Темірбай Алмас Қажыбайұлы Жүніс Ерлан Төсбайұлы Уақыттың қадірі – Уақыт баяу тез өтеді



бет4/4
Дата06.01.2022
өлшемі41,95 Kb.
#12000
1   2   3   4
Байланысты:
Ерлан Жүніс Темірбай Алмас

«Кімсің?» дейді ол;

Кім болушы ем, қарауылмын жай ғана:

өзін-өзі өзге үшін байлаған, күзетемін сұлулығын әлемнің... (51-бет),

немесе:


Сұқ көздер жұмулы тұрғанда,

Сұқ саусақ бүгулі тұрғанда,

Сырласып алыңдар, сүйгендер!

Сұқ тілдер күрмеліп тұрғанда,

Сүйген жан гүл беріп тұрғанда,

Сырласып алыңдар, сүйгендер! (50-бет).

Лирикалық кейіпкерінің жалғыздықтың жапан шөлін жалғыз кезуінің тағы бір жауабын қою писсимизмге суғарылған мынау өлеңнен, соның ішінде, соңғы шумақтағы риторикалық сұраулардан табатын сияқтымыз:

Сезіп келем, біліп келем мен бәрін:

Ештеңені білмегенім секілді.

Ешкіммен бір жүрмегенім секілді,

Сезіп келем, біліп келем мен бәрін.

Король ғана жалғыз қала алады!

Жүректерге пір болғанда не мән бар?

Жүректерге құл болғанда не мән бар?

Король ғана жалғыз қала алады!

Әрине, ол жанына мүлде жылу іздемейді емес. Алау жүректі, нәзік жанды ақынға, достықтың, махаббаттың қадірін айрықша сезінетін ақынға жан жылуы ауадай қажет:

Жыладым, бәлкім, жан үшін жақын бола алмас,

Жабықтым бәлкім, жылдарым үшін оралмас.

«Ауырғаныңа ауырды, - деген, - жүрегім»,

Айналып қана кетейін сенен, замандас! («Ауырған жоқпын!», 218-бет).

Алайда, жан жарасына ем болатын асыл махаббат, адал дос дәйім қасынан табылып тұрса, өмір, тағдыр сан сынағын алдыға тоспаса, удай ащы өлең тумайтыны және хақ! Ақын жүрегі сыр бөлісер жақынды ғана емес, риясыз махаббатты да талмай аңсайды:

Жанарыңнан жалғандықты көрсем де,

Менің саған сенгім келе береді,

Менің соған көнгім келе береді, - деп, ағынан жарылады ол. Ерлан Жүніс өзінің лирикалық кейіпкерін, ең алдымен, жоғары парасат иесі деп танитыны анық.

Айталық,  «Пилигрим» өлеңінің идеясында (215-бет), «өмір – бір жалт етер қас-қағым сәт» деген философиялық ой жатыр. «...Одан кейін көрмепті ешкім мені», - деп түйінделетін өлең өзегіңді өкініш боп та шарпиды, ойға да жетелейді. Жалпы, Ерлан лирикасынан  қорғасындай ауыр ой салмағы сезіліп тұратыны жайында көп айтылып жүр. Ақынның шаттық жырын оқып отырып, көңілімізді кенет мұң торлай қалатыны несі?  Қым-қуат суреттер мен символдар ішінен бір жылт етіп қалып, оқырманды алмағайып сезімде қалдыратын элегиясының сыры неде?

Жылыұшыраған жанды дос көріп, жан сырын ашуға бейіл:

Жетімек қозы күйін кешсем мен,

Әкемнің жолы болмаған шығар, достым.

Көктемгі таңды сүйіп өссем мен,

Анашым долы болмаған шығар, достым.

Көзімнің жасы әлі кеппесе,

Көкем деп біреу сүртпеген шығар, достым.

Есік қағуға батылым жетпесе,

Ешкім де мені күтпеген шығар, достым... («Элегия», 236-бет).

Ерланның жыр жинағын қолға алғанда, өмірдің ащы уын аз татпаған ақынның жан сырына неғұрлым қаныға түсеміз. Мұндай сәттерді ол еш боямасыз, шынайы жазады. «Shoot the moon» өлеңінде (230-бет), ақын лирикалық кейіпкердің жан азабын өз елінде өгейдің күйін кешіп, үйсіз-күйсіз жүрген көп қазаққа ортақ проблемамен байланыстыра өрнектейді:

Жалғыз шеше елде қалды, Жалғыз ұл...

Жалғыз ұлы жолда қалды, Ақсады...

Армандарым қайда қалды алқызыл,

Алған жарым ойда қалды сап-сары.

Алған жарым ойда қалды сарғайған,

Текке кетпей, неге кеттім артымнан.

Ой, мені де салса біреу маңдайдан,

Ой, мені де алса біреу алқымнан, - деп, өкініштің отына бір өртенеді де:

Ой, дәстүрін елеу керек жат елдің,

Желеу керек қууға да жат үшін.

Ой, ақысын төлеу керек пәтердің,

Аштықтың да төлеу керек ақысын, - деп, ел ішіндегі мәжбүрлі толеранттылықты бір түйреп өтсе, құрулы тұзаққа бергісіз тұрмыс түйткілдері тығырыққа тіреген лирикалық кейіпкердің күйін және шынайы суреттейді. Ақын лирикалық кейіпкердің  ішкі жанайқайын «Ой!» деген одағайды қолдану арқылы ұтымды аша білген. Дәурені бітіп, туы жығылған кешегі үлкен бір дәуірден жаңа кезеңге аяқ басқан сәтке куә болған ұрпақпыз. Кешегі кеңестік дәуір жадымыздан бір сәтте өшіп кете салған жоқ. Сол күндер естеліктерінің символы тәрізді «күн көсем» ескерткішінің сұлбасы әлі де болса санамызда елес беріп тұрғаны шын. Ерлан ақынның:

Соқпағы бар сойдақ-сойдақ шөп басқан,

Көсемдердің мүсіндері тот басқан... – деп келетін «Қараусыз бақ» (68-бет) өлеңінен екі дәуірдің рухын бірдей сезіне аламыз.

Күтілмеген. Ұмытылған. Ескірген.

Ештеңе де сұрамайтын ешкімнен.

Көктем күліп, күзде жылап жататын,

Сол бір бақта өстім мен, - деген ақын көңілінде өткен күндерге деген үлкен сағыныш бар. Ерлан Жүністің жабырқау жалғыздығы, сап-сары сағынышы күз сарынымен ассоциацияланатын лирикасы Георг Тракль поэзиясындағы қараусыз қалған күзгі бақтар сарынымен үндесіп жатыр. «Қараусыз бақ» - аталарымыз бен әкелеріміздің жалынды жас  дәурені өткен тұтас бір дәуірдің метафорасы десек те болады. Бір өлеңнің өзінде суреттер қат-қабат алмасып, ойдан ой, образдан образ туындап, мың сан бояу өмірдің өзіндей құбылып, ауысып жатуы – ақын Ерлан Жүністің қаламына тән ерекшелік. Қандай да бір пафостан ада болып келетін өлеңдерінде бұл ақын поэтиканы кейде тіпті екінші орынға қоятыны байқалды. Лирикадан гөрі ырғақты прозаны еске салатын кей өлеңдері бүгінгі оқырманның поэзия туралы классикалық түсінігіне біршама қайшы келіп, ойын әлекке салғаны рас: 

...Иә, мен де үрке қарап тұрдым,

Мағынасыз көзқарасымен біздің ғасырдың.

Сен де  


Сағыныш бақшасындағы сарғалдақ гүлдің

Бір түнде қарайып кеткендігінен шошындың.

Шошына жыладың,

Енді


Тарихын ешкімге баян қыла алмасыңды сезгендей                                                                                 

Бүгіннің... («Көп нүкте», 207-бет). Ерлан Жүніс поэзиясының осы тектес ерекше қырларына қатысты сұрақтар  туындап та жүр. Жауап ретінде  танымал неміс әдебиетшісінің: «поэзия мен проза, данышпандық пен сын, көркем поэзия мен табиғи поэзия өздерін ауық-ауық балқытудан өткізіп, ішінара араластырып отыруды» қалайтыны жайында айтқан сөзін алға тартсақ болады. (Фридрих Шлегель. «116 фрагмент»).

Бүгінгі уақытты өзіндік үнімен, боямасыз жырға қосқан Ерлан замандасымыздың өлеңдерінде қандай да бір постмодернистік ерекшеліктер көрініс тауып жатса, мұны біз жаңа замандағы қазақ қаламгерлерінің әлем әдебиеті көшіне ілесуі деп бағалағанымыз жөн. Өзінің жаңа дәуір ақыны екенін жақсы сезінетін бұл шайыр поэзияда әртүрлі эксперименттерге барып жүр. Оның сюрреалды ауанда жазылған өлеңдерін оқығанда, алдымен таң қалып, артынан қандай да бір авантюраның шырмауында қалғандай күйге енетінің шын:

Мен кеше


Нөсердің астында қалудың ең үздік үлгісін                                                                          

көрсеттім жарыма!

Мен кеше

Сүйем деп айттым ғой тағы да.

Мен кеше

Нөсердің астында қалудың ең үздік  үлгісін көрсеттім бәріне,

Мен кеше

Бір жасар ұлымды жұмсадым дәріге, (259-бет), - деп, лирикалық кейіпкер өң мен түстің арасында шалықтайды. Адамға тән қарапайым бақытты, өмірсүйгіштік таза рухты ақын осындай бір бөлектеу формада ұсынады. Дионистік көңіл-күйде жазылған бұл шумақтарда,әлбетте, сюрреалистік сипат бар. Сонымен қатар, қараңыз, төпелей жауған  нөсерден кенет жан сарайы жаңғырып, табиғаттың бір бөлшегіне айналып жүре берген лирикалық кейіпкердің көңіл-күйінде керемет бір серпіліс көрініс тауып тұрған жоқ па?!

Ерлан стилі – стиль-синтез деп айттық. Ол өнер мен өмірді байланыстыра өрнектейді, ұлттық дәстүрден, баба рухынан алшақ кетпейді, қайта нәр алатын қайнарлары – солар:

Шаршатты бары, аңсатты жоғы,

Сертінен дүние тайды ма?

Мен – Оғлан ем – Түркінің оғы,

Адырна таппай, Адастым көкем Қайғыдай,  («Бумеранг», 255-бет),  - деген терең толғанысынан бабалар рухын бойына сіңірген, әсемдіктің қадірін әбден білетін Ерландай тұңғиық һәм эстет ақынның бардан қанағат таппай, үнемі  арманға аңсары ауып тұратын ақындық болмысын айқын танимыз. Лирикалық қаһарманның батыр текті тұлғасы мен ақылдан баз кешкен данышпандық болмысы айқын көрініп тұрған осы бір шумақтың алғашқы жыр жолында орыстың символист ақыны Зинаида Гиппиустың өнер жайында: «Ең алдымен - әсерленесің, әсерлене келе – шаршайсың, шаршаған кезде - ойға қаласың», - деген қанатты сөзімен терең үндестік жатыр. (З.Гиппиус. «Әдеби күнделік»1899-1907. АГРАФ,М., 2000. 73-74-бб.). 

Ерлан Жүніс поэзиясында символизмнің барлық белгілері бар.  Жүрек, гүл, түн символдарының молдығы байқалады.  Айталық, түн басқа да күңгірт бояулармен араласып, ақын жанын мұңға орайды, жүректің тұңғиық түкпірлеріне шейін қара бояуын жағады:

Тұмауратқан көктеменің түндері,

Маңдайымды сыздатасың сен неге?!

Өмірді емес, өмір оны сүргені

Керемет пе пендеге?!

...Сенің шерлі көкірегіңде тұншығып,

Түз желіндей менің еркін ғұмырым:

Түніменен мұңды көгім күрсініп,

Ай ойнаса сезімімен тірінің... («Дертті түн», 95-бет).

Немесе:

Қара түннің түкпірінен шығып жатқан күбірге,

Ей, жүрегім, жын шалды ма, жығыласың, жүгірме! – дейтіні бар, (110-бет). Түн – бірде ақынның шерлі көкірегінің метафорасы, енді бірде жанына жайлылық сыйлар жалғыз бекінісі: Мені түнге кетіңдерші қалдырып... (82-бет).

Әсемдікке, сұлулыққа құштар ақын жүрегінің сезімтал, нәзіктігінің баламасындай гүл сарыны да Ерлан Жүніс поэзиясының бір парасын құрайды. Махаббатты, нәзіктікті жырлағанда, ақын, әдетте, гүл аурасына құштарлығы ауады:

Жалқы туған бәйшешекті аядым,

Жер жүрегін жібітеді қалай деп.

Күн ернімен сүйіп-сүйіп қоямын,

Самал болып сипаладым талай кеп, - дегенде, лирикалық кейіпкер жанының мейірімі мен рақымдылығы, нәзіктіктің  «жер жүрегін жібіте алар» құдіреттілігіне бас иген сезімталдылығы көрініс береді. Сол сияқты, ақынның «Лала гүлі...» (24-бет), «Акация» (48-бет), «Гүл теріп саған келдім мен» (52-бет), «Гүл мен көбелек» (75-бет), «Жалғыз райхан» (114-бет) т.б. өлеңдерінде гүл сарыны жалғасады.  Модерн стилінің бір бағыты болып табылатын югендстилдің бастапқы қайнар көзінде тұрған француздың символист ақыны Шарль Бодлердің өлеңдерінде осы сынды гүл сарыны кездеседі. (Ш. Бодлер. «Зұлымдық гүлдері», т.б.) Поэзиясының өзегінде көптеген стилдер тоғысып жатқан Ерлан Жүністің өлеңдерінде югендстиль нышанының болуы ешқандай таңқаларлық жай емес. «Модерн стилінің іргесін қалаған Анри ван де Вельденің ой-тұжырымындағы басты сарындарының бірі –  жаңа өнер мен жас суреткерлердің кредосы болып табылатын ақыл-парасат». (Умо Персо. «Модерн және сөз», 16-бет).  Қиял мен сезімнің адамы дүниенің индустриалдану және урбанизация процестерімен, жаратылыстану ғылымдарымен, машиналармен есептесуден жалығып, арман мен түс құшағына қашуға ұмтылатынын айтады итальяндық модерн стилі зерттеушісі Умо Персо. Сол сияқты, француз философы Анри Бергсон да: «Практикалық іс-әрекет көңілімізді өзіне аударғанда, өзімізден тыс өмір сүрдік.  Алайда, түс өз-өзімізге қайтып баруға мәжбүрлейді», - деп пайымдайды.

Ал Ерлан Жүніс болса, осы түйінді поэзия тілінде:

Менің мұңлы ойларымның ішінде:

Әлем,тағы өлең асқақ пішінде.

Сыртында оның өмір мәңгі ұйқыда,

Өмір... мені көріп жатыр түсінде.

Аласұрып, байыз таппай әлемде,

Айналамын өлеңге.

Мендік ғұмыр – сүю жайлы жасыл түс,

Өлген тілде жорып қойған әуелде.

Сұп-суық тер маңдайында ғұмырдың,

Түңілдім.

... Өмір мені көріп жатыр түсінде,

Ал мен оның өңіне қарай жүгірдім,

Сосын шошып... өзіме қарай жүгірдім...

Оянуға асықпаңдар, адамдар! – деп тұжырымдайды. («Инкогнито», 254-бет). Анри ван де Вельде шынайы өмірден,  тасбақаның қабыршағын еске салып тұратын, тыныс тарылтар үй-жайлардан қашып, табиғаттан пана тапқысы келетін, бірақ ақыр соңында бәрібір жалғыздыққа ұрынатын қиялының қанаты бар эстеттер жайын тілге тиек етеді. (У.Персо. «Модерн және сөз», 12-13-беттер). Мұнымен қоса, шабыт шақырудың қайнары ретінде табиғатқа жүгінудің маңызын және көркем шығармада ақыл-парасаттылықтың болуы керектігін ықылымда эклектика стилі теорияшылары да айтып кеткен болатын. (Ernst Haeckel. «Kunstformen der Natur»). 

Ақыл-ой, парасат пен пайым – Ерлан шығармашылығының өзегінде жатыр.  Алайда, ақынның адам мен табиғат үндестігінің, тіпті бір-біріне айнала бастауының, екеуара рух үйлесімінің феноменалды  көрінісін паш ететін мына бір өлеңі, шынында да, таңғажайып емей немене:

Бойымның дір еткені несі, жүректің шым еткені несі?

Арқамнан қанат өсіп шығатындай, ұшқалы тұратындай,

Қолымнан бұтақ өсіп шығатындай, құшқалы тұратындай,

Көзімнен теңіз тұнып шығатындай, жайқалып  тұратындай,

Аяқтан тамыр өсіп шығатындай, байланып тұратындай,

Кеудемнен ғалам жарып шығатындай, айналып тұратындай,

Сөздерім құс боп ұшып кететіндей, аспанға жететіндей,

Өмірім түс боп ұшып кететіндей, оянбай өтетіндей...

Сөз басында Ерлан Жүністей суреткердің поэзиясы көпқырлы болып келетіндігін айтқан едік. Ақын өлеңдерінің  өзегінде жасырынған асыл інжу-маржандары әлі де болса баршылық. Біз оның Ақындық тылсым Әлемінің бір ғана қырын әлімізше ашып көрсетуге тырыстық.

Ақын Алмас Темірбай



Қазіргі кезде қазақ өлең өнерінің саласы мен сарыны жан-жақты толысып, жанры мен тақырыбы, түрі мен тегі, ырғағы мен интонациясы жетілген. Баллада жанрының табиғаты ақыннан үлкен шығармашылықты талап етеді. Шап-шағын көлемнің ішіне сюжет енгізу, оны драмалау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан да болар, көп ақын балладамен «басын ауыртқысы» келмейді. Себебі баллада – поэзияның биік мәдениетін, озық құрылымдық түзілімін айқын айғақтайтын жанр.
Алмас Темірбайдың ақындық қыры баллада жанрында ерекше көрініп жүр. Оның шығармашылығында осы жанрда жазылған «Ең әдемі фотосурет», «Ажырасу туралы баллада», «Адам», «Құдайберген туралы хикая», «Кешірім» т.б. өлеңдері көптеп кездеседі.
Мәселен, махаббат тақырыбына жазылған «Кешірім» өлеңінде екі жастың өзара түсініспеушілігі сөз болады. Үйіне бірнеше сағат кешігіп келген жігітті қалыңдығы: «Маған деген махаббат сенде өмірі болмаған, Кет, көрінбе көзіме, өтірікші оңбаған!..», – деп қарсы алады. 
«Кері итерме қолымды адалдықпен ұсынған,
Араздығын үш күннен асырмайды мұсылман.
Қызы едің ғой сен де бір ұлағатты атаның,
Білесің бе, қазақтың мынадай бір мақалын:
«Атаңның да құнын кеш, келсе алдыңа айыпты», – дей келе, кешігіп келген себебін түсіндіреді. 
Негізі, қазақ халқының ұғымында әрбір сөз тиісті мағына білдіреді. Кейіпкердің имани, ары таза адам екенін іс-әрекеті мен «мұсылман қауымның пайғамбары», «Ғалейһиссалам Мұхаммед хазірет», «сабыр», «хадис»,«кешірім», «жұмақ» сөздерінен-ақ байқаймыз. 
Кейіпкердің ақындық жаны өмірдегі түрлі құбылысты ақынша қабылдауы екінші орынға қалып, азаматтық болмысы алдыңғы орынға шығады.
Баллада жанрына тән белгілердің бірі – балладашы-ақындардың өз туындыларын аңызға негіздеп жазуы. Аталмыш шығармасында А.Темірбай Ғалейһиссалам Мұхаммед хазіреттің Хасан, Хұсейін ұрпағының басынан кешкен аңызға барлау жасау арқылы адам бойындағы асыл сезімдерді шебер көрсете білген.
«…Сәуле болса санаңда сөз төркінін ұғарсың,
Мүмкін, менен кешірім сен сұрайтын шығарсың???», – 
деп шығарманы тосыннан аяқтайды. 
Өлеңнің өн бойын өзектеп, қатерлі қалпымен аяғына дейін шиеленістіре түсетін драматизм де күшті. Негізінде, баллада жанрының табиғаты – жалпыхалықтық мәселелерді емес, адамның жеке басының, отбасы төңірегіндегі тақырыптарды қамту, оның ішінде психологиялық коллизиялар мен жеке адамның жан дүниесіндегі астасып өрбіп жатқан терең тебіреністерді суреттеу. Осы жағынан келгенде, А.Темірбайдың «Кешірім» өлеңі баллада жанрының талаптарына толық сай демекпіз.
«Ең әдемі фотосурет» атты балладасы да махаббат тақырыбына арналған. Бір тақырыпты қайталай жырлағанымен, ақын оған әр қырынан келіп, сырын өзгеше аша біледі. Өлең ырғақтарын да құбылтып, жандандырып жіберетін сияқты.
«… Қайшы. Желім. Қағаз. Сурет. Ескі альбом.
Ескі альбомда – өткен ғасыр… жас дәурен». 
Баяндау тәсілі кейіпкер өмірінің сезім қозғалысының интонациясын, динамикасын танытарлық жалқы есімге айналған сөздер арқылы беріледі. Кейіпкер оқиғасы өткен күндерді қозғаудан басталады: 
«Мынау – сені күткен кезім сарылып,
Мынау – сені жүрген кезім сағынып.
Сағыныштан сарғаяды-ау сурет те,
Сосын, ол да қараяды-ау қамығып…».
Ал бүгін: 
«Көргенімде кейде сені сыртыңнан,
Көз дірілдеп, қарашыққа мұң тұнған.
Екеуіміз – екі бөлек суретпіз,
Абайсызда ортасынан жыртылған… ».
Екі әлем, екі сана, екі дүние қайшылығы қатар дамиды. 
Өмірдің тылсым суреттерін, тұңғиық иірімдерін жан-жүрегімен сезіне отырып, жаны нәзік ақын эвфония (дыбыс, сөз қайталау) тәсілін қолдану арқылы жеткізеді:
«Сенің бейнең – жанарымда сақталған,
Сенің бейнең – жан-дүниемді ақтарған.
Сенің бейнең – өң мен түстей бір әлем,
Ащы естелік, қышқыл сезім, тәтті арман…». 
Жалпы, теңеу, эпитет, қайталаулар балладаның ерекшелігін арттыра түседі. 
Ақын «тағдыр», «сүйіктім», «жарты бақыт», «жарты бақ», «қолым қалтырап…» сөздері арқылы жылдар бойы жанын қозғап, жүрегінен орын тепкен асыл сезімін, іштей түлеп жатқан сағынышын, өлеңмен өрнектеп сыртқа шығарады. Шағын ғана өлең бойына кейіпкердің бар ғұмыры сыйып кеткендей. 
«… Бізді бірге түсірмеді-ау суретке
Өмір дейтін фотограф, пәтшағар… ». 
Ақын өмiрдегi жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, үміт пен күдік, махаббат пен зұлымдық, әділдік пен әділетсіздік сияқты кереғар ұғымдарды көркем тiлiмен айшықтап, суреттеп бередi.
Ақын А.Темірбайдың «Ажырасу туралы балладасын» үздік туындылар қатарына жатқызар едік. Тақырыбы – отбасы, ошақ қасындағы ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы. Ықылым заманнан етегін кеңінен жайған бұл мәселе – осы күнге дейін шығармалардың басты тақырыптарының бірі болып келеді. 
Қазақ поэзиясында ұлттық суреттіліктің үздік үлгілері әйел образына байланысты да туып отырған. 
«Жасқа толып жүрегі, жаны жасып,
Безді ме екен басынан бағы қашып?!
Бауырына басатын жан қалмапты,
Ауылына келгенде ажырасып…», –
деп басталатын балладасы әйел тағдырына арналған. Хадистегі: «Әйел бойынан өрескел мінез танысаң, оған ері кінәлі», – деген қағиданы ұстанған болар, күйеуімен ажырасып туған үйіне келеді. 
«Осы қызды мақтайтын ел әуелі,
Ар-намысы бәрінен жоғары еді.
Болғаны ма ең сорлы бейшарасы,
Қызы еді ғой ауылдың ең әдемі?!» – 
дей келе, ауылдастардың күлкісіне қалған келіншектің аянышты бейнесін көз алдыңа әкеледі. 
Тіршіліктегі құбылыстарды терең, жан-жақты түсінген ақын әрбір қазақ қызына құлаққағыс етіп, анасының монологі арқылы көркемдік түйін жасайды:
«Ұрысса да, ұрса да күйеу бала…
Болу керек күйеуің – біреу ғана!».
Автордың бұл қозғаған тақырыбында үлкен пәлсәпа, өмірдің мәні жатыр. Ғасырлар бойы адамзатты сан түрлі ой мазалайды. Кейіпкердің жан күйзелісі, ішкі психологиялық коллизия, бақытсыз күйі, аянышты халі оқырманды тебірентпей қоймайды. Мұнда ақын адамның тіршілік негізін, өмір құбылысының ішкі сырын ашуға талпынған.
Туынды баллада жанрына тән 11 буынды өлең а – а – б – а ұйқасымен жазылған:
«Жұрттың сөзі жүйкесін қажалады,
Жек көргендей о, неге жазалады?!
Ішіп алған жездесі жұбатқан боп,
Жамбасынан сипалап, мазалады…». 
Өлең құрамындағы «Өз қызына жамандық тілей ме ана?!», «Қызы еді ғой ауылдың ең әдемі?!», «Осы ма енді көретін күні мәңгі?!», «Қатты болып кеткен бе апам дағы?!» сияқты риторикалық сұрақтар – балладада сирек қолданатын тәсіл. Оны да ақын ұтымды пайдаланған.
Шығарманың ең қызығы оның аяқталуында берілген: 
«Сандырақтап атырды-ау таңды мына,
Тәубе деді ол сосын тағдырына.
… Ояна сап күйеуін сүйіп алды,
Түсі екен ғой осының барлығы да… », – 
деп тосын бұрылыс жасап, оқиға күрт үзіліп, оқырман кейіпкерімен бірге «Уффф… », – деп терең күрсінеді. Тосын сюжеттік драматизм таңдай қақтырмай қоймайды 
Егер де балладаның жанрлық сипатынан туындайтын талаптарды еске алсақ, шапшаң қозғалысты баяндай отырып, сол арқылы ақын өз ойын айтады. Баллада оқиғасы – бір ғана сюжетке құрылып, көркемділігі жағынан драмаланған оқиға болуы шарт.
Шынымен-ақ, балладашы-ақындардың алдындағы міндеті – көлемі жағынан неғұрлым шағын шығармада іс-әрекетті әсерлі баяндау арқылы оқырманын рухани кемелдендіру, оларды өмір сүруге, өзін-өзі тануына, болмысты парықтауына жәрдем ету.
Осы сипатта ақын Алмас Темірбайдың балладалық туындылары ұтымды шыққан.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет