Тыңдалым мәтіні:
Әлемде барлық адамзат өміріне қатысты шешуді қажет ететін мәселелер бар. Солардың бірі – адамзатты отын және шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі. ХХ ғасырда тұтынушыларды энергетикалық ресурстармен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі маңызды болды. ХХ ғасырда адамзат тарихында жерден өте көп пайдалы қазбалар өндірілді. Табиғи отын энергетика түрлерін тұтыну 30 есеге жуық артқан. Ал ХХІ ғасырда энергетика көздерін халықаралық нарықта өндіру, тасымалдау, сату мәселелері маңызды болып отыр. Отын энергетикалық ресурстарына: мұнай, газ, көмір, жанғыш тақтатастар , тезек, ағаш, су ресурстары қоры жатады. Мұнай әлемде энергетиканың негізгі көзі болып отыр. Сол себепті жаһандық экономика мұнайға тәуелді болуда. Мұнай бағасының бірде өсіп, бірде кемуі жаһандық экономикаға әсер етуде.
Энергетика өндірісінің монополялануы, адамзаттың энергетиканы өте көп тұтынуы, шикізаттың тапшылығы және олардың бағасының қымбаттауы жаһандық энергетикалық дағдарысты тудырып отыр. Мұнай бағасының біде өсіп, бірде кемуі кейбір елдерге жағады, ал кейбір елдерді тығырыққа тірейді.
Шикізатты өндіру және тасымалдау кезінде экологиялық
талаптарды орындау қажет. Ол да
энергетикалық дағдарыстың тууына әсер етуде.
Табиғи шикізат қоры азайды. Сондықтан геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатыр. Барлаудың нәтижесінде дүниежүзілік мұхит түбінен темірдің, марганец пен мыстың, кобальттың ірі кен орындары табылған. Көптеген елдер мұнай мен газды теңіз түбінен 5-6 км тереңдікте өндіріп жатыр.
Адамзатты отын энергетикасымен қамтамасыз ету үшін бұрынғыдан әлдеқайда көп шикізат қажет. Ал әлемдегі шикізат қоры мен энергетикалық ресурстар қоры шектеулі.
Арзан пайдалы қазбалар болашақта бітеді. Сондықтан жаһандық шикізат пен энергетика проблемасы пайда болады. Осыған байланысты шикізат пен энергияны үнемдеу, ресурс сақтаушы технологияларды көп пайдалану жолдары зерттеліп жатыр. Әлемде шикізат қорларын сақтайтын немесе қалпына келтіретін, қоршаған ортаға зиян тигізбейтін балама энергия көздерін шығаратын жаңа технологиялар іздестірілуде.