1916 жылы 25 маусымда Николай патша Орта Азия, Қазақстан және тағы
бірқатар өлкеден 19 бен 43 жас араларындағыларды "қорғаныс бекіністерін
және әскери шептерін" жасауға жұмысқа алу туралы жарлыққа қол қойды. Осы
жылдың 28 маусым күні ішкі істер министрлігі мен қорғаныс министрінің
"бұратана халықтарды" тыл жұмыстарына "реквизициялау" (мүлікті мемлекет
қарамағына еріксіз алу) туралы бұйрығы Қазақстанға телеграф арқылы жетіп
үлгерді [62].
Қазіргі кезде тарихшыларымыз бен ғалымдарымыздың ашық айтқанындай,
1916 жылғы көтерілісті зерттеуде әдейі бүркемеленген оқиғалар көп екені рас.
Ол әсіресе торғайлықтарға аян. Шынына келсек сол көтерілістің ең пәрменді
әрі берік ұйымдасқан жері Торғай даласы еді. Көтерілісті бастап шыққан
арғындардан Оспан Шолақұлы, қыпшақтан Әбдіғапар Жанбосынұлы болатын.
Көтерілісшілер оларды хан сайлады. Осы атау кейін аталған екі адамды да
тарихтан сызып тастауға себепші болды. Бұл қиямет әлі де түзетілген жоқ.
Алайда алғашқы тарихты жасаушылар М. Тынышбайұлы, С. Асфендияров, Ә.
Бөкейханов сынды зиялылар шындықты айтпай кеткен жоқ. Ә. Бөкейханов пен
Шестаковтың "1916 жыл" еңбегінде [63] "Қысқа қарсы Торғай елі Әбдіғапарды
хан сайлап, патшаға қарсы соғыс ашады" деп әділін ашық жазады [64].
Кеңес заманында ақиқаты ашылмай, жалған жазылған 1916 жылғы ұлт-
азаттық көтеріліс туралы тарихшы ғалымдардың пікірі осындай. Қазақстан
жеріндегі бұл көтерілістің негізгі екі ошағы болды. Олар: Жетісу және Торғай.
Торғайдағы көтеріліс ошағы туралы сөз болғанда Амангелді Иманов пен Әліби
Жангелдиннің есімі ғана айтылып келді. Ал, көтерілістің ұйымдастырушылары
Оспан Шолақұлы мен Әбдіғапар Жанбосынұлы, Кейкі Көкембайұлы сияқты
батырлар тарихтың тасасында қалып қойды. Тіпті кеңес заманында жазылған
93
кейбір шығармаларда жағымсыз кейіпкерлер ретінде көрсетілді. Тек қана
жазушы Ақан Нұрмановтың "Құланның ажалы" романында Кейкі батырдың
нағыз шынайы бейнесі көрсетілді.
Кеңес заманында 1916 жылғы көтерілісті шаруалар көтерілісі етіп көрсетіп,
Ресейдегі Азамат соғысымен, қазан төңкерісімен сабақтастыру көзделді. Ал,
шынын мәнінде бұл көтеріліс патша өкіметіне қарсы ұлтты азат ету жолындағы
көтеріліс болатын. Тарихшылар арасында Торғайдағы көтерілістің көсемдері
Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин мен Әбдіғапар Жанбосынұлы арасындағы
жағдайлар туралы әртүрлі пікірлер бар.
Егер Амангелді шапшаң, өткір, ұшқыр жан болса, Әбдіғапар байсалды,
ойшыл жан еді. Амангелді қалың топтың алдында ешбір жаннан сескенбейтін
жүрек жұтқан қас батыр болса, Әбдіғапар мәселені тереңнен ойлап, алыстан
толғап, ел азаматтарымен ақылдасып шешуді қалайтын кемеңгерлігі басым.
Ресей мемлекетінің астанасынан келген Әліби болса, қозғалысқа идеялық
сарын, болашаққа көз салар болжамдық дарытты. Қалай болғанда да бұл үш
тарихи тұлғаның одағы Торғай өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілістің төңкерістік
дәрежеге көтерілуіне әкелді [62].
Кеңестік кезеңде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы көптеген
шығармалар, оның ішінде проза, поэзия, драма жанрларындағы шығармалар
жазылды. Бұл шығармалар авторларының арасында Торғай ақындық мектебінің
өкілдері де баршылық. Атап айтқанда, Омар Шипин, Нұрхан Ахметбеков,
Күдері Жолдыбаев, Сәт Есенбаевтар Торғайдағы көтерілістің куәгерлері
ретінде бұл тақырыпқа көбірек қалам сілтеді. Алайда кеңестік цензура олардың
тарихи шындықтан ауытқуына әсер етпей қойған жоқ. Аталған ақындар
шығармаларында Амангелді мен Әлібидің бейнесі ғана сомдалып, көтеріліс
көсемі Әбдіғапар мен Оспан бейнелері жағымсыз етіп көрсетіледі немесе мүлде
аталмайды. Біздің қолымызға 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбына
арналған Файзолла Сатыбалдыұлының "Әбдіғапар хан" деп аталатын поэмасы
тиді. Бұл поэма біздің шамалауымызша Файзолла Сатыбалдыұлы сотталмай
тұрғанда – 20-жылдардың аяғында жазылған. Поэма негізгі төрт бөлімнен
тұрады. Бірінші бөлім кіріспе, екінші бөлімде көтерілістің ұйымдасуы, үшінші
бөлімде көтерілістің шарықтау шегі – Күйік, Доғал, Татыр шайқастары туралы
айтылады. Ал, төртінші бөлімде қорытынды берілген.
Ақынның бұл шығармасы сол кезеңде 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс
тарихын бұрмалап көрсетушілерге жауап ретінде жазылған. Кеңес өкіметі
орнағаннан кейін Амангелді өліміне Әбдіғапарды кінәлі етіп тауып, оған және
Кейкі батыр Көкембайұлына жалалы қара күйе аямай жағылған болатын.
Жалған жалаға шыдамаған ақын ақиқатын айту үшін қолына еріксіз қалам
алған. Кіріспе бөлім негізінен оқырманға арналған.
Бұл заман – байқасаңыз жұмбақ сапар,
Айламен жақсыларды болды матар.
Ел ұстап, тұлпар мініп, ту көтерген,
Есімнен кетпей қойды Әбдіғапар.
94
Патшаға екі ғасыр болдық отар,
Дәміміз осы болар әлі татар.
Хан болған 13 болыс, үш Торғайға,
Жігіттің сұлтаны еді-ау Әбдіғапар.
Еске алсам елжірейді жүрек, бауыр,
Дүниеге сирек келер ондай тәуір.
Сабырлы ақыл иесі, білімге бай,
Ерекше бір белгісі – мінезі ауыр.
Кісі еді тұратұғын ішін бермей,
Жұпыны жүретұғын кеуде кермей.
Жан еді хан да болса, қарапайым,
Күн кешкен ұсақ-түйек, жел сөзге ермей [66] –
деп басталатын кіріспе бөлімде Әбдіғапардың жан дүниесі көрсетіледі. Терең
ойлы, кемеңгер тұлғаның қарапайымдылығы жөнінде тарихшы ғалым М.
Қозыбаевтың "Әмір Әбдіғапар" атты мақаласында да айтылып, мысалдар
келтірілген [62].
46 жастағы Әбдіғапар ағаштан түйін түйетін. Ел оны жадына халық
шежіресін хаттаған, байсалды, аз сөйлеп, көп іс тындыратын, еліне елеулі,
халқына қалаулы азаматы деп танитын. Ендеше Әбдіғапардың есімі аталып, ақ
киізге көтеріліп, хан сайлануының осындай негіздері де бар-ды. Әбдіғапар
"хан" деген атақты Шыңғыс әулетінен шыққандарға ғана тән дәреже екенін
жақсы білетін. Сондықтан да қарадан шығып хан болғанына ризашылығын
білдірді де, өзін "әмір" атауды жөн көрді [62].
Алайда қарапайым халық Әбдіғапарды "әмір" деп емес, "хан" деп атап
кетті.
Ақын Әбдіғапар өлгеннен кейін "кей есуастардың" шындыққа көз
жеткізбей, жазықсыз күйе жағып, бекер кіналап жүргендігін айта келіп, бұл
дастанда тек өз көзімен көрген ақиқатты келер ұрпаққа жазып қалдырып бара
жатқанын мәлімдейді:
... Жазамын көзімменен көргенімді,
Тексеріп анық сөзін, білгенімді.
Ғазал ғып қалдырайын ақ қағазға,
Біреулер қарар бір күн еңбегімді.
Қоспаймын өтірік сөз арасына,
Әр істің көшкен сауап – расына.
Тарихтың тегеріші айнымалы,
Қарасын кім де болсын шамасына...
... Туыс деп мен бұларға бұра алмаймын,
Ақиқатты және айтпай тұра алмаймын.
95
Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам,
Дәлелсіз жалған сөзге көне алмаймын.
Қулықпен келген байлық – білсең арзан,
Ал, шындық су түбінде жатқан маржан.
Көрсетті көп тарихты боямалап,
Қарамай обалына Ыбырай, Әлжан.
Кешер ме қос арыстың аруағы,
Білінер о дүниеде, кімнің ағы.
Үндемей өтірік сөзді қостап кетті,
Жанкүйер туысыңыз Әли-дағы [66].
Мұндағы Ыбырай, Әлжан дегендер – Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісте
мыңбасы болған, көтеріліс тарихынан естелік, мақала, әңгімелер жазған
Ыбырай Атамбеков пен Әлжан Қарабаев. Ал, Әли деп отырғаны – Әліби
Жангелдин. Алланың ақ жолында жүрген құранқари Файзолла ақын жалған сөз
бен өтіріктің үлкен күнә екенін шариғат және хадис қағидаларымен дәлелдеп,
жұртты ақиқатқа жүгінуге шақырып, кіріспе бөлімді мына шумақпен аяқтайды:
...Артқы жас кетпес үшін тегінде азып,
Бірліксіз, берекесіз шілдей тозып.
Көзбен көрген жайларды білгенімше,
Ақ қағазға белгі ғып кеттім жазып.
Екінші тарауда ақын 1916 жылғы патша жарлығы туралы, оны Торғай
қазақтарының қалай қабылдағаны жайлы сыр шертеді. Патша жарлығынан
кейін ел ішінде толқу басталады. Торғайдағы жеті баулы арғын рулары –
Ақташы, Тағышы, Байтәжі, Таз, Қараман, Қырықмылтық, Төлектің
атқамінерлері бас қосып, тығырықтан шығудың лажын қарастырады. Мәжіліс
"патшаға әскер бермейміз" деп шешім шығарады. Және де, қоңсы отырған
қыпшақ руларымен хабарласып, маңайдағы он үш болыс елдің бәрін жиып, тізе
қосып қимылдауға бел буысады. Бұл кезде Торғайдың батыс жағындағы арғын
рулары да бас қосып Оспан Шолақұлын "хан" сайлап, көтеріліске дайын
отырған болатын. Жан-жаққа хабаршылар аттанып Торғайдағы арғын, қыпшақ,
найманның баскөтерер азаматтары жиналып Жалдама өзенінің бойында жиын
өткізеді.
Патша өкіметінен түңілген халық тығырыққа тірелді. "Шешінген судан
тайынбас" – деп, тәуекелге бел байлаған ел, оның басшылары құрылтай
шақыруды жөн көрді. 1916 жылы қараша айының 27-інде Жалдама өзенінің
бойында 13 болыстың өкілдері жиналды. Құрылтай маусым жарлығына қарсы
көтерілген халық шешімін мақұлдады. "Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз
болмайды" – деп халық айтқандай, алты болыс арғын, алты болыс қыпшақ, бір
болыс найман елін басқаратын елбасы – хан сайлауды мақұлдады. Ел басына
күн туған кезде батылдығымен, парасатымен, пайымдылығымен, әділдігімен
96
көзге түскен, ертеден елге танымал Әбдіғапар есімі жеке дара аталды.
Құрылтай осымен қатар ата дәстүрін де бір сәт еске алды. Абылай дәуірінде
қыпшақ тайпасына көсем болып, би аталған Ниязды Абылай "хан" дәрежесінде
ұстаған-ды. Сондықтан да қыпшақ өңірі Ниязды хан деп атап кеткен.
Әбдіғапар, міне, осы Нияз бидің – Нияз ханның ұрпағы еді. Әкесі Жанбосын
елде ерте есейіп, ауылдағы ақсақалдың қарасақалды ағасы атанған жан
болатын. Оның үстіне Әбдіғапар қыпшақтардың Тілеулі атасынан өрбіген,
өскен тұқым, үш мың түтінді іргелі елдің өкілі [62].
Сонымен Жалдамада өткен құрылтай Әбдіғапарды "хан" сайлайды.
Сонымен бірге осы жиында әскербасылар да бекітіледі. Амангелді жиналған
қолдың сардарбегі болып жарияланады.
... Демеңіз кез болады пәле қайдан,
Асынған елдің көбі қару-сайман.
Арғындардың бұл жолғы жиынына,
Риза болды тегіс Қыпшақ, Найман.
Бастады сонда сөзді Мұхамеджан:
Хан тұқымы Қапар бек болсын деп хан.
Сардарлыққа ұйғардық Аман ерді,
Жолдарыңа құрбандық мал менен жан [66].
Аталған құрылтай ақ патшаға елші жіберуді де естен шығармайды.
Орталарынан қаржы жиып, Төкенің Смағұлын Санкт-Петербургке патшамен
жолығып істің мән-жайын біліп келуге аттандырады. Төкенің Смағұлының
атақты адвокат Плевакомен тамырлығы бар, Торғайдағы көзі ашық, білімді
кісілердің бірі еді.
...Кез болдық па деп тегі қазған орға,
Я болмаса, айламен құрған торға.
Жиналған ел жөнелтті қаржы беріп,
Смағұлын Төкенің Петерборға.
Айтты халық: – Смағұл, барып қайт! – деп,
Жолың болса, жолығып ақ патшаға,
Бір жауабын кесімді алып қайт деп.
Бұл сапар қатері көп, болса да ауыр,
Өтініп сұраған соң туыс-бауыр.
Жолдасы Плеваконы қуат көріп,
Жолға шықты, сөз айтпай ер Смағұл [66].
Бас сардар Амангелді жиналған қолға әскери жаттығулар өткізіп, қару-
жарақ дайындауға кіріседі. Әр жерден жиналған жасақтар әскер тәртібімен
мыңдыққа, жүздікке бөлінеді. Негізгі мыңбасылар болып Кейкі Көкембаев,
97
Өмен Мұсабаев, Қосжан Манабаев, Әлжан Қарабаевтар бекітіледі. Сарғаскер
болып Ырысбайдың Әбіші, хан атасы Шымберген қажы, елбегі болып
Құндызбайдың Әбжаны белгіленеді.
Ақынның бұл тараудағы тағы бір сюжеті назар аударарлық. Торғайда
губернатордың келуіне байланысты, бір жағы патшаның "маусым" жарлығына
байланысты съезд өткізіледі.
...Бір күні болады деп үлкен сиез,
Торғайдың қаласына шақырды үйез.
Губернатор сөзіне қарсы шығып,
Көрсетті Әбдіғапар бөлек мінез.
Бермейміз! – деді, – әскерге бір де бір жас,
Іс қылып отыр патша ойға қонбас.
Қазақтан әскер алмау заң болатын,
Анттан тайған деген бар, патша оңбас.
Алмайсың бізден жігіт! – деді, – өлмей,
Бұл жарлыққа халық тұр тегіс сенбей.
Губернатор қылса да түлкібұлаң,
Сөзіне Әбдіғапар қойды көнбей.
"Есіреді япырмай, мынау қайдан,
Қорықпайтын кім еді Николайдан"
Деді ішінен сол сәтте губернатор,
"Орнатармын басыңа бір зор майдан!"
Бейнет деген бұйырар әрбір жайдан,
Шуақ кетер бұлт басса, күн мен айдан.
Губернатор жіберді 700 қол,
Жазалауға бұларды Қостанайдан [66].
Қазақтың тұңғыш кинотуындысы "Амангелді" фильмі екндігі белгілі. Біз
жоғарыда келтірген үзінді сол фильмдегі бір эпизодты айнытпай қайталайды.
Тек қана кейіпкерлері басқа. "Амангелді" фильмінде губернаторға қарсы
шығып сөйлейтін Амангелді болса, біз келтіріп отырған үзіндіде – Әбдіғапар.
Тарихи шындық пен тарихи құжаттар бойынша соңғысы шындыққа жақын [65,
74 б.]. Бұдан туындайтын тұжырым – кеңес заманында Әбдіғапар жасаған
істердің көпшілігі Амангелді мен Әлібиге телініп келген. Бұл әсіресе көркем
әдебиетте анық байқалды.
Үшінші бөлімде ақын Әбдіғапар әскерлерінің патша әскерлерімен
шайқасын суреттейді. Мұнда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің негізгі
майдандарының бірі – Доғал соғысы сипатталған. Соғыстағы Әбдіғапардың
көрегендігі, Амангелдінің қолбасшылығы, Кейкінің құралайды көзге атқан
мергендігі, Өмен, Ідіріс, Әлжан, Жағыпар батырлардың ерлік істері ақын
тілімен шебер кестеленген. Мұндағы Өмен, Ідіріс, Жағыпар сияқты
98
батырлардың азаттық үшін жан қиған сәттерін көзге жас алмай оқу мүмкін
емес.
Соңғы бөлім – қорытынды бөлімде ұлт-азаттық көтерілістің негізгі мақсаты,
көтеріліс көсемі әмір Әбдіғапардың арман-мүддесі айтылады. Соныман қатар
автордың негізгі айтпақ идеясы да осы бөлімде анық аңғарылады:
... Қапардың арманы еді – жеке ел болу,
Орыстан қанап келген ірге бөлу.
Сөзіне қазақ ермей ақырында,
Дертіне таппай өтті ол да дәру.
Елім деп еңіреген қайран Қапар,
Әруағы бір қозғалмай қалай жатар.
Өтті ғой өле-өлгенше зар еңіреп,
Орысқа боласың деп мәңгі отар.
Шынында отар болып қалып қойдық,
Өтірік бос сөзіне әбден тойдық.
Алданып арбауына ел бола алмай,
Қапардай асылдардың көзін жойдық [66].
Файзолла ақын өзі де көтеріліске қатынасушылардың бірі, Әбдіғапардың
көмекшілерінің қатарында болған кісі. Көзі ашық, көкірегі ояу ақын ақ патша
құлап, кеңес өкіметі орнағаннан кейін де өмірінің соңына дейін орыс
отаршылдығының зардаптарын айтып зарлап, азаттықты аңсап өтті. Ақынның
жан дүниесіне терең бойлау үшін ақынның "Әбдіғапар хан" поэмасының түйін-
сөзін ұзақ та болса келтіре кеткенді жөн көрдік. Себебі сол заманда, тіпті
тәуелсіздігімізді алған осы күннің өзінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің
ақиқатын дәл осындай ашып айтқан шығарма жоқ.
...Бұл жырым келешекке жетер ме екен,
Жоқ, әлде, бір оқылмай кетер ме екен.
Қазағым үн шығармай бодан болып,
Бір күні әбден құрып бітер ме екен.
Саясат тұрса осылай болады бұл,
Қазақтың аты, заты қалады тұл.
Жеріңді алып, содан соң тіліңді алып,
Бір заманда бұл қызыл қылады құл.
Кәпірге қатын болып кетер қызы,
Жігітін әтек қылар келер кезі.
Енді орыстың қалғаның табанында,
Жарылқар күн тумаса құдай өзі.
99
Ел болмай жеке, дара мемлекет,
Еш ұлтқа келмек емес һәм берекет.
Орыстың еш елде жоқ зымияндығы,
Ісінде толып жатыр не бәлекет.
Қалайша тұра аламын жазбай мұны,
Еске ұста, үлкен аға, кіші іні.
Ел болмай, жеке, дара, бодан болған,
Еш ұлттың болған емес әммә құны.
Арманы Қапар ханның – еді Теңдік,
Сол үшін өлгенін де көзбен көрдік.
Қазағым, айтқаныма көнбеп едің,
Көргенің болмақ енді ылғи кемдік.
Атқызған Қапар ханды Әліби-тін,
Кетпейді көз алдымнан менің сол түн.
Қапар хан шәйіт болды бостандық пен
Теңдікке жеткізем деп қазақ халқын.
Сондықтан оны халқым жау демеңдер,
Әруағын қорлап текке, тілдемеңдер.
Соғысты дербес мемлекет болу үшін,
Жан еді ақылды, ойшыл, шын кемеңгер [66].
Кеңес заманында ұзақ жылдар бойы қызыл комиссарлар Амангелді Иманов
пен Әліби Жангелдиннің көтерілісі аталынып келген көтерілістің ақиқаты
осындай. Жай ғана демонстрация емес, бүткіл Орталық Қазақстанды, Ақтөбе
мен Сыр бойының біраз бөлігін қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің
ұйымдастырушысы, көсемі, еткен еңбегі мен ерлік істері өзгеге таңылып келген
Әбдіғапар Жанбосынұлының тағдыры Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ
беттердің бірі. Қазіргі тәуелсіз еліміздің азаттыққа жетуіне әмір Әбдіғапардың
да қосқан үлесі зор. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты жаңа көзқарас
тұрғысынан қарастырушыларға Файзолла Сатыбалдыұлының "Әбдіғапар хан"
поэмасындағы деректер мен дәйектердің тигізер септігі мол.
Қазақ әдебиетінің кеңес заманындағы дамуында 1916 жылғы ұлт-азаттық
көтеріліс және Қазан төңкерісі тақырыбында жазылған шығармалардың
маңызы зор. Бұл тақырыпта Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, Б. Майлин,
І. Жансүгіров, С. Торайғыров, С. Дөнентаев, М. Әуезов, С. Мұқанов, Б. Ізтөлин
т.б. ақын-жазушылар әртүрлі жанрдағы шығармаларды дүниеге әкелсе, поэзия
жанрында Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Иса Байзақов, Саяділ
Керімбеков, Нұрлыбек Баймұратов, Ғабдиман Игенсартов, Кенен Әзірбаев,
Омар Шипин, Доскей Әлімбаев, Нұрхан Ахметбеков, Күдері Жолдыбаев, Сәт
Есенбаев т.б. халық ақындары жемісті еңбек етті. Кеңестік идеологияның
кесірінен тарихи шындықтан алшақ кетуге мәжбүр болса да, аталған ақын-
100
жазушылардың бұл тараптағы еңбектері қазақ әдебиетінің дамуындағы үлкен
бір белес болды.
Сөз жоқ, 1916 жыл жайы қазақ тарихынан көрнекті орын алады. Омар
шипин тәрізді жауынгер ақындардың, атақты сарбаздардың есімдері осы
уақиғамен байланысты ерекше екпінмен, асқақ үнмен естіледі. Ақын жадында
жақсы сақталған деректерді заманымызда туып жатқан ерлік қимылдармен,
қоғамдық мәні зор уақиғалармен ұтымды ұштастырып отырды. Амангелді
жайында о баста шығарылған өлең, жырлары кейіннен лиро-эпикалық
сарындағы ұзақ-ұрғалы толғаулар мен көлемді дастан, поэмаларға айналып
кетті. Оның "Амангелді", "Әли-дастан" секілді поэмалары осының айқын
айғағы [52, 103 б.].
Қазақ совет халық поэзиясының туу, даму және қалыптасуына мол үлес
қосқан, оның тарихында жоғалмас із қалдырған халық ақындарының бірі –
Омар Шипин. Қазақ совет әдебиетінің ақсақалы Сапарғали Бегалиннің сөзімен
айтқанда, ол "Жамбыл бастаған халық ақындарының ішіндегі көрнектілерінің
бірі" болды [67, 143 б.].
Омар Шипин 1879 жылы Торғай уезіне қарасты Қайдауыл болысында
Алтыбас аталатын атаға жататын Жәнібекұлы Шымболаттың жанұясында
дүниеге келген Шымболат еті тірі, өнерлі адам екен. Жасында Торғай
қаласында тұрып, Ыбырай Алтынсаринге атқосшы болған екен. Халықтық
өлең-жырларды көп білген, дастандарды жатқа айтатын әнші, домбырашы
Шымболатты елі "Шипа" деп атап кеткен көрінеді.
Сарбаз ақын Омар Шипиннің өмір жолы, шығармашылық еңбегі туған
халқының тарихындағы ірі оқиғалармен, сол кезеңдерде ерекше көзге түскен
ұлы
азаматтар
қызметімен
тығыз
байланысты.
Омар
Шипин
шығармашылығының негізгі өзегі – өзі куәсі болған 1916 жылғы Ұлт-азаттық
көтеріліс. Ақынның өмірлік басты мақсаттарының бірі – Амангелді Имановты
және ол бастаған көтерілісші сарбаздардың ерлігін жырлау еді.
20-30 жылдар аралығында бұл тақырыптарға арнап талай толғау, термелер
шығарған Омар кейін сол толғау, термелерін жинастырып "Амангелді" атты
дастан жазады. Оны "Ерлік жайындағы қисса" деп атады. Бес мың жолдан
тұратын көлемді дастан 1943 жылы жеке кітап болып бес мың дана тиражбен
басылып шықты. Оған берілген редакциялық соңғы сөзде шығарманың құнды
жақтарын айта келіп, Амангелдінің және ол бастаған сарбаздардың ерлік
дәстүрі қазақ жауынгерлерін неміс-фашист басқыншыларына қарсы
қайқастарда жеңіске жігерлендіреді деп сенім білдіріліпті. Бұл дастан араға
жиырма жылдай уақыт салып, 1961 жылы қайта өңделіп, ықшамдалып
"Амангелді батыр" деген атпен "Таңдамалы шығармалар" жинағына енгізілді.
Бір қызығы алғашқы нұсқасында Кенесары бастаған көтеріліс халық
бостандығы үшін болған күрес ретінде көрсетіліп, Кенесары мен оның баласы
Сыздық елін сүйген ерлер деп сипатталған. Ал кейінгі нұсқасында бұл туралы
жолдар мүлде алынып тасталған. Алғашқы нұсқада автор 1916 жылғы ұлт-
азаттық көтерілісті, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің жалғасы
ретінде көрсеткісі келгенге ұқсайды. Алайда соңғы нұсқадағы өзгерістерге
101
қарап отырып, бұл шығармаға да кеңестік идеологияның құрығы мен қатаң
цензураның қайшысы тигендігін байқаймыз.
Патшаның қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алу туралы
жарлығы ел ішінде үлкен наразылық тудырды. Ел өліспей беріспеуге бекінді.
Амангелді Иманов бастаған ел азаматтары патша әкімдеріне қарсы шайқасқа
дайындалды. Амангелдінің серіктері – Қарабаев Әлжан мен Атамбеков Ыбырай
және басқалар ауыл-ауылды аралап, жігіттерді сарбаздыққа шақырды.
Көтерілістің сол жаршы-ұйымдастырушыларының арасында Амангелдінің
ақын досы Омар Шипин де болды. Ол хатшылық қызмет атқарып, ауылдарды
аралап, жігіттерге елдегі хал-ахуалды түсіндірді. Ұсталарды жинап, мылтық,
найза, қылыш, айбалта сияқты ұрыс құралдарын соғуды ұйымдастырды. Жұрт
алдында табан астында жыр толғап, еңсесі түскендерді ерлікке жігерлендірді.
Ақын жырлары ауыздан-ауызға тарап, көтерілісшілер ұранына айналып кете
барды. Ақын сарбаздардың жазалаушы отрядтарға қарсы соғыстардың бәріне
де қатынасты. Торғайға шабуыл кезінде Сардармен бірге от пен оқтың ішінде
жүрді. Құмкешу, Доғал-Үрпек шайқастарында да ең қауіпті жерлерде болып,
жаудан беті қайтып, сырт берген сарбаздарды жігерлендіріп, ұрысқа қайтарады.
Осындай қысталаң шақтың өзінде қағаз, қаламын тастамайды [67, 146 б.].
Ақын "Амангелді батыр" дастанында Амангелді Имановтың балалық
шағынан бастап оның көтеріліс басшысына айналған кезіне дейінгі өмірінің
күрделі белестерін сөз етеді. Омар ақын дастанында батыр осындай адам еді
деп, жалаң сипаттап, күрес жолында бастан кешкендерін жалпылама баяндап
жатпайды. Сол кездегі әлеуметтік маңызы зор мәселелерге байланысты басты-
басты оқиғаларды іріктеп алады да, оларды Амангелдінің характерін аша
түсуге, зор тұлғасын толығырақ көрсетуге падаланады. Амангелдінің жас
шағындағы жалшылық өмірі, байдан қашып, анасымен бірге сыр бойына қоныс
аударуы, оның бай-шонжарлармен қырқысуы, Зылиқа деген қызды болыстың
зорлығынан құтқаруы сияқты эпизодтар Амангелдінің бейнесін сомдауда көп
септігін тигізген.
1916 жылғы Торғайдағы көтерілістің негізгі майдандары – Татыр соғысы,
Торғайға шабуыл, Күйік, Құмкешу, Доғал-Үрпек соғыстары. Бұл соғыстар 1916
жылдың күзі мен 1917 жылдың ақпан айларының арасында болған. Ақын
дастанда осы соғыстардың барлығын қамтуға күш салған. Дастанда
Амангелдімен қатар оның үзеңгілес жолдастарының да ерлігі де мадақталып,
нанымды суреттелген. Әр соғыста көзге түскен азаматардың ерліктері ақын
назарынан тыс қалмайды. Әлжан Қарабаев, Ыбырай Атамбеков сияқты
мыңбасылармен бірге, Саржан, Жақып Есенгелдиндер, Әсемғазы, Әбділда,
Қияқбай сияқты сарбаздар, Омар Татымов, Қанапия Қайдосов, Сейітқасым
Көшімбеков сияқты көтерілістің белді бастаушылары да мадақталып отырады.
Аталған кейіпкерлердің бәрі де тарихта болған кісілер. Омар Шипиннің бұл
дастаны тарихи тұрғыдан алғанда, Амангелді және оның қандыкөйлек
жолдастарына жыр жолдары арқылы өріліп тұрғызылған ескерткіш деуге
болады. Омар ақынның өзі де Сарбаздар штабында хатшы болып, көтеріліске
белсене қатысты. Оның "Елбегі" деген ресми атағы да болды. Ақынның ұлт-
азаттық көтеріліс тақырыбына жазылған көптеген толғаулары мен термелері,
102
өлеңдері, Әліби Жангелдиннің өмірінен жазылған "Әлидастан" атты поэмасы
бар.
Омар Шипин Амангелді бейнесін мүсіндеп, 1916 жылғы ұлт-азаттық
көтерілісінің поэзиялық кең панорамасын жасаған алғашқы ақындардың бірі.
Дастанның көп жерлері ертедегі батырлар жыры сарынында жазылған.
Амангелді кейде туысында ерекше жаралған, көсемдік, даналық, батырлық
бойына туа дарыған ертегідегі батырларға ұқсап та кетеді. Сонымен бірге
кейбір 1916 жылғы көтерілісті айтқанда аттап өтуге болмайтын тарихи
оқиғалар (мәселен, жалдамада өткен құрылтай, Әбдіғапардың "хан" сайлануы
т.б.) ақын назарынан тыс қалған. Бұны, әрине, ақынның кінәсі емес, сол кездегі
заманның кінәсі деп түсінуіміз қажет. Дей тұрсақ та, дастан тарихи-
хронологиялық шындығымен, дәйектік материалдардың молдығымен құнды.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті шығармаларына тақырып еткен халық
ақындарының арасында Күдері Жолдыбаевтың орны ерекше. Оның тек екі-ақ
шығармасы баспа бетінде жарық көрген. Ол туындылары – "Амангелдінің
Торғайды алғаны" және "Ер туды" дастандары "1916 жыл" жинағына және орта
мектептің әдебиет пәні оқулығының хрестоматиясында жарияланды. Ақынның
бұл аталған шығармаларынан да басқа өлең-толғаулары болғандығы ақиқат. Ол
туралы деректер де көп. Алайда бұл шығармалар біздің қолымызға түсе
қоймады. Күдері ақынның шығармалары қолында бар кісілер түсініксіз
себептермен бізге бергісі келмеді. Алайда, жоғарыда аталған екі дастанын
қарастыра отырып байқағанымыз – Күдері Жолдыбаевтың ауыз әдебиеті мен
жазба әдебиет дәстүрлерін терең меңгерген кең тынысты ақын екендігі.
Ақынның "Амангелдінің Торғайды алғаны" дастаны Торғайдағы 1916
жылғы ұлт-азаттық көтерілістің негізгі шайқастарының бірі – Амангелді
сарбаздарының Торғай қаласына шабуылын суреттейді. Дастанның кіріспесінде
патшаның "Маусым жарлығынан" кейінгі ел басындағы ауыртпалық пен
күйзеліс, патшаның ел ішіндегі жандайшаптары – губернатор, уезд бастығы,
болыстар мен аулынайдың халыққа істеген зорлық-зомбылықтары бейнеленген.
Ал, негізгі бөлімде Амангелді бастаған сарбаздардың Торғай қаласына
шабуылы кезіндегі ерлігі туралы айтылады:
...Оқ жыландай ысқырған,
Жалын шашқан, ышқынған,
Үңірейген мылтық аузына,
Атқойып, көп іркілмей,
Шашақты найза желкілдеп,
Ақ сойылдар сартылдап,
Амангелді алдында,
Атылған оққа жарқылдап,
Қарамастан айқайлай,
Ермеген оған жан болмай,
Көп көшені шаңдатып,
Қалаға кірді аңыратып...
103
Ақынның екінші шығармасы "Ер туды" Доғал-Үрпек соғысындағы
оқиғаларды арқау еткен. Мұнда да көтерілісшілердің жанкешті ерліктері,
азаттық жолында қаза тапқан ерлердің бейнесі суреттелген.
Оқиғаны баяндау, жырдағы ырғағы, ақындық стилі Орта Азия
халықтарының ауыз әдебиетінде ортақ сарындарды беретін сияқты. Мың сан
солдат Амангелді бастаған сарбаздарға қаптап келе жатады. Жаудың алдын
бөгеп, жолын тосып батырлар жатыр:
...Ерлер сонда тұрды тасып,
Аттарына қамшы басып.
Қайраттанды қаһарланып,
Қалмалық деп қорқып, сасып.
Мінген ерлер қазанатқа,
Көп жиылған азаматқа,
Амангелді сөз сөйледі,
Алдындағы жамағатқа...
Өлеңнің сыртқы көркемдік құрылысында, ырғақ толқынында жазба
поэзияның әсері де жоқ емес. Әрине бұл әсер жырдың халықтық маңызын
төмендетпейді, қайта бұрынғы ерлік дастандарының соғысты суреттеу әдісін
орынды пайдаланған. Батырлар жырында налу, күйіну, ерлердің әлсіздігінің,
қайраты жасығандығының белгісі болып отырмайды. Ерлікті сағынған, кегім
кетті деп іштей ызаланған жауынгерлік рухтың жандануы қуаттану белгісі
болып отырады. Амангелдінің жанашыр жолдасы қолында қаза тапқанда, сенің
кегіңді алармын деп серт беруі, майданға кіргелі тұрғанда сенімен бірге
боламыз деп сарбаздардың ант етуі – бәрі батырлар жырындағы ерлік бейнені
жырлағандығын көрсетеді. Күдері ақынның поэмасы осындай ерекшелігімен
маңызды болып келеді [1, 257 б.].
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің әдебиеттегі көрінісін сөз еткен
зерттеулерде ғана аты аталып жүрген Күдері Жолдыбаевтың белгісіз
шығармаларын жинастырып, оның қазақ поэзиясындағы орнын айқындап
ғылыми баға беру – өз алдына жеке зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі.
Торғай ақындарының ішінде шығармаларының жарық көруі жағынан да,
зерттелуі жағынан да басқаларына қарағанда "айы оңынан туған" ақын –
Нұрхан Ахметбеков. Оның жырлары кезінде одақтық көлемде тарайтын
басылымдарда да жарияланған. 1958 жылы желтоқсан айында Мәскеуде өткен
қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан республика мәдениет
қайраткерлерінің арасында ерекше көзге түскен Нұрханның "Бастаушымыз
партия" өлеңі Павел Дружининнің аударуымен "Известия" газетінің 1958
жылғы 12 желтоқсанындағы санында жарияланды. Осы жылдың 14 желтоқсан
күнгі санында Кеңестер Одағының бас газеті "Правда": "Мәскеу жұртшылығы
Қазақстанның халық ақыны Н. Ахметбековті жылы қабылдады," – деп жазды.
Ал, "Литературная газета" 18 желтоқсанындағ санында Нұрханның қазақы
бешпент пен дөңгелек бөрік киіп, домбыра тартып, жыр толғап тұрған шабытты
104
шағында түскен суретін басып, суреттің тұсына былай деп түсініктеме берген:
"Қазақстанда ақын Нұрхан Ахметбековтің әнін естімеген, дастандарын
оқымаған адам жоқ шығар..."
Шығармаларының зерттелуі жағынан да Нұрхан ақынның "жұлдызы
жанды". "Қазақ әдебиетінің тарихы" атты еңбектің І томының 2-
кітабында қазақ халық поэзиясы алыптары Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс
Байғанин, Иса Байзақовтармен қатар Нұрхан өмірі мен шығармашылығына
жеке тарау арналған. Осы еңбектің "Қазақ совет фольклоры туралы ғылымның
даму тарихы", "Қазақ совет фольклорының даму жолдары", "Фольклор және
әдебиет", "Ақын, жырау, жыршылар", "Жанрлар" бөлімінің "Айтыс",
"Халықтық дастандар", "Ақындық толғаулар" атты тарауларында Нұрханның
кеңес дәуірінде қазақ халық поэзиясын дамытуға қосқан үлесі жоғары
бағаланып, оның шығармашылығы туралы құнды пікірлер айтылған [70, 93 б.].
Ақынның шығармашылығынан Сапабек Әсіпов кандидаттық диссертация
қорғап, "Топжарған" атты монография жазды. Ардақ Абдуллина "Нұрхан
Ахметбековтің әдеби мұрасы" атты зерттеу еңбегін арнады. Бұлардан басқа да
толып жатқан зерттеу мақалалары мен очерктер мерзімді жазылып, баспасөз
беттерінде жарияланды.
"Қазақ әдебиетінің тарихы" атты еңбектің ІІ томының 2- кітабындағы "1916
жыл туралы поэзия" атты бөлімде 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісті тақырып
еткен халықтық поэзияда Нұрхан шығармашылығы көрнекті орын алатындығы
айтылады. Ақынның "Амангелді дастаны" поэмасы осы тақырып төңірегінде
туған шығармалардың ішіндегі ең тәуірі деп бағаланады. Ақын осы поэмасы
арқылы халық ауыз әдебиетінің жақсы дәстүрлерін творчестволықпен дамыта
отырып, жазба әдебиетке тән кейбір сипаттарды игере білгендігін танытты [70,
95 б.].
Нұрхан Ахметбеков 1936 жылы "Үрпек соғысы" дастанын жазады. Бұл
дастанда Ұлт-азаттық қозғалыс, оның көсемі Амангелді жырланады. Арада
шамалы уақыт өткенде "Июнь жарлығы" дастаны дүниеге келеді. Кейіннен екі
дастанның басын қосып автор "Амангелді дастаны" атты көлемді поэмаға
айналдырған. Поэманың бірінші кітабы 1951 жылы басылып шықты. Редакторы
– Қасым Аманжолов. Екінші кітабы 1962 жылы "Амангелді" деген атпен
жарияланды.
Бұл дастанның алғашқы бөлімі сюжеті жағынан Омар Шипиннің
дастанымен желілес. Мұнда да дастан Амангелдінің Таутабай байдың
жалшысы болған бала кезіндегі жайттар – кедейлік, жалшылық өмірі, байдан
көрген қорлықтары, қорлыққа шыдамаған байдың жалшылары Амантай
(Амангелді), Қанатбай, Әлжан, Қияқбай, Бекеттердің Таутабайдан кек қайыруы
секілді оқиғалардан бастау алады. Амангелді қасына қырық жігіт ертіп
Таутабайдың ауылын шабады. Осыдан кейін Таутабай әртүрлі жала жауып
Амангелдіні ұстатып, түрмеге жаптырады. Оқиға одан әрі Амангелдінің
түрмеде орыс досы Токаревпен кездесуі, оларды Сібірге айдалып бара жатқанда
Нарымбет жігіттерінің босатып алуы, Амангелдінің достары – Әкімбек, Омар,
Бекеттердің істі болып, сотталуы, оларды құтқару үшін Амангелдінің
105
Петерборға баруы, онда Таранмен кездесіп, Ресейде болғалы жатқан
төңкерістен хабардар болуы сияқты сюжеттермен өрбіп отырады.
Дастанның келесі
бөлімінде патша жарлығының шығуы, елдің
наразылығы, Амангелдінің қол жинап, оларды әскери тәртіпке үйретіп,
жүзбасы,
мыңбасыларды
жасақтауы
туралы
айтылады.
Амангелді
сарбаздарының көтеріліске шығып Торғай қаласын басып алуымен бірінші
бөлім аяқталады. Дастанда батырдың азаттық жолындағы сенімді серіктері
Қияқбай, Нарымбет, Қанатбай, Әкімбек, Алдаш сынды ерлердің ерлік істері де
оқиға барысында шебер суреттеліп отырады.
Поэманы осы тақырыпта жазылған Омар Шипин, Сәт Есенбаев
дастандарынан ерекшелейтін эпизодтар – Амангелдінің Әліби Жангелдинмен
кездесуі, Амангелді мен Балымның арасындағы махаббат хикаялары,
Амангелді, Әбдіғапар, Қанапиялардың Орынбордағы Алаш съездіне
қатынасуы, онда Әлихан Бөкейхановтың басшылыққа сайлануы сияқты
сюжеттер. Дастан Торғайдағы Уақытша өкіметті құлату үшін болған ұрыста
Амангелдінің мерт болуымен аяқталады.
Поэмада Әбдіғапар, Кейкілердің бейнесі солғын көрсетіледі. Дей тұрсақ та,
оқиғаларының шебер өрілуімен, тілі мен көркемдігі жағынан Нұрхан
Ахметбековтің бұл поэмасы осы тақырыптағы көп шығармалардан оқ бойы
озық тұрған туынды.
Нұрхан соңғы поэмасында күшті ақындық талантымен Амангелді образын
түйіндеп беруге батыл қадам жасаған. Нұрхан жазба ақындарға тән сипатпен
дастанды Амангелді бейнесін уақиғаны дамытып айту жағынан да, ішкі сезімді,
сыртқы өмір, табиғат көрінісін суреттеу жағынан да шебер жырлаған [1, 263 б.].
Қалайда
"Амангелді
дастаны"
халықтық
поэзияның
асқақ
артықшылықтарын кеңінен пайдала отырып, көркем жазылған желілі арнасы
бар, бейнелері шебер сомдалған туынды [72, 43 б.].
Екі дәуірді бастан өткізіп, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің куәсі
болған есімі елге белгілі болған адамдардың бірі ақын, жырау, Сәт Есенбаев. Ел
ішінде ауыз әдебиеті нәрімен қанаттанып, оны жазба әдебиетке жалғастырған
Сәт ақынның шығармашылық өнері ел аузында да, жазба әдебиетте де сирек
болса да ұшырасып жүр. Бұл ақынның өнер әлеміндегі кемшілігі емес,
зерттеушілер мен әдебиетшілер еңбегінің әлі де болса кешеуілдеуінен деуге
болады.
Сәттің ақындық атағын да, шабытын да көтерген кез 1916 жылғы
отаршылдыққа қарсы көтерілген Торғайдағы халық қозғалысы. Әліби,
Амангелді, Әбдіғапар, Кейкі бастаған осы азаттық күреске қаламмен де,
қарумен де үлкен еңбек жасаған адамдардың бірі Сәт Есенбайұлы. Ақын мұнда
жалғыз болған жоқ, оның алдында Күдері, Омар, Орынбай, Ақмолда, Досмұқан
сияқты халық ақындарымен бірге жыр төкті. Осы шайқаста Сәт ақын "Ер
Амангелді", "Июнь жарлығы", "Құмкешу соғысы" атты толғау дастандар
шығарды. Бұл дастандар тек 1916 жылғы ғана емес, одан бұрынғы Махамбет,
Исатай, Сырым, Жанғожа, Кенесары бастаған азаттық қозғалыстардағы ерлік
жырларының қатарынан орын алатын сүбелі шығармалардың бірі деп
есептеледі [74].
106
Қазақ халқының батыр ұлы Амангелді Имановтың өмір жолы мен ерлік
күрестерін суреттей отырып, желілі жырлар циклін, батырлық эпостық дәстүрін
сақтады, жаңаша кестелер тапқан Сәт ақын Амангелдінің жауынгер
сарбаздарының бірі болған. Сондықтан оның көптеген шығармалары ұлт-
азаттық тақырыбында жазылған. Аталған шығармалардың ішіндегі ең көлемдісі
– 1944 жазылған "Ер Амангелді" атты поэмасы. Бұл шығармасында ақын
Амангелді өмірін тұтас алып қамтымайды, мәні зор деген оқиғаларды
қарастырады. Амангелдінің туысы, ата тегі, бабасы Иман батыр жайлы
сипаттайды. Сонымен бірге Амангелдінің бала шағы, жігіттік шағы
баяндалады. Оның жасынан мерген болғанын, бай-болыстардың, патша
өкіметінің қарапайым халыққа істеген зорлықтарына қарсы аяусыз күрес
жүргізе білгендігін суреттейді.
Сәт ақын Амангелдінің батырлық бейнесін даралап көрсетуде халық
аузындағы, халық ұғымындағы шындыққа негізделген аңыз-әңгімелерді де
суреттеу әдісі етіп алады. Сәт дастандарының өзіндік ерекшелігі ерлер
тұлғасын және оның жауынгерлік ерлік ісін бейнелеудегі шеберлік суреттері.
Өйткені, ақын осы оқиғалардың басы-қасында болған, қанды ұрыстарды
басынан өткерген адам:
...Жендеттердің алдынан,
Жолын бөгеп қол шықты.
Азғана емес мол шықты.
Құдайдан жау сұраған,
Жау көрмесе жылаған,
Мыңды бірге санаған,
Ер Әкімбек сұрмерген,
Қол ішінен сол шықты.
Әлжан, Кәрібоз, Дәуренбек,
Мыңбасылар мол шықты.
Алысатын ажалмен,
Айқасатын залыммен,
Қолымен оқты қағатын,
Қамалға жалғыз шабатын
Амангелді ер шықты...
Сәт дастанының сюжет құрылысы, композициясы, кейіпкерлері, оқиға,
өмір көрінісінің жеке кезеңдерін нақты суреттеуі жөнінде өзіндік стиль,
көркемдік ерекшеліктері бар. Ақын дастанын бұрынғы батырлар жырындағы
кейбір қонымды мотив, көркемдік әдістерді қолдана отырып жазады, сонымен
бірге жазба поэзидағы нақты суретшілік, сезімді берушілік, оқиғаны түйінді
жерден бастап кетушілік, тілдегі жаңалық іздеушілік ерекшеліктерді де
қолданып отырған.
Автор Амангелдінің басындағы сүйініш-күйініштерді, шиеленіскен оқиға
түйіндерін нақты суреттегенде түйдектеу, еселеу, әдістерін, жағымсыз
образдарды сипаттағанда өткір әжуалау, сықақтау әдістерін орынды
107
пайдаланған. Осы әдістерді қолдану арқылы идеясын айқын жеткізе алған.
Тұспалдау, мысалдау тәсілдерін сол дәуірдің жалпы шындығын көрсетуде өте
шебер қолданған. Мысалы, 1916 жылдағы патша қысымы күшейе түскен
кезеңді ақын былайша суреттейді:
...Қаһарын төкті қара бұлт,
Қатулана қарманды.
Қар артынан қар жауды,
Шатырлады аспан, көк.
Түскендей боп жерге кеп,
Ай дірілдеп, жұлдыздар
Жылағандай еңіреп,
Дүние тулап теңселіп,
Теңіздер суын шайқасты.
Бұлт ішінде айдаһар,
Улы тілін шығарды.
Құйрығы кейін ұзарып,
Кеудесі неше бұралды.
Жанның бәрін жалмауға,
Жанның бәрін қарманды...
Мұнда жазба поэзия дәстүрі мен фольклор дәстүрі аралас келіп тұр. Ақын
шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктер мен көркемдеу құралдарын шебер
қолдануы, стилі Сәт Есенбайұлының ақындық қуатын таныта отырып, оның
ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет дәстүрлерін ұштастыра білген дарын иесі
екендігін танытады.
Жоғарыда талданған Файзолла Сатыбалдыұлы, Омар Шипин, Күдері
Жолдыбаев, Нұрхан Ахметбеков, Сәт Есенбаевтардан басқа 1916 жылғы Ұлт-
азаттық көтеріліс тақырыбында жазған Торғай ақындық мектебінің өкілдері
Әбдірахман Иманқұлұлы, Қашқынбай Қазұлы, Ақмолда, Досмұқан сияқты
ақындардың шығармалары баршылық. Оның барлығы да қазақ халқының
азаттық жолындағы күресін, сол күрестегі батыр ұлдардың ерліктерін
жырлаған. Алайда бұл шығармаларда да, Омардың, Күдерінің, Нұрхан мен
Сәттің дастандарында да тарихи шындық көрсетілмей, яғни 1916 жылғы
көтерілістің негізгі мазмұны мен мақсаты өзгеше сипат алады. Тіпті, Омар мен
Нұрханның дастандарында Амангелді көтерілісті орыс революционерлерінің
тапсырмасымен ұйымдастырған сияқты болып қалған.
Біз әрине ақындарға ешқандай да кінә артпаймыз. Заман ағымы солай
болды, ақындардың ащщы запыраны іште кетті. Сол себепті де біз аталған
ақындардың дастандарындағы Амангелді бейнесін жиынтық бейне деп
түсінуіміз керек. Ол бейненің ішінде Әбдіғапар, Кейкі сияқты қазақтың
азаттығы жолында құрбан болған талай батыр ұлдарының да тұлғасы бар деп
ұғынуымыз қажет. Мүмкін Әбдіғапар мен Кейкінің аттарын атай алмаған
ақындар Амангелдінің образы арқылы олардың да бейнесін беріп, оны екшеп
алуды оқырман үлесіне қалдырған болар.
108
Торғай ақындық мектебінің соңғы буын өкілдері Файзолла Сатыбалдыұлы,
Әлмұхаммед Оспанұлы, Құбаша Шалбайұлы, Омар Шипин, Күдері Жолдыбаев,
Нұрхан Ахметбеков, Қашқынбай Қазұлы, Сәт Есенбаевтар ақындық мектептің
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі дамуына зор үлес қосты. Олар бұрынғы
әдеби, көркем дәстүрлерді жаңғырта отырып, ақындық мектептің жаңа сапаға
көтерілуіне жол ашты. Файзолла, Әлмұхаммед, Құбаша сияқты сауатты
ақындар Торғай ақындық мектебін жазба әдебиет деңгейіне жеткізді. Омар,
Нұрхан, Сәт, Қашқынбай, Күдері сияқты халық ақындары ауыз әдебиеті мен
жазба әдебиетті ұштастырып, шығармаларын жазып шығарумен бірге, бұрынғы
суырып-салмалық дәстүрді де қоса дамытты. Сонымен бірге Торғай ақындық
мектебінде Әбіқай Нұртазаұлынан басталатын көлемді поэзиялық шығармалар
– эпикалық туындылар жазуға да осы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қадам
жасалды.
109
Достарыңызбен бөлісу: |