А.С. Каримова,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің магистранты
Ғылыми жетекшісі – Р. Зайкенқызы,
филология ғылымдарының докторы
ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ
Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын Мемлекеттік деңгейде
мерекелеу жөніндегі тапсырмасы еліміздің рухани-мəдени өміріне үлкен серпіліс туғызды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның өткен тарихын зерделеп, жете тануға қосылып жатқан елеулі
жұмыстардың үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Қазақ хандарының қарапайым халықты
өмір өткелдерінен қалай аман-есен алып шыққандығы туралы тарихи құжаттарды сүзіп шығу
үлкен жұмыс. Мəселен бір Абылай хан туралы жазылған қаншама көркем туынды қатарына
биылғы жылы жазушы-драматург Думен Рамазанның «Абылай ханның арманы» атты тарихи
пьесасы дүниеге келді.
Қазақ əдебиетіндегі тарихи романның алғашқы туу, қалыптасу, орнығу үлгісін
көрсететін Ж. Аймауытов, М. Əуезов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Х.
Есенжанов, Ғ. Мүсрепов, Ғ.Мұстафиндерден кейін І.Есенберлиннің «Қаһар», «Алмас
қылыш», «Жанталас», С.Сматаевтың «Елім-ай» Ə.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң»,
Ə.Əлімжановтың «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», М.Мағауиннің «Аласапыран»
романдары уақыт сынынан өтіп, оң бағасын алды. Бұл аталған шығармалардың ұлттық тұлға
табиғатын тануға, ұлттық сананы оятуға, өткен ғасырлар ақиқатын білудегі үйлесімді
тарихилық орны жан-жақты талданды.
Ал кең көлемді эпикалық жанрда Абылай ханның образын сомдаған туындылар
саусақпен санарлық. Соның бірі халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романы.
Қазақ халқын жоңғар шапқыншылығынан қорғауда ғана емес, үш жүздің басын қосып,
мемлекеттілігін сақтап қалуға жан ұшырып еңбек еткен Абылай ханның тарихи орны
ерекше. Дарабоз романында жоңғармен, дəлірек айтқанда Қалден Церенмен болған 1743
жылғы бітімнен кейінгі жағдай сөз болады. Жазушы бұл кезде екі ел арасында қан төгіске
апаратын ұлығаусар қақтығыс болмағанын айта келіп: «Абылайды тұткыннан босату үшін
əрі үсті-үстіне үдей түскен Жоңғар жорығын бəсеңдету үшін жасалған бұл тоқтам, əрине
барлық тармағы Жоңғар пайдасына шешілген теңсіз бітім болды. Алайда іштей арбасып,
сырттай теке-тіреске айналған осы бір толас кезең, əсіресе, соғыстан қаңсырап шыққан
қазақ хандығы үшін қажет еді», – дейді [1, 13-б.].
Қазақ халқының бұдан былайғы уақытта өз күшіне енуіне «ойраттың ең соңғы ұлы ханы
– Халдан Цереннің дүниеден өтуі де себеп болады. Өйткені бұдан кейінгі «төрт ойрат
арасындағы ырың-жырың» тақ тартысына ұласады.
151
Романда қазақтар мен жоңғарлар арасындағы татулық қатынастар тұтқыннан босаған
Абылайдың қазақ мемлекетін қайта қалпына келтіруне, өз елінің тəуелсіздігі үшін күресті
үдете түсуі тарихи деректер негізінде баяндалады. Сөйтіп, бұл бітімнің қазақ елі үшін
маңыздылығын атап өтеді. Содан бергі бес жылда «Халық ес жинап, етек жапты. Қатары
қатты сиреген ер-азаматтың орнын кейінгі жас буын келіп бүтіндеді. Шапқыншылықта
шағындалып қалған төрт түлік мал аз жылда қайта мыңғырып, өріске сыймастай өсіп
кетті» деп жазады жазушы [1, 14-б.].
XVIII ғасырдағы бетбұрыс кезеңнің басы жоңғардың соңғы ханы Халдан Цереннің
қаза болған күнінен басталады. Қазақ елі үшін бүл азаттық үшін күрестің, қайта өрлеуінің
басы болса, Жоңғар хандығы үшін керісінше құлдыраудың басы еді. «Моңғол
империяларындағы ойранның басты себебі, тақ мұрагерлігі жөнінде заңның болмауы. Əр
бір ханның қазасынан кейін, оның мүрагері жөнінде ұзақ талас болатын. Мүрагерді хан
тұқымынан тарайтындардың барлығы бірдей мойындап, салтанатты түрде хан көтеру
керек, ол үшін қүрылтай шақырылатын еді. Марқұм болған ханның өсиеті назарға
алынғанмен, ханзадалар үшін міндет бола бермейтін», – дегендей Халдан Церен қаза
болғаннан кейін Жоңғар елінде тақ талас өрті өршіп кетеді. «..Халдан Церен өтті дүниеден.
Осыдан кейін-ақ жоңғар тағынан бақ қайтты деседі білетіндер. Ұлы қонтайжы көз жүма
салысымен-ақ, төрт ойрат арасында ырың-жырың тақ тартысы басталыпты» [1.14.]. Тарихи
деректердің көрсеткеніндей Халдан Цереннен кейін Жоңғар тағына отырған мұрагерлердің
барлығы дерлік Жоңғар мемлекетін күшейту қамынан гөрі, астындағы тақты сақтап қалуға
тырысады [2.26.].. Бұл Жоңғар хандығының экономикалық, əскери жағдайының күннен-
күнге нашарлауына əкеліп соғады. Бұл романда: «Өз ішіндегі осындай алауыздыққа
байланысты, қазір жоңғар ордасының бұрынғы айдыны кеміп, етек-жеңін еріксіз жинай
бастағаны байқалады. Халдан Цереннің тұсында Ташкент маңына тігілген хан ордасы
өткен жылы Құлжаға қайта көшірілді. Өріс-қоныс жөнінде де қазақ жеріне бұрынғыдай
ентелей сұғынуды қойып, кемерінен қайтқан теңіздей, күн өткен сайын апшысы қуырылып
бара жатқаны анық» [1, 14-15-б.].
Кеңес дəуірінде дүниеге келген романдар арқылы оқырманға жақсы таныс Абылай
ханның 1741 тауық жылының тамызында Халдан Церен қолына оқыс түсу оқиғасы
«Дарабоз» романында жаңа қырынан ашылады. Ұзақ уақыт жауласқан екі елдің бейбіт
келісімге келуіне Абылайдың тұтқынға түсуі тікелей себеп болады. Қытайға қазақ елшілері
арнайы ат арытып барса, мұндағы келісім мүлде бөлек. Мұның өзі оңайшылықпен жүзеге
аспағаны романда нанымды əрі дəлелді. Ханның да, қазақ батырларының да кесек мінезі
жалаң хроникалық сипатпен емес, ұлттық болмыс, қазақы мінез тұрғысынан көрінеді.
Сондай-ақ ұзақ жылғы қансыраған соғыстан кейін Абылай ханның тікелей ықпалымен
болған 1743 жылғы қазақ пен жоңғар келісімінің тарихи мəні де Қытаймен арадағы байланыс
сияқты жан-жақты сөз болады.
Осы жəйттерлің бəрі бас кейіпкері Қабанбай батыр бейнесі арқылы ашылады.
Жоңғардың Банжыр деген ақсүйегі Қабанбайдың іргелес көшіп жүргенін есітіп, оны өз
ауылына ерулікке шақырады. Бұл жерде Жоңғар хандығының іштей бүлініп, елде тақ таласы
үшін өршіген қанды күрестің алғашқы кезеңін қамтиды. Міне, осыны пайдаланып қазақтың
кейбір рулары ілгерілеп жаумен шекаралас қоныс тебе бастағыны тарихи шындық. «Бұлар əр
бұлақтың басында иін тіресіп қонған қалмақ күркелерін аралай отырып, Банжыр ауылына
ертеңінде түсте жеткен. Ұзаққа созылған үздіксіз соғыс ойраттардың да тобақазығына жетіп,
əбден тоздырғаны байқалады. Уақытша үстемдік алған, жеңген ел дейтін емес, қайда қарасаң
да жүдеу тірлік көзге ұрады... Əр ауылда жатаған боз үйлер некен-саяқ. Қалғаны – дауыл
ұрып кеткендей қаптаған қара лашықтар. Жерге сыймай мыңғырып жатқан бəлендей көп
мал да байқалмайды» [1, 43-б.], – деген суреттің астарында, тарихи құжаттардағы: «Цин
империясы, Қазақ хандығы мен Қоқан бектігіне қарсы үзаққа созылған соғыстар
нəтижесінде іске жарамды ер-азаматтар шаруашылықтан ығысты, ел қорының таусылуы,
сауда-саттықтың тоқтатылуы, табиғи апаттар мен жұттар Жоңғарияны ауыр экономикалық
дағдарысқа ұшыратты», – деген сөз тарихи шындықтан туған.
152
«Бірақ, сөйте тұра, жоңғар жолбарысының бауырына басқан жемімен оңайшылықпен
айрылар түрі жоқ. Алтай мен Тарбағатай өлкесін ата қонысындай иемденіп алғаны өз
алдына, бүкіл Жетісу, Талас пен Шу өңірі, Сыр бойындағы қалалар əлі де жау қолында
жатыр... Міне, осындай жағдайда Қазақ ордасы не істеуі керек? Жоңғар ордасындағы
аласапыранды пайдаланып, жау қолында қалған аймақтарды азат ету үшін аттаныс
жариялау керек пе? Əлде əліптің артын бағып, əлі де болса күте тұрған жөн бе?» – деп
Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы арасындағы байланыстарының алғышарттарын
көрсетеді [1, 15-б.].
Шығармада сөз болған «Қазақтар қалмақтың ішінде жиі қонақтап қана қоймай,
Жоңғар хандығының ішкі тартыстарына да қатысып отырғаны» тарихи деректер негізінде
сипатталуын көреміз.
Романда тұңғыш рет Қазақ хандығының Қытай елімен жасаған саяси-экономикалық
байланыстары жан-жақты суреттеледі. Бұдан былай, Қытай елі қазақ үшін жұмбағы мол,
құпия мемлекет ретінде емес, жақын көрші, белгілі деңгейде одақтас елге айналады.
Жазушы сол кезеңде жасаған қазақ билеушілерінің тек майдан даласында ғана емес,
дипломатиялық кездесулерде де өзінің ұлттық мүддесінен таймаған, елінің болашағы
үшін күрескен тұлғаларын көрсете білген.
Бұл дəуір ең алдымен, батырлықты ту еткен жаугершілік заман болғанын, сондықтан да,
жазушы атап өткендей, адамзаттың бойындағы қастерленетін басты қасиет батырлық екенін
тарихшы ғалымдар да тіге тиек етеді: «Ұлттық тарихи сананы қалыптастыруда ұлт-азаттық
қозғалысы тарихының алар орны ерекше... Ел басына күн туған ХУІІ-XVIII ғасырлар. Бір
өзі қайраткер, стратег, дипломат, батыр болған хандар ғана ел билеп, абырой-атаққа ие
болды. Ондай ел билеуші өз мүмкіндігін майдан шебінде көрсетті. Жекпе-жек сайыста батыр
атанды, батырлар легін бастады. Ендеше, жаугершілік заманында «арғымақ – жалсыз, ел —
малсыз» болған күнде сайып қыран батырлар əлеуметтік топ болып қалыптасты. «Құлаш
бойым құласа да, тіккен туым құламасын», – деген Шыңғыс хан дэуірінен келе жатқан ата-
салттың негізгі салмағын батырлар көтерді», – деген ой «Дарабоз» дилогиясында анық көрініс
тапқан [3, 174-б.].
Қазақ əдебиетінде алғаш рет қазақтың күрделі дипломатиялық қарым-қатынастары сөз
болады. Сол арқылы дəуір бар қырынан ашылды. Жазушы екі алпауыт мемлекет арасындағы
жағымсыз жақтарды ғана емес, оның позитивті қырларын да аша білген.
Романда қазақ-қытай қатынастары жан-жақты сөз болған. Қазақ пен қытай елінің
қақтығысып қалу себептерінен бастап, оның ақыр соңында бейбіт келісіммен бітіп, қазақ елі
өзіне ұтымды, пайдалы шарттар жасасқаны сөз болады. Қазақ-орыс байланыстары да
романда тың табиғатымен көрінеді.
Қазақ халқының XV-XVIII ғасырлары қалыптастырған жыраулар поэзиясы кейіннен
дарынды ақындар өнеріне ұштасқаны белгілі [4, 76-б.].
Жыраулар поэзиясы да фольклорлық сипатта болғанмен авторы халық қана деп
түсінетін ұғымнан алысырақ, анығырақ авторы белгілі бір тарихи тұлға болатын, қоғамдық-
əлеуметтік маңызы зор көркем сөз туындылары дүниеге келді [5, 76-б.]. Ол туындылар əдеби
өмірдің қалыптасу жолдарынан мəлімет беретін, тарихтың сырларын айқындайтын құнды
дүниелер болды.
«Тарих толқынында қазақ əдебиеті үшін жарқын белестерге толы бір кезең XV-XVIII
ғасыр əдебиеті. XIII-XIV ғасыр моңғол шапқыншылығы зырдаптарынан бас көтеріп, жаңа
заман, жаңа өмірге бет бұрған халықтың жаңа шежіресі басталды. Алтын Орда құлап ноғай,
қазақ рулары дербестігін алып бөлініп шығып, Ақ Орда халқының жеке мемлекет болып
қалыптаса басталу тарихында да заман өз қиындығын кездестірді. Бірінші орынға
елдікті,қазақ ұлтының біртұтастығын мақсат еткен қайырымды хандармен бірге, елді басып–
жаншуға, өзге елдермен қазына үшін соғыстырып ел берекесін кетіруге, халықты қалың
тобыр деп қана түсінетін қатігез хандар да кездесті. Осы бір аға мен іні хандық үшін
жауласып,əке мен бала билік үшін араздасып, аждаханың аузындай хан тағы үшін бала
əкесін,іні ағасын жұтқызып жіберіп жатқан, хандар билігі жиі-жиі ауысып, ел басына
153
біркелкі заман орнату қиынға соққан кезеңдерде ел қамы үшін, ұлт жаны үшін тарих төріне
əдебиеттің құрметті өкілдері жыраулар келген еді. Моңғол шапқыншылығының зардабы
кезіндегі сопылық əдебиеттен кейін, XV ғасырдан бастап қазақ мəдениеті алға өрлеп
əдебиет, музыка,ғылым саласы қайта жанданды. Осы бір кезде тарих тұғырында да, əдебиет
əлемінде де елеулі орны бар жыраулар поэзиясы қалыптасты».
Əсіресе, ауыз əдебиеті оның ішінде эпостық жырлар сол кездері биік сатыға көтерілді.
Бұрынғы эпос жырлары «Ер Сайын», «Ер Көкше», «Қыз Жібек», «Күлше қыз» сынды
жырлар осы кезде жырланып жаңа нұсқалары пайда болды. Бұл кезең жырдың, жыршының
жəне жыраудың өрлеу кезеңі. Бұл кезеңде қазақ əдебиетінің өзіндік əдеби стилі қалыптасып,
қазақ халқының мəдениеті жанданады. Осы кезеңде өмір сүрген қазақ батырлары туралы
жырлардың өзі бір төбе. Мəселен, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты
Наурызбай туралы жырлар ел арасына кең тарады.
Жазушы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан, ата-баба өсиетін Қабанбай аузымен
айттырады: «Дұшпан астыңдағы атыңды сұраса, аяма. Өйткені Қамбар ата аман болса,
тұлпар тумай қоймайды. Дұшпан қойныңдағы қатынынды сұраса да, таршылық етпе.
Өйткені елің аман болса, сен үшін тағы бір сұлу бойжетеді. Тек дұшпанға бір сүйем жер
беруші болма! Өйткені халық көбейгенмен, асыраушы жер-ана ешқашан үлкеймейді» –
дегені «əзер беті тіліңгір безер болмаса, еттен өтіп, сүйекке жететін сөздер емес пе?» [6, 20-
б.].
Шығарма дəуір сипатын жаңаша берумен ғана емес, сол негізгі тарихи оқиғалардың
туына себепші болған жағдайларды ашып көрсете білуімен ерекшеленеді. Жазушы
суреттеліп отырған дəуірдегі белгілі бір тарихи оқиғалардың туу себебін іздейді. Тарих
оқиғадан туа ма, жоқ əлде оқиғаны тудырушы адам ба? Міне Қ. Жұмаділов осыған жауап
іздейді, əрі табады.
«Дарабоз» романында ХУІІІ ғасырдағы Абылайға қатысты қандай да бір тарихи оқиға
желісі өрбімесін ол жайдан-жай емес. Дилогиядағы Абылай ордасы мен оның ішкі-сыртқы
саясатына кең орын берілуі, өзге де хан-сұлтандар мен батыр-билердің реалистік бейнесінің
сомдалуы Қабанбай батырдың дара тұлғасын да, ол өмір сүрген дəуір шындығын да ашып
шығуға мүмкіндік туғызған. Сондықтан да шығарма эпикалық жанр деңгейінің талаптарына
толық жауап беріп отыр.
Қ. Жұмаділов – реалист жазушы. Оның тарих қойнауын ашатын том-том прозалық
шығармалары реалистік тəсілдің шоқтығын биік белеске көтергенін атап өткен жөн. Мұнда
да жазушы көзқарасы айқын. Роман соңында: «Белгі ретінде батырдың басына тас үйіледі.
Алайда туыстары алыстан тас тасып əкелуді қиынсынып, орташа ғана оба тұрғызған. Келер
жылы Самарқаннан ұста алдырып, айшықты күмбез орнатамыз дескен-ді. Амал не, ол да
орындалмайтын көп сөздің бірі болып қала берді... Əне-міне деп жүргенде, ұрпақ ауысып, ел
жаңаланды. Зират басына үйілген обалар мүжіліп, бірте-бірте жұрт жадынан шыға бастады.
Бабаларының салақтығынан кейінгі ұрпақ ұлы қолбасының нақты қай тұсқа жерленгенін
таппай, сарсаңға түсіп сандаларын ол кездегі адамдар қайдан білсін?!» – деп аяқталуы
жазушы позициясын көрсетіп тұр.
Жалпы романдағы ұлт этносы берік сақталған сол дəуірдегі бабалар арасындағы ұлы
сыйластық, бір-біріне деген адалдық, турашылдық, табандылық, жомарттық, шексіз
бауырмалдық, бəр-бəрі үлгі етуге тұрарлықтай. Мұны Абылай мен Əбілмəмбеттен, олардың
Төле би, Қазыбек би, Бұқар жырау, Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жəнібекке тағы басқаларға
деген өнегелі қарым-қатынастарынан да көруге болады.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Жұмаділов Қ. Дарабоз: Тарихи роман. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – 133 б.
2. Бердібаев Р. Тарихи роман. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Қазығұрт, 2005. –
3-том. – 448 б.
3. Мұқаметханұлы Н. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920). – Алматы:
Қазақпарат, 2000. – 332 б.
154
4. Даналардан шыққан сөз. Нақылдар жинағы /жинап, құрастырып, орыс тілінен аударған
Ұ.Асылов. – Алматы: Мектеп, 1987. – 383 б.
5. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. – Алматы: ҚЭ Бас редакциясы, 2007. –9-том. – 688 б.
6. Елеукенов Ш. Қазақ əдебиеті тəуелсіздік кезеңінде. – Алматы: Алатау, 2006. – 352 б.
Е. Агпас,
«Қайнар» университетінің магистранты
«ТУ» ПОЭМАСЫ: ДƏСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Эпик ақын Несіпбек Айтұлы қазақ мемлекетінің бас рəмізінің бірі байраққа арнап жеке
поэма жазды. Бұл қазақ əдебиеті тарихында болмаған тың құбылыс,азаттық кезеңінде қол
жеткізген поэзиядағы сүбелі табыс деуге болады. Рас, қазақ ақындарында туға, байраққа,
жалауға арнаған жекелеген өлеңдері, жыр шумақтары болған, бірақ тұтас поэма тудырғаны
жоқ. Отаршылдық кезеңде елдік ар-намысты қозғайтын мұндай рəміздерді жырлау тұрмақ
айтуға, суретін таратуға тыйым салынып келгені белгілі. Алайда бұрынғы көк түркінің бөрілі
байрағы, ғұндардың қыл шашақты туы, бертінгі Алтын орданың айбарлы туы, Қазақ
ордасының жалауы, ту ұстайтын тубегілер туралы там-тұмдаған деректер, жыр шумақтары
ежелгі əдебиет нұсқаларында, шежіре дестірлерде, кейінгі жыраулардың жырында, халық
ақындарының өлеңдерінде өрнектеліп, зерделі қауымның тарихи санасына тіл қатып келді.
Отаршылдықпен бірге отанның бас рəмізі құлатылып, нар намысты ұлдары бұғауланғаны,
санадан өшірілгені анық. Сол себептен де Мағжан ақын былайша күңіренеді:
Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр – бүгін қорқақ бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай –алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар –асқан жандар ұмытылды.
Кеңестік кезеңдегі бір буын ұрпақ орақ пен балғаны,қызыл жалауды жырлаушы
Компартия сарбаздарының жасанды тақпағына бас шұлғып келді.Ғасырлар қойнауынан
шөлдегі жантақтай тамыр тартып, саңқылдап үн қатқан сайыпқыран Сүйінбайдың отты өлеңі
отаршы өктемдіктің мұзын ерітіп, бұғаудағы алаш ұлының тарихи жадын түртіп
оятатын.Сонау VІ-VІІІ ғасырда дүниені дүр сілкіндіріп, Байқалдан Балқанға дейін қанат
жайған дүбірлі көк түркі елінің төбесіне көтерген бөрілі байрағының ұлы сұлбасын, сүлдер-
суретін ХІХ ғасырдағы қазақ шайыры табына жырлауы – қазақ қауымының бабалар ерлігін
алтын аңызы арқылы сақтаған, бағзыны жаңғырта алатын, барды қадірлей білетін, жадысы
берік, көкірек көзі ашық, сəулелі жұрт екенінің белгісі секілді:
Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен...
Бөрі басы ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсем,
Қозып кетер қайдағым! [1, 13-б.].
Қапшағайда, Тамғалы шатқалында, Алтай мен Тарбағатай жоталарында көптеген
петроглифтерде мұздай темірмен кежімделген атқа мініп, құрыш сауыт киіп, болат найзасын
білеп, қыл жалаулы, бөрілі байрақ көтерген батыр бабалардың суреті мол бедерленген.
155
Қазіргі археология ғылымы мұны көне түркі дəуірінің мұрасы ретінде мерзімдейді. Сүйінбай
ақынның жыр жолдары тас бетіндегі осынау үнсіз ескерткіштерге тіл бітіргендей əсер етуі
құдірет емес пе?!
Абылай заманының жорықшы жырауы Ақтамберді «Жауға шаптым ту байлап»,
«Жалаулы найза қолға алып, жау қашырар мекенбіз!» дейді қан майданда ұрандап, атой
салғаны анық.
Ту туралы қазақ поэзиясында осындай құдіретті жыр жолдары бар. Ал бүгінгі Несіпбек
ақынның «Ту» поэмасы елдік сананы, ерен ерлікті дəріптейтін ерекше дастан деуге негіз бар.
Өйткені жыр қазақ елінің қасиетті байрағын майдан даласында қас қақпай күзетіп, өзі шəйіт
болса да төмен түсіріп құлатпай ұрпаққа табыстаған ер сарбаз Қазымбет туралы болып отыр.
Поэма халық аңызының арқауына сүйенген. Аңызды айтып беруші қарт шежіреші –
Жақыпбек Кəріпбайұлы.Оқиға Абылай, Қабанбай, Бөгенбай бастаған қазақ қолы Тарбағатай
тауынан жоңғарларды талқандап қуған Шорға соғысында болады.Тегінде, өзі ат үстінде жау
оғынан шəйіт болғанымен туды жықпай, құлатпай құрыштай қатып көз жұмған жауынгер
туралы аңыз сюжетінің басқа нұсқалары да ел арасына таралған. Осы тарихи бағалы да
құнды аңызды бала кезінде абыз қарияның аузынан естіген ақын оқиғаны жаңғырта
жырлағанын айтады:
Осылай ұзағынан толғап еді,
Сүңгітіп тұңғиыққа сонда мені.
Шұбырып сілекейім, аузымды ашып,
Сусыным шөліркеген қанған еді.
Жақаңның жатқан жерін жарық қылсын,
Үзілген жіптің ұшын жалғап еді.
Берейін кейінгіге қайта жырлап,
Жадымда жаңғырығы қалған еді [2, 22-б.].
Жырда хан Абылай, Бұхар жырау,қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, көкжал
Барақ секілді Абылай заманының бас батырларының тұлғасы эпизод-штрихтармен
сомдалғанымен поэманың алтын арқауы – Қазақ ордасының туы, оны көтерген тубек сардар
Қазымбет, сол қасиетті байрақтың қайта жаңғырған бүгінгі жалғасы – көк байрақ. Ақын
өткен тарихпен бүгінгі күнгі құбылысты сабақтастыра жырлап, намысты найзамен қорғаған
бабалар ерлігін қазіргі ұрпаққа аманаттап, азаттықтың көк байрағын қастерлеуді, қадірлеуді,
биікке көтеріп, алтын тұғырын бекітіп, айбарын асқақтатуды өнеге етеді.
Ақын ел байрағын поэмасына өзек етіп алғандықтан да ту ұғымы мен бейнесіне екпін
түсіріп, жырды ширата түседі, мағыналық бояуын үстеп, динамикалық серпін береді.
Өйткені жырдың бас кейіпкері – Ту мен ту ұстаушы Қазымбет сарбаз. Сол себептен де ақын
жырдың бастапқы бөлігінде жеңімпаз Абылайдың ақ туы мен шегінген жоңғардың қыл туын
шендестіре суреттеп, тартысты үдете түседі:
Қаһарлы Хан Абылай ту түбінде,
Дұшпанға төнді ажалдың бұлты күнде.
Тұтасқан қалың жасақ тынбай жортты,
Қонақтап құс ұйқысы кірпігінде.
Қазақ пен қалмақ киіз туырлықты,
Қайғының екеуі де уын жұтты.
Үш жүздің қалың қолы Хантауында,
Ойрандап ойраттардың туын жықты [2, 23-б.].
Жоңғар шегіне ұрыс салып Тарбағатай тауына тығылғанын хабардар етіп, бұл өлкеге
өкшелей қуа келген қазақ қосынының жайғасуын суреттегенде де ақын туға айрықша мəн
береді, бас ардар қаракерей Қабанбайдың туы Ақшəулі кезеңінде желбірегенін бейнелейді:
Шықпаған биігі еді бұрын тіпті,
Дарабоз Ақшəуліге туын тікті.
156
Шорға соғысына қатысқалы жиналған үш жүздің қолбасыларын жырлағанда ақын
дəстүрге иек артып, батырлар мен жыраулардың, абыз билердің белгілі тізімін əдеттегідей
тілге тиек етеді. Жоңғармен болатын ақырғы соғыс алдындағы оқиғаны қоюлатып, мұнда да
Ту образына серпін беріледі:
Ел үшін қанын төгіп, жанын берген,
Сұмдықтың қайран ерлер бəрін көрген.
Қасына Қабанбайдың туын тікті,
Бөгенбей бұлттай шөгіп қалың қолмен.
Қолдаған жерде əулие, көкте Құдай,
Аспандап ақ байрағы жетті Абылай.
Қазыбек, Бұқар жырау қалай жатсын,
Жоңғардың туын жығар шақта бұлай?! [2,27-б.].
Шорға соғысы боларда Абылай хан кеңесін өткізеді.Бұл жайт тарих деректерімен де
дəлелденеді. Ол туралы əйгілі тарихшы Құрбанғали Халиди «Тауарих хамса» кітабында
былай деп жазады:
«Абылай ханның қалмақпен ақырғы соғыстарында қазақтар көп əскермен Қалба тауына
келгенде, елдің кайта етекке түскенін естіген торғауыттар солтүстік Ласты, Шорға бойында,
қалмақтар осы таудың оңтүстік жағы Ұржар өзені мен Емел бойында екен. Қай шеттен,
қалай шабу керек деп үлкендерімен кеңескенде қолбасылары Бөгенбай мен Қабанбай
батырлар екі дай болады. Бөгенбай қалмақты Ұржар – Емел бойынан Тарбағатай арқылы
асып шаппаса, торғауыт ат-айылын тартып дайындалып отырады, бізге көрші, жақын,
мүмкін олар таудан ерте түсіп кеткеніне қарағанда бізден хабар да алған шығар, ондай
жағдайда көп адам шығынымен алуымыз мүмкін деген. Ал алыстағы ел алаңсыз отырады,
қапысыз басамыз деп ойын айтқан. Қабанбай, алыс жолдан ат арып, қол əлсірейді. Мүмкін
біздің онда кеткенімізді ат ізінен білсе, хабарлап қоюы, сонымен олар алдан дайын тұрса,
арттан бұлар келіп, ортаға алу қаупі жоқ емес деді. Абылай бұлардың қайсысын тыңдарын
білмей, дағдарып Бұхар жырауға ишара етіп,сен сөйлеші дегенде ол:
Сен Абылай, Абылай,
Түркістаннан келген құл едің.
Онан бері келген соң,
Ұлы жүзде Төленің,
Түйесін жайған құл едің.
Дəулет қонды басыңа.
Қыдыр келді қасыңа.
Бақ үйіне түнедің,
Алтын тұғырға кеп қонып,
Ақ сұңқардай түледің,
Алыстан тоят тіледің.
Сен қанжығалы Бөгенбай,
Тақымы кеппес ұры едің,
Түн қатып жəне жүр едің.
Қабанбайдан бұрын найзаңды
Қашан сен жауға тіредің,–
деп мəселе шешілген. Болмаса осыдан көп нəрсе ушығатынын білген еді. Бұлар Ласты –
Шорғадағы торғауытты шауып, біраз адам шығын болғанымен көп олжалы болып оралған»
[3, 118-б.].
Поэмада бұл тарихи оқиға көркемдікпен көмкеріле берілген. Себебі əдебиет тарихи
оқиғаның жалаң жылнамасы емес, оған лирикалық кейіпкер – ақын арқылы берілген бүгінгі
ұрпақтың бағасы, заман тынысымен астасқан поэтикалық шешім. Бұхар жырауды басқаша
сөйлеткен ақын қазіргі ұрпаққа тағылым-тəрбие беруді көздейді:
Ей, Бөгенбай, Бөгенбай!
Таусылмасын төзімің.
157
Аңдап тұрсам жөні бар,
Дарабоздың сөзінің.
Алтай менен Барқытбел,
Атажұрты өзінің –
Қарашығы көзінің!
Бұл араға келгенде,
Жау қарасын көргенде,
Дарабозға дем берер:
Тауда жортқан тағысы,
Құстың қанат қағысы...
Ей, Абылай, Абылай!
Айтсам сөздің қысқасын,
Көңілдегі нұсқасын –
Ақтық айқас тізгінін,
Ер Қабанбай ұстасын! [2, 31-б.].
Поэмада таң атпай қалмақты тұтқиылдан шапқан қазақ қолының қиян-кескі ұрыс суреті
шешен тілмен шынайы өрнектеледі. Көкжал Барақ пен Күршім батырдың жекпе-жегі
поэманың желісін ширықтыра түседі. Алайда жасанып, шеп құра бекінген жаудың мығым
күшіне тап болған қазақ қолының оқыстан кері шегінуі жыр оқиғасын тіпті динамикалы етіп,
оқырманды тосын əсерге бөлейді.Бірақ кері бұрылған қазақ қолына төмендегі оқиға рух
беріп, намысын қайрайды:
Соғыстың баяндайсың жайын қалай,
Жасырсаң болған істі мойындамай.
Жау жағы бір мезетте басым түсіп,
Серпілді қайран ерлер кейін қарай.
Торғауыт топырлата қуды келіп,
Көрмеген атқан оғын құр жіберіп.
Кенеттен аттың басын қайта бұрды,
Қашқан қол желбіреген туды көріп [2, 37-б.].
Осылайша поэманың бас кейіпкері Ту бейнесі қызу ұрыстың шарықтаған кезінде
жауынгерлерге отты жігер беріп, жауды жасқаса, жырдың түйіні де тосын. Бұл поэманың
ерекшелігі сол, мұнда оқиғаның шарықтау шегі бас кейіпкер – Ту мен ту ұстаушы
Қазымбеттің күрделі тағдырына қайта тіреліп, тартыс ұлғайтылып, кəнігі қолтаңбалы эпик
ақынның машыққан шеберлігі оқырманды тағы да тəнті етеді. Жыр арқауына бас нысан
болған – Ту жығылмаған, ал, бас кейіпкер – ту ұстаушы Қазымбеттің шəйіт болуы жеңістің
шаттық қуанышы мен трагедияны қатар өріп, бір арнаға тоғыстырады:
Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,
Көргендер аң-таң қалды алғашында.
Байрағы қолындағы желбірейді,
Өзінің көрінбейді жан қасында.
Болмастан ойларында ешбір қауіп,
Батырлар сатырлатып келді шауып.
Күйінде ту ұстаған қатып қапты,
Өлсе де құламаған аттан ауып.
Қос жебе қатар тиіп өндіршектен,
Аққан қан омырауын кеткен жауып [2, 37-б.].
Жыр трагедиямен аяқталғанымен қасиетті шəйіт арқылы жеңістің рухын асқақтатып,
бүгінгі бейбіт өмірдің, қасиетті көк байрақтың құнын бағалауға ұрпаққа тағылымды да
ұлағатты үндеу тасталады. Бас кейіпкер ту ұстаушы Қазымбеттің қазасы сай-сүйегіңді
158
сырқыратып, қарағайдай қасқайып, жауға еңкеймей, ат үстінде байрақты құлатпай
желбіретіп өлген өр мінезді батырдың аруағы намысыңды қозғайды. Жыр соңында ту ұстап
қатып қалған Қазымбет пен қасиетті Ту тұтас тұлғаға, ерлік үшін тұрғызылған алып мүсінге
айналғандай əсер етеді:
Күңіреніп аттан түсті ер Қабекең,
Сіресіп Қазымбет тұр ерде бекем.
Түбінен тудың сабын қатты қысып,
Қарысып саусақтары қалған екен.
Қолынан туын алып ел əзерге,
Тапсырды қайран ерді қара жерге.
Байрақты жас жігітке беріп тұрып,
Дарабоз былай деді қарап елге:
– Күн туар деген рас ұл туғанға,
Түсесің от пен суға жұртың барда.
Ешқашан өлмек емес ер Қазымбет,
Артында желбіреген ту тұрғанда! [2, 38-б.].
Алайда Қазақ ордасының Қазымбеттей талай ерлер күзеткен алып туы ғасырлар
керуенінде қолдан тайып, көзден таса боп, алаш отарлық кебін киіпті.Ту туралы түсінік те
көмескіленіп, намыс та енжар тартып, елжандылық сезімге де селкеу түсіріліпті. Себебі, бас
рəмізіміз Тудан да айырылған, кері кеткен сəтіміз болыпты:
Кең дала қасіреттен тұрды аңырап,
Халықтың көкірегі құр қаңырап.
Байрағы Бостандықтың көзден тайды,
Басымен хан Кененің бірге құлап [2, 43-б.].
Жаулар Қазымбетті атқанымен Туды құлата алмағаны секілді хан Кене шаһит
болғанымен оның рухы мен ойы азаттық болып оралыпты, осындай сансыз ерлердің дəстүр
жалғастығы бүгінгі туға сіңіп, қазақ елінің байрағы көк аспанда қалықтап тұр.Азат елдің
Астана төріндегі алып байрағы ақынға шабыт сыйлап, осы поэманың тууына күш бергені
сөзсіз. Ақын бабалар аманатын бүгінгі ұрпаққа табыстап, көк тудың сабынан ар-ожданы таза
азамматтың ұстауға тиісті екенін ұқтырып, отаншылдық сезімді дəріптейді:
Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген,
Қашанда қиянаттан қазақ өлген.
Көк тудың қасиетті киесі атар,
Сабынан ұстамасақ таза қолмен!
Жығылмас ешқашанда елі жарға,
Алдында ту ұстайтын Ері барда!
Көтеріп алып Байрақ қазақ отыр,
Тілегін аңсап күткен беріп Алла! [2, 44-б.].
Ақын Несіпбек Айтұлының «Ту» поэмасы халық аңызын негіз ете отырып, өткен
тарихтан тағылым түйіп, бүгінгі азат елдің байрағының айбынын асқақтатып, бағасын
байыптаған, қазақтың қаһармандық заманының тынысын қазіргі ұрпақпен шебер
тоғыстырған тəрбиелік маңызы зор туынды болды деуге дəлеліміз жеткілікті.
Достарыңызбен бөлісу: |