Төтенше жағдайлар және олардың халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсері
Болашақ ұрпақтар қалай өмір сүреді? Оларды қандай қиындықтар күтіп тұр?Өмір сүріп отырған ортамызды жақсарту үшін не істеуіміз керек? Бұл сұрақтар өмір сүруге селқос қарамайтын әрбір адам үшін өте маңызды. Қоғамның дамуы күрделенген сайын оның табиғи ортаға тигізетін әсерлері де өзгерістерге ұшырауда. Қоғам мен табиғи орта арасындағы қарым-қатынаста үйлесімділіктің жойылуы табиғи ландшафтардың тұрақтылығының сақталуына кері әсерін тигізуде. Ландшафттардың тұрақтылығы – бұл қоршаған ортаның өзгеруі жағдайында оның өз құрылымы мен қалыптасу сипатын сақтау қабілеті. Табиғи ландшафттардың тұрақтылығы табиғи және антропогендік апаттардың әсерімен бұзылуы мүмкін. Топырақтың, судың, ауаның құрамының өзгеруі, климаттық, кеңістіктік т.б. өзгерістер адамдардың өмір сүру ортасына қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың қалыптасуына әкеліп соғуда. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар тек қана табиғи апаттардың әсерімен ғана емес, сонымен қатар адамның өндірістік іс-әрекеттерінің әсерімен болатын, техногендік сипатқа ие болып, қоршаған ортаның ластануы арқылы немесе онсыз да орын алуы мүмкін. Техногендік сферада өте үлкен қауіптілікке ие болатын транспорттық апаттар, жарылыстар және өрттер, радиациялық апаттар, химиялық қауіпті заттардың бөлінуінен болатын апаттар т.б.Төтенше жағдайлар әлеуметтік жағдайлардың шиеленісуінің әсерімен де болуы мүмкін. Әрбір төтенше жағдай тек сол жағдайға ғана тән себептер, ерекшеліктер және даму сипаты арқылы ерекшеленеді.
Төтенше жағдай – белгілі бір аумақта халықтың өмір сүруіне қауіп төндіретін табиғи құбылыстар, катастрофалар, стихиялық немесе басқаша түрде болатын апаттар арқылы, халықты материалдық шығындарға ұшыратып, олардың денсаулықтарына залал келтіретін, адам құрбандығына алып келетін жағдайлардың орын алуы. Орын алған төтенше жағдайлардың көлемі, сипаты, тудырып отырған залалдары катастрофа алдындағы жағдайлар арқылы анықталады. Сонымен қатар катастрофадан кейінгі кезең катастрофаның әлеуметтік-мәдени, экономикалық, өндірістік, психологиялық, демографиялық процестерге тигізетін деструктивті әсерлерін шын мәнінде анықтауға мүмкіндік береді.