқты санап тігілетін кестелерге канва ыңғайлы. Канвалар жіптердің санына, тығыздығына қарай әр түрлі нөмірлі болады. Нөмір санының өсуіне қарай канваның көздері кішірейе береді.
Кеңестер Кестелеу кезінде жіпті түйіншектеуге болмайды.
Кестелеуді бастар алдында жіпті матаға бекіту тәсілдері:
бірінші тәсіл - инені бірнеше рет шаншып, ұсақ тігістер жасап алу керек, ол жер артынан кестемен жабылып кететіндей болуы тиіс;
екінші тәсіл - инені бір рет шаншып алып, жіпті матадан ақырына дейін суырмай, қалған ұшын екінші рет ине шаншып, үстінен тігіп алу керек, жіптің ұшын қиып тастап, оның үстін кестемен бастырады;
үшінші тәсіл - екі қабатталған жіпті тұйықталмаған ұшынан сабақтап, инені матаның астынан үстіне қарай шығарып, жіпті ақырына дейін тартпай, инені қайта төмен шаншу арқылы жіптің тұйықталған ұшын бастыра тартады.
Кестені бітірер кезде кестелеп отырған жіпті жиі шаншып, суреттің астына жіберіледі.
Ұсақ бұйымдарды әдетте дөңгелек кергіште кестелейді. Матаны кішілеу кергішке салып, үстінен үлкен шеңберді салады да кереді.
Суретті матаға көшіргі қағаз арқылы калькаға түсіріп, сосын сурет нұсқасын түрлі-түсті қарындашпен сызады. Жібек маталарға сурет түсіру үшін суреті бар қағазды матаға салып сурет нұсқасын көктеп шығады да қағазды жыртып алып тастайды.