Тәшімбай салтанат қуатбекқызы «Мухаббат-наме» ескерткішінің (ХІV ғ.) лексикасы



бет124/126
Дата23.02.2022
өлшемі0,97 Mb.
#26246
түріДиссертация
1   ...   118   119   120   121   122   123   124   125   126
Байланысты:
Ташимбай дисс посл (1)

Екінші тарау бойынша тұжырым

1 «Мухаббат-наме» жазба ескерткішінің негізгі тақырыбы – махаббат. Тақырыбы ауқымы жағынан кең болмағанымен, онда адамның жеке басының сүйіспеншілігімен қатар оның табиғатпен байланысын, ру-тайпалардың кәсібін, діни наным-сенімдерін, қасиет-сапасын, болмысын, өмір тіршілігін, әдет-ғұрпын, сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайлардан хабар беретін бай лексикамен толыққан.

Орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінің барлығында да, негізінен өзге тілдік қабатты араб пен парсы сөздері құрайды. Ескерткіш тіліндегі сөздерді лексикалық-тақырыптық топтарға бөліп, қолданылған сөздік қорды қазақ тілімен де, басқа түркі тілдерінің лексикасымен салыстырғанымызда оғыз, қыпшақ, қарлұқ элементтері қатар қолданысқа түсіп отырғаны анықталды. Оның ішінде ескерткіш тілінің негізгі сөздік қорын қыпшақ элементтері құраған. Бұған қолданылу жиілі тұрғысынан қыпшақ элементтерінің басымырақ түсетіні дәлел. Зерттеу жұмысымыздың нәтижесіне сүйене отырып, Мн ескерткіші қыпшақ-оғыз тілдерінде жазылған деген пікірге толық қосыламыз.

2 ХІV ғасыр ескерткіші тілінде кездесетін лексика-семантикалық топтарды қазіргі қазақ тіліндегі лексика-семантикалық топтармен салыстырып талдағанымызда елеулі айырмашылықтары байқалды. Жазба ескерткіш тіліндегі синонимдердің кейбір қатарлары қазіргі тілімізден шығып қалып, архаизмге айналған. Ескерткіштегі түркі сөзінен де, араб элементтерінен де құралған синонимдік қатарлар қазіргі тілімізде жалғасын тапқан. Мн ұшырайтын антонимдер мен омонимдер қазіргі тілімізге тұрақтылығын сақтай отырып жеткен. Омоним сөздердің барлығы дерлік түркі сөздерінен болған. Кейбір антонимдер мен омонимдер фонетикалық өзгеріске түскенімен мағыналарын сақтап қалған. Ескерткіш тіліндегі бейнелі фразеологизмдердің басым көпшілігі мағынасы мен тұлғасы жағынан қазақ тіліне де тән екендігі байқалды.

3 Мн ескерткішіндегі сөздерді қазіргі қазақ тіліндегі сөздермен салыстырғанымызда формасы жағынан да, мағынасы жағынан да ешқандай өзгеріске түспеген сөздер ұшырасты. Олардың ішінде бір буынды, екі буынды, үш-төрт буындылары да бар. Бұл ескерткіш тілі мен қазақ тілінің сабақтастығын көрсетеді. Осы екі ғасырға да ортақ элементтер баба тілі мен қазіргі ұрпақ тілі діңгегінің беріктігін байқатады. Мағынасы да, сыртқы формасы да ешқандай фонетикалық өзгерістерге түспеген сөздер саны – 98. Ескерткіштегі көптеген сөздерге әртүрлі грамматикалық қосымшалар жалғанса да, қазіргі кезде өзгеріссіз айтылатын 61 сөзформа кездесті.

4 Ескерткіш тілінде көп мағыналы сөздер молынан ұшырасады. Жәдігер мәтінінде бір сөз екі немесе одан көп мағыналарды білдіруге қабілетті болған. Мағына саны жағынан кейбір сөздер төрт мағыналы болып келеді. Оған себеп қоғамның дамуы, затқа атау қажеттілік туғызған. Көркем туындының көтерген мәселесіне орай көп мағыналық метафора тәсілі арқылы жүзеге асырылған. Ескерткіш тіліндегі көптеген сөздердің мағыналары қазіргі қазақ тіліндегі мағыналармен толық сәйкес келеді.

Жәдігер тіліндегі көп мағыналы сөздерді төл тіліміздегі көп мағыналы сөздермен салыстырғанымызда сөз мағыналарының кеңею және тарылу құбылысы орын алған. Ескерткіш тіліндегі кейбір сөздердің кеңеюуіне қоғамның дамуы мен адамзаттың ой-санасының жетілуі әсер еткен.

Келесі бір сөздер ескерткіш жазылған дәуірде кең мағынада қолданылғанымен, қазіргі тілдік тұрғыдан тарылып кеткен. Керісінше, сол орта ғасырдағы мағыналары ұмытылып, жаңа мағыналары үстемеленген сөздер де бар. Ескерткіште кездесетін кейбір сөздердің қазақ тілінде де солай дыбысталғанымен беретін мағыналарында алшақтық байқалады.

5 Орта ғасырдағы жер-су аттарының сол қалпында кездесуі ескерткіш тілі мен қазақ тіліне ортақ, ескі тіл мен жаңа тілді жақындатады. Ескерткіш тіліндегі кездесетін онимдер, топонимдер, гидронимдер атаулары сол қалпында өзгеріссіз келіп жеткен. Мысалы, Сыр гидронимі, Қоңырат этнонимі, Қырым топонимі қазақ тілінде осы қалпында ұшырасады.

Ескерткіште қолданылған сөздерді грамматикалық сипатына қарай топтастырғанымыз да зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, шылау т.б. сөз таптарының жасалу тәсілдері мен құрамы жағынан қазіргі қазақ тіліндегі сөз таптарыннан айырмашылықтан гөрі ұқсастықтық көп екені аңғарылды. Сан есімдердің ішінде еллик (елу), екки (екі) көне ұйғырлық формада болып келуімен ерекшеленеді, бұл тұлғалар қазіргі оғыз тобына жататын түркі тілдерінде де сақталған. Жіктеу есімдіктерінің барыс септікте қыпшақша септелу үлгісінің орнына оғыз-қарлұқша меңа (маған), сеңа (саған), сиза (сізге), ануңа- (оған) болып хатқа түскен. Мн-нің сөздік құрамының тең жартысын қимыл-сын етістіктері құрайды. Соның ішінде оғыздық белгі айла- етістігі бір-ақ рет, ал қыпшақтық қыл-, ет- көмекші етістігінің үш-төрт есе жиі қолданылуы ескерткіш тілінің қазақ тіліне жуықтығының пайыздық көрсеткішін арттыра түседі. Етістіктің шақ, рай тұлғалары кейбір көнерген формаларды есептемегенде, негізінен қыпшақтық сипатта көрініс тапқан.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   118   119   120   121   122   123   124   125   126




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет