МОӨЖ-2 тапсырмасының мақсаты – магистранттың курс барысында алған білімдері мен меңгерген біліктерін нақты практикалық тұрғыдан бағалау, шеберлік сынып арқылы түпкі нәтижеге жетуге баулу. Бұл жұмыстың негізгі міндеті магистранттардың шығармашылық, өзіндік ізденіс қабілеттерін дамыту болғандықтан, жоба арқылы магистранттың ғылыми-көпшілік стильге тән сөз мәдениетін, аудиториямен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға басымдылық беріледі. Онда магистранттың пән бойынша меңгерген тілдік және қатысымдық дағдыларын танытуына мүмкіндік туғызылады.
Кез келген мәселе егер оны орындаушы шын қаласа, өзі үшін аса маңызды деп таныса және сол ойларымен бөлісуге ынталы болса ғана жоғары нәтижеге жетуге болатыны белгілі. Сондықтан магистранттарға тақырыпты, жобаны қорғау түрін таңдау еркіндігі беріледі, Бұл олардың өз кәсіби-тілдік, мәдени-қатысымдық құзіреттіліктерін көрсетуге мүдделілігін арттыратыны сөзсіз.
Жоба жұмысының дайындық барысы жүйелі жүргізіледі. Тоғызыншы аптада жобаның тақырыбы, жанры таңдалады. Оныншы аптада оның жоспары, мазмұны мен құрылымы анықталады. Он бірінші аптада әдебиеттермен жұмыс жасалып, жобаға ұсынылатын материалдар жазбаша әзірленеді. Он екінші аптада жобаның нәтижелері анықталады. Он үшінші аптада жобаның тұсаукесер түрінде толық безендірілген соңғы нұсқасы әзірленеді. Он төртінші аптада магистранттар жұбы жобаның тұсаукесерін жасайды. Мүмкіндігінше, слайдтан басқа да қосымша көрнекі оқу материалдарды қолдануына болады. Жоба жұмысы шеберлік-сынып түрінде өткізілетіндіктен, аудиториямен жұмысқа басымдылық беріледі.
Шеберлік-сынып болғандықтан, жұмыс ауызша қорғалады. Мұндағы мақсат жұмыстың тек формасына мән бермей, магистранттың өз ойын жазбаша/ауызша жеткізу дағдыларын арнайы дайындық арқылы дамыту болып табылады. Жазбаша сөз мәтінін дайындау барысында магистрант жоба тақырыбы мен жанрына қарай материалдарды дайындап, жаңа жол табу, мәтін түзу, ой қорыту, ой жинақтау іскерліктерін шыңдауға мүмкіндік алады. Бұл орайда магистранттар этикеттік сөз орамдарын, тақырыпқа қатысты мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді, түрлі статистикалық мағлұматтарды орынды кірістіруге, өз сөздерінде қамтуға төселеді. Сонымен қатар, өз ойын жүйелеп, көпшілік алдындағы сөз мәдениеті талаптарын сақтап сөйлеу дағдылары жетілдіріледі. Өзіне берілген уақытқа сыйымды сөйлеуге дағдыланады. Мұның барлығы да магистранттың алған білімдерін тиянақтап, нақты әрекет түрінде көрсету мүмкіндіктерін арттырады.
Магистранттар жұбына қойылатын басты талаптың бірі – аудиториямен жанды байланыс орнату, аудиторияны өз тұсаукесеріне барынша қызықтырудың түрлі амал-тәсілдерін пайдалану. Бұл бағытта магистранттар жарыс сипатындағы түрлі қызықты сұрақтар, ойындар, тапсырмалар ұйымдастырады. Бұл – магистранттардың кәсіби-интеллектуалдық дағдылары мен сөз шеберлігін шыңдаудың бір жолы. Шеберлік сынып арқылы магистранттар тек өз ойы мен білген ақпаратын жеткізумен шектелмейді, аудиторияны басқару өнеріне де төселдіріледі.