19-бап. Тұрғын үй иесiнiң жер учаскесiне құқығы 1. Тұрғын үй, сондай-ақ салынып бiтпеген тұрғын үй сатылған, сыйға тартылған, мұраға қалдырылған, кепiлге берiлген жағдайда жер учаскесiн меншiктену (жердi пайдалану) құқығы тұрғын үйдiң жаңа иесiне тұрғын үйдiң бұрынғы иесi ие болған көлемде көшедi. 2. Тұрғын үйге (тұрғынжайға) бекiтiлiп берiлген жер учаскесiне тұрғын үй иелерiнiң құқықтары Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарымен белгiленедi. 20-бап. Тұрғын үйдiң меншiк иесiнде сақталуы Ескерту. 20-бап алынып тасталды - ҚР 2007.07.06 N 278 Заңымен. 21-бап. Тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi 1. Үнемi бiрге тұратын ерлi-зайыптылар мен олардың балалары тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi деп танылады. Ерлi-зайыптылардың ата-аналары, сондай-ақ өздерiнiң отбасы бар және меншiк иесiмен үнемi бiрге тұратын балалары өзара келiсiм бойынша ғана меншiк иесi отбасының мүшелерi деп танылуы мүмкiн. 2. Ерекше жағдайларда, егер меншiк иесiмен үнемi бiрге тұрса және онымен кемiнде бес жыл ортақ шаруашылық жүргiзсе, басқа адамдардың да тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi деп танылуы мүмкiн. Еңбекке жарамсыз асырауындағылар, егер олар меншiк иесiмен үнемi бiрге тұрса, меншiк иесi отбасының мүшелерi болып табылады. Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.07.10 N 227 Заңымен.
22-бап. Тұрғын үй иесi отбасы мүшелерiнiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерi 1. Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi тұрғын үйiне өзi қоныстандырған отбасының мүшелерi, егер оларды қоныстандыру кезiнде өзгеше ескертiлмеген болса, тұрғын үйдi онымен бiрдей пайдалануға құқылы. Олар өздерiне меншiк иесi берген тұрғын үйге өздерiнiң кәмелетке толмаған балаларын тұрғызуға құқылы. Отбасының басқа мүшелерiн тұрғызуға меншiк иесiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi. Меншiк иесiмен отбасылық қатынастар тоқтатылған жағдайда отбасының бұрынғы мүшелерi тұрғын үйдi, егер тұрғын үй иесiмен жазбаша келiсiмде өзгеше көзделмеген болса, жалға алу мерзiмiн көрсетпестен жалға алушы құқығын пайдалана алады. Бұл орайда отбасының бұрынғы мүшелерi тұрғын үйдi күтiп ұстау және коммуналдық қызметтердiң ақысын төлеу жөнiндегi шығындарға қатысуға мiндеттi. 2. Тұрғын үй иесi отбасы мүшелерi өздерiнiң тұрғын үйдi пайдалану құқығын бұзған кез келген адамнан, соның iшiнде меншiк иесiнен де аталған бұзушылықты жоюын талап ете алады. 3. Меншiк иесi отбасының кәмелетке толған мүшелерi (бұрынғы мүшелерi) өздерiнiң тұрғын үй-жайды пайдалануынан туындайтын мiндеттемелерi бойынша ортақ мүлiктiк жауапкершiлікте болады. 4-тарау. ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДI ЖАЛДАУ