ТЕКТІ ТҰЛҒАЛАР
|
ӨМІРІ – КӨПКЕ ӨНЕГЕ
Әдемі қартаю да – бір бақыт. Балалары, немере-шөберелерінің төрінде маңғаздана отыру, ауыл-аймақтың үлкендері мен жастарының инабатты сәлемі мен ізгі ниеттерін қабылдау, ақ батасын беру үлкен ғанибет емес пе?! Сарыағаштық Мүсәлі Жорабаевты осылай әдемі қартайған десек жарасады. Ол – байырғы прокурор. Оң -
|
түстік Қазақстан облысының прокуратура органдарында 45 жыл қызмет етсе, соның 33 жылында Сарыағаш, Ордабасы және Қазығұрт аудандарында прокурорлық лауазымда болған.
|
Мүсәлі аға 1927 жылы Мақтаарал ауданының «Еркіншілік» колхозында дүниеге келген. Ел басына түскен нәубеттерді көріп өсті. Ашаршылық зұлматтан енді ес жия бастағанда соғыс басталады. Ер азаматтың бәрі соғысқа кетіп, тылдағы еңбекке 12-13 жастағы Мүсәлі аға да белсене араласады. Сол жасында колхоздың қоймасына меңгерушілік етеді. Сөйтіп жүргенде өзі де соғысқа баратын жасқа жетеді. Медициналық комиссиядан өтіп, соғысқа алып кететін эшелонды күтіп жатқанда, «Жеңіс!», «Соғыс аяқталды!» деген сүйінші хабар жетеді. Мүсекең әрі қарай Алматы Заң институтына оқуға кетеді. Оқуды бітіріп, елге оралады. Бірнеше ауданның прокуратурасында қызмет етті.
- Әкем колхозда қарапайым жұмысшы болғанымен, ескіше ілім алған, көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Менің заңгерлік оқу орнына түскенімді естігенде ауылдастарым: «Ертең біреуді заңсыз соттап, қиянат жасап қойып жүрмей ме? Мұнысы қателік болды-ау» дегенде, «Жақсы оқып, білім алып шығатын болса менің балам ондай қиянатқа бармайды. Заңның өзі құраннан алынған, екеуі бір-бірімен сабақтас емес пе?» деген екен. Әкенің сол үмітін ақтадым деп ойлаймын, сүрінбедім, құламадым. Төрт ауданның құрметті азаматы атандым. Заң талабын орындасаң, заңды аттап өтпесең, әділ болсаң, жұртпен тіл табыса алсаң, кім не дейді саған? - дейді Мүсәлі аға.
Әрине, көптің тілін табу, көнілінен шығу өте қиын. Көп жағдайда Мүсәлі ағаны тығырықтан шығарған - білімі, білігі, мінезі ғана емес, cөзге шешендігі. Ағамыз қазақ және шетел ақындарының өлеңдерін әлі жатқа оқиды. Әңгімелерін ақындардың өлеңдерімен тұздықтап отырады. Үйіндегі кітапқоры ауылдық жердегі кітапханалармен деңгейлес. Өзі жиған қазақ және әлем әдебиеті классиктерінің том-том кітаптарын немере-шөберелеріне мирас етіп қалдырған. Айта кетерлігі ағамыз жұрттар сияқты Ленин мен Сталиннен, олардың еңбектерінен бас тартпаған. Оларға өз дәуірінің тарихи тұлғалары деп құрметпен қарайды. Кітапханасында Ленин мен Сталин еңбектері әлі тұр.
- Орыс жазушысы М.Горький: «Өз бойымдағы барлық ең жақсы қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын» деген екен. Мен де кітапқа қарыздармын. Асыл сөздің бәрі – кітапта, - дейді ол.
Мүсәлі Жорабаев Бөген (Ордабасы) ауданында прокурорлық қызметте жүргенде бір сұмдық оқиға орын алыпты. Мәскеуден бір қыз Темірландағы туыстарына қыдырып келеді. Сол үйдің екі қызымен қонақ та Арыс өзеніне шомылуға барады. Өзеннің екі жағы ну тоғай. Сонда ішімдікке сылқия тойып алған үш жігіт қыздарды масқаралайды. Жігіттер жауапқа тартылып, сотқа Мәскеуден Орталық телеарнадан журналистер келіп қатысады. Олардың өтінішімен сот процесі орыс тілінде жүргізіледі. Мүсәлі аға сонда мемлекеттік айыптаушы ретінде сегіз сағат бойы сөз сөйлеп, кейіннен онысы экраннан көрсетіледі. Сонда қыздың арын жоғары қойған ұлттық тәрбие жайына тоқталады. Сотталушылар жағы орысша түсінбейтіндіктерін алға тартып, аудармашы да сұрайды. Нәтижесінде әлгі жігіттер 25 жылдан арқалап кетеді. Айтпағымыз, қазақы ауылда, қазақша оқыған ағамыздың сот процесінде орыс тілінде де жетік сөйлеуі, шешен сөйлеуі – осы кітапқа құмарлығынан екені. Мұны Мүсекеңнің өзі «алдына келген адамнан басым болу үшін білімді болу аз, шешендік те керек» деп түсіндіреді.
Прокуратура саласы ардагерін қоғамда қынжылатын мәселе көп. Соның барлығын қағазға түртіп, мақалалары мерзімді басылымдарда жарияланып тұрады. Әсіресе, балалар және жастар тәрбиесі көп алаңдатады. Қоғамда бұрын-сонды болмаған жаңа қылмыс түрлерінің орын алуы, әке мен бала, ағайынның бір-бірімен соттасуының себептерін – сананың, ұлттық дәстүрлеріміздің тоқырауынан көреді. Бұл тығырықтан шығудың жолы ұлттық дәстүр, ата-баба жолын қайта жаңғырту деп есептейді және әрбір жиында осы мәселені көтеріп жүреді.
Мүсәлі Жорабаев 1955-1986 жылдар аралығында Созақ, Сарыағаш, Келес, Бөген және Ленин аудандық партия комитеттері құрамына мүше болып, халық депутаттары аудандық кеңестеріне үзбей депутат болып сайланған. Прокуратура органдарында заңдылықты нығайтудағы еңбегі жоғары бағаланып, КСРО және Қазақстан Республикасы Бас прокурорлары мен Оңтүстік Қазақстан облысының прокурорлары тарапынан 18 рет көтермелеу сыйлықтары берілген. КСРО Бас прокурорының шешімімен «Құрметті қызметкер» атағы беріліп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және 7 рет Үкімет медальдарымен, түрлі деңгейдегі органдардың Мақтау грамоталарымен марапатталған.
Ағамыз – дербес зейнеткер болды. Кіндігінен тараған сегіз перзенттің бәрі де жоғары білім алып, ҰҚК орталық комитетінің аппаратында, сот, білім, медицина, экономика мен банк салаларында абыройлы еңбек етіп жүрді.
Ұрпаққа айта алатыны бар ардақты ақсақал Мүсәлі Жорабаевтың өмірі – көпке өнеге еді.
Гүлжамал Мұсаева
Оңтүстік Қазақстан газеті редакторының орынбасары
Достарыңызбен бөлісу: |