Жұмыс күшінің тұтыну құны дегеніміз – қосымша құн өндіру қабілеттілігі. Өндіріс иелерін қызықтыратыны да жұмыс күшінің дәл осы ерекше тұтыну құны.
Жұмыс күші тауардың тұтыну құны оны дәл пайдалануда, тұтыну процесінде көрінеді. Жұмыс күші тауарды тұтыну процесі дегеніміз – тауар өндіру, құн және қосымша құн өндіру процесі. Басқа тауарлардан өзгеше, жұмыс күші оны тұтыну процесінде құн өндіреді, өндіргенде, өз құнынан артық құн өндіреді. Жұмысшының, өзінің жұмыс күші құнынан артық өндірген құны қосымша құн болып табылады.
Сонымен, капиталдың әрбір бөлігі құн жасау процесіне әртүрлі қатысып, оның өсуіне (көбеюіне) әртүрлі үлес қосады. Осы сипатына байланысты К. Маркс капиталды екі түрге бөлді: тұрақты және өзгермелі.
Капиталдың, өндіріс құрал-жабдықтарына айналатын және еңбек процесінде өзінің құн мөлшерін өзгертпейтін бөлігін К. Маркс тұрақты капитал деп атады ( с-латын әрпімен белгіледі).
Капиталдың жұмыс күшіне айналатын және өндіріс процесінде өз құнын өзгертетін (өйткені жұмыс күші өз құнының эквивалентін өндіреді және оған қоса қосымша құн жасайды), бөлігін К. Маркс өзгермелі капитал деп атады (v-латын әрпімен белгіледі).
Тұрақты капиталдың құны, яғни пайдаланылған өндіріс құрал-жабдықтарының құны, қайтадан тек даяр өнімде ғана бейнеленеді. Ал өзгермелі капиталдың құны сатып алған жұмысшы күшінің құнына тең құн, бастапқы алдын ала жұмсалған құнды өсіру мақсатына жұмсалады. Еңбек процесінде жұмысшы өзгермелі капиталдың мөлшеріне тең құн және қосымша құн жасайды. Қосымша құн, демек, өзгермелі капиталдың ғана қосқаны болып табылады.
Жаңадан өндірілген құн мөлшерін v+m формуласы арқылы көрсетуге болады, бұл жерде v – жұмыс күшінің қайта өндірілген құны да, m – қосымша құн.
Сөйтіп, кәсіпорындарда өндірілетін тауарлардың құны (w) мына төмендегі түрде болады: w=c+v+m.
Қосымша құн өндіруді нақты мысалмен қарастырайық.
Мысалы: тігін фабрикасы костюм тігеді делік. 1 костюмге кететін заттай шығын:
a) өндіріс үйлері мен ғимараттар (бір костюм тіккендегі) – 100 тенге;
б) машина және басқа еңбек құралдары (бір костюм тіккендегі) – 200 тенге;
в) шикізат (мата, жіп, электроэнергия және т.б) – 300 тенге.
Барлық заттай шығын – 600 тенге. Еңбек шығыны – жұмысшының (бір күндік) жалақысы – 200 тенге. Барлық заттай және еңбек шығыны = 800 тенге. 1 костюмді тігуге кеткен уақыт – 4 сағат. Жұмыс күні уақыты – 8 сағат. Демек, бір күнде екі костюм тігеді. Енді екінші костюмді тіккенде өндіріс иесі – 600 теңге заттай шығын жасайды. Себебі жұмысшыны жалдаған толық бір жұмыс күніне жалақы төлеген, екінші костюм тіккенде жұмысшыға жалақы төлемеуге құқылы. Бірақ жұмысшы (тігінші) екінші костюмді де тіккенде 200 теңгеге тең құн жасайды. Костюмнің бағасы 800 тенге – 600 тенге = 200 тенге (екінші костюмнен түскен пайда – қосымша құн). Екінші костюмді сатқандағы баға мен нақты шығынның айырмасы (200 тенге) қосымша құн болады (төленбеген еңбек).
Достарыңызбен бөлісу: |