-ДЕК, -ТЕК жұрнағы. Ескерткіште -дек, -тек жұрнақтары арқылы жасалынған көптеген сөздер ұшырасады. Оның грамматикалық мағыналары мынадай:
1) өзі жалғанған сөзден салыстыру, ұқсату мәні бар туынды сын есім жасайды: айдек (айдай), толун айдек (толған айдай).
Толун айдек қылур бир қатра суны 10 (Толған айдай қылар бір тамшы суды).
2) зат есім және жіктеу, сілтеу есімдіктеріне жалғанып, ұқсату, салыстыру мәніндегі сын есімдер жасайды: мендек (мендей), сендек (сендей).
Пари көрса сени, мендек телүргай 212 (Сені пері көрсе, о да мендей алжасады); Тағы миң йылда сендек тоғмағай ай 518 (Тағы мың жыл өтсе де сендей ай тумайды).
3) ілік септікті жіктеу есімдігінен кейін де жалғанады: аныңдек (ондай), сениңдек (сендей), сизиңдек (сіздей), сизниңдек (сіздей), аниңдек (ондай).
Аныңдек йирга қол сунды елик ким 315 (Сондай жерге қол создым жетемін деп); Сизиңдек кимда бар шакл-о шамайил 346 (Сіздей кімде бар тұлға мен көрік); Сениңдек йоқ чечак ужмах ичинда 530 (Сендей гүл жұмақ ішінде де жоқ).
Ескерткіштегі -дек, -тек жұрнағының баламасы ретінде қазақ тілінде -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары алынады. Қазақ тіліндегі -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары негізінде өзі жалғанған сөзден салыстыру, ұқсату мәні бар туынды сын есім жасайтын қосымша ретінде танылады. Тілімізде бұл жұрнақтар зат есімдерге аттай, таудай, судай, есімдіктерге мендей, сендей, ондай сан есімдерге жүздей, мыңдай, елудей, есімше формаларына да жалғана береді.
«Codex Cumanicus (XIV ғ.)» тілін зерттеуші С. Боранбаев: «Жалпы түркі тілдеріндегі тег деген шылаудың жуан айтылатын варианты о баста жоқ болған, бірақ қазіргі қыпшақ тілдеріндегі жуан айтылатын түрі кейінірек, үндестік заңының негізінде пайда болған. Көптеген түркі тілдерінде ғ, г>й (у) заңдылығы қалыптасқан. Осыған орай о бастағы тег шылауы тег//тей болып айтылатын болса, белгілі л//д//т заңдылығы бойынша лай//лей//дай//дей//тай// тей болып түрленіп келе береді» дейді [61, 86-89 бб.].
Қазақ тіліндегі -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары ескерткіштегі -дек, -тек жұрнақтарынан тек фонетикалық жағынан өзгеріске түскенімен, беретін мағыналары бірдей.
Мн-де -дек формасынан гөрі -тек формасы жиірек қолданылған. Бұған қарап қатаң дауыссыздар – қыпшақтық, ұяң дауыссыздар – оғыздық белгі деп танысақ, ескерткіш тілінде қыпшақ элементтерінің басым екендігіне тағы да көз жеткіземіз. Төменде -тек формасы қай сөзге және қанша рет қайталанатыны көрсетілді. Ескерткіште -тек жұрнағы мына сөздер мен сөз тіркестеріне жалғанған: йил тек³ (желдей), йыл тек (жылдай), таң йақтусы тек (таң жарығындай), қуйаш тек² (күндей), аның тек², чечак тек³ (гүлдей), ай тек (айдай), сениң тек² (сендей), бойуң тек (бойыңдай), сен тек² (сендей), күзгү тек (айнадай), йол тек (жолдай), қылыч тек (қылыштай). Оның ішінде араб, парсы тілдерінен енген сөздерге де тіркескен: фалак тек², жамалиң тек (жамалыңдай), хуршид тек (күндей), саба тек (самал желдей), гүл тек (гүлдей), санавбар тек (қарағайдай), қамар тек (айдай), ´Әли тек (Әлидей), шакар тек² (шекердей); -дег формасы түркі сөздеріне: айдег (айдай), аныңдек (сондай), сизиңдек (сіздей), сениңдек (сендей).
Жазба ескерткіш тілінде басқа да сөз таптарын жасаушы жұрнақтар қолданылған. Солардың ішінде -га жұрнағымен бір ғана өзга (өзге) сын есім жасалынған. Салайын өзүми өзга адйара 555 (Кетейін өзімді алып өзге елге).
Достарыңызбен бөлісу: |