Мақсат - субъект санасында оның қоршаған ортамен өзара ықпал байланысынан туындайтын әрекеттің нәтижесі туралы ой болжамы. Демек, мақсат - жағдайлар себепті пайда болуынан, нақты болмыстан алынатындықтан - ол объективті құбылыс. Мысалы, өмірінде домбыра ұстап, үніне зер салмаған педагог балаға музыкалық тәрбие беруі мүмкін емес т.б. Мақсат объективті себептерден бастау алумен бірге субъективтік те категория, себебі ол сана туындысы, ол адам ойында пайда болып, әр нақты тұлғаның сана-сезімдік ерекшеліктерінің көрінісін береді. Ертедегі латындар айтқандай: ''Екі адам зат жөнінде бір әңгіме айтуы мүмкін, бірақ бірінің әңгімесі екіншісіне ұқсамас''. Бір мақсатты жалау еткен педагогтар, сол мақсаттың өзін әртүрлі баламада түсінеді, себебі олардың әрқайсысы кәсіби әрекеттің нәтижесінде өз сана деңгейінен баға береді.