Торғай ақындарының



Pdf көрінісі
бет2/7
Дата26.01.2017
өлшемі0,79 Mb.
#2761
1   2   3   4   5   6   7
ретінде Нұрғалимен айтысынан үзінді келтіріп көрелік.  
      Уақ  Жұмабай  71  жасқа  келіп,  қартайған  шағында  Жағалбайлы    еліне  бір 
асқа  барады.  Сол  аста  Жағалбайлы  елі  Нұрғали  атты  жас  ақынын  Жұмабайға 
айдап  салады.  Нұрғали  айтысты  Жұмабайдың  перзентсіздігін,  кәрілігін  бетіне 
басып, тиісе бастайды: 
  
Мен өзім осы күнде жас ақынмын, 
Мен өзім жас та болсам бас ақынмын.  
Егер де домбыра ұстап, денем қызса, 
Қарт ақын Жүкеңдерді басатынмын.  
 
Жұмеке, айтысарлық шамаң бар ма? 
 
Мен жүйрік – жеткізбейтін шабандарға.  
 
Өз басың тіресуге жарамасаң, 
 
Тең келер таралғыға балаң бар ма? 
 
Сонда Жұмабай тұрып: 
 
 
 
Қанатын қаға алмаса сұңқар дарын, 
 
 
Менің де өлең-жырдан бұлтарғаным. 
 
 
Ағайын бала мінер көк тайыңды, 
 
 
Бәйгеге білмей қостың тұлпар барын, - 
 
деп  Жағалбайлы  елінің  үлкендеріне  қаратып  сөз  бастайды.  Содан  соң 
Нұрғалиға бұрылып: 
 
Шамаңды, көлеміңді байқа балам, 
Жөн болар шалабыңды шайқамаған. 
Өлеңші ата келіп бата берген.  
Бір қонып кеткенің жөн қайта маған.  
Кеудемде дауылды өлең ұясы бар, 
Сендейлер шыға алмайтын қиясы – жар.  
Төбемде қаз бауыр бұлт әлі де тұр, 
Шамдансам жыр нөсерін құя салар... 
 
... Бүгін мен көрсетейін көресіңді, 
Шығарып жұрт алдында өлесіңді. 
Кімсің сен, қайдан шықтың, қай ақынсың, 
Өлеңге билік айтар төре-сынды, –  
 
деп  бір  қайырып  алып,  Нұрғали  тосылып,  үндемегеннен  кейін  әрі  қарай  7-8 
буынды жыр үлгісімен төкпелете жөнеледі: 

 
11 
 
... Сөз сөйледім жасымнан, 
Кетпей жүр қайғы басымнан.  
Кәміл пірім қайдасың, 
17 жаста қосылған.  
Қарсыласпай қалам ба, 
Бар екен дұшпан басынған.  
Түйін қабақ тас түлек 
Қалыңнан қасқыр іледі. 
Түрікпеннің наркескен 
Бауырдай тасты тіледі.  
Оза шауып бәйгі алдым, 
Бұл қай жақта жүр еді, 
Нұрғали атты жас бала 
Сөз мәнісін білмеді.  
71-дегі кәрі шал, 
Маған да не деп күлгені, –  
 
дей келіп, ұзақ айтысты былай аяқтайды: 
 
... Тоқта, бала, көзіңді аш, 
Жігіттікке болмас мас. 
Байлық-жарлылық білдірмес, 
Бұтқа біткен екі тас. 
Аз бен көпті байқатпас,  
Жиырма бесте қызба жас. 
Дәу қарағай құласа, 
Баялышпен тең болмас. 
Ақсұңқардың баласы 
Құладын құсқа жем болмас. 
Қудың өті болмаса, 
Қарғаның өті ем болмас.  
Қартаймақ түгіл өлсем де, 
Молам сенен кем болмас! 
 
      Поэзияның  сәні  де,  нәрі  де  тіл.  Бұл  –  аксиома.  Өлең  сөздің  тегі  –  бейнелі 
сөйлеу.  Ақындықтың хас биігі  –  “ақындарша ойлау”  – бейнелі  ойлау,  дүниені 
образбен  көру,  құбылыстың  поэтикалық  рухы  мен  таңбаларын  нәзіктікпен 
түсіну.  Сылдыр  сөз  –  сурет  емес,  кескінді  зергерлікпен  тінін  тұтастырған 
зерделі  ой  [9,  94  б.].  Байқап  отырғанымыздай,  Уақ  Жұмабай  өлеңінде  кестелі 
сурет  те,  зерделі  ой  да  бар.  Екеуі  тұтас  келіп,  ақынның  суреткерлік  шеберлігі 
мен оның ақындық құлашының кең екенін танытады. Жалпы қазақ поэзиясында 
сұңқар,  тұлпар  сөздерінің  әбден  таптаурын  болған  тұрақты  тропқа  айналғаны 
белгілі.  Қазіргі  әдебиеттану  тілімен  айтсақ,  бұл  сөздер  әлдеқашан  өз  алдына 
поэтикалық  таңбаларға  (“теория  знаков”)  айналған.  Алайда,  Жұмабай    бұл 

 
12 
сөздерді  басқаша  ұғымда  қолданады.  Мәселен,  сұңқар  сөзін  дарын  сөзімен 
тіркестіріп,  зат  есімді  анықтауыштық  мағынада  қолданып  әдемі  троп  жасаса,  
тұлпар сөзін тай сөзімен салыстырмалы түрде пайдаланып, қарсылас ақын мен 
өзінің  ара  салмағын  көрсетуде  ұтымды  пайдаланады.  “Шамасын  байқау”, 
“Шалабын шайқамау” сияқты тұрақты сөз тіркестері мен “дауылды өлең ұясы”, 
“түйін қабақ тастүлек” сияқты эпитеттер мен троптар өлеңнің көркемдік жағын 
ғана  көркейтіп  тұрған  жоқ,  ақынның  айтар  ойымен  ұштасып  шебер  жасалған 
өлеңнің  бағасын  биіктетіп  тұр.  Ал,  қазіргі  поэзиямызда  да,  айтыс  ақындары 
өлеңдерінде де  жиі қолданылып жүрген “қаз бауыр бұлт”, “жыр нөсері” секілді 
тіркестердің  тамыры  тереңде  жатқандығын  біз  Жұмабай  өлеңіндегі 
қолданысынан аңғарып отырмыз.  
     “Түрікпеннің  наркескен,  бауырдай  тасты  тіледі”,  –  деген  жолдағы  алғашқы 
тіркестің  екінші  компонентіндегі  тәуелдік  формасының  түсіп  қалып 
қолданылуы,  “Қыз  Жібек”  жырындағы  “Базарбайдың  Төлеген”  деген  тіркесті 
еске  түсіреді.  Сөз  тіркесінің  бұлайша  қолданылуы  қазақ  әдебиетінде    көбіне 
еліміздің батыс өңіріндегі ақындық мектептерге тән:  
 
 
... Сәрсенбінің сәтті күн, 
 
Шаттанып шағбан айында... 
 
 
 
 
(Қалнияз) [10,56 б.]. 
 
 
... Маңғыстаудың үш түбек, 
 
Қонысым қиғаш ауысты-ай... 
 
 
 
 
(Аралбай) [10, 200 б.]. 
 
 
... Айтпасыма қоя ма, 
 
Алланың берген жорғалық... 
 
 
 
 
(Өмір) [10, 226 б.]. 
 
      Уақ Жұмабай ақын өлеңіндегі сөз тіркесінің бұлай қолданылуы батыс өңірі 
мен  Торғай  өңірі  ақындық  мектептерінің  арасындағы  өзара  әдеби  байланыс 
әсерінен  болса  керек.  Торғай  ақындары  мен  батыс  өңірі  ақындарының 
шығармашылығындағы  мұндай  ұқсастықтар  өте  жиі  ұшырасып  отырады.  Бұл 
Торғай өлкесінің Сарыарқа мен батыс аймақтың  шекарасында орналасуының, 
Торғай  мен  Ақтөбе  аймақтарының  ежелден  құдандалы,  ауылы  аралас,  қойы 
қоралас, төсекте басы, төскейде малы бірге, ас пен тойы бір-бірінсіз өтпейтін ел 
болуының ықпалынан екені даусыз.  
      Уақ Жұмабайдың  сөздері көркем болуымен қатар, ойлылығымен де құнды. 
Кәрілігі  мен  баласыздығын  бетіне  басқан  Нұрғалиға  қайтарған  жауабында 
Жұмабайдың ақындық шеберлігі терме түрінде айтылған жырдың мәнділігімен, 
мазмұндылығымен  ерекшеленеді.  Жұмабай  стиліне  бір-біріне  қарама-қайшы 
ұғымдарды  салыстыра  отырып  ой  айту  тән.  Мысалы:  кәрілік  пен  жастықты 
бейнелі түрде дәу қарағай мен баялыш, ақсұңқар мен құладын, қарға мен аққу 
ұғымдарымен алмастыра отырып, философиялық толғам-терме ретінде ойлы да 
дәйекті   уәж айтады.  

 
13 
       “Кәміл  пірім  қайдасың,  17  жаста  қосылған”,  –  деп  айтуына  қарағанда 
Жұмабай  ақын  өлеңді  ерте  бастағанға  ұқсайды.  Жұмабай  ақынның  өз 
сөздерінде де, ел аузында да Жұмабайға 17 жасында “Өлеңші ата” аянмен бата 
берген деген аңыз бар. Мұндай құбылыс қазақ ақындарының көбінде кездеседі. 
Мәселен, Сүйінбайдың “Жолбарысы”, Кемпірбайдың “Көк ала үйрегі” т.б.  
     Халық  ақындарының  ақындық  туралы  ұғым,  әдеттері  әр  түрлі,  бір-біріне 
қарама қарсы қайшылықты көзқараспен айтылған. Мәселен, ақындықты түсінде 
көріп  қабылдау,  ақындықты батамен  алу,  ақындық ұрпақ,  тұқым  қуалап  қону, 
үйренумен,  еңбекпен  ақын  болу  сияқты.  Қазақтың  бұрын-соңғы  ақын 
жыраулары қалай ақын болдың дегенде айтатын жауаптарының негізгі осы төрт 
түрлі ұғымға, әдетке айналып соқпай кетпейді.  
     Бірталай  ақындар  ақындықты  киелі,  әруақты,  бір  жат  сырлы  қасиет  деп 
түсінеді.  Әрбір  өнердің  белгілі  бір  иірі,  қолдаушысы,  иесі  болады  деген  көне 
дәуірдегі  шамандық  дін  ұғымының  қалдығы  кейбір  ақындардың  ақындық 
жөніндегі түсініктерінде осы күнге дейін сақталып келген.  
       Ақындардың  айтуына  қарағанда,  ақын  болар  кезде  түс  көргіш  болады, 
шошып  оянып,  мазасы  кетеді,  ол  түсінде  белгісіз  ақсақалды  қарияны  көреді 
немесе  ертеде  өткен,  атын  білетін,  яки,  сол  өзінің  еліне  мәлім  атақты  ақын 
келіп, аян беріп домбырасын  ұсынады, не белгісіз қария, не әлгі белгілі ақын, 
мұны мазалап ақындыққа шақыра береді [1, 74 б.].  
       Атеизмге  негізделген  кеңестік  идеология  заманында  өмір  сүрген  ғалым  Е. 
Ысмайылов мұндай құбылысты шаманизмнің қалдықтарына тығыз байланысты 
материалистік  дүние  тануға  қайшы  ескі  идеалистік  көзқарастары  деп 
бағалағанымен,  қазіргі  замандағы  әр  түрлі  құпия  құбылыстардың  сырлары 
ашыла бастаған жаңалықтар уақытында ақындық “кие”  құбылысының да құпия 
сыры ашылады деп сенеміз.  
     17 жасында “Өлеңші ата” аян берген Жұмабай ақынның бізге жеткен әдеби 
мұрасы  қартайған  шағындағы  айтыс  өлеңдері  ғана.  Әбден  толысып,  ақындық 
қуатының  дер  шағында  айтылған  бұл  өлеңдердің  көркемдік  құндылығы    мен 
шеберлігі  ақынның  бұған  дейін  ұзақ  ақындық  өсіп-жетілу,  даму  жолынан 
өткендігін аңғартады.  
      Уақ 
Жұмабай  ақынның  тағы  бір  сөз  сайысы  әйгілі  Нұржан 
Наушабайұлымен  болған  айтыс.  Қазақ  әдебиеті  тарихында  діни-ағартушылық 
бағыттағы  өлең-назымдарымен  “Сегіз  сері”  дастанымен  және  жұмбақ 
айтыстарымен  белгілі  Нұржан  Наушабайұлы  Қостанай  өңірінде  өмір  сүрген. 
Нұржан ақындығымен бірге жаурыны жерге тимеген палуан, бал бармақ күйші, 
жезтаңдай  әнші  болғандығын  ағартушы  Ыбырай  Алтынсаринге  қатысты 
әңгімелерден білеміз.  
      Бұл  айтыс  1908  жылы  Қарақыпшақ  Жасыбай  ауылында  болған  екен.  Сол 
ауылда  қыдырып  жүрген  Жұмабай  ақын  Нұржанмен  кездеседі.  Қаумалаған 
Нұржанның руластары кеу-кеулеп екеуін айтыстырады. Ел-жұртын арқаланған 
Нұржан  өз  руын,  өзін  мақтай  келіп,  Жұмабайдың  кәрілігін  тілге  тиек  ете 
отырып сөзін былайша аяқтайды: 
 
... Мен тек айыл жүйрікпін, 

 
14 
Алты бассам таусылар, 
Алты айшылық өктемім. 
Ит өлген жерге айдай бер, 
Жалғар жалқау көк перім. 
Мағырып пен Машырықтың, 
Арасына жеткенше, 
Сыр беремін деп пе едім?! 
Арғын-қыпшақ жиылса, 
Мен тұрғанда сөйлейтін, 
Бар ма, қазақ, жоқ теңім?! 
Домбырасын қолтықтап, 
Қутыңдаған шалың кім, 
Түрінбей келген шекпенін?! 
 
Сонда Жұмабай сөз бастайды: 
 
Сөз сөйледім жасымнан, 
Кетпей жүр қайғы басымнан. 
Кәміл пірім қайдасың 
17 жаста қосылған... 
 
       Бұл  жерде  назарға  аларлық  бір  жайт,  Жұмабай  ақынның  айтысты  осы 
шумақпен  бастайтындығы.  Бұл  қазақ  ақындарына  тән  аруақ,  кие  шақыру 
дәстүрінен  туындаған  болса  керек.  Яғни,  бұл  жерде  Сүйінбайдың  құлағын 
ысқылауы, Нартайдың мұртын ширатуы секілді шабыт шақыру салтын еске ала 
кеткен орынды.  
      Халық  ақындары  суырып  салып  өлең  айтарда  әуелі  домбырасын  күйлеп, 
өзімен өзі, яки, өзінің домбырасымен кеңескендей, немесе, ақындық “аруағын” 
шақырғандай  айғайлап,  өзі,  өзінің  ақындығы  туралы  бірер  ауыз  сөз  айтып 
серпіліп, бой жазып алады [1, 75 б.]. Жамбылдың: “Менің пірім – Сүйінбай, Сөз  
сөйлемен сиынбай!” – дегені де осы дәстүрдің көрінісі.  
      “Кәміл пірін” шақырғаннан кейін Жұмабай ақын сөзін әрі қарай жалғайды.  
... Тым озатын қол қысқа, 
Ақын болсаң жаз нұсқа. 
Түркістан, Сібір, Орынбор, 
Дабылым кетті алысқа.  
Құланиек күн шықпай 
Тоймаушы едім шабысқа.  
Сыр бермеге жоқ едім, 
Сілтеуші едім алысқа.  
Асыл ердің белгісі – 
Жанын қияр намысқа, 
Жамандықтың белгісі – 
Өзін-өзі мақтаған, 
Мақтаншақ жұртқа жақпаған, 

 
15 
Осы айтқаным анық па?! 
Алып қашпа екенсің, 
Көбік ауыз қарыспа.  
Зорыққанын білмейтін, 
Құр құмарсың жарысқа.  
Айт дегенге арс етіп, 
Етегіме жабыспа! 
Сен бір сайтан көбелек, 
От алып түскен қамысқа.  
Құтырған төбет секілді, 
Әл жетпеспен алыспа! 
Менің атым – Жұмабай,  
Меніменен қағыспа! 
Меніменен қағыссаң, 
Ісің кетер шалысқа. 
Жер тағысы сен болсаң, 
Көк тағысы мен едім, 
Тырнағыңды салыспа, – 
 
деп қарсыласының мысын басып, бейнелі тіркестер мен троптарды түйдегімен 
қолдана отырып көсіледі. 
 
... Ойнашы шырақ теңіңмен, 
Ұшпайсың көкке көңліңмен. 
Майдандасып, кектескен 
Дұшпаның емен сенің мен. 
Орынсыз жерге ұрынбай, 
Сөйлесеңші жөніңмен 
Сөйлемесең жөніңмен, 
Мұзға түскен қаңбақтай, 
Ұшырармын деміммен. 
Сүйегің майда күл болар, 
Бір сипасам жеңіммен... 
 
Суырып  салынып  айтылған  осы  өлеңнің  өзі-ақ  Жұмабай  ақынның  асқан 
дарын  иесі  екендігінен  хабар  бергендей.  Жұмабай  ақын  айтыстарынан 
байқайтынымыз  –  оның  әрбір    өлеңі  теңеу,  эпитет,  метонимия,  метафора  т.б. 
көркемдік  бояуларға  қаныққан,  қанша  уақыт  өтсе  де  тозбайтын,  тотықпайтын 
шымыр  өлеңдер  екендігі,  осы  күнгі  дамыған  айтыс  өлеңдерімен  салыстыра 
қарасақ  та  тұғырынан  таймайтындығы.  Табанда  уәж  тауып  айту,  тапқырлығы 
жағынан да деңгейі жоғары. Қай қырынан алып қарасақ та міні жоқ Жұмабай 
ақынның өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі қисындылығы мен ойлылығы. Ол осы 
айтыста кәрілігін сынаған Нұржанға берген жауабында құрғақ сөзбен сытылып 
өте    шықпай,  өмірдің  сан  алуан  қатпарына  үңіліп,  кәрілік  пен  жастыққа 
байланысты философиялық ойға толы қисынды жауап қайтарады. 

 
16 
  
... Адамның жақсы асылы, 
Кірсіз таза нәсілі. 
Орынсыз ғайып соқтықпас, 
Ақылының басымы. 
Көрінгенге шабысар,  
Ақылсыздың кәсібі. 
Халыққа мәлім емес пе,  
Кімнен кімнің басымы.  
Біреу жарлы, біреу бай, 
Біреу ауру, біреу сау, 
Мен бе істеген осыны?! 
Біреу тақта, біреу құл, 
Біреу жетім, біреу тұл.  
Адамзаттың асылы, 
Жоқтан бар боп тумай ма?! 
Қартаймай ма, тозбай ма?! 
Өлмей-жітпей, өзгермей, 
Соқтыменен жүретін, 
Шайтанның ба едің нәсілі.  
Жас қартайып, тозбай ма, 
Жарлы байып, оңбай ма, 
Батырға бір оқ кез келсе,  
Бәйшешектей  солмай ма?! 
Алтын тақтан хан тайса, 
Қарашы бір күн болмай ма?! 
Бақыт деген бір қаңбақ,  
Бақыты жерге қонбай ма?! 
Бақыты кетсе желменен,  
Бетіне кетіп қалмай ма?! – 
 
деп толғанған Жұмабай ақын өлеңдерінің әр жолы мақал немесе мәтел сияқты: 
“Адамның  жақсы  асылы  –  кірсіз  таза  нәсілі”,  “Орынсыз  ғайып  соқтықпас  – 
ақылының басымы, көрінгенге шабысар – ақылсыздың кәсібі”, “Жас қартайып 
тозбай  ма,  жарлы  байып  оңбай  ма”  немесе  “Алтын  тақтан  хан  тайса,  қарашы 
болар”. Нұржан өлеңді жазып шығарады екен, Жұмабай ақынның сөзінен кейін 
қағаз-қаламын қолына ала берген Нұржанға Жұмабай: 
  
Ай, Нұржан, Нұржан сөйлегін, 
Домбыраңды қолға алып. 
Әкетейін деп пе едің, 
Ашуың келіп, долданып, 
Бастырайын деп пе едің, 
Үкіміңді қолданып.  
Аттыға жаяу ергендей, 

 
17 
Қағазыңды шимайлап, 
Не айтпақ едің зорланып.  
Күркірейін аспаннан, 
Жауатын бұлттай торланып, 
Ақын болсаң сөзге ұста, 
Ғибрат, үлгі, жаз нұсқа, 
Қиялдан терең ойланып, – 
 
деп  суырып  салма  айтысқа  шақырады.  Айтыстың  сәні  әнде,  мәні  сөзде  дей 
келіп, әрі қарай термелей жөнеледі. 
  
Айтыспақ болсаң менімен, 
Домбыраңды ал толғанып.  
Жарасады айтысқан, 
Әнге басып ыңыранып.  
Саған тиген жан бар ма, 
Отырсың неге бұлданып?! 
Ақын болсаң қайтейін, 
Айтысып ақын жеңген жоқ.  
Батыр болсаң қайтейін, 
Көмек сұрай келгем жоқ.  
Молда болсаң қайтейін, 
Жансыз дала жапанда,  
Иман таппай өлгем жоқ.  
Бай болсаң, Нұржан, қайтейін, 
Қайырыңды көргем жоқ.  
Би болсаң, Нұржан, қайтейін,  
Құны кетіп атамның 
Еңбегі кетіп баламның, 
Жалалы болып немесе, 
Билігіңе көнгем жоқ. 
Кедей болсаң қайтейін,  
Құба шекпен үстімде, 
Қара шолақ астымда, 
Жан қалтамда бір сом жоқ, 
Өзімде жарып жүргем жоқ, – 
 
деп Жұмабай төгіле жөнелгенде, Нұржан тоқтатып: 
  
Еңкейіп еңбек етіп еккенімді, 
Пісіріп өзім ордым сепкенімді.  
Әлеумет, айып етіп аңыз қылма,  
Кішілік үлкен шалға еткенімді.  
Дарияның тасқынында кете бардым, 
Нұржаның қанжығаға бөктерілді.  

 
18 
Аталы сөзге тұрмай ақымақтарша, 
Ағаменен болмайын жеккөрінді. 
Торқалы көгаланы көлденең тартып, 
Үстіне жауып мына шекпенімді. 
Құдайым сөз байлығын берген екен, 
Жүкеңнің қасиеті көп көрінді.  
Көріп ем мұнан бұрын көп ақынды, 
Бәрі де қойып еді бет беруді. 
Қамалып, қашқанменен құтылмастай, 
Бөгеді бөгет салып өткелімді.  
 
Жұмеке, сырттан сізге қанық едім, 
Келгеннен кескініңнен танып едім.  
Шамырқанбай шарбысын көрсетпес деп,  
Азырақ шаужайыңнан қағып едім.  
 
Сыртыңнан екпініңді білуші едім, 
Құдай-ау, бір кез қыл деп тілеуші едім.  
Болғанда сіз – дария, біз – шұқанақ, 
Құмар боп ғазеліңе жүруші едім, –  
 
деп  сөзге  тоқтап,  жеңілгенін  мойындап,  шапан  жауып,  астындағы  атын 
мінгізеді.  Жұмабай ақын да  Нұржанның  атына  қанық  екен,  оның  бала  кезінен 
бастап, елге еткен еңбегін тізбелей келіп: 
 
... Сағынған ағаң мен болсам, 
Аңсаған інім сен болсаң, 
Шу дегенше тұсалып, 
Бұл не сөз деп ойладым,  
Нұржанжан несін сынайсың, 
Қамыт соғып қажыған 
Кәрі тарлан жорғаның. 
Шекпеніңді шен тұтып, 
Нұржанның берген сыйы деп, 
Әр жерге айта жүрейін, 
Қоржыныма жайлағын. 
Көгалаңды өзің мін 
Атыңды сыйлап, Нұржаным,  
Аруағыңа байладым.  
Ұлы шаң көрмей, терлемен, 
Асқар тау көрмей, өрлемен.  
Сені көріп есіме 
Түсіп кетті Нұржаным, 
Қайдағым мен жайдағым! – 
 

 
19 
деп батасын беріп, атын өзіне қайырыпты.  
     Жоғарыдағы  Нұржанның:  “Сыртыңнан  екпініңді  білуші  едім,  Құдай-ау,  бір 
кез  қыл  деп  тілеуші  едім,  болғанда  сіз  –  дария,  біз  –  шұқанақ,  құмар  боп 
ғазеліңе  жүруші  едім”,  –  деген  сөзіне  және  Уақ  Жұмабай  ақынның  өз 
өлеңіндегі:  
 
 
... Құлан иек күн шықпай, 
 
 
Тоймаушы едім шабысқа. 
 
 
Түркістан, Сібір, Орынбор, 
 
 
Дабылым кетті алысқа! – 
 
деген  сөздерге  қарап  отырып  заманында  Жұмабай  Шалабайұлы  есімі  қазаққа 
танымал  ақын  болған  деп  шамалаймыз.  Бұл  айтыс  Қазақстан  Ғылым 
Академиясының  Орталық  ғылыми  кітапханасында,  қолжазбалар  қорында 
сақтаулы тұр. Осы қолжазбада Жұмабай мен Нұржанның жоғарыда біз талдау 
жасаған айтысынан басқа, хат арқылы жұмбақтасып айтысқан жазба айтысы да 
бар екен. Қолжазба араб әрпімен жазылған, 11 беттен тұрады. Қазақстан Ғылым 
Академиясына  1945  жылы  табыс  етілген.  Тапсырушының  аты-жөні  белгісіз. 
Аталған жұмбақ айтыстың тарихи құндылығы басым. 1916 жылы Нұржан ақын 
Қостанайдағы  ақ  патшаның  “Маусым  жарлығынан  кейінгі  зорлық-зобалаңды 
жұмбақтап  “Торғайдағы  туғандарға”  хат  жазып  жіберген  екен.  Осы  жұмбақ-
хаттың шешімін Жұмабай ақын табады:  
 
Тобылдың биік көк жары – 
Қостанайдың қаласы, 
Қағынды деген сөз екен.  
Жалын шығып жарынан, 
Өртеніп жатқан кез екен. 
Ор бойында Орынбор 
Губернеміз сол екен.  
Онда қайғы мол екен. 
Қу қарағай – ақ сақал, 
Ақ терегі – ақ патша, 
Старшын, бұлты – поп екен. 
Жанып жатқан жалпақ өрт – 
Сорлық қазақ елі екен.  
Жанып жатқан жас шырпы – 
Елдің балғын ұлы екен, - 
 
деп қазақ елінің басына түскен қалың қасіреті, әскерге алынып жатқан қыршын 
жастардың қамын ойлап егіледі. “Маусым жарлығын” дүлей өртке теңейді. 
... Өзін қапқан көк төбет – 
Өзінен шыққан зор екен. 
Қысы суық, жері отты – 
Патшаның зәрлі заңы екен.  
Матаулы қалған биесі – 

 
20 
Сорлы болған ана екен.  
Өртенген елді меңгерген,  
Залым патша жау екен... 
 
     Осы  жолдарды  оқып  отырып,  көз  алдыңызға  зарлаған  шалдар,  аңыраған 
аналар,  оларды  зарлатып,  аңыратып  жүрген  “өзімізден  шыққан  зорлар”  – 
отаршыл ақ патшаның сойылын соғып жүрген болыс, ауылнай, старшындардың 
ұсқынсыз кейпі көрініс беріп, залым патша салған оттан өртенген барша қазақ 
даласының күйік исі қолқамызды қақпандай әсерде қаламыз.  
... Торғайда қазақ топтанып,  
Хан сайлады деген соң, 
Патшаға қарсы тұруға, 
Бел байлады деген соң.  
Қолдан бала бермеуге, 
Көнбей жатыр деген соң.  
Айтқанына болыстың, 
Ермей жатыр деген соң.  
Сұрағанын патшаның 
Бермей жатыр деген соң.  
Бір Құдайға сыйынып, 
Қарсыласпақ деген соң.  
Бір тілекке сыйынып, 
Қамшы баспақ деген соң.  
Сарала туы салбырап,  
Қырға шықты деген соң, 
Көтеріліп, ұлғайтып, 
Шыңға шықты деген соң. 
Ел түйініп бірбеткей 
Қонысқа шықты деген соң... – 
 
деген  жолдардан  Кеңес  заманында  бүркемеленіп  “Аманкелді  көтерілісі”  деп 
аталған,  ал  шындығында  Әбдіғапар  Жанбосынұлын  хан  сайлап,  сары  ала  ту 
көтеріп  отаршыл  Ресейден  бөлінбек  болған  Торғай  қазақтарының  ұлт-азаттық 
көтерілісінің мазмұны мен мақсат-мүддесін тануға болады. Бұл  – тарихшылар 
үшін  аса  құнды  материал  екені  даусыз.  Уақ  Жұмабай  шығарларының  кеңес 
заманында жарыққа шықпауының тағы бір себебі осы болса керек.  
      Неге  екені  белгісіз,  біздің  жоғарыда  талдап  көрсеткен  екі  айтыс  та, 
ешқандай  айтыс  жинақтарына  енгізілмеген.  Көркемдігі  жағынан  болсын,  өлең 
құрылысы,  уәж  тауып  айту  жағы  болсын,  мазмұны  мен  мән-мағыналық 
қырынан  алып  қарағанда  да  Жұмабай  ақын  айтыстарының  “Айтыс” 
жинақтарында жарияланып жүрген көп айтыстардан өресі биік, деңгейі жоғары.  
      Уақ  Жұмабай  Шалабайұлы  Торғай  ақындық  мектебінің  негізін  салушы. 
Болашақта  оның  басқа  да  шығармалары  табылып,  жеке  зерттеу  нысанасы 
ретінде  шығармашылығы  зерттеліп,  зерделеніп  әдебиет  тарихынан  өз  орнын 
алады деген сенмдеміз. Уақ Жұмабай ақыннан тәлім алған, соның шекпенінен 

 
21 
шыққан  Есенжол  Жанұзақұлы,  Сейдахмет  Бейсенұлы,  Құбаша  Шалбайұлы,  
Әбіқай  Нұртазаұлы,  Иманқұлдың  Әбдірахманы,  Күдері  Жолдыбайұлы, 
Қашқынбай  Қазұлы  сияқты  ақындар  Жұмабай  ақынды  қадір  тұтып  өткен. 
Мысалы Есенжол ақын:  
 
 
 
... Айына бір соқпасам Жұмабайға, 
 
 
Қалам  ғой Құдайға да, ұнамай да. 
 
 
Өлеңнің от қызуы тік көтеріп,  
 
 
Келеді ол көп ауруға құламай да, – 
 
десе, Сейдахмет ақын Ахмет Байтұрсынұлына арналған өлеңінде: 
  
... Өлеңі бұғалыққа бағынбаған, 
Толқындай бұйраланып ағындаған.  
Ақыннан Жұмабайдай Фатиха алды, 
Құранның шындығындай дарынды адам, – 
 
деп  дәріптеп,  Ахметтің  Жұмабай  ақыннан  бата  алғандығын  айтады.  Ал,                   


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет