Ал түркі тілдеріндегі атрибутивтің базасының кең болуы – зат есімдер мен сын есім сөздердің грамматикалық сипаты жағынан түгел сараланып шықпауының салдары.Түркі тілдерінің зат есім сөздер әлі де синкреттік күінен түгел ажырамаған.Осы сапасы арқылы ол сөздер әлі де анықтауыш компонент ретінде сөз тіркесіне қатысып жүр дейді. Шындығына келгенде, қазақ тілінде зат есім мен сын есім грамматикалық тұрпаты жағынан анық дараланған. Зат есім сөздердің атрибутивтік тіркесуге қатысуы тіліміздің синтаксистік заңдылығына сүйенеді және бұндай заңдылық көп тілдерде бар.
Бірақ ертеректе, ауызекі сөйлеу формасы басым кезде бұл тәрізді тіркестерден құрылған атаулар санаулы-ақ болатын. Атау формадағы зат есімдердің қабыса байланысқан сөз тіркестерінің атауыш сөз жасау үшін ерекше талғауына себептер бар. Тұлғасы ықшам сөздерден құрылғандықтан бұл тіркестер айтуға оңтайлы, бір атау ретінде танылуға оңай. Осы тіркестердің көбінен біріккен сөздер дамып шыққан: белбеу, қолғап, шекара,т.т.
Бұл тіркестер бір түбір тұлғалы лексема ретінде түрленуге оңай түседі: жүк машинаға тиеді. Қой қораны ертеден дайындады. Бұларға қарағанда жүк машинасын, қой қорасы дегендер шұбалаңқы көрінеді. Осы айтылғандардан шығатын қорытынды – қол сағат, жан қалта,төс қалта тәрізді сөз жасау тәсілдерін тілдің ұтымды, қалыпты амалы деп санап, оны шегеруден сақтануымыз керек .
Атау тұлғалы зат есімдердің қабысуы арқылы құрылған сөз тіркестері туралы соңғы айтарымыз – тіркеске енген компоненттер арасына сөз түсірмейді, орын қатынасы өте берік,тығыз.
«Сын есім-зат есім» типті сөз тіркестерінің құрамындағы сөздер анықтауыштық (атрибутивтік) қатынасты білдіреді: қызыл түс, ауыр жүк. Тіркеске сапалық та, қатыстық та сын есім сөздер бағыңқы компонент ретінде қатыса береді: қалың киіз, салмақты мінез. Мысалдардағы сері көл, Қорқыт кеуде, Асан қайғы жүрек – жеке шығармашылық үстінде туған тіркестер. Бұл тәрізді тіркестер - тілді байытудың, оның икемділігін молайтудың , қайнар көзі. Бұлардың бір қатары тұрақтап, тілге еніп те жатады.