Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуына бағытталған түзетулер
1. Мемлекеттік лауазымнан төмендету түріндегі тәртіптік жауапкершілігін қолдану тәртібін нақтылау туралы
Мемлекеттік қызмет туралы Заңның 44-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза кез келген төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдардың тәжірибесінде мемлекеттік қызметшіні төмендету түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту кезінде оны уақытша бос мемлекеттік лауазымға ауыстыру жағдайлары орын алған.
Сонымен бірге мемлекеттік қызмет туралы Заңның 61 бабы
1 тармағының 4) тармақшасына сәйкес еңбек шарты мерзiмiнiң аяқталуы не Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген негiздер бойынша еңбек шартының бұзылуы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына негіз болып табылады.
Еңбек кодексінің 51 бабы 4 тармағына сәйкес уақытша болмаған жұмыскердi алмастыру уақытына жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өткен күнi жұмыс орны (лауазымы) сақталған жұмыскердiң жұмысқа шығатын күнi болып табылады.
Сәйкесінше, уақытша бос лауазымда қызмет атқарған мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылуы тиіс.
Лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылатын мемлекеттік қызметшілерді заңсыз қызметтен шығару жағдайларын болдырмау мақсатында, мемлекеттік қызмет туралы Заңда уақытша лауазымға төмендетудің мүмкін еместігін көздейтін талапты бекіту ұсынылады.
2. Мемлекеттік органның жойылуы, қайта құрылуы немесе құрылымының өзгеруі кезінде мемлекеттік қызметшілерді қайта тағайындауға қатысты.
Қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын мемлекеттік органдарда лауазымдарды атқарған мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау мақсатында мемлекеттік қызмет туралы заңда, тиісті мемлекеттік орган мемлекеттік қызметшілерге тең лауазым ұсынуын көздейтін талапты бекіту қажет. Жоғары немесе төмен тұрған лауазымдар тең лауазым болмаған жағдайда ғана ұсынылуы тиіс.
Бұл ретте, Еңбек кодексінің 33 бабы 2 тармағында көзделгенге ұқсас, мемлекеттік қызметші ұсынылған лауазым бойынша өз шешімін хабарлауға тиіс мерзімді (5 жұмыс күні) белгілеу қажет.
Бұдан бөлек, басқару құрылымының өзгеруі, лауазымдарды қайта атау, нақты саны қысқартылмай, мемлекеттік орган штатының қысқартылуы кезінде қызметшінің төменгі лауазымға ғана емес, сондай-ақ жоғары тұрған лауазымға (тең лауазым болмаған жағдайда) орналасу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Бұл орайда, мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның штаттық кестесінде көзделген жоғары тұрған лауазымның біліктілік талаптарына сай болуы тиіс.
Қазіргі күні осындай жағдайлар туындаған кезде мемлекеттік қызметшіге тең лауазым, ал ол болмаған жағдайда - тек төменгі лауазым ұсынылады (мемлекеттік қызмет туралы Заңның 56 бабы 7-1 тармағы).
Сонымен бірге, басқару құрылымы өзгерген жағдайда ұсынылған лауазымнан бас тартқан мемлекеттік қызметшілерге жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеуді қарастыру ұсынылады (қазіргі уақытта жұмыстан шығу жәрдемақысы тек мемлекеттік органның қайта ұйымдастырылу немесе жойылу, лауазымның қысқартылуы кезінде төленеді).
3. Уақытша бос лауазымда отырған мемлекеттік қызметшіні осы лауазымға тұрақты негізде тағайындауды регламенттеуге қатысты
Қолданыстағы мемлекеттік қызмет туралы заңнамада негізгі қызметкер жұмысқа қосылмастан қызметтен шыққан жағдайда, бұрын оның орнына уақытша тағайындалған мемлекеттік қызметшіні осы лауазымға бірден тағайындау мүмкіндігі қарастырылмаған.
Осыған байланысты, іс жүзінде уақытша бос лауазымға орналасуға конкурстық іріктеуден өткен тұлғалар негізгі қызметкер жұмысқа қосылмастан қызметтен шыққан жағдайда, осы босаған лауазымға орналасу үшін қайтадан конкурстық іріктеден өтуі қажет.
Мүмкін болатын кадр дефициті тәуекелін төмендету және босаған лауазымға орналасу бойынша жедел шешімдерді қабылдау мақсатында,
сондай-ақ осы лауазымда функционалдық міндеттерді жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшінің бар екендігін ескере отырып, уақытша бос лауазымда отырған тұлғаларға негізгі қызметкер жұмысқа қосылмастан лауазымды босатқан жағдайда, конкурс өткізбестен осы лауазымға орналасуға мүмкіндік беру ұсынылады.
4. Мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын беру тәртібін нақтылауға қатысты.
Еңбек кодексінің 91-бабы 1) тармақшасына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде нақты жұмыс істелген уақыт еңбек өтіліне қосылады.
Еңбек кодексінің 96-бабы 2 тармағына сәйкес еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.
Тәжірибе көрсеткендей, бір мемлекеттік органнан босатылып, сол уақытта басқа мемлекеттік органға орналасқан жағдайларда, мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдарда әртүрлі тәсілдер қолданылады:
- еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы жұмыстан босатудың барлық жағдайында төленеді (мемлекеттік органдар, ведомстволар және олардың аумақтық бөлімшелері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанында дербес заңды тұлғалар болып табылады. Осыған байланысты, мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылған кезде бұрынғы жұмыс орны бойынша онымен еңбек қатынастары тоқтатылады, ал басқа мемлекеттік мекемеде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын беру үшін еңбек өтілін есептеу жаңадан басталады).
Еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігіне өтемақы төлеу, егер мемлекеттік қызметші басқа орталық мемлекеттік органға, оның ведомствосы мен аумақтық бөлімшеден ауысқан жағдайда төленеді. (мемлекеттік қызметші бір мемлекеттік орган ішінде сондай-ақ, ведомстводан немесе аумақтық бөлімшеден орталық аппаратқа ауысқан жағдайда немесе керісінше өтемақы төленбейді, егер мемлекеттік қызметшінің алдыңғы лауазымдағы нақты жұмыс жасаған уақыты соңғы лауазымдағы жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде еңбек өтіліне қосылса).
мемлекеттік қызметшіге еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігіне мемлекеттік қызмет жүйесінен кетпеген жағдайда өтемақы төленбейді.
жұмыс жасап жатқан мемлекеттік қызметшілерге жылсайынғы ақылы еңбек демалысына кепілдемелерді қамтамасыз ету және демалыс берудің бірегей тәртібін әзірлеу үшін демалысты беру кезінде мемлекеттік қызмет жүйесінде үзіліс болмауын есепке ала отырып нақты жұмыс жасаған уақытын ескеру ұсынылады.
Осыған орай, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңында мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазымнан бір уақытта конкурстық іріктеу нәтижесі, ауысу, іссапармен жіберу, сайлану ротация тәртібімен және мемлекеттік органның қайта құрылуы нәтижесінде басқа мемлекеттік лауазымға орналасып кеткен жағдайда алдыңғы лауазымдағы нақты жұмыс жасаған уақыты жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде еңбек өтіліне қосылатыны туралы норманы бекіту ұсынылады.
Сондай-ақ, заң жобасында басқа мемлекеттік органға кету барысында алдыңғы жұмыс орыны бойынша еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігіне өтемақыны төлеуді шектейтін норма қаралатын болады.
Сонымен қатар, заң жобасы аясында мемлекеттік қызметшілерге екі лауазымдық айлықақы көлемінде сауықтыру үшін берілетін жәрдемақыны төлеу мәселесінде нақтылау қажет.
Еңбек кодексіне және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес жылсайынғы ақылы еңбек демалысы Жұмыс беруші мен Қызметкердің келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
Осы орайда, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік органға мемлекеттік қызметшіге еңбек демалысына шығу кезінде сауықтыру үшін жәрдемақы төлеу міндеті белгіленген.
Осыған сәйкес, тәжірибеде басқа мемлекеттік органдардан келген және күнтізбелік жыл ішінде алдыңғы жұмыс орыны бойынша аталған жәрдемақыны алған мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысына шығу кезінде сауықтыру үшін жәрдемақы төлеу мәселесінде түсінбеушіліктер жиі орын алады.
Осы орайда, айтып өту қажет мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық мем. органдар үшін қызметкерлерге еңбекақы төлеудің біріңғай жүйесіне сәйкес мем. қызметшілердің еңбекақысын төлеу қоры әрбір мем. қызметшіге күнтізбелік жыл ішінде сауықтыру үшін жәрдемақыны бір рет төлеу есебінен белгіленген.
Осы айтылғандардың негізінде мем. қызметшілерге сауықтыру үшін берілетін жәрдемақыны күнтізбелік жыл ішінде бір рет төлеу туралы норманы заңды түрде бекіту ұсынылады.
Достарыңызбен бөлісу: |