Тексерген: Абдикулова Р. М



Дата07.12.2022
өлшемі21,4 Kb.
#55607
Байланысты:
әли шұғыла


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Филология факультеті

СӨЖ


Пәні: Әдебиет теориясы және эстетика
Тақырыбы: Б.Майтановтың «Реалистік эстетика және стиль» атты мақаласын талдау

Орындаған: Әліқұл Н.


Тексерген: Абдикулова Р.М.

Алматы, 2022 ж



Барша ғұмырын білім мен ғылымға арнаған адамның күрделі де қиын жолды таңдап алатынына күмән келтіруге болмас. Сондай абзал азаматтың бірі – Бақытжан Қауасқанұлы Майтанов еді. Ол алпыс жылдай ғұмырының баcым бөлігін білім мен ғылымға арнады.
Халқын, ұлтын айрықша сүйген жан ғана ғылымға, онда да әдебиеттану ғылымына бара алады. Себебі, сол ұлт қана руханиятты жасай алады. Ұлт бар жерде әдебиет бар. Әдебиет бар жерде әдебиеттану ғылымы бар. Әдебиет – киелі әрі қасиетті өнер. Ұлттың рухани қазынасы ғана емес, ұлттық мақтанышы. Аузынан тәубасы мен шүкіршілігі, қанағат, ынсабы түспеген адам ғана әдебиетті тудырады, әдебиеттанумен айналысады. Өнер қандай киелі, кіршіксіз таза, саф мөлдір болса, оны жасаушы мен зерттеуші де сон­дай биіктен көрінуі шарт.Бақытжан Майтанов осынау киелі қағиданы болмысына мейлінше сіңірген жан еді. Астын сызып, ерекше екпін түсіріп айт­сақ, бір шындық бар: ол – Бақытжан атамыздың ұлттық әдебиеттану ғылымының марқасқалары А.Байтұрсынов, М.Әуезов, М.Қаратаев, С.Қирабаев, З.Қабдолов, З.Ахметов, Т.Кәкішев, М.Базарбаев, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, Н.Ғабдуллин, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғали, т.б. ғалымдарға лайықты ізбасар бола алуында еді. Ол сол ірілерге лайықты іні бола алды, әрі со­лар атқарған игілікті істі онан әрмен жал­ғастырды. Сөзіміздің айғағы ретінде Б.Майтановтың «Реалистік эстетика және стиль» атты іргелі мақаласын айта аламыз. Мақала М.Әуезов шығармаларының талдауға, оның қыр-сырлары, ғажайып өрнектерін талдауға арналған. Ғалым сөз басын: «М.О.Әуезовтың 1920-30 жылдардағы әңгіме-повестерінде сол тұстағы ұлттық проза үдерістерінен өзгеше көркемдік-эстетикалық таным айшығы байқалады. Ол жазушының тақырып етіп алған өмір құбылыстарының бұрын көзге іліне бермейтін тосындығынан, қыр тұрмыс-тіршілігіне деген жаңа көзқарастан, шығарма нысанын бейнелеу, астарлы тұжырыым түю және стиль поэтикасынан да аңғарылады. «Қыр әңгімелері» мен «Қыр суреттері» негізінен халықтың тарихи-этнографиялық құндылықтарын еске алу, дәріптеу, этномәдени дәстүрлердің ұйымдық сана-сезім диалектикасымен тұтастығын әсемдік, қаһармандық, асқақтық аяларындағы тұтас дүние сезіну өрнектері ретінде рухани толысыммен суреттеу сарынына құрылған. Бұл туындыларда фрагменталдық көріністер, ашық композициялық, аяқталмаған мекеншақтық тәсіл-машықтар басым келсе, 1921 жылы дүниеге келген тырнақалды прозалық туындысы есепті «Қорғансыздың күніндегі»көркемдік пен эстетикалық сезім ауқымы уақыт пен кеңістік категорияларының терең үйлесімі арқылы мүлдем жаңаша сипат алады.», - деп Әуезов шығармашылығына жалпы баға беру, талдаумен бастайды.
Ғалымдық қарымы кең Б.Майтанов суреткер талантын шығарманың мазмұндық-композициялық құрылымынан, мәтіндік жүйесінен, семантикалық, стилистикалық құрылымынан тануды ұстанады. Көркем шығармадағы суреткер шеберлігіне аса ден қоятын ғалым: «Басты идеялық-эстетикалық факторға саналатын сурет­кер тұлғасы – жанр, сюжет, стиль принциптерінен туған бейнелеу бірліктері: портрет, пейзаж, диалог, монолог, автор төл сөздері арасындағы қарым-қатынасты реттеп, саралап отыруға тиіс негізгі ұйымдастырушы күш», – деп көркем шығарманың табиғатын тану үшін оны поэтика мен стильдік шеберлік аспектілерінде қарастыруды дұрыс бағдар деп санайды. Көркем шығармаға эстетикалық әсер дарытып тұрған қаламгердің қолданған типологиялық және дара поэтикалық құралдар жүйесін анықтау, талдап саралау ғана суреткер қолтаңбасын айқындауға, дәлірек пікір түюге мүмкіндік тудыратынын дөп айтады. Психологизм мәселесіне теориялық және практикалық тұрғыдан түсінік беріліп, талдау жасалады. Кейіпкер характерін, жан дүниесін, көңіл-күйін, дүниетанымы мен наным-сенімін берудегі психологиялық суреттеулердің атқаратын қызметін, оны берудегі суреткердің амал-әдістерін жан-жақты қарастырады. Бүгінгі әдебиетте психологизмді «көркемдік әлемнің жұлын-жүйкесі», «көркемдік шындық принципінің айрылмас сыңары» деп ғылыми образға айналдыра сипаттап, қоғам өмірінің шындығын, өсу динамикасын суреттеуде танымдық-эстетикалық міндет атқарып келе жатқандығын айтады. Ғалым аңғарған психологизм көрінісі сан алуан. Ол бірде ішкі монолог, бірде, психологиялық параллелизм, енді бірде психологиялық реплика түрлерінде көрініс тапса, кейде басқа да тәсілдермен жүзеге асып жататындығын мәтіндік мысалдармен дәлелдеп отырады.
Көркем шығармадағы кейіпкер характерінің шынайылығы психологиялық суреттеу тәсілдеріне тікелей байланысты екендігін теоретик ғалым мынадай тұжырымды анықтамаларымен жеткізеді: «Қаһарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізу амал-тәсілдерінің жиын­тығы немесе идеялық-эстети­калық, шығармашылық феномен – психологизм» немесе «...психологизм – көркемдік бейнелеу принципі, ойлау типі, жазушы талантының төл белгісі әрі стиль көрінісі». Кейіпкерді даралауға, ішкі қасиеттерін ашуға ықпал ететін психологизм – образ жасауға аса қажетті көркемдік тәсіл. Кейіпкер психологизмін шынайылықпен берудің озық үлгісін танытқан М.Әуезовтің психологиялық суреттеулерін «эпикалық психологизм, құлашты психологизм, өткір психологизм, қазымыр, сырдаң анайы суреттеу емес, мәдениетті проза талаптарына сай өресі биік, сұлу сырлы, аңғарғыш, әділ де мінезді психологизм»,- деп бағалайды. Сондай-ақ ғалым М.Әуезовтің «Абай жолында» сюжеттік тартыстың кеңістік пен уақыт аясында жинақылықпен берілуі, этникалық дәстүрдегі эстетикалық пайым, суреткердің ұстанған психологиялық тұғырнамасы тәрізді мәселелерді тың аспектілерден келіп талдап, түсіндіреді. Ғалымның бұл ізденістерін әркездегі әдеби құбылыстарға қазіргі уақыттың талап биігінен қайта қарап, жаңғырған сана елегінен өткізе отырып, сыр түюге деген ұмтылысы деп білеміз.М. Әуезов сомдаған тұлғалар тарихнамасындағы сезімдердің сомдалуы, Еламан басындағы сергелдең мен Ақбала кешкен адасу соқпағына дейінгі көптеген қазақ романында жасалған дара тұлғалардың басындағы сан алуан тағдырды берудің ерекшеліктері Б. Майтанов зерттеулері арқылы ғылыми талданып, оқушы қауымға бағдаршам болады. Ғалымның пайымдауынша, «Адам – тарихи, әлеуметтік объект ғана емес, психологиялық, биологиялық субъект», сондықтан көркем шығармадан ол адамға тән болмыстың суреттелуін: күйінішінің, сүйінішінің, сезімінің, махаббатының, жан әлемінің қалыптасуының, дүниетанымының бейнелену нақышын іздейді. Егер қаламгер дәуір тұлғасына сай адамдар дүниетанымы мен рухани болмысының қалыптасуын көрсетуде көркемдік уақытты терең психологиялық дәлелдеме ретінде пайдалан алса, шынайы жинақтауға, образды даралауға табиғи жол ашқаны деп есептейді. «Психологизм – көркем әдебиеттің тұтас болмысынан ажырамас қасиет», көркем бейнелеудің принципі, ойлау типі, жазушы талантының төл белгісі деп деп таныған ғалым, жазушыны адамның жан сезімін тану өнерін игерген жан ретінде бағалайды. Әлемдік әдебиет теориясын терең меңгерген білімі мен біліктілігі ғалымды классикалық шығармаларға классикалық талдау жасауға жетелегендей. Көркем бейненің әрбір қылығы мен әрекетін жіті бақылай, бағалай отыра, қаһарман бойындағы құштарлық пен тартысқа толы отты тірлік кешуінен әлдебір философиялық түйін түйіп, оның жан әлеміндегі бұлтарыс­қалтарыстардың себебін түсіндіріп береді. Автордың айтқысы келген ойын тереңдете, уақыт философиясына, кеңістік философиясына салып, кең пішеді, мол толғайды. Өзі терең зерттеген М. Әуезов шығармашылығын талдауда уақыт мен кеңістік философиясы тұрғысынан алуы, ғылыми өренің толыққанын, шыққан мәре биігінің жоғарылығын танытса керек. Ондағы оқиға сарынын жалаң саралаудан бас тарта отырып, желідегі әрекеттерді уақыт сыны бойынша жүйелеп береді, бұрынғы шақтың әлеуметтік, эстетикалық болмысын сол сәт емес, бүгінгі дейтін кезеңдік өлшем кеңістігіне тән тарихи, қоғамдық, философиялық межелер таразысы арқылы неғұрлым толық бағамдауға жетелейді. «Ру, жер, туыстық мәселесі – ең алдымен уақыт пен кеңістік мәселесі. Эпопеяда мәселенің саяси­қоғамдық астарына үңілу нәтижесінде шындық моделінің көркемдік­эстетикалық қабатын түзу мақсаты бар. Ғалым үшін ең маңыздысы – көркемдік тұтастық. Бұл тұтастықты табиғат пен адам арасындағы терең тамырластықтан іздейді, әрі табады да. «Табиғат мекендік орта болса, адамдар сан алуан ынтымақтасу шарттары бойынша өзара үндес яки қиғаш сипатты қарым­қатынасқа түсіп жатады» деп танып, шығарманың бүкіл өн бойынан осы үндестікті іздеуге асығады. Кеңістік пен уақыт аралығында күрделі, бірақ көзге көрінбейтін байланыс орнайды. Автор өткен мен бүгінді байланыстырып, ондағы әртүрлі танымдық тағылымды Сіздің қолыңызға шындықтың кілтіндей ұстатады. Көркемдік кеңістік автор қиялының тереңдігінен өзгеріске түсіп отырады да, орын мен уақытты ауыстыру арқылы шағын мәнді әрекеттен ауқымды, ірі танымдық мәселелерді алып шығады. Мәселен, «Абай жол» романының басталуындағы оқиғаларға тоқталған тұсында: «Жазушы айтатын үш күндік уақыт – бұл эпизодтар мәселеге байланысты қайталай тоқталып отыруды талап ететін және сахара өміріне тән серілік, ұрлық, сауық­сайран, әзіл­қалжың іспетті мәдени құбылыстарды еркін аңғартуға жеткілікті», –дей келе, Абайлар мәңгілік қозғалыс үстіндегі көшпенділердің кезекті еруіл шағына асығуда, – деп түйіндейді. Сөйтіп, кеңістік концептінің көркем бейнелілігі арқылы жазушының дүние болмысын тану моделін, үлгісін танытады. Кеңістік пен уақыттың байланысын сезіну тұрғысынан мұндай ғылыми талдаулар жалпы мен жекенің арасындағы қатынасты көрсетуде ерекше үлгіні танытады. Авторлық бейненің жан дүниесі, ішкі сезімі, арманы, түпкі мақсаты мына тіршіліктің қаракөлеңке тұстарын бағалауы арқылы көрініс тауып, рухани алыс пен жақынның таңдауын өз оқырманының ойлауына тастайды. Көркемдік әлем белгілі кеңістікте, уақыт аралығында өмір сүреді. Кеңістік, уақыт және болмыс категориялары – бірінен бірі ажырағысыз. Автор қаласын, қаламасын, ол шығармадан әлем танудың эстетикалық­танымдық моделі ретінде орын алады. “Кеңістік” концепті көркемдік мазмұны кең, өрісті, өз ішіне мәндік үлкен жүк арқалаған сипатында көрініс табады. Ғалым зерттеулерінде кейіпкерлердің психологиялық мінездемесін тануда сөздің контекстік қолданысына ерекше мән беріп, оны тілші ғалымша талдайды. Әр сөздің қолданыстағы мазмұны мен мағыналық құрылымы уәжді, негізді, жүйелі берілу керектігіне көзіңізді жеткізеді, ойландырады. Жұмабайдың «жорға Жұмабай» аталуы – ыңғайсыздау ахуалды тапқыр сөзбен жаймашуақтау үшін расында да ел танып атағандай жорға Жұмабайлық керек десе, «бөрінің бөлтірігі» сөзінің қолданысын былайша түсіндіреді: «Бөрінің бөлтірігі» жас Абай қылығынан исі Тобықты, Ырғызбайға хас тарихи мінез сырын лезде іздестіріп, жинақтап саралау стихиясын байқаймыз». «Бөрінің бөлтірігі» тіркесінің контекстік мағынасының қалайша жұмсалғанын түсініп, автордың ойымен келісесіз. Келісті ойдың келісімді берілуінің басты шарты сөйлемді дұрыс құра білу екенін ғалым Б. Майтанов әсте естен шығармайды. Жазушы сомдаған кейіпкердің дүниетанымы, көңіл сарайындағы жақсы бір өзгерістер мен жан сезімін бейнелер тұстағы сөздің (сөйлемнің) басталуының ерекше мәнді екенін үнемі оң бағалайды. М. Әуезов суреткерлігін танытар тұста жазушының Абай өлеңдері мен қара сөздеріндегі сөйлеу мақамын, пайым, тұжырымның логикалық, стилистикалық ерекшеліктерін сақтап отыратынын нақты деректермен келтіреді. Бұл сөзге деген жауапкершіліктің бір символдық белгісі ретінде танылса керек. Сөйлемнің қалай басталуының жөні айтылар ойдың логикалық пайымдалуымен тығыз қарым-қатынаста. Ғалым былай деп жазады «Алғашқы сөйлем Абайдың адам қасиетін бір нәрсені қалай аяқтауынан емес, қалай бастауынан көретін белгілі пікірін өзгеше ыңғайда өрбіте түспек. Қара сөзінде Абай ақтала тіл қатса, романдағы ішкі сөздерінде күйіне шерленеді. Қаһарман күйзеліп қана қоймаған, жан сырқатын сипаттай да алады. ... Сөйлем ырғақтарына буын, дыбыс толымдылығын дарытатын эпитет, көрініске нақыш-өрнек қосатын теңеулер, интонациялық екпін тынысын ашатын инверсия мысалдары шешендік сұрау тәсілі монологтағы психологиялық шындық болмысын өркештендіре бейнелеген». Яғни көркем шығармадағы монологты талдауда лингвистикалық терең пайымдауларға барып, нағыз филологиялық зерттеу деңгейіндегі күрделі құрылымдық толғамдармен тұжырымдар жасайды. Дана Абайдың: Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кім қалды тірі жанда? Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, Жалғыз-жарым болмаса анда-санда, - деген көңіл түкпіріндегі қүңгірт қоңыр сырын ақтаратын өлеңін талдай, ондағы мән берілетін тірек сөздер ретінде ғалым «алыс-жақын», «жалғыз-жарым», «анда-санда» сөздерін атайды. Дала кемеңгерінің мәңгілік айнымас дос табудан күдер үзген сезімінің берілу иіріміндегі психологизмді зерделеп, сөз қолданысындағы сөздердің мағыналық құрылымын атап көрсетеді. Ұсынылып отырған үш тұтқа сөздің терең мағыналық құрылымына назар аударсақ, ойлана алатын адамды бей-жай қалдырмайтыны даусыз. «Алыс-жақын», «жалғыз-жарым», «анда-санда» - жинақтық мағынада жұмсалатын қос сөздердің мағыналары – жалпы, дерексіз, қолға ұстап, көзбен көруге болмайтын, белгісіз, дерегі - беймәлім... Анда-санда жалғыз-жарым болатын шығар деп үміт оты жағылады. Абай даналығы – осы үміт отын алыстан маздатуында да болар бәлкім. М. Әуезовтің автор ретіндегі құдіреттілігін «қаһарман іс-харекетін баяндау мен оны пайымдаудағы тепе-теңдіктің сақталмауын (сақталуын емес) өміршең көркемдік эстетика талғамы», «графико-стилистикалық өрнегі – қос үнді немесе ортақ төл сөздер, ішінара алмастырылған (замещенная) төл сөздер. Қаламгер мұндай оптикалық тәсілдерді тікелей авторлық баяндау барысында персонаж субъектісінің қатысуын арнайы тілдік бедерге көшірмей-ақ, оның аңсарын сездіру немесе сезіну жолымен іске қосып отырады», - деп жазады ғалым. Б. Майтанов сөйлемнің синтаксистік құрылымына ғылыми талдау жасамай-ақ (өйткені мақсатына енбейді), көркем шығарма негізінде субъекті мен объектінің, субъекті мен агенстің арасындағы байланыстың прагматикалық сипатын анықтап, сөз өрнегіндегі қолданысын көрсетеді.



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет