2.3 Көп мағыналы сөздер
«Мухаббат-наме» ескерткішінің лексикасынан сөз өзінің тура мағынасында да, ауыспалы мағынада да, тіпті екі немесе одан көп мағыналарда қолданылғанын байқауға болады.
Адам баласы қоғамының даму барысында тіл де дамиды, оның лексикасы да дамиды. Өзгеру мен даму тілдің лексикасындағы сөздердің мағыналық жағына да қатысты болады. Адамдар өзін қоршаған дүниедегі заттар мен құбылыстарды, олардың алуан түрлі сырлары мен белгілерін, әрине, бірден танып білген емес. Заттар мен құбылыстар және олардың бір-біріне қатысы мен байланысы, әртүрлі белгілері мен сыр-сипаты адам баласы қоғамының даму барысында біртіндеп танылып отырады. Жаңадан танылған заттар мен құбылыстардың тілде сөзбен аталу қажеттілігі әр уақытта жаңа сөздерді тудыра бермейді. Олар көбінесе тілдің негізгі сөздік қорында бұрыннан бар сөздермен аталады да, ол сөздердің бұрынғы қалыптасқан негізгі мағынасының үстіне қосымша мағына үстеледі [76, 97 б.].
Б. Қалиев пен А. Жылқыбаева: «Көп мағыналы сөздердің мағыналары бірінен-бірі туындап, оның басқа мағыналары негізгі (атауыштық) мағынасынан өрбиді және ол мағыналар бір-бірімен байланысты болады, бір желінің бойында жатады» дегенді айтады [77, 76 б.].
Ескерткіш тілінде бір мағыналы, екі мағыналы, үш мағыналы сөздер де кездеседі. Ескерткіште көп мағына беретін сөздердің кейбір мағыналары қазіргі қазақ тілінде ұмытылған. Бұған керісінше құбылыс кейіннен пайда болған мағына ескерткіште ұшырамайды. Кейбір көп мағыналы сөздердің алғашқы мағынасы ескерткіш тілінде ұшыраспағанымен, оларды көне түркі сөздігінен кездестіруге болады. «Мухаббат-наме» ескерткіші поэтикалық жанрда жазылғандықтан, сөздердің көбісі ауыспалы мағынада қолданылып отырған.
А. Салқынбай тарихи тұрғыда көпмағыналық пен сөзжасамдық процестің тығыз байланыста, қарым-қатынаста болатынын айтады: «Көпмағыналық сөз мағынасының бірте-бірте жіктеліп, саралануына ықпал жасап, жаңа сөз тууының алғашқы баспалдағы болады. Бір тұлғалық жамылғыштағы сөздің, ұқсас заттар мен құбылыстардың белгісі мен қасиетін, сапасын атау үшін жұмсалу қабілеті, кейін ол сөздің жаңа мағынаға орнығып, номинативті мағыналы туынды сөз ретінде қолданылуына алып келеді. Сөздің мұндай мағыналық даму конверсия жемісі болып табылады » [78, 74-75 бб.].
Ш. Жалмаханов түркі жазба ескерткіштері мен қазақ тіліне ортақ лексиканың семантикалық деривациясын анықтау үшін: 1) ескерткіштегі сөздердің жалпы санын, 2) оның ішінде қазақ тілінде сақталған сөздерді, 3) олардың мағынасы өзгерген, өзгермегендерін анықтап, 4) мағынасы өзгерген сөздерді моносемалы, полисемалы деп жіктеп, 5) полисемалы сөздерді 2, 3, 4... мағыналы сөздер деп бөліп, 6) мағынасы өзгерген сөздердің сандық және сапалық көрсеткіштерін нақтылап, 7) олардың қазақ тілі мен оның диалектілерінде кездесетін мағынасы көмескіленген сөздердің төркінін тану қажет екенін айтады [79, 51 б.].
Ескерткіш тіліндегі көп мағыналы сөздердің мағынасын ашу үшін олардың көне ғасырдағы мағыналары мен қазіргі кездегі беретін мағыналары толық қарастырылады. Себебі Мн көркем туынды болғандықтан, кейбір мағыналары көрсетілмеуі мүмкін. Дегенмен екі және одан да көп мағынаға ие болған сөздердің кейбір мағыналарын қазақ тілімен салыстырғанда басқа мағынада қолданылғандары да кездесті.
Достарыңызбен бөлісу: |