Алаш алыптары айтты: «Жаратушы адамзат баласын тең қылып жаратты, сондықтан да қазақ та теңдігін алсын»,- деп. Қазақ тіліне таршылық болмасын, қазақ атажұртына, оның байлығына өзі ие болсын деді. Қазақ Еліндегі басқа этнос өкілдеріне өз қатарынан орын берді. Ешкімге қаратылған қарсылық жоқ, адал ниеттен туған ойтаным болатын.
Оған бірінші кедергі «ұйқы» екендігі, оның «өлімге» апаратындығын алаш алыптары тура айтты. «Оян, қазақ!» ұран ғана емес, жан айқайы болатын. Жан айқайы рухқа қауып төнгенде шығады. Осылайша, бірінші сөз, алаштың өз баласына қаратылып айтылды.
Екінші сөз баршасына, сыртқа қаратылып айтылды. Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйетін алаш баласының әділетті ойы сол кезде сыртқа ұнамады, ал бүгінде іште оған деген немқұрайдылық пен енжарлық қатар бар. Ұнамау жақсы, өйткені кімге ұнамағанын білесің. Немқұрайдылық пен енжарлық жаман, онда — іш пен сыртты тұтастандырып жіберетін әділетсіздік бар. Ерте тарихтан бері Алаш ұғымы — қазақ танымындағы ең қасиетті метаұғым. Ежелгі Ер Түріктен бері бауырластар, қандастар, туыстар деген мағынаны білдіретінін әр қазақ біледі. Алаштың идеясы да сол — бауыр болайық, туыс болайық, адамзат баласы тең деген терең танымға өріс ашқан болатын. Қазақ та сол адамзаттың бір баласы бәріңмен барлық мәселеде тең болсын деді. Қазақтың тура мағынасындағы, әділетті мағынасындағы ұлтшылдығы, нағыз демократия салтанат құрсын деген идеясы империялық санаға ұнамады. Ол туралы қазақ философы Ғарифолла Есім: «Сондықтан алаштың Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сынды озық азаматтарының «Оян, қазақ!» деп көтерген ұраны большевизмге қарсы атылған оқ болды», – дейді. (Есім Ғарифолла. Қазақ ұлтшылдығы. -21-34 беттер. // Кітапта: «Қазақ елі – мәңгілік»: Жазушы, академик, профессор Ғарифолла Есімнің 60 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел материалдары. / Құрастырған.: А.Құлсариева. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. -240 б.).
Алаш алыптары әділетсіздік жолындағыларға ұлттық сананың ұнамайтынын білді, бірақ олар саналы түрде ауыр болса да әділет жолын таңдады. Алаш алыптары сау ақыл мен әділетті ту етіп ұстады, әділетсіздік жайлаған сана оны өзіне атылған оқ ретінде қабылдады. Бұл заңдылық болатын.
Тапсырмалар: Мәтінді мұқият оқыңыз, Алаш идеясын санамалап көрсетіңіз
Алаш қайраткерлері туралы түйінді ой айтыңыз (өзіңіз құрастырыңыз)