Көзүңдин салма – сыртқа теппе, назардан тыс қалдырма. Көзүндин салма бу мескин гаданы 310 (Көзіңнен таса қылма мендей мүскін кедейді). Қазақ тіліндегі көзге [көзден] салмайды тіркесі сыртқа теппеу мағынасында айтылады. Р. Сыздық «Жами´ғат-тауарихтағы» сал- етістігінің «қалдыру, тастап кету» мағынасы Қазтуған жырау шығармасында сақталғанын, ал қазіргі қазақ тілінде дәл сондай мағынада қолданылмайтынын айтады [91, 31 б.].
Қош тутты – сый-құрмет жасады, құрметтеді. Меңа хил´ат кийүрүб, қош тутты 76 (Маған шапан жауып, құрмет көрсетті). Қазақ тілінде қошемет көрсетті [қылды, етті]; қош тұтты тұрақты тіркестері бар.
Демек бұл етістік мағыналы бейнелі фразеологизмдер қазақ тілі мен ескерткіш тілінде бір-бірімен құрылымдық-мағыналық, функционалды-мазмұндық тұрғыдан толық сәйкес келеді. Орта ғасыр мен қазіргі тілде де бұлар негізінен есімдер мен етістіктердің тіркесуінен жасалып ұқсастық тапқан.
Бұлардан басқа діни сеніммен, әдет-ғұрыппен байланысты фразеологизмдер: Сүлайманның пырақы, даулат хумайы, Йүсүпниң жамали, Йүсүп лықасы, жаннат хауасы, аби бақа, үмүр бағы, Каусар булақ, даулат нишаны, бахт ашйаны, Фирдаус бағы, таңри нуры, икки жехан, ики ´алам, Хызыр суйын, қыйаметке текин, хидмат қылайын, қурбан болайын, Йаратқан бақый тутсун, шукрини қыл, теңри мурадыңға текүрсүн, дү´а қылды, саламимни текүр, дад қылғыл, ´ишрат қыл, вафадур заман.
Бірсыпыра фразеологизмдер соматикалық атаулардың қатысуымен жасалған. Йүз чавүр – теріс айналу, көңілі қалу. Таним барынча сендин йүз чавүрман 495 (Тәнім барында сенен жүзімді бұрмаймын). Тілімізде жүзін аударды бетін басқа жаққа бұрды мағынасын береді.
Арслан йүрак – қаймықпайтын, тайсалмайтын өжет. Зехи арслан йүрак Қоңрат уруғы 107 (Ей, арыстан жүректі, Қоңырат ұрпағы).
Біз қарастырып отырған жәдігер поэтикалық шығарма болғандықтан, бейнелі суреттеулер молынан кездеседі. Құрамында еркін мағыналы сөздері бар тұрақты тіркестерді фразеологиялық тізбек ретінде қарастырсақ, әдемі бейнелі тіркестер орта ғасырдағы ескерткіште саны жағынан мол.
Йаман көз – тіл-көзден сақтасын деген мағынада. Йаман көздин йырақ тутсун сени хақ 180 (Жаман көзден жырақ тұтсын сені хақ). Қазақ тілінде жаман көзден аулақ [жырақ] етсін деген тілек мағынасында айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |