I. Кіріспе бөлім
Токсикология жеке ғылым саласы ретінде 20 ғасырдың ортасында қалыптасты. Республикада токсикологиялық зерттеулер 20 ғасырдың 50-жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Өлкелік паталогия институты (қазіргі Гигиена және эпидемиология ғылыми-зерттеу орталығы) жанынан гигиена және кәсіби патологиялық сектор ашылғаннан кейін басталды. Токсикология – улар туралы ғылым. Ветеринарлық токсикология улы заттардың жануар организміне әсер етуін зерттейді, осымен қатар олардың жануар организміндегі айналымын, ұлпалар мен ағзаларға жиналуын, жануар өнімдерімен организмнен шығуын қарастырады.
Ветеринарлық токсикологияның мақсаты дауалау әдістерін, алдын алу және емдеу шараларын жетілдіру, мал азығының, жануар текті өнімдердің құрамынан улы қоспаларды белгілеп, оларға ветеринарлықө санитарлық бағалау жүргізу.
Ғылым саласы ретінде токсикология химиялық уландырғыш заттардың организмнің тірі субстанциясы мен құрылыстық және функционалдық дәрежедегі қарым - қатынасын зерттейді.
Соңғы жылдарда ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығында химиялық заттардың кең пайдалануына орай, сыртқы қоршау жағдайын жақсартуға байланысты және азық тағамдарының экологиялық тазалығын жабдықтау шараларына байланысты ветеринарлық токсикологияның қызметтері кеңейді. Улы қоспалардың түрлеріне байланысты токсикологияның бірнеше тарауларын жіктеуге болады: азық токсикоздары, фитотоксикоздары, микотоксикоздары, минералдық токсикоздар, зоотоксинология, химиялық және әскери қару жарық заттардың токсикоздары, полихлорирденген және пластикалық материалдармен улану және т.б.
Ветеринарлық токсикология басқа да пәндермен тығыз байланысқан фармакологиямен, биохимиямен, клиникалық диагностикамен, ветеринарлық санитарлық сараптау пәнімен, патологиялық анатомия және терапиямен. Қазіргі күнде ветеринарлық токсикология аналитикалық химия әдістерімен де кең пайдаланылып отыр, себебі бұл әдістер көмегімен улану жағдайына диагноз қойылады, удың организмдегі козғалысы байқалады, жануар текті өнімдердің сапасы белгіленеді. Осы әдістердің ішінде бүгін токсикологияда ең жиі қолданылатыны физикалықхимиялық әдісі, жұқа қабатты және газ сұйықтық хроматография, ультракүлгін және атом адсорбциялық спектрометрия, ионды селективтік потенциометрия әдістері.
Токсикологияның дамуына зор үлес қосқан орыстың ұлы ғалымы С.В. Баженовтың пайымдауынша, удың жалпы биологиялық және токсикологиялық анықтамасына былай деп тұжырымдау жасау дәл сияқты: «У» дегеніміз - тірі ағзалармен өзара әсерлесуге түскен кезде, соңғысында әртүрлі патологиялық құбылыстар тудыратын немесе өлімге душар ететін кез келген химиялық зат. Мысалы, ас түзының көп мөлшері құстар, иттер, мысықтар және шошқа үшін улы, ақыры өліммен аяқталуы мүмкін.
Ветеринарлық токсикологияның терең тарихы ежелден басталады. Токсикологияның дамуына елеулі үлестерін қосқан белгілі ежелгі ғалымдар мен зерттеушілер қатарына Гиппократ, Диоскорид, Плиний, Авиценна, Гален, Клод Бернар т.б. жатқызуға болады. Дербес пәнретінде ветеринарлық токсикология Ш.Корневен деген француз ғалымының жұмыстары жарыққа шыққаннан кейін бөліне бастады.
Ресейде ветеринарлық токсикологияның дамуына көп үлесін қосқан Ф.Т.Попов деген профессор болды. Ол Харьковтағы ветеринарлық институтының құрамында алғашқы ветеринарлық токсикология кафедрасын ашты және токсикологиялық мұражайын құрды. Н.А.Сошественский ветеринарлық токсикологияның ғылыми пән ретінде қалыптасуының негізін салған ғалым. Ол бірінші әлем соғысы кезінде пайдаланған әскери уландырғыш заттардың /фосген, иприт/ жануар организміне ықпалын зерттеп, анықтамалық кітап шығарды. Жануарлардың улы өсімдіктермен улануын анықтауға көптеген жұмыстарын арнаған профессор И.А.Гусынин.
Достарыңызбен бөлісу: |