«Тікенді, бірақ сенімді жол» Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл» Алматы, 2024 Топ кураторы Исмагамбетова М. Т. Группа: мк24-2 Мақсаты



Дата09.10.2024
өлшемі47,89 Kb.
#147302
Байланысты:
Сынып сағаты 6


«UIB көпсалалы колледжі» ЖШС









Сынып сағатының тақырыбы:


«Тікенді, бірақ сенімді жол»
Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл»



Алматы, 2024


Топ кураторы______________ Исмагамбетова М.Т.
Группа: МК24-2
Мақсаты:көрнекті мемлекет қайраткері, ақын, жазушы, драматург, халық композиторы Сәкен Сейфуллиннің өмірімен,шығармаларымен таныстыру.
Биыл 15 қазанда қазақ ақыны, драматург және Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толады.
Сәкен Сейфуллин – қазіргі қазақ әдебиетінің негізін құраушы, қазақ әдебиетін жаңа түр, тың мазмұнмен байытқан, қоғамдық ой мен әдеби-мәдени тарихымызда ерекше орын алатын күрескер тұлға, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушы. Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында бірқатар еңбек жазды. Оның публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі зор.
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда бүгінгі Қарағанды облысының Ортау мекенінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Сәдуақас. Бірақ әке-шешесі еркелетіп, «Сәкен» деп атап кеткен. Руы – Арғын, Қуандықтан тарайды.
Сарыарқаның сағым даласының лебі болашақ ел азаматын рухы биік қалам шебері етіп қалыптастырған. Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы жырларына арқау болған өлкеде қазақ ауыз әдебиеті мен фольклорынан нәр алып жетіледі.

Сәкеннің әкесі Сейфолла сөзге шешен, домбырашы, саятшы болған. Ол тұңғышынан үлкен үміт күтті. Ал анасы Жамал баласына ертегі айтып беруден жалықпайтын. Сәкеннен кейін екі ұл – Мәлік пен Әбен, одан кейін үш қыз – Рахима, Сәлима мен Қалима дүниеге келген. Бірақ қыздың үшеуі де 11-13 жасында көз жұмды. Әбен де жас кетті.
Сәкен ауыл молдасынан тіл сындырып, арабша хат танығаннан кейін орыс-қазақ мектебінде білім алды. Ал оқуды үздік бітіріп, Ақмолада приходская мектебіне түседі. Одан кейін тағы екі жылдық мектепте оқып, ары қарай Омбы педагогикалық семинариясына аттанады.
Сәкен жастайынан өнегелі әке мінезін, салиқалы ана тәлімін зердесіне түйіп, өнерін бойына дарытқан. Ол Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. Одан кейін тағы бес жылдай Ақмолада оқып, 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға түседі, оны 1916 жылы бітіріп шығады. Оқу бітірген соң, елге келіп, ауылда мұғалім қызметін атқарады. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын жариялайды. Сәкен Сейфуллин — өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын. Азаттықты көксеген ақын қаламынан жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», « Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. Өршіл азамат, жалынды насихатшы, жігерлі тұлға 1916 жылы көтеріліс бұрқ ете түскенде халық жағына шығады. Оған іле-шала патшаны тақтан түсірген Ақпан революциясын ақын қуана қарсы алады, бостандықтың таңы ататынына нық сенеді. Ол дереу Ақмолаға келіп, жаңа заман жолындағы күреске бел шешіп араласады. Коммунистік партияның бастауымен қалың бұқара теңдікке жетеді, әділдік орнайды деп сенген көрнекті тұлға бірден социализмді, кеңес үкіметін жақтап шығады. Ақмолада кеңес үкіметі уақытша құлап, қамауға алынған Сәкен атаман Анненковтің «азап вагонында» көрмегенді көріп, 9 ай дегенде әрең қашып шығады. Одан кейін Кеңес өкіметі орын тепкен Жетісуға келіп, партия кеңес органдарының жұмысына көмектеседі. Ақынның «Кел, жігіттер», «Қамаудан», «Асығып тез аттандық», «Жас қазақ марсельезасы», «Қызыл ат» т.б. әсерлі өлеңдері мен «Бақыт жолында» драмасы – дүрбелеңді заман мен ел жағдайының көрінісі. «Қызыл ат» дастанында 30 жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған өзара сілтеу оқиғалары сыналады.

Тар жол, тайғақ кешуден тайсалмаған азамат ақын 20 жылдардың I жартысында ірі мемлекет қайраткері, үлкен саясаткер ретінде көрінеді. 28 жасында Қазақстан өкіметінің басшысы, Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшесі болады.
Сәкен Сейфуллин – жаңа дәуірді ерекше жырлаған жаңашыл ақын. Қазақ әдебиетіне бұрын болмаған образдар мен теңеулер, сөз оралымдарын әкелген шығармашылығымен жаңа бағыттағы әдеби дәстүрдің негізін салушы болды. Өкіметтің мақтаушы ұраншысына айналмай, қоғамдық өмірдің көлеңке жақтарын да күйзеле суреттеді. «Ауыл байғұс, мінеки», «Келіншек ойы», «Ақсақ киік», «Сыр сандық» т.б. тамаша жырлары мен «Аққудың айырылуы» атты символикалық көркем поэмасы – сол кезеңнің шынайы көркем туындылары. Өз кезеңінің айнасы болған Сәкеннің отты шағармалары Қазан төңкерісі тұсындағы аумалы-төкпелі кезең шежіресі іспетті. Бітімге соқпас күрес ақынды тез ширатып, оның шығарма жазуға қолын да тигізбей, әлеумет қайраткері, саяси күрескер етіп шығарады. Қазақ халқы үшін алапат кезеңге айналған 1916 жыл оқиғалары, әсіресе әлемді дүр сілкіндірген 1917 жылдың кесірлі толқыны Сәкенге қатты әсер етеді. Халықтың азаттық жолындағы күресінің шытырман оқиғалары оны жаңа дәуірдің жалынды жыршысы етіп тәрбиелейді. Ол шығармаларына сол өзі қатысқан халықтық күрес пен ерлік жорықтың шындығын арқау етеді. Жаңа қоғамның өзгешеліктерін суреттеу, оны төңкерістен бұрынғы қазақ өмірінің мешеу көріністеріне қарсы қою – Сәкен поэзиясының ең бір өзекті тақырыбы болып саналады. Қоғамдық өмірдегі қарқынды өзгерістерді ақын нақты образдар арқылы бейнелеп, сол арқылы заманның өзіндік сипаттарын айқындап берді. 1922 жылы басылып шыққан өлеңдерінің жинағына Сәкен «Асау тұлпар» деген атты тегін таңдамаған. Жаңа леп әкелген дүниенің дүбірін ақын қазақ поэзиясының дәстүрлі тұлпары арқылы бейнелейді. Тұлпар үні ескі өмірдің тыныштығын бұзып, жаңа дәуірдің ұранын таратады. Тегеуірінді талантты ақын қазақ өміріндегі, халық тұрмысындағы маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, оған көркемдік, эстетикалық талдау жасайды.
Сәкен прозасының шоқтығы – оның «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романы. «Тар жол, тайғақ кешу» романында Сәкен Сейфуллин революция жылдары оқиғаларының қазақтың кең даласын бірте-бірте қамтып, күні өтіп тозған ескіліктің қирап, жаңаша дамуға жолдың еркін де кең ашыла бастағанын үлкен суреткерше қорытып айтып бере алды. Роман халықтың бақытты келешегі үшін күрескен ерлердің аққан тері мен төгілген қаны текке кетпейтініне, мұның өзі бүкіл адамзаттың жарқын болашағымен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Саяси-әлеуметтік тақырыптарды қозғау, ел басшыларының берекесіздігін сынау, жоқтықтың зардаптары, надандық шырмауындағы қазақты білімге үндеу халық мұраттары тұрғысынан оларға жауап іздеу ақынның азаматтық ой-өрісін танытады. Бұл идеялар «Мұра», «Түс», «Кім басшы аға халыққа», «Надан бай», «Жетімге», «Інішегіме» өлеңдерінің бәріне тән. Сәкен өлеңдері идеялық тұрғыдан алғанда ағартушылық, демократтық бағытта, сыншыл реализм әдісінің арнасында жазылғандығын көреміз.
1937 жылы Сәкен Сейфуллин халық жауы ретінде тұтқындалып, Алматыға түрмеге жіберілді.
Сталиннің жеке басына табыну кесірінен жазықсыз жалаға ұшыраған заман жыршысы 1938 жылы 26 ақпанда мерт болды. Ақынның әр шығармасынан оның қаламгерлік мұраты азаматтық позициясымен терең ұштасып отырғанын байқаймыз.
Сәкен Сейфуллиннің шығармалары әлемнің көптеген тілінде жарық көрді. Ол — «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған алғашқы қазақ жазушысы.

Елордада белгілі қазақ ақынына арналған үлкен мұражай бар. Бұл мұражайға Сәкен Сейфуллин өмірде пайдаланған заттар қойылған, негізінен жазушының әйелі мен туыстары тапсырған жеке заттары, кітаптар, фотосуреттер, мұрағаттық құжаттар, сондай-ақ жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған картиналар мен мүсіндер бар.
Мұражайда жазушының жатын бөлмесінің макеті қайта жасалып, кілем, орындықтар, былғары шамадандар, ұлының көрпесі, Гүлбахрамның тігін машинасы, Мәжит ағаның домбырасы қойылды.

Сәкен Сейфуллинге қатысты біраз құжат әлі де мұрағаттан шығарылған жоқ. Биылғы мақсат — архивті ақтару, тарихты қазбалау, — дейді Сәкентанушылар. Бұдан бөлек, ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты фильм түсіру де жоспарланып отыр.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет