2.5 «Мухаббат-наме» сөздік құрамындағы лексика-семантикалық топтар. Синонимдер. Омонимдер. Антонимдер. Фразеологизмдер.
Ескерткіштің енді бір назар аударатын тұсы – сөздердің өзара қатынасы. Кез келген тілдің лексикалық жүйесі сөздердің өзара мағыналық қатысына қарай синоним, омоним, антоним болып бөлінетіні белгілі. Зерттеліп отырған ескерткіште де сөздердің мұндай топтары азды-көпті қолданыс тапқан. Дегенмен, ескерткіште қолданылған сөздердің саны шектеулі болғандықтан, орта ғасырда түркі халықтарының тілінде кездесетін синонимдердің, омонимдердің, антонимдердің шегі мен шеңберін ажырату қиындық туғызатынын айта кеткен жөн.
М. Оразов тематикалық топ пен лексика-семантикалық топтардың мағынасы туралы былай дейді: «Тематикалық топ сөздердің тек денотаттық мағынасына (кейде объективті дүниедегі заттардың өзгеруіне) негізделсе, лексика-семантикалық топ сөздердің лексикалық (әрі денотаттық, әрі сигнификаттық, әрі ішкі лингвистикалық) мағынасына негізделеді» [82, 8 б.].
Антонимдер. Табиғат пен қоршаған ортадағы қарама-қарсы құбылыстар адамзат үшін таңсық емес. Қарама-қарсылық заттың жағымды қасиеті мен жағымсыз қасиетінен туындаған. Антонимді зерттеуші ғалымдар қарама-қарсы ұғымдардың бір-бірімен байланысын үзбейтіндігін, олардың өз алдына жеке-дара өмір сүрмейтіндігін, бұлардан логикалық бір қатардың қарама-қарсы екі мүшесі, бір құбылыстың бойындағы бірін-бірі жоққа шығаратын, сонымен бірге бірін-бірі қажет ететін, бірін-бірінсіз өмір сүрмейтін қарама қарсы жақтары бар екенін айтады. Ғалымдардың пікірлерінше, бір тектес ұғымдар антонимдік жұп құраса, әр тектес ұғымдарды білдіретін сөздер, сапаға байланысты болғанына қарамастан бір-біріне антоним бола алмайды. Антоним болу үшін сөздер сапалық ұғымды білдірулері қажет. Тілде сапалық белгісі бар сөздер өз ара бір-бірімен антонимдес болып келеді. Антонимдік жұптың өзіне тән ерекшелігі олардың сыңарлары қарама-қарсы мәні жағынан бір-біріне тепе-тең болуы керек.
Мағынасы қарама-қарсы сөздерді, әдетте, антонимдер деп атайды. Антоним болу үшін мағына қайшылығы жеткіліксіз. Қарама-қарсы ұғымдар бірін-бірі жоққа шығарып қана қоймай, затқа құбылысқа жаңа баға беруге тиіс [83, 5 б.].
Сонымен ескерткіштегі антонимдік қатарлар құрайтын сөздер сирек кездеседі. Ескерткіште он төрт сөз бірі-біріне қарама-қарсы мағынада жұмсалған.
Достарыңызбен бөлісу: |