Алматы қаласы , Алмалы ауданы
№167 ЖББМ,4 «в»-сыныбы
Құрман Ақсамал
Тіл мерекесіне арналған сынып сағаты Тақырыбы : « Ана тілім- айбыным»
Мақсаты: Оқушыларды туған тілімізді құрметтей білуге баулу.
Міндеттері: Баланың сөйлеу тілін дамыту арқылы сөздік қорларын молайту;
ой – өрісін кеңейту;Жас ұрпақтың патриоттық сезімін оята отырып елін, жерін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу.
Түрі: Әңгіме, сұрақ — жауап.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, ұлағатты сөздер.
Барысы: Саламатсыздар ма, ұстаздар, оқушылар. Бүгінгі «Ана тілім- айбыным» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақстан – көп ұлт өкілдері мекендейтін мемлекет. Мұндай мемлекет үшін мемлекеттік тіл қажет. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында «Ұлттық тіл – қазақ ұлтының рухани, мәдени байлығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші қасиетті құрал» деп көрсеткен болатын.
Қазақ тілінің мәртебесін өсіру үшін және мемлекеттік тілімізді қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу үшін елімізде көптеген іс – шаралар жүргізіліп келеді. 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесі. Ең алдымен, бұл барша елге ортақ жалпы халықтық мереке, барлық ұлт өкілдеріне көрсетілген құрмет.
Қазақстанда 100 – ден астам ұлт өкілдері тұрады, әрбір ұлттың ең үлкен, ең негізгі анасы туған тілі болып саналады. Ана тілі – әрбір ұлттың, ұлыстың мақтанышы, көзінің қарашығындай көретін қазынасы, асыл мұрасы.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1997 жылы 11 – шілдеде Қазақстан Республикасының Парламенті «Тіл туралы» жаңа Заңын қабылдады. 2007 жыл «Мемлекеттік тіл жылы» деп жарияланды.
Мұғалім : Оқушылар сендер тіл туралы қандай ақпараттарды білесіңдер
Оқушы : Біздің мемлекеттік тіліміз қазақ тілі.
Оқушы : 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесі.
Мұғалім : Сынып сағатының тізгінін Тіл туралы қызықты деректерге берейік!
1) Дүние жүзінде жалпы саны 7000 тіл бар. Мамандардың айтуынша, олардың 2400-і жойылып кетеді. Статистика бойынша әр 14 күнде бір тіл өмір сүруін тоқтатады екен.
2) Қазақ тілі түркі тілдерінің тобына кіреді, ал оның ішінде ноғай және қарақалпақ тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тармағына жатады.
3) Қазақ тілін ана тілі санайтын адам саны қазіргі таңда – 11 миллион.
4) Тәуелсіз Қазақстанмен қатар, қазақ тілі Ресей Федерациясы құрамындағы Алтай Республикасының мемлекеттік тілдер құрамына енеді.
5) Қазақ тілі – интернет кеңістігіндегі контент көлемі бойынша 57-орында тұрған тіл.
6) Қытай тілінде шамамен 50 мыңнан астам иероглиф бар. Газет-журналды еркін оқи алу үшін кемінде 2000-нан аса иероглиф білу керек.
7) Солтүстік Испания мен Оңтүстік Франция облыстарының тұрғындары ешқандай тілдік семьяға жатпайтын еуропалық тілде сөйлейді. Баск тілі оқшауланған тілдер қатарына кіреді. Ол тілде тек баск жұрты ғана сөйлейді.
8) Оңтүстік Африка Республикасында 11 ресми тіл бар. Бұл әлемде тіркелген ең көп тілге жатады.
9) Бугенвил аралын мекендейтін 4 мың адам ротокас тілінде сөйлейді. Ротокас тілі 11 әріптен тұрады. Бұл әлемдегі ең қысқа әліпби болып есептеледі.
10) Ең ұзақ әліпби 72 әріптен құралған. Ол – кхмерс тілі. Оны Камбоджа мемлекетінің басым көпшілігі пайдаланады.
Мұғалім : Оқушылар сендер тіл туралы қандай мақал мәтелдер білесіңдер тексеріп көрейік.
Тіл туралы мақалдар 1. Тіл тас жарады, тас жармаса…..(бас жарады)
2. Бал тамған тілден…(у тамған)
3. Тауды, тасты жел бұзар, адамзатты…(сөз бұзар)
4. Жақсы сөз -…(жарым ырыс)
5. Қаһарлы сөз…(қамал бұзар)
. 6. Шебердің қолы ортақ, шешеннің…( тілі ортақ)
7. Жақсы байқап сөйлер, жаман…( шайқап сөйлер)
8. Бас кеспек болса да,… ( тіл кеспек жоқ)
9. Дәлелсіз сөз…(желмен тең)
10. Тіл қылыштан… (өткір)
11. Піл көтермегенді,…(тіл көтереді)
12. Тілден артық…(қазына жоқ)
13. Ана сүті бой өсіреді, Ана тілі…(ой өсіреді)
14. Жыланның уы тісінде, Адамның уы… ( тілінде)
15. Ең ащы да тіл, ең…(тәтті де тіл)
16. Өнер алды – ( қызыл тіл)
Мұғалім :Келесі кезекті оқушылардың тіл туралы өлең шумақтарына берейік.
1- оқушы.
Туған тілім – бабам тілі – өз тілім!
Туған тілім – анам тілі – өз тілім!
Туған тілім – далам тілі – өз тілім!
Туған тілім – адам тілі – өз тілім!
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде мың - мың ыстық қаным бар.
Туған тілде әнім менен сәнім бар!
Туған тілім – жүрек үнім, наныңдар, Нанбасаңдар,
Жүрегімді суырып – ақ алыңдар.
2- оқушы.Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылады сыр ойдағы,
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін
Сүйемін туған тілді –анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнім
Ең бірінші сол тілімен сыртқа шықты
Сүйгенім, сүйсінгенім, жек көргенім
3- оқушы.Тілім менің!
Ұлы Абай, Мұхтардай пірім менің Тұнығым,
Рухани жан азығым Ол бүлінсе, менің де бүлінгенім
Ана тілім, туған тілім бал тілім
Сен арқылы дүние танып талпындым
Сен арқылы әлемге аян бар ісім
Сен өмірде таусылмайтын алтыным
Мұғалім: «Ана тілім- айбыным» атты тәрбие сағатымызды мына бір өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылады сыр ойдағы,
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.- деп Әбділдә Тәжібаев ағамыз жырламақшы біздер де әрқашан тілімізді бірінші орынға қойып жүрейік.
Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп — көп рахмет.