Тіл біліміндегі мәтін мәселесі Лингвистикадағы мәтін кең көлемде зерттеліп келе жатқан, әлі де әр қырынан зерттеуді қажет ететін ауқымды әрі күрделі мәселе болып табылады.
1960 жылдары батыс ғалымдары П.Хартманн, Э.Харвег, 3.Шмидттердің бастамасымен мәтін лингвистикасының теориясы қалана бастады. Алдымен мәтін құрылымдық жағынан қарастырылды, ал 1970 жылдардан кейін мәтінді зерттеу коммуникативтік процесс ретінде көрініс берді.
Жалпы алғанда XX ғасырдың 70-80 жылдарына дейін әлемдік филологияда лингвистикалық зерттеулер әрі кеткенде сөйлем шеңберінде ғана қарастылып келді. Осы сөйлемдер легінен тұратын мәтін ұзақ уақыт бойы тіл ғылымының аясынан табылмады. Алайда мәтін лингвистикасының пайда болуы ғалымдардың барлық лексикалық және грамматикалык феномендерді сөйлем шеңберінде толық түсіндіру, дәлірек ашу мүмкін емес деген пікірлерінің пайда болуынан бастау алады. Мәтіннің пайда болуына байланысты тіл білімінде түрліше тұжырымдар беріліп келеді. Мәселен ғалым Е.С. Кубрякова «Текст признаком зарождения в лингвистике новой научной парадигмы, а реакцией на старую», - деп атап көрсетеді [1, 55].
Мәтін лингвистикасының дамуы жаңа бағыттар, жаңа тәсілдер, жаңа ұғымдар, тың көзқарастардың тууына негіз болды. Бұл салада көптеген монографиялар мен мақалалар жарық көрді, оқу құралдары жазылды, конференциялар мен симпозиумдар өткізілді. Мәтін теориясында көптеген нәтижелерге қол жеткізген неміс тілші ғалымы П.Хартманн өз еңбектерінің бірінде: «Қазіргі кезде мәтінді оқытуға негізделген лингвистика бар. Лингвистиканың бұл саласы тілдік зерттеулердің ең нәтижеге бай саласы. Ол лингвистикадағы қызығушылық диапозонын кеңейтеді және лингвистикалық пікірлердің топтамасына жол ашады. Лингвистиканың аталған жаңа саласын зерттеу ісі лингвистикалық зерттеулердің жаңа бастамасы болды»,- дейді [2, 9].
ХХ ғасырдың екінші жартысынан негізі қаланған мәтін лингвистикасы бірнеше ғылымдар тоғысынан пайда болған ғылым саласы. Ол – тіл көркемдігін сипаттайтын дәстүрлі стилистикадан бастап, адам танымына жетелейтін когнитивтік лингвистика, философияға дейінгі аралықты қамтиды.
Екіншіден, оның пайда болуы түрлі мектептің өкілдері мен ғылыми көзқарастардың мәтінді түсіндірудегі мыңжылдық тәжірибесі негізінде жүзеге асты.
Ал XX ғасырдың соңғы ширегінде тіл білімінде мәтін лингвистикасы қарқынды дами бастады. XXI ғасырда, әлемдік лингвистикада мәтін лингвистикасының ілгері қадамдар жасайтынына сеніміміз мол.
Қазіргі мәтін лингвистикасында мәтіннің бірнеше даму бағыттары көрсетіліп жүр. Олардың бірнешеуі төмендегідей болып келеді:
- мәтінді жоғары дәрежедегі жүйе деп қарап, оның басты белгілері
тұтастық пен байланыстылық екендігін назарда ұстау;
- лингвистикалық белгілерге сүйене отырып коммуникативтік
параметрлер бойынша мәтін типологиясын құру (айтып жеткізу мен мазмұн бірлігі);
- мәтінді құрайтын бірліктерді анықтау;
- негізгі мәтіндік категорияларды анықтау.
Мәтін лингвистикасына қатысты жалпы тіл білімінде И.Р. Гальперин, С.И. Гиндин, З.Я. Тураева, Л.Г. Бабенко, А.А. Залевская, Г.Я. Солганик, Ю.А. Левицкий, Л.В. Поповская т.б. ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Олардың зерттеу еңбектерінде мәтіндегі прагматика мен интонация, мәтін құрылымы, көмекші сөздердің ерекше жұмсалуы, мәтіндегі ұсақ тілдік бірліктер (фонема, морфема), мәтіннің жалпы құрылысы, мәтін типологиясы т.б. мәселелер жайында сөз қозғалады.
Мәтін лингвистикасын соңғы 10-15 жыл ішінде қарқынды дамып келеді деуіміздің бір реті - лингвистика мен мәтін стилистикасының аражігін ашып, бірін-бірі толықтыратын тең дәрежелі ғылым деп ұсынуға болатындығы. Мәтін - күрделі категория. Оны бір әдіс шеңберінде зерттеп, тануға келмейді. 1985 жылы 25-27 қыркүйекте Қазан университетінде мәтін стилистикасы бойынша өткізілген бүкілодақтық мәжілісте профессор М.Н.Кожин мәтін лингвистикасын «лингвистиканың перспективалы бағыты» ретінде бағалап, мәтін лингвистикасын функционалды стилистика дамуының заңды жалғасы деп таниды [3, 8].
Сонымен, қазірде мәтінді түрлі әдістермен, әр қырынан алып қарастыру кең өріс алып отыр. Мәселен:
- онтологиялық тұрғыда - мәтіннің болмысы, алатын орны;
- лингвистикалық тұрғыда - мәтіннің тілдік ұйымдасуы;
- психологиялық тұрғыда - мәтінді қабылдау;
- прагматикалық тұрғыда - мәтін авторының объективті болмысқа және мазмұнға деген қатынасы сипатталады.
Ал А.Г. Бабенко, Ю.В. Казарин «Лингвистический анализ художественного текста» атты еңбегінде мәтінді танудың төмендегідей тәсілдерін ұсынады:
Мәтінді талдаудағы дәстүрлі тәсіл - лингвоцентристік. Нысаны — тіл және мәтін. Ол көркем мәтіннің тілдік бірліктеріне және категорияларына негізделеді. Мұндай тәсілде лексикалық, фонетикалық, грамматикалық, стилистикалық бірліктер мен категориялар қамтылады. Текстцентристік тәсіл - мәтін туралы негіздер шығармашылық әрекеттің нәтижесі мен азығы ретінде көрінеді. Мәтін тұтас аяқталған нысан ретінде зерттеледі. Нысаны - әдеби қарым-катынас. Антропоцентристік тәсіл - мәтіннің интерпретациясына байланысты нысанында автор позициясы мен қабылдау (оқырман позициясы) қамтылады. Бұл тәсіл арқылы мәтінтану төмендегідей бағыттарға бөлінеді:
- психолингвистикалык (Л.С. Выготский, А.А. Леонтьев);
- прагматикалық (А.Н. Баранин);
- деривациялық (Е.С. Кубрякова, Л.Н. Мурзин);
- коммуникативтік (Г.А. Золотова, Н.С. Болотнова);
- жанрлы-стильдік (М.М. Бахтин, М.Н. Кожин);
- танымдық тәсіл (Ван Дейк, Т. Виноградов).
Танымдық тәсіл - соңғы он жылдыкта ғылыми парадигманың ізімен алдыңғы орынға шықты. Мұнда тілді әлемнің тілдік бейнесі ретінде қарайды Нысаны автор - мәтін - мәтіннен тыс болмыс [4, 114].
Мәтінді зерттеуге қызығушылықтың артуына көптеген мәселелер әсер етті. Онда тілді қарым-қатынас жасаудың бірден-бір тұтас құралы ретінде түсіну, тілдің адамзат қызметтерінің әртүрлі жақтарынан байланыстылығын терең білу үшін де қажет болды. Мәтіннің көмегімен тілдің өмір сүруін, оның заңдылықтарын тануға болады.
Мәтін дүниежүзі лингвистерінің назарына іліккен кезде қазақ тіл білімінде де бұл мәселеге қатысты қазақ тіл білімінің негізін салушы А. Байтұрсынов пен Қ. Жұбанов еңбектерінен де алғашқы ойларды кездестіреміз. Бұл жайлы қазірде қазақ тіл білімінде Б. Шалабай сынды ғалымдарымыз өз пікірлерін былайша білдіруде: «Біздің ойымызша, ғалым А. Байтұрсынұлы мәтінді «шығарма сөз» деп атап, сөйлеудің бірлігіне жатқызады. А. Байтұрсынұлы шығарманың тақырыптан, ал мәтін (шығарма) мазмұнының үш мүшеден, яғни аңдату, мазмұндау, қорытындыдан тұратынын көрсетеді. Сондай-ақ мәтіннің қатысымдық қызмет тудыруға негіз болатынын, айтушының ойының өзге үшін бағытталатынын алғашқылардың бірі болып айтты» [5, 24 б.]. Бұдан басқа да көптеген ғылыми ойларды зерделей отырып, мәтінтану казақ тіл білімінде А. Байтұрсынұлы еңбектерінен бастау алады деуге әбден болады.
Соңғы кездері қазақ тіл білімінде де мәтін мәселелеріне ерекше назар аударыла бастады. Мәтіннің түрлі аспектілерінің табиғатын тануға бағытталған еңбектердің қатарына Р.Сыздықова, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Г.Смағұлова, Г.Әзімжанова, А.Таусоғарова, С.Жусанбаевалардың зерттеу еңбектерін, газет мәтінін қарастырған Б.Момынова, Қ.Есеновалардың, көркем мәтінді жеке зерттеу нысаны ретінде қарастырған С. Құнанбаева, Ж.Т. Қайшығұловалардың еңбектерін жатқызуға болады.
Қазақ тілтанымында мәтін лингвистикасы ғылым саласы ретінде филолог-ғалым Р.Сыздықова еңбектерінен бастау алады. «Абай шығармаларының тілі» атты іргелі зерттеуден өріс алған мәтінтану ғылымы әрі қарай жалғасын табуда. Ғалым қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін зерттеген еңбектерінде «ХҮ-ХІХ ғ. қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы», «Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің тілі», «Абайдың сөз өрнегі», «Жазушы және сөз мәдениеті», «Сөз құдіреті» сияқты монографиялық еңбектері мен ғылыми зерттеулерінде мәтін тілінің көркемдік-эстетикалық белгі-сипаттарын танып-танытуды мақсат етті. Сонымен қатар М.Әуезов, Ғ. Мүсіреповтерден бастап бүгінгі Ә.Кекілбаев, Д.Исабековтерге дейінгі аралықтағы жазушылардың тілі мен көркемдік әлемін әр қырынан танытқан еңбектер – мәтін лингвистикасына қосылған үлкен үлес, теориялық-практикалық құнды зерттеулер қатарынан табылады.
Мәтін лингвистикасы - тіл ғылымының жеке саласы болғанымен, соңғы отыз жылда, өзіндік дамуында түрлі қиындықтарға толы болды. Мәтінді танудың өзінде сан түрлі сұрақтар туындады. Мәтін дегеніміз не? Оның категориялары қандай? Мәтіннің ұйымдасуында қандай заңдылықтар бар? т.б. Мәтінді анықтау мәселесімен байланысты яғни, оның шекараларын нақтылап, мәтінді басқа бөлшектерден ажырату қажет.
Мәтін әрқашан коммуникативтік жағдайларға, сөзді айтушы мен тыңдаушыға байланысты болып келеді. Мәтін авторының ойланып белгілі бір бағытты таңдауының нәтижесі болады. Осыдан жалпы мәтін құралады.
Мәтінге қатысты көптеген мәселелер өз шешімдерін тапты, алайда сыры ашылмай келе жатқан жайттар да кездеседі. Осы уақытқа дейін мәтіннің орныққан анықтамасы белгіленбей келеді. Көптеген ғылым салаларындағы кейбір ұғымдардың тиянақты анықтамасын дәлме-дәл берудің қиындығы сияқты «мәтін» ұғымына да тұрақты бір анықтама берілмей келеді. Мұның дәлелі ретінде осыдан 10-15 жылдар бұрын бұл ұғымның ешбір анықтамасыз-ақ қабылданып келгенін айтсақ та жеткілікті тәрізді. Мәтінге түрлі ғылым салаларында берілген анықтамаларды жинақтай келе екі негізгі түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, қысқа, жинақы берілген анықтамалар. Екіншісі, керісінше жан-жақты қамтылған анықтамалар. Мұнда зерттеушілер мәтіннің сырын ашуға, маңызды белгілерін толық беруге тырысқан. Бірінші жағдайдағы анықтамаларда мәтіннің негізгі, маңызды қасиеті беріледі. Мәтінге берілген анықтамалардың екінші типінің көпшілігінде ерекше белгілерімен қатар кешенді касиеттері де көрінеді. Басым бөлігі мәтіннің табиғатына сай болып келеді. Анықталған терминологиялық дәрежеге жеткен жоқ. Мәтін әртүрлі ғылым салаларында, түрлі бағыттарда қарастырылуда. Соған орай мәтінге берілген анықтамалар сан алуан. Қазірде тіл білімінде мәтінге берілген үш жүздей анықтамалар кездеседі. Мәтіннің анықтамаларының көптігін айта келе, М.И. Откупщикова «Сөйлемге берілген анықтама қанша болса, мәтіннің сонша анықтамасы бар» деп көрсетеді [6, 312]. Дегенмен жұртшылық біршама мойындаған мәтін анықтамаларының саны соншалықты көп те емес. Солардың ең негізгі бірнешеуін көрсете кетейік:
Мәтін дегеніміз - жазба құжат түрінде обьектіленген аякталғандықты білдіретін, әдеби тұрғыда өңделген, тақырып (атау) лексикалық, грамматикалық, логикалық, стилистикалық байланыстардың әр түрлі типтерімен біріккен, бірқатар ерекше бірліктерден (күрделі фразалық тұтасымнан) тұратын белгілі бір мақсаты, грамматикалық нұсқамы бар сөздің (речь) шығармашылық процесінің туындысы [7,18]. Мәтін - жүйелі, тұтас, тиянақты қалыптасқан және мағыналық жақтан өзара байланысқан сөйлемдердің бірізділігі, коммуникацияға қатысуға тән сөйлемелік бірізділігі, жазу үлгісіндегі ауызша сөйлеу шығармашылығы [8, 54]. Мәтін - обьективті әлемнің субьективті бейнесі, кең мағынада екі сананың қарым-қатынасқа түсінуінің бір жолы. Мәтін - (әңгіме, сөз, хат, оқиға) әрқашан біреулерге бағышталған, әрі сол бағышталғанымен ғана күнды бағалы. Мәтін - өзіңді жеткізудің, көрсетудің бір түрі, өзіңді ойлай білетін субстанция ретінде табу жолы. Іс-әрекет, қылықта өзіндік мәтін түрінде түсіндіріле алады. Адам іс-әрекеті потенциалды мәтін және ол өзі уақытынын сүхбаттылық контексі арқылы ғана түсіндіріледі [9,74].
Сонымен қатар мәтін жайында айтылғанда жоғары деңгейдегі тілдік жүйедегі фонема, морфема, сөз, сөз тіркестері, сөйлем сиякты тілдік бірліктер туралы сөз қозғалады. Мәтін сөйлеу кезінде тілдік жүйені пайдаланудың қорытындысы ретінде «тілдік әрекетте» қаралады. Мұндай жағдайда мәтін -тіл бірлігі. Мәтін қарым-қатынастағы адамдардың байланысқа түсіп ақпарат алмасуына негіз болатындықтан қарым-қатынас бірлігі болып қалыптасады.
Мәтінді тіл, сөйлеу, интеллект факторларының бір-бірімен өзара байланысқан біртұтас кешені деп қарастырып, мәтіннің басты белгісіне сыртқы және ішкі формалар бірлігін жатқызуға болады.
Келесі бір ауқымдылықты танытатын жайт — мәтіннің тіл білімінде ғана емес, өзге ғылым салаларында да орын алуы. Мәселен, мәтін әдебиеттану, психология, философия, тарих, мәдениеттану, әлеуметтанудың да зерттеу нысандарынан көрініс табады. Мәтінге қатысты пікірлер филологияда тіл білімімен қатар әдебиеттанудан да орын алады. Тіптен мәтін ұғымының өзі біраз уақыт әдебиеттану ғылымының еншісінде қарастырылды. Сол себепті болса керек, лингвистиканың жас саласы мәтін лингвистикасын «транс лингвистика» деп атап келді. Алайда, мәтін лингвистикасының мақсаты - тіл мен әдебиеттануға ортақ категорияларды анықтау еді.
Мәтін психологияның да зерттеу нысаны болғандықтан психологияда мәтінді адамдық әрекеттің ерекше бір түрінің нәтижесі деп қарайды. Ұзақ уақыттан бері психологтар мен лингвистердің айрықша назарын аудартып жүрген жайт - мәтінді қабылдау мен түсіну. Ал лингвистер мәтін лингвистикасында түсіну процесін ерекше қарастырады. Мәтінде адамның психологиялық ерекшеліктерінің көптеген түрлерін беретін қабылдау процесі түсінуге тікелей байланысты болып келеді. Психологтар үшін қабылдау, түсіну процесіне тікелей қатысты. Демек, мәтін психологиялық жағынан өзіндік табиғатына сай адамның ойына бағытталады және осы қасиеті негізінде оны оқушы өз түйсігімен қабылдайды.
Мәтін философия ғылымынан да ерекше орын алады. Бұл ғылым саласында мәтін философиялық тұрғыдан қарастырылып, түрлі тұжырымдар жасалады. Қазақ тіл білімін зерттеуші ғалым Г.Смағұлова: «Егер мәтін адамның сөйлеу әрекетінің жемісі болса, онда мәтін лингвистикалық мағынамен қатар ұғымдық категориялармен бірге (грамматика, логика), онтологиялық (философиялық) категориялармен де байланысты болады»,-дейді[10].
В.П. Руднев «Словарь культуры XX века: Ключевые понятие и тексты» атты еңбегінде мәтін философиясына қатысты жеті қағиданы ұсынады. Ғалым бұл аталған еңбегінде «мәтін» сөзінің этимологиясын береді. Онда латын тілінде берілген үш негізге сүйенеді: textum (мата, киім, байланыс, қиылыс, қатар); textus (құрылым, қосылыс, байланысқан баяндама); texo (тігу, қосу, үйлестіру, түптеу) [11].
Мәтінді пәнаралық құбылыс ретінде көрсете отырып, жоғарыдағы айтылған ойларды тұжырымдай келе, мәтіннің маңыздылығы зерттеушілердің қандай терминологияны қолданып, қандай теориялық қағиданы ұстанатынынан емес, оның қандай нәтиже беретіндігінен көрінеді.