«Тұран» Университі


Қоғамды формациялық және цивилизациялық



бет154/171
Дата21.10.2022
өлшемі2,56 Mb.
#44551
1   ...   150   151   152   153   154   155   156   157   ...   171
Қоғамды формациялық және цивилизациялық
тұрғыдан түсіну жолдары
Қоғамды материалистік тұрғыдан түсіну жолында К.Маркс қоғамдық-экономикалық формация теориясын жасайды. Оның ойынша, ол – нақтылы-тарихи сатыдағы белгілі бір өндіріс тәсіліне негізделген қоғам. Формациялық тұрғыдан бүкіл адамзат тарихын талдай келе, К.Маркс келесі қоғамдарды ашады: алғашқы қауым, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік формациялар. Алайда, адамзат тарихы болашақта коммунистік формацияны заңды түрде тудырады. Өйткені, оның ойынша, капиталистік қоғамның негізгі мақсаты – заттық байлықты жинау, капиталды өсіру, ал тарихи сахнада өмір сүріп жатқан тірі адам – сол мақсаттың құралы ғана. Осы себепті К.Маркс капиталистік қоғамды қатты сынға алады. “Капитал ең тәтті шырынның өзін адамдардың бас сүйегіне құйып ішеді”, …“адамдардың бір-біріне деген нәзік те жылы қатынастарын капитал мұзды суға батырады”,…“бұл қоғамда кәртайып қайраты кеткен шал гүлденген жас әйелге үйленеді, өйткені бұл қоғамда бәрі де сатылады”,- деп қорытады К.Маркс. Әрине, мұндай ақуалдың мәңгілік сақталуы мүмкін емес. И.Канттың “адамды әрқашанда мақсат тұт” деген талабын жақсы білген К.Маркс, болашақта адамды негізгі мақсатқа айналдыратын қоғам дүниеге келеді, ол – коммунизм (communіtas – латын сөзі,- қауымдық) деген тұжырым жасайды. К.Маркстің ойынша, бұл қоғамда жеке меншік толығынан жойылып, өндіргіш күштердің орасан зор дамуының нәтижесінде адамдар арасында толық теңдік орнап, олардың барлық қажеттіктері толығынан өтеліп, адамдар жан-жақты дамып гүлденеді, адамзаттың мыңдаған жылдар армандаған бақытты өмірге қолдары жетеді. Алайда, ондай қоғамға жету жолында ең алдымен социалистік сатыдан өту қажет. Күйреген капитализмді терістеп дүниеге келген бұл қоғамда әлі де болса таптар мен әлеуметтік әр-түрлі топтар сақталады. Бұл қоғамда әр адамнан өз қабілетіне қарай, қайырымына еңбегіне қарай игіліктер бөлінеді,- деп қорытады К.Маркс.
Бүгінгі таңдағы К.Маркстің коммунизм теориясын сынаушылар өздерінше оны “сілейте сынап”, оған қарсы теріске ешқашанда шығарылмайтын деректер таптық,- деп масаттанады. Ондай “ғұламалар” әсіресе бүгінгі “либералдардың” араларында жиі кездеседі. Ол қандай деректер екен?
Біріншіден, әр адамның барлық қажеттіктерін толығынан өтеу үшін шексіз байлық өндірілуі қажет, ал оның ешқашанда болуы мүмкін емес, бұл дүниедегінің бәрі шектелген,- деген “даналықты” олар алға тартады. Осы арада дереу бізге мынандай ой келеді: бүкіл дүниежүзілік қауым мойындаған аса дарынды ойшыл қазіргі кейбір майда қоғамтанушылардан да тайыз болғаны ма? - Әрине, жоқ. Дүниедегінің бәрі де шектелген – ол рас. Сонымен қатар, бұл қағида адамға да жатады. Мысалы, жеке адамға шаққанда жылына қанша ет, көгөніс, май, т.б. тағамдар керек екен? Ол шексіз бе? - Әрине, шектелген. Басқа да адамға қажет материалдық игіліктерді де осы секілді қарастыруға болады. Бірақ, бұл дүниеде шектелмейтін бір ғана нәрсе бар – ол адамның рухани-шығармашылық жетілуі. К.Маркстің ойынша, жаңа қоғамды орнату барысындағы қалытасатын қоғамдық қатынастар адамның белсенді жасампаздық іс-әрекетін тудырып, соның нәтижесінде тек жағалай орта ғана өзгеріп қоймай, сонымен бірге, адамдардың өздері де өзгеріп, жан-жақты дамып, ішкі табиғи дарындарын гүлдетіп сыртқа шығарады. Мұндай әлеуметтік болашақ ақуалды ол кісі коммунизм деген ұғыммен береді. Ал мұндай жолмен дамудың расында да шегі жоқ - ол тоқталмайтын үрдіс.
Екіншіден, марксизмді сынаушылар “егер адамның барлық қажеттіктерін өтей алатын ақуал дүниеге келсе, онда дереу қоғам іріп-шіри бастар еді”,- деген пікір айтады. Өйткені, адамға ешнәрсе қажет емес, ондай жағдайда адамның саусағы да қимылдамайды емес пе?,- деген сауалды қояды. - Әрине, біз адамды тек қана дене ретінде қарасақ, бұл пікірді терістеу қиын. Онда бақыт, өмірдің мәні тек қана ішіп-жеп, дүниеден тәндік-сезімдік ләззәт алуда болса керек. Мұндай көзқарас, мәселеге тереңірек үңілсек, адамды жануарға теңеп, оның қадір-қасиетін аяққа басады, оның “жиырылған ғарыштық” Дүниедегі ерекше рөлін түбі жоқ тұңғиыққа батырады. Сондықтан да болар, кейбір билікке ұмтылғандар, шындыққа айналмайтын уәделер беріп қалың бұқараны алдап-арбап, оны жеңіл түрде оңға-солға, керек жаққа бұрылатын тобыр ретінде қарайды. Мұндай ақуалды бүгінгі таңда біз кейбір материалдық жағынан дамыған елдерден байқаймыз. Өкінішке орай, сонау Қайта Өрлеу заманынан басталған Батыс елдеріндегі өмірдегі материалдық-сезімдік бағыт бүгінгі күнге шейін созылып, терең рухани-адамгершілік дағдарысқа әкелгенін дүниежүзілік зайырлы қауым көріп отыр. Алайда, бұл өмірлік жолдың адамзатты тұйықтыққа, я болмаса, ядролық соғыс арқылы өзін-өзі өлтіруіне әкелетінін болжау қиын емес. Расында да, материалдық игіліктер әрқашанда шектелген. Егер, адамзаттың дамыған елдердегі “алтын миллиард” аталған бөлігі өлшемнен тыс тұтынуды өмірлік мақсат-мұратқа айналдырып, ал келесі артта қалған елдердегі миллиардқа жуығы күнбе-күн аштықтың зардабын көріп, жыл сайын 70 миллионға жуығы өліп жатса, жер бетіндегі шиеленіс, экстремизм мен терроризмнің өршімесіне кім кепіл бере алады?
Бірақ, адамзаттың әр-түрлі заманда өмір сүрген барлық кемеңгерлері - Сократ пен Анарыстан бастап, Абай мен К.Ясперске дейін - адамның рух екенін шаршамай айтып келген болатын. Өкінішке орай, бүгінгі таңға шейін рухани-адамгершілік жолында адамзат өте қабілетті оқушы болып отырған жоқ. Алайда, болашақта тек осы жолда ғана адамзат өзін-өзі сақтап қалуы мүмкін.
К.Маркстің коммунистік теориясына бүгінгі таңда қандай баға беруге болады? Бұрынғы Кеңес Одағындағы социалистік қоғамды орнатудағы орасан-зор жасампаздық пен қатар қайғыға толы іс-әрекеттер тарихи тұйықтыққа әкелгенін жақсы білеміз. Алайда, оның кінәсін К.Маркстің теориясынан іздеу дұрыс болар ма екен? Мүмкін, оған кінәлі “марксизмді жаңа дәуірде шығармашылық жолмен әрі дамытқан” большевиктердің көсемі Ленин болар? –Расында да, капиталистік қатынастар әрі күшіне кірмеген, тіпті кейбір жерлерде тағылықтың іздері әлі өшпеген феодалдық елде социализм орнатамыз деп лепірген революцияшыл топтардың тарихи кінәлігін айтпай кетпеуге болмайтын сияқты. Екінші жағынан, қоғамдағы терең де жүйелі дағдарыстың өршіп, халықтың шыдамының таусылғаны да оған себеп болса керек. Алайда, бүгінгі таңдағы әлеуметтік мемлекет орнатқан кейбір елдерге көз жіберсек (Швеция, Финляндия; Голландия т.с.с.) ол елдерді К.Маркстің заманындағы капиталистік қоғаммен толығынан салыстыруға болмайды. Мемлекет тарапынан жасалған көлемді әлеуметтік бағдарламалар әлсіз тотптарға біршама көмек көрсетіп олардың өмірден өз орнын табуға көмектеседі. Сонымен, дамыған капиталистік елдер ешқандай революция, қантөгіс төңкерістерсіз-ақ бірте-бірте әлеуметтілікке қарай жылжып бара жатыр. Ал, социализм дегеніміздің өзі әлеуметтілік деген мағна береді. Олай болса, К.Маркстің тарихи болжамы бірте-бірте іске асып келе жатқанға ұқсайды.
Сонымен қатар, К.Маркстің теориясындағы тарихи үрдістегі революцияның, зорлық-зомбылықтың рөлін асыра көрсетуі – сол кезде болған әлеуметтік-саяси ақуалдан, содан ашынудан шықса керек. Қандай ұлы адам болғанымен, бұл тұлға да өз заманының ұлы болғанын айтып кету қажет. Олай болса, ол да қателескен. Бүгінгі заманның шыңынан тарихқа көз жіберсек, бірде-бір тарихтағы болған революцияның алдына қойған мақсат-мұраттарына жетпегенін, керісінше, миллиондаған адамдарды қайғы-қасіретке, адам шошынарлық қантөгіске әкелгенін көреміз. Тарихи үрдістен шығатын бүгінгі адамзаттың көзі жеткен тұжырымы - қоғамды күнбе-күнгі қажымас еңбек, өзара келісімге келу, қайшылықтарды бейбіт жолмен шешу арқылы даму болмақ.
Бүгінгі таңдағы қоғамды зерттеудің кең тараған әдістемесі – цивилизациялық талдау. Оның негізгі үлгісі ХХ ғасырдың 60-ж.ж. аяғында жасалған болатын. Осы кезде К.Маркстің жасаған формациялық теориясына қанағаттанбаушылық байқалды. Өйткені, Кеңес Одағындағы мемлекеттік меншікке негізделген жоспарлық экономика Батыстағы капиталистік жеке меншікке негізделген нарықтық экономикамен сайысқа түсе алмай артта қала бастады. Ал К.Маркстің формациялық теориясы бойынша, социализм капиталистік қоғамның жеткен жетістіктерін басып озып, одан да гөрі асқан өндіргіш күштерді тудыруы керек еді. Осы ақуалды ескере отырып Д.Бэлл, Р.Арон, У.Ростоу сияқты Батыс ойшылдары К.Маркстің коммунизм теориясын “утопиялық, ешқашанда өмірге келмейтін сағым” ретінде қарап, олай болса қоғамды талдаудағы жаңа әдістеменің керек екенін алға тартты. Сондықтан, Батыс әлеуметтік философиясында формациялық талдаудың орнына цивилизациялық сараптау жолы келді.
Біріншіден айтып кететін жәйт – цивилизация ұғымының көп мағналығы. “Cіvіlіtas”,- деген латын сөзі “қалалық”, “азаматтық”,- деген мағна береді. Енді бұл ұғымға берілетін бірнеше негізгі түсініктерді атап өтейік. Біріншіден, цивилизация алғашқы қауымдық қоғамнан кейін дүниеге келетін адамзат тарихының сатысы (Л.Морган, Ф.Энгельс). Екіншіден, цивилизация дегеніміз қоғамның алып заттық денесінің пайда болып, адамдардың материалдық-сезімдік өмірлік бағытына көшуі, руханияттың азғындауы (О.Шпенглер, Ж.Ж.Руссо). Үшіншіден, цивилизация дегеніміз белгілі бір географиялық ойкуменада (аймақта) қалыптасатын ортақ дүниесезім мен өмір салты, мәдени құндылықтар ( А.Тойнби, В.Данилевский). Төртіншіден, өндіргіш күштер дамуы биік дәрежеге көтеріліп, негізгі қоғамдық қатынастардың заңмен ретке келтірілуі, адам құқтарының бұлжытпай орындалуы, “тұтыну қоғамының” орнауы (Д.Бэлл, З.Бзежинский). Бесіншіден, цивилизация дегеніміз, сайып келгенде дін арқылы берілетін моральдық-рухани құндылықтардың негізінде ұйымдасқан қоғам (В.Мак-Нил, С.Хантингтон).
Қалай дегенде де, әрине, алғашқы қауымдық қоғам цивилизация емес. ХХғ. өмір сүрген көрнекті неміс ойшылы К.Ясперс цивилизация “кіндікті заманда” - б.з.д У111-11 ғ.ғ. дүниеге келеді,- деген пікір айтады. Бұл кезде Шығыста да, Батыста да бүкіл адамзат пір тұтатын ойшылдар дүниеге келіп, өз халықтарын адамгершілік жолға түсіреді. Олар: Лао-Цзы мен Кон-фу-цзы (Қытай), Махавира мен Гаутама Сидхартха, соңынан Будда аталған (Үнді), Заратустра (Парсы), Сократ, Платон, Аристотель (Греция), Палестина топырағында дүниеге келген Библияда көрсетілген кейіпкерлер,- деп қорытады К.Ясперс.
Алайда, кіндікті заманды материалистік тұрғыдан түсінуге болар ма екен? Аталған уақыт адамзаттың қола дәуірден өтіп темір дәуіріне келген кезін көрсетеді. Соқаның басына байлаған темірден жасалған жер жыртқыш жердің өңделуін анағұрлым жақсартып көп өнім алуға мүмкіндік береді. Ал оның өзі қажеттіктен артық байлықтың дүниеге келуіне, соның нәтижесінде ең алдымен заттарды айырбастау, соңынан олардың бәрін теңейтін алтын, кейін ақшаның пайда болуы әлеуметтік айырмашылықты тудырады. Жеке меншік дүниеге келіп, мемлекеттік дәрежеде ұйымдасқан қоғамның формасы келеді. Енді қоғамда дене еңбегімен тікелей айналыспай, өз өмірін толығынан ой еңбегіне арнаған адамдар – жазушылар, философтар, діни қызметкерлер, мемлекет шен-иелері т.с.с. дүниеге келіп, олармен бірге жазба тарих пайда болып, мектептер ашылады т.с.с. Міне, енді дүниеге осы уақытта цивилизация келді деп айтуға болады.
Цивилизациялық талдаудың негізінде жатқан анықтаушы - қоғамның өндіргіш күштерінің дамуы, яғни бұл әдістемені де қоғамды материалистік жолмен түсінудің бір түрі ретінде қарауға болады.
Осы тұрғыдан оның алғашқы сатысын аграрлық цивилизация деп атайды. Оның өмір сүруі тарихта бірнеше мың жылдарға созылды. Оның негізгі мінездемелеріне келер болсақ, халық ауылдарда шоғырланған және материалдық игіліктердің бәрі дерлік сонда өндіріледі. Қалалар әлі кіші-гірім ғана, онда тек мемлекеттік шен иелері мен қатар ақсүйектер ғана тұрады. Енді еңбекті ұйымдастыру принципіне келер болсақ - ол мәжбүрлік, зорлық-зомбылыққа негізделген – толығынан иесіне тәуелді құл мен жартылай тәуелді шаруа, әрине, жақсы өнімді жұмыс істеуге мүдделі емес. Сондықтан, мемлекеттің күш қолдану мекемелері көлемді болып келеді, өйткені оқтын-оқтын езілген таптар көтеріліске шығады. Бірақ, қоғамды үне бойы қолдың күшімен ұстап тұруға болмайды. Сондықтан, бұл қоғамның рухани тірегі ретінде бүгінгі таңдағы дүниежүзілік діндер пайда болады. Қайсыбір діннің негізгі атқаратын қызметі – езіліп, зардап шеккен адамның жан-дүниесіне рухани әсерін тигізіп тыныштандыру, қарымына о дүниедегі жұмақты ұсыну болмақ.
Мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген бұл қоғам Жаңа дәуірде индустриалдық цивилизацияға ауысады. Бұл қоғамның дүниеге келуі, негізінен, машиналық өндірістің пайда болуымен байланысты. Олай болса, материалдық игіліктердің пілдей бөлігі қалада өндіріле бастайды, ауыл болса – тек шикізат өндіретін дәнекерге айналады. Негізгі халық урбанизация (urban,- қалалық, лат. сөзі) үрдісіне түсіп қала тұрғындарына айналады. Орасан-зор мыңдаған жұмысшылар бір жерде шоғырланған зауыттар мен фабрикалар пайда болады. Адамдардың бір-бірінен тәуелділігі жойылып, заңды түрде олардың құқтары теңеледі. Соның нәтижесінде зорлық-зомбылыққа негізделген еңбек жойылып, оның орнына экономикалық мүдделік келеді. Бір жағынан капитал иелері, екінші жағынан жұмыс істеу қабілеті, күшінен басқа ештеңесі жоқ адамдар бір-біріне қосылып еңбек үрдісін құрайды. Индустриалдық қоғам өндіргіш күштерді бірнеше ғасыр шеңберінде бұрыңғы-соңғы болмаған дәрежеге көтереді. Үне бойы жаңарып жатқан машиналар мен өндіріс жабдықтарын игеру үшін халықты ағарту, білім беру қажет болды. Жалпы алғанда халықтың тұрмыс және мәдени деңгейі анағұрлым биік дәрежеге көтеріледі. Дегенмен, екі қарама-қарсы мүдделері бар – капиталистер мен жұмысшы - таптар арасындағы қайшылықтар өршіп әр-түрлі таптық күрес формаларын тудырады. Ақырында, 350 жыл шамасына созылған тез қарқынды индустриалдық даму екі үлкен дағдарысқа келіп тіреледі – олар бір-бірімен тығыз байланысты энергетикалық және экологиялық қиындықтар болатын.
Аталған дағдарыстардан шығу жолында жаңа компьютерлік технологиялар дүниеге келіп, энергияны аз пайдаланатын, олай болса, экологиялық жағынан да ұтымды өндіріс ошақтары пайда болады.
Сонымен, ХХ ғ. 60 ж.ж. біршама индустриалдық жағынан дамыған қоғамдар постиндустриалдық (post,- кейінгі) сатыға көтеріледі. Оны кейбір кезде информациялық (ақпараттық) қоғам дейді. Бүгінгі таңда постиндустриалдық сатыға жеткен елдерде 1 млрд. жуық адамдар өмір сүреді (әдебиетте оларды “алтын миллиард” деп атап кеткен). Бұл елдерге Батыс Европа елдерін, АҚШ, Канада, Австралия мен Жаңа Зеландия, Жапония, Малайзия, Сингапур т.с.с. жатқызуға болады.
Бұл сатыға жеткен қоғамдар қандай сапалық ерекшеліктерге жетті?
Біріншіден, білімнің үлесі (ақпараттың) қоғамның қай саласында болмасын күрт өседі. Егер білімнің еке есеге өсуі адамзат тарихында 1ғ. бастап 1750 жылға дейін созылса, келесі екі есе өсуі 1750-1900ж.ж., ал ХХ ғ. 50-ақ жылда екі есеге өсті. Ғалымдардың айтуына қарағанда, бүгінгі жер бетіндегі метрлік толқындағы радиосәулелердің деңгейі Юпитер мен Сатурн сияқты планеталардан асып түсіп, тек Күннен ғана кем болып тұр, сонымен қатар, ол Ғарыштан байқауға болатын дәрежеге жеткен. Сонау көне заманнан бастап ақпаратты таратудың негізгі құралы ретінде жазу қолданса, ал кітап арқылы білім Орта ғасырдан бастап таратыла бастаса, ХХ ғ.– радио, теледидар, телефон, телеграф сияқты электрлік құралдар пайдаланылды. 70-ші жылдары компьютерлік электрондық құралдар кеңінен өмірде қолданылып білімді тарату мен қолданудың мүмкіншіліктері көптеген есе өсті. Ақпарат – негізгі тұтыну тауарына айналды. Сол себепті бүгінгі таңда дамыған елдерде материалдық өндірісте тек халықтың 24-26% ғана істейді. Керісінше, рухани өндірістегі адамдардың саны 36-38% жеткен ! Өйткені, өндіргіш күштер өскен сайын материалдық өндіріске керек адамдардың саны да соған сәйкес кішірейе бермек. Ақпараттық қызмет көрсету саласы дамыған елдерде бүгін бүкіл экономиканың 50% асады екен ! Сонымен ақпарат ең құнды тауарлардың қатарына кірді. Олай болса, ұлттық ақпарат ресурстары – сол қоғамның негізгі байлығы болып есептеледі. Енді оның ғажап ерекшелігі мынада. Мысалы, сіз мың дана көйлектің 500-н сатсаңыз, сізде 500-і қалады. Ал 1000 бит ақпарат сатсаңыз, оның құнын аласыз да, сонымен қатар, сол 1000 бит қолыңызда бұрынғыдай қала береді !
Олай болса, постиндустриалдық қоғамның негізгі капиталына адамдардың қабілеттері, табиғи дарындары, оларды дамытып тиімді пайдалану жатады. Қай ел өз адамдарының шығармашылық мүмкіндіктерін гүлдетіп, тиімді пайдалана алса, табиғи байлықтары аз болса да өркендеп алғы шепке өтіп кетуі мүмкін. Ол үшін білім саласына көп көңіл бөлінуі керек.
Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, постиндустриалдық мемлекеттердің негізгі институтына университеттік білім беру саласы айналып отыр. Ол елдердегі жоғарғы оқу орындары негізінен үш шеңберден тұрады. Оның өзегін лекциялар оқылатын, семинарлар жүргізілетін оқу кешендері, екінші шеңберде - ғылымның ең соңғы жетістіктерінің негізінде жасалған лабараториялар, үшінші шеңберінде эксперименталдық шеберханалар мен аз көлемді түрде жаңа технологиялардың негізінде ойлап шығарылған заттарды шығаратын мекемелер орналасқан. Яғни, шығармашылық деңгейге көтерілген жастардың неше-түрлі идеяларының іске асуына барлық жағдайлар жасалған. Соның арқасында, университеттер өндіргіш күштердің дамуының негізгі қайнар көзіне айналуда. Біздің жас мемлекетімізде де университеттердің дамуына жағдай жасалып жатқаны осы тұрғыдан алып қарағанда түсінікті болар. Әрине, бүгінгі таңда біз оқу орындардың лабораториялық базаларын күшейтуге ең алдымен көңіл аударуымыз қажет.
Постиндустриалдық қоғамды кейбір кезде “тұтыну қоғамы” деп атайды. Өйткені, өндіргіш күштердің орасан-зор дамуының нәтижесінде халықтың көпшілігінің материалдық ақуалы биік деңгейге жетіп, қолдағы байлықтан ләззәт алуға бағытталған, сол арқылы өзін қоғамға көрсету (демонстративтік тұтыну) өмір салты қалыптасты. Сонымен, “homo consumer” (тұтынушы адам) дүниеге келді.
Бұл арада біз постиндустриалдық қоғамның теріс жақтарын талдауға көшеміз. Бірінші қоятын сұрағымыз: индустриалдық қоғамдағы адамды құрал ретінде пайдалану, байлықты, капиталды негізгі мақсат-мұрат тұту жойылды ма? - Әрине, жоқ. Постиндустриалдық қоғам өндіргіш күштерді өте биік дәрежеге көтеріп, миллиондаған адамдардың орасан-зор күш-қуатын босатты. Ол күш-қуат қоғамның рухани жаңаруына, адамдардың жан-жақты дамып, шығармашылық деңгейге көтерілуге жұмсалудың орнына материалдық заттар арқылы өмірден неше-түрлі сезімдік ләззәт алуға бағытталады. Өйткен себебі, капиталдың үне-бойы өсуі нарықтағы айналымның тез өтуімен тығыз байланысты. Керісінші жағдайда ол тоқырауға ұшырайды. Сондықтан, жыл сайын жаңа тауарлардың сан-алуаны шығарылып, жарнама арқылы адамдарға тартылады. Оларды тұтынатын адамдар өздерін өмірдің желісінен қалмадық деп есептейді де, тұтына алмағандар өзін бишара ретінде сезінеді. Мұндай өмір салты көбірек тұтынуды өмір мақсатына айналдырады, ал ол үшін көбірек ақша табу керек, оның жолында сайысқа түсіп, стресске ұшырап, неше-түрлі транквилизаторларды қолданып, ақырында көп адамдар жүйке ауруларына шалдығады. Өмірдің мән-мағнасы жойылған адам әлеуметтік ауытқулыққа (социальная аномия) шалдығып, қылмыстық жолына, я болмаса маскүнемдік, нашақорлық, тіпті өмірден бас тартуға (суицид) дейін барады.
Постиндустриалдық қоғамда көп адамдар өзін еріктімін деп сезінгенмен, іс жүзінде, биліктегілердің байқалмайтын нәзік ықпалының шеңберінен шыға алмайды. Оны іске асыратын сол елдердегі “Mass- medіa” (насихат, ақпарат беру) құралдары. Саясаттану тілінде оны “publіc relatіon, қысқаша,- P.R.” (бұқаралық қарым қатынас),-деп атайды. Ол, әсіресе, сайлау кезінде кеңінен қолданылады. Оның кейбір “қара” жақтары біздің елімізге де келіп жетті емес пе?
Осындай өмір салтының негізінде Батыс қоғамдарында тұлғалық ерекшелуніліктің орнына біркелкілік келіп, іс жүзінде халық бұқарасының көпшілігі массаға (біркелкі адамдарға) айналды,- деп қорытады ХХғ. Испан ойшылы Х.Ортега-и-Гассет. Оған себепкер болған өндірісті конвейерлеу, миллиондаған бір-біріне толығынан ұқсас заттарды жасау және оны тұтыну, орташа, тіпті тұрпайы талғамға сәйкес келетін мәдениет туындыларын жасау және оны миллиондаған адамдардың тұтынуы т.б.
Постиндустриалдық қоғамдағы өзгерістерді талдай келе ХХ ғ. ұлы гуманисті А.Швейцер адамның материалдық күш-қуаты өскен сайын оның руханиятының тайыздана беретінін өкіне айтады. Ол осы қоғамдағы мәдени-адамгершілік дағдарысты, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасының жүдеуін, адам болмысының мән-мағнасының азғанын, адамдардың бір-бірімен толыққанды да сән-салтанатты дидарласуының жетіспейтіндігін көрсетеді. Американ-неміс философы Э.Фромм Батыс адамының бақытты өмірді шексіз тұтыну жолында іздеуінің жалған жол екенін көрсетеді. Ал Нобель силығының лауреаты К.Лоренцке келер болсақ, техникалық прогресстің жағалай ортаны аздырғаны жөнінде, Табиғаттың айбындылығы мен сұлулығына қазіргі адамның мән бермейтінін, оның күшті де ыстық сезімдерінің сарқылып, зардап пен қуаныш-шаттықтың орнына зерігудің келгенін қазіргі адамзаттың күнәсі ретінде алға тартады. Ал Франкфурт мектебінің өкілі М.Хоркхаймер жоғарыда көрсетілген кемшіліктердің негізгі себебін Батыс адамының жағалай ортаны өзгертіп, билеп-төстеуге бағытталған іңкәрінен көреді.
Бұл айтылған пікірлерден шығатын бірауыз сөз – ол қазіргі Батыс технократизмі мен сциентизмінің болашағының жоқтығы, бұл жолда адамзаттың бірде-бір негізгі мәселелерінің шешілмейтіндігі болса керек. Қазіргі адамзаттың қорланған сан-алуан қайшылықтары тек қана рухани жаңару, қайта түлеудің негізінде шешілуі қажет.
Біздің ойымызша, бұл жолда көшпенділердің адамзатқа берері баршылық. Өйткені, олар ар-намысты материалдық байлыққа жетуден гөрі биік ұстаған. Қазақ санасында “қанағат” ұғымы үлкен орын алады. Жалпы алғанда, өмірлік бағытқа деген көзқарастың негізінде Батыста “үне-бойы жетіспейтін экономика”, ал Шығыста “молшылық экономикасы” өмір сүреді,- деген пікірді біз Батыс ойшылдардың өзінен естиміз. Бір қарағанда мұндай пікір ақылға симайтын абсурд сияқты. Бірақ, оның шындығы мынада. Батыс қоғамында өндіргіш күштер анағұрлым биік дәрежеде болғанымен тойымсыз қоғамды қанағаттандыру мүмкін емес. Шығыс қоғамында экономиканы адамның негізгі қажеттіктерінің өтеліуімен байланыстырады. Ал одан артық өндірілген заттар молшылыққа әкеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   150   151   152   153   154   155   156   157   ...   171




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет