Сан есімдер құрамы. Сан есімдер 19: алты (алты), бир (бір), бирар (бірер), бири (бірі), елли (елу), еллик (елу), ики (екі), икки (екі), икиси (екеуі), йети (жеті), йүз (жүз), миң (мың), он (он), төрт (төрт), йарым (жарым).
Ескерткіште кездесетін сан есімдерді түркі тілдерінің материалдарымен салыстырғанда, сондай-ақ, қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда, олардың бәріне ортақ кейбір жайлар анықталды. Ескерткіш мәтінінде берілген сан есімдер лексика-семантикалық, лексика-морфологиялық ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Олардың бірлік, ондық, жүздік сандардағы морфологиялық құрылымы, жасалу жолдары қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдердің жасалу жолынан айырмашылықтары жоқ.
Есептік сан есімдер. Бұл топтағы сан есімдер түбір күйінде жұмсалған: а) бірлік сандар: бир (бір), ики (екі), икки (екі), төрт (төрт), алты (алты), йети (жеті); ә) ондық сандар: он (он), елли (елу), еллик (елу); б) жүздік сандар: йүз (жүз); в) мыңдық сандар: миң (мың), йүз миң (жүз мың).
Алтай тілдерін зерттеуші Г.И. Рамстедт бір сан есімінің арғы негізі монғолдың бүрі «барлығы, бәрі» деген сөзінен шыққан дейді. Осы пікірге орай М. Томанов қазіргі қазақ тіліндегі бір сөзі мен бәрі сөзінің арғы тегі бір, бір ғана түбірдің екі түрлі дыбысталуы деп қарау керектігін айтады. Ескерткіш тілінде екі сан есімінің ики (екі), икки (екі) варианты қатар қолданысқа түскен. Ики (екі) тұлғасы еш өзгеріске түспей мына тілдерде: түрк., iki; әзірб., iki; башқ., iki; тат., iki; түркм., iki. Ал икки (екі): ұйғ., ikki; өзб., ikki формасында қолданылады. Қырғыз тілінде eki болса, қазақ тілінде екі. Яғни ики, икки сан есімінің оғыздық формасы мен қарлұқтық тұлғасы қатар қолданылған. Екі сан есімінің алғашқы мағынасын Г.И. Рамстедт еру, ілесу деп қарастырған. Ғалымдардың пікірінше, алты, жеті сан есімдерінің арғы негізі – ал және же байырғы етістіктері. Алғашқы қалыптасу дәуірінде алты сан есімі, алынушы немесе бөлінген (саусақ) мағынасында жұмсалған да, жеті сөзі жейтін, ұстайтын (саусақ) мағынасында қолданылған.
Он сан есімі түркі тілдерінде, сондай-ақ алтай тілдерінің көбісінде кездесетіне қарағанда зат пен құбылыстың сандық мөлшерін, шамасын білдіре бастауында-ақ пайда болған байырғы сөз ретінде қарастыруға болады.
Елу сан есімі көне, орта ғасыр ескерткіштер тілдерінде және қазіргі кейбір түркі тілдерінде еллик тұлғасында кездеседі. Мн-да елу сан есімінің елли, еллик деген екі варианты да жарыса қолданылған. Бұл сөздің де қазіргі түркі тілдерінде қолданылуында ешқандай алшақтық жоқ: түрк., elli; әзірб., älli; башқ., illi; қырғ., elū; өзб., ellik, тат., illi; түркм., elli; ұйғ., ällik; қаз., елу. Бірсыпыра түркологтардың елу сөзі көне ескерткіштерде кездесетін «қол» және «елу» мәнінде жұмсалған елліг сөзінен қалыптасқан деген пікірлері бар. Бұл сан есімнің елли оғыз тобына, ал еллиг тұлғасы қарлұқ тобына жататын тілдерге тән.
Күрделі есептік сан есімдер: он бир (он бір), йүз миң (жүз мың), йети йүз елли төрт (жеті жүз елу төрт). Бұлар әртүрлі дәрежелі жеке сандардың тіркесуі арқылы жасалынған күрделі есептік сандар.
Реттік сан есім: биринчи (бірінші), икинчи (екінші), үчүнчи (үшінші), төртүнчи (төртінші), бешинчи (бесінші), алтынчы (алтыншы), йетинчи (жетінші), секизинчи (сегізінші), тоқузунчы (тоғызыншы), онунчы (оныншы), он биринчи (он бірінші). Сан есімнің морфологиялық жолмен жасалған бұндай түрлері -инчи, -үнчи, -нчи, -нчы жұрнақтары негізінен жігіттің қызға арнап жазған хатының реттік санын білдіретін сөздерге жалғанған. Мысалдардан көріп отырғанымыздай, қазақ тіліндегі реттік сан есімдер жасайтын -ыншы, -інші жұрнақтары сияқты ескерткіште де түбір сөздің жуан, жіңішкелігін сақтап жалғанған. Жинақтық сан есімдер: екиси (екеуі). Қазіргі қазақ тілінде жинақтық сан есімдер -ау, -еу аффикстерінің көмегімен жасалынатыны белгілі. Мысалы, біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу.
Бөлшектік сан есім: йарым (жарым), мыңда бири (мыңнан бірі). Заттар мен құбылыстардың сандық бөлшегін білдіретін ескерткіште мыңда бири сөзінің бірінші сыңары жатыс септік формасында, ал екінші сыңары тәуелдік жалғаулы болып келген. Бұл тіркес қазақ тілінде бірінші сыңары шығыс септік формасында, ал екінші сыңары тәуелдік жалғаулы болып келеді: мыңнан бірі.
Орта ғасыр жазба тіліндегі элементтерді қазіргі әдеби тілмен ғана емес сонымен қатар аймақтық ерекшеліктермен де салыстырулар қыпшақ тілінің сарқыншақтарының ізін табуға көп көмек берері сөзсіз. Демек, кейбір сан есімдердің жазба ескерткіш тіліндегі тұлғасы қазақ говорларында сақталғаны анық. Оған Ә. Нұрмағамбетовтың «Қазақ говорларының грамматикасы» атты еңбегінен мынадай есептік сан есімдер еллі (елу), жинақтық сан есімдерден екісі (екеуі) [99, 30-32 б.] дәлелдер келтіре аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |