Педагогтің кәсіби қызметі адамның барша іс-әрекетіндегідей мақсат қоюдан басталады. Педагогтің балалармен жүргізіп жатқан ісінде мақсат болмаса, ол істі кәсіпқой маманның жұмысы деп бағалауға болмайды, оны әншейін бір әрекет, тәрбиелік процеспен ешбір байланысы жоқ, жәй белсенділік деп түсіну керек. Мақсатты сезіну әрқандай іс-әрекетке қуат береді. Ұлы да шапағатты мақсат адамның бар шығармашылық күшіне қанат беріп, оны өрістете түседі. Мақсатқа жету адам бағытының негізі болған терең де толық қанағат-танушылық тудырады. Тәрбие мақсаты - педагогика ғылымының өзекті категориясы. Оны нақтылау, жобалау, дайындау - педагогикалық тұжырымдар жасаудың арқауы.