Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспе, екі бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 «МУХАББАТ-НАМЕ» ЕСКЕРТКІШІНІҢ (ҚАЗАҚ ТІЛІМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА) ФОНЕТИКАЛЫҚ, МОРФОЛОГИЯЛЫҚ, ЛЕКСИКАЛЫҚ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ
«Мухаббат-наменің» зерттелу тарихы
Орта ғасырда дүниеге келген ескерткіштер тақырыбы жағынан әртүрлі. Солардың ішіндегі көлемі жағынан шағын, лирикалық жанрда, Сырдың төменгі жағалауындағы жазылған жыр – «Мухаббат-наме».
«Мухаббат-наме» – Алтын Орда дәуірінде жазылған көркем шығармалардың бірі. Туындыны дүниеге әкелген автордың аты-жөні, туған, қайтыс болған мерзімі туралы деректер әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалып отыр. Алайда ақынның өзі жөнінде азын-аулақ мәліметтерді оның осы шығармасынан табуға болады. Оқырман қауымға дастанның авторы шын есімі емес, әдеби лақабы, бүркеншік аты – Хорезми атымен таныс. Э. Наджип «Мухаббат-наме» еңбегінде осыған байланысты былай дейді: «Этот псевдоним упоминается в Латафат-наме Ходжанди, произведении, созданном в XV в. в Средней Азии в подражание Мухаббат-наме. В конце перевода Гулистана Са´ди, сделанного в том же веке в кыпчакской фактории Египта Сейфом Сараи, имеется газель, принадлежащая Хорезми. Быть может, наш поэт и этот Хорезми – одно и то же лицо» [1, 10-11 бб.].
Көркем шығарманың қашан, қайда жазылғандығы туралы мәліметтер шығарманың өзінде айтылады. Яғни жыр жолдарынан дастанның Сыр жағасында жазылғандығы және жеті жүз елу төртінші жылы аяқталғандығы туралы деректермен таныспыз. Дастан біздің жыл санауымыз бойынша 1353 жылы, Хижра есебі бойынша 754 жылы жазылған болып шығады.
Енді бір ғазалдарда шығарманың Мұхаммед Қожабекке арналғанын, Қожабектің руы Қоңырат екендігін, сонымен бірге шеше жағынан Жәнібек ханға жиен екендігін аңғаруға болады. Ал Мұхаммед Қожабектің кім екендігі, қай жерде, қашан дүниеге келгендігі туралы ешбір тарихи мәлімет жоқ.
Сол дәуірдің талабы түркі тілімен қатар араб-парсы тілдерін де білу қажеттілігі болған сияқты. Хорезмидің түркі тілімен қатар араб, парсы тілдерін тең меңгергенін дастанның 4, 8, 11 хаттарынан байқауға болады. Себебі бұл хаттар тек парсы тілінде жазылған. Ақын жөнінде бар мәлімет – осы ғана.
«Мухаббат-наменің» жалпы құрылымы мынадай. Алдымен Құдайға, пайғамбарға, пайғамбардың серіктеріне мақтау айтылады, бұдан ары қарай шығарманың кімге арналғандығы, не себептен жазылғандығы баяндалады. Содан кейін ғана наме (арнаулы хаттар) басталады. Әр хаттан кейін месневи немесе ғазал келіп отырады.
Наме – жігіттің сүйген қызына арнаған он бір хаттан тұрады. Алғашқыда ақын өзінің еңбегін он хаттан құрастыруды, оның екеуін парсы тілінде жазуды ойластырған. Кейіннен хаттың санын он бірге жеткізген. Кітаптың соңында мүнажат, қыйта, шағын әңгіме бар. Төртінші, сегізінші, он бірінші хат, екі месневи, екі газель, кітап соңындағы шағын әңгіме парсы тілінде, қалғандары түркі тілінде жазылған.
Осы күнге дейін Мн ескерткішінің төрт көшірмесі ғылымға танылды. Соның алғашқы екі нұсқасына тоқталсақ. Олар – дастанның бірі араб, бірі ұйғыр әрпімен жазылған екі көшірмесі. Екеуі де Лондондағы Британ Музейінің кітапханасында ұйғыр нұсқасының шифры – Оr. 8193, араб нұсқасының шифры – Add 7914 сақтаулы. Ұйғыр әрпімен жазылған көшірме 1432 жылы, яғни түпнұсқа жарыққа шыққаннан кейін 79 жылдан соң көшірілген. Ал араб нұсқасы 1508-1509 жылдары хатқа түскен. Сонда ұйғыр нұсқасы араб көшірмесіне қарағанда 77 жыл бұрын көшірілген. Бірақ соған қарамастан ұйғыр әрпімен көшірілген нұсқасы толық емес, кемшілігі өте көп. Ұйғыр көшірмесінде дастанның парсы тілінде жазылған бөлігі мүлдем көрсетілмеген. Сонымен бірге осы жанрға тән композиция бұзылғаны байқалады. Түркі тілі бөлігінің 53 бәйіті, оның ішінде дастанның жазылған жері, жазып бітірген уақыты көрсетілген тарихи бәйіттер қалып кеткен.
«Мухаббат-наменің» ұйғыр әрпімен жазылған нұсқасы туралы тұңғыш рет 1924 жылы академик В.В. Бартольд мәлім етіп: «Алтын Ордада өте ертеде жазылған поэтикалық туынды» деп бағалаған [2]. Осыдан кейін жазба ескерткіш тілін зерттеуге көптеген зерттеушілердің ықыласы ауды. Түркияда араб әрпімен жазылған нұсқаны зерттеуші Ф. Кепрүлүзаде кезінде Стамбул Ұлттық кітапханасында «Мухаббат-наменің» үзінділері бар жинақтың сақталғанын айтқан, оның пікірінше ескерткіш шағатай тілінде жазылған [3].
1928 жылы араб әрпімен жазылған нұсқаны А.Н. Самойлович зерттеп, Фуад Кепрүлүзаденің пікірін дұрыс емес деп танып қарсы мынадай пікір білдірді: «Изучение «Мухаббат-наме» Хорезми привело меня к иному мнению о языке этого произведения... «Мухаббат-наме» особенно важно потому, что оно не только свидетельствует о существовании местных турецких (тюркских) литературных деятелей в Золотой Орде в XIV в., но и доказывает наличие в Джучиевом улусе и во входившем в него Хорезме литературного языка с явными отражениями местных золотоордынских диалектов, языка, значительно отличного поэтому от чагатайского и относящегося к эпохе, когда чагатайский язык в Чагатайском улусе не обнаруживал еще заметного развития. Мы не знаем ни одного крупного памятника чагатайского языка, языка группы j, а не д (как труд Рабгузи) в Чагатайском улусе за XIV в.» [4]. Ғалымның осы пікірі ескерткіш тілін анықтауда жаңа бағытқа жол ашты.
«Мухаббат-наменің» ұйғыр әрпімен жазылған нұсқасын А.М. Щербак зерттеді. Ол бұл нұсқаның транскрипциясын жасап, орыс тіліне аударған. Оны кітап етіп жариялап, тілдік ерекшеліктеріне тиісті түсіндірме береді [5].
Э. Наджип 1961 жылы араб әрпімен жазылған нұсқаның суретке түсірілген көшірмесін, орыс әрпімен транскрипциясын, аудармасын, сөздігін және зерттеулерін өз алдына кітап етіп бастырып шығарды. Ол бұл дастанның тілін Алтын Орда дәуіріндегі аралас тіл деп бағалады [1]. Дегенмен ғалымның зерттеу еңбектеріне қарап, Мн ескерткішінің тілі түбегейлі зерттелінді деп айта алмаймыз. Өкінішке орай, ғалымның жасаған глоссарийіне ескерткіштегі бірнеше лексема енбей қалған.
Алғашқы кезеңдерде түркі халықтарына ортақ көне мұраларды зерттеу жұмыстарымен атақты түркологтардың айналысқаны мәлім болатын. Кейінгі жылдарда атадан қалған көнекөз мұраларды зерттеумен әртүрлі түркі халықтарының өкілдері шұғылдана бастады. Араб нұсқасының жекелеген хаттары Ташкентте өзбек поэзиясының антологиясында, бес томдық «Өзбек әдебиетінің» бірінші томына енгізілді, әртүрлі оқулықтарда бірнеше рет жарық көрді [6]. Ескерткіштің араб әрпінен жазылған нұсқасын Т. Жалолов жарияласа, М. Мунизаде парсы тіліндегі текстерін өзбек тіліне аударды. Э. Фазылов орта ғасыр ескерткіштері «Хұсрау Шырын», «Гүлстан», «Мухаббат-наменің» сөздігін жасап, грамматикалық көрсеткіштеріне түсініктеме берген. Ол «Мухаббат-намені» ескі өзбек тілінің ескерткіші ретінде таныған [7].
Кейінгі екі көшірме туралы деректер Түркия мемлекетінен табылды. 1971 жылы Осман Серткая Стамбул ұлттық кітапханасынан «Мухаббат-наменің» араб әрпімен жазылған екі көшірмесін алып, бір-бірімен салыстыра зерттеп, осы екі көшірмені «Түркиат межмуасының» ХVІІ томында жариялады [8]. Ал Стамбул кітапханасындағы екінші көшірме О. Серткая хабарлағанша ғылымға белгісіз болатын. Бұл көшірме де сонда 949 нөмірімен сақтаулы.
Стамбулдағы нұсқаны Лондондағы араб әрпімен жазылған вариантпен салыстырғанда айырмашылық бар екені бірден көзге түседі. Оның түпнұсқадан немесе басқа варианттардан көшірілгені де белгісіз. Себебі реттік саны бойынша үшінші және төртінші нұсқалар аса бір сауатты түрде көшірілмеген, олар тефсирдің ашық жолдарына (полясына) 105-112 беттеріне жазылған. Бұл айырмашылықтар О. Серткаяның еңбегінде айтылған және Э. Наджиптің мақаласында көрсетілген [9].
Достарыңызбен бөлісу: |