Тоғжан ауылында Сүйіндіктің аппақ үлкен үйі жылы екен, іші толы тірелген жүк, буулы тең менен сандықтар. Оның ар жағы екі босағаға шейін текемет, алаша, тұс киізбен қоршалыпты.
Саптама мен тиін ішікті әлі тастамаған Абай бұл үйде тоңазитын емес. Биылғы көктемде алғашқы рет киіз үйге қонғалы отырғаны осы. Мұнда бір жеңіл салқындық, кең тыныс бар. Көктемдегі киіз үй Абайға әрқашан таңсық болатын.
Үлкен үйдің ортасында ала көлеңкелеу жанған тас шам бар. Сүйіндік бәйбішесімен және екі баласы - Әділбек, Асылбекпен - бәрі де қонақтармен бірге болды. Бұл үйге, әсіресе, өзгеше көктем нұрын енгізген бір жан бар. Ол Сүйіндіктің қызы - Тоғжан. Абай келгеннен бері, Тоғжан үлкен ағасы Асылбектің отауынан осы үйге бірнеше рет келіп кетті. Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді.
115 сөз