Түркі академиясы халықаралық Ұйымы йүСҮП ҰЛЫҚ хас-хажиб баласағҰНИ


Одғұрмыштың Өгдүлмішке [берген] жауабы



Pdf көрінісі
бет67/139
Дата03.10.2023
өлшемі1,36 Mb.
#112851
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   139
Байланысты:
Й.Баласағұн.-Құтадғу-білік

Одғұрмыштың Өгдүлмішке [берген] жауабы
Бұл Одғұрмыш ұрды сонда маңдайын,
Көтерді бас көп ойланып мән-жайын.
«Ей, туысқан! – деді, бейнет жүктедің,
Туысқандық сөзіңді айттың, бүкпедің.
Айттың ойлап менің пайдам, жайымды,
Жарылқасын Алла өзіңді дайым да!
Көп талдадым осы бір іс өрмегін,
Мен көздеген мақсатымды көрмедім.


304
3625. Қаламаған істен адам қашады,
Ол – бір қауіп, араны сөз ашады.
Дана сөзі жақсы білім береді,
Ойы таза сүйкімді бір ер еді:
«Қылмақ болсаң әрбір істі ойлап ал,
Сөз айтарда көңіліңе бойлап ал.
Айтар сөзді жұртпен кеңес бірақ та,
Шықпаса ойдан – жақындама, жырақта.
Өзіңе-өзің бауырмалсың, ақыл, ес,
Соқпаса ойың – бәрін де қой, сөзді кес.
3630. Қай істі де көңіл сүймей шатақ-ты,
Пайдасы жоқ, ей, ер тегі атақты!»
Көңілімнің сүймейтінін сезіндім,
Соның үшін осы сөзден безіндім.
Үзірім бар, ей, кісінің сарасы,
Мені қойсаң – сол ғой бұл іс шарасы. –
Жоқ қасиет мен патшаға жарайтын,
Қылық, құлқым, сөзім алдын орайтын.
Қашып келіп бұ дүние ісінен,
Қайта барсам – оны қалай түсінем?
3635. Ғибадат қып өтем тұрса бас аман,
Мен кісінің қызыметін жасаман!
Мені босат, бұзба Тәңір жолынан,
Саған дұға көп оқиын молынан.
Қалай қалсаң кездесудің орайын,
Сен келмегін, өзім іздеп барайын.


305
Сен тыныш жат, маған тисін бар еңбек, 
Сен патшамен ел қамын же зар еңіреп!
Бір мейірбан кісі айтыпты ең текті,
Қызыметқор, сүйіп өскен еңбекті*:
«Сен қайғырсаң қамын ойлап халықтың, 
Қалағаның жақын тұр ғой – алып тын!
3640. Көңіл тыныш, көзі нұрлы кісіде –
Оңғарылар ой-тілегі, ісі де.
Тілек тілеп жүрер адам жарымай, –
Тілегенін табар бір күн арымай!»
Бір сүйікті кісі айтыпты аңғарған, 
Опа қылып, атағы оның жер жарған:
«Болса көңіл – алыс жер де жақындар
Опа қылсаң – назар салып, жақын бар, 
Күншығыс пен күнбатыстын арасын, 
Опа қылсаң – бір-ақ аттар хақың бар!» 
3645. Айтты Өгдүлміш: «Тыңда менің сөзімді,
Мен тыңдадым ықтияттап өзіңді.
Бітті сөзім, сен есен бол, көңіл шат,
Мені ұмытпа, патшаға бер жазып хат.
Хат жіберді патша өзінің қолымен,
Қайтар жауап сен де соның жолымен.
Бер жауапты – осыган мен көнейін,
Өз аузыңнан сөзіңді алып жөнейін.
Сөйле тілмен хат жазуға жетігім,
Мен қайтайын, ей, көңілі тетігім!»


306
Жауап
3650. Одғұрмыш та жауап беріп, тіл қатты:
«Керек болса жазамын ғой бұл хатты!»
Қалам алып, дәуіт, қағаз сұрады,
Бастады хат, сөз тізбегін құрады.
Сөз бастады Алла атымен жар еткен,
«Осы ғой, – деп, – жетілдірген, бар еткен!» 
Мақтау сөзім таусылмайды тілімнен,
Сансыз алғыс айтам оған ділімнен.
Жаратты Алла жаны бардың сан түрін,
Берді ризық, аш қоймады еш бірін.
3655. Ол жаратты екі әлемнің тірлігін,
Болжап болмас бір Алланың бірлігін.
Құдай жалғыз – түрі, түсі, өңі жоқ,
Сен ойлама – оның ешбір теңі жоқ.
Бар ұлылық, бар биіктік хас оған,
Бар нәрсені өзі билер Жасаған.
Қалың елді, сансыз құлды жаратты, –
Керегінің бәрін беріп таратты.
Көк аспанды биік етті төңкеріп,
Күн, ай, жұлдыз безеп қойды көмкеріп.
3660. Қара жер мен көк су етті төменде,
Таза жел мен от жаратты төбеңде.
Берді оларға тілегендей мол табыс,
Жалғыз өзі керек қылмай қолқабыс.


307
Ғибадатсыз құлды қолдар қаласа,
Ғибадатты кейде сүймес ол аса.
«Бол!» деп іске қалағанын асырар,
Кесіп айтар – бәрі еркіне бас ұрар.
Пайғамбарға жаздым сан мың сәлемді, –
Бастаушыға ізгі жолға әлемді.
3665. Патшам үшін еттім дұға, мінәжат,
Аман-саулық айттым сәлем, міне, хат.
Жарылқады патша маған сөз салып,
Оны оқыдым нұры тұнған көз салып.
Ізгі жарлық, түмен үгіт – бәрімен,
Жарылқады жақсы сөздің нәрімен.
Білдіріпті ізгі уәде, ниетін –
Тарту, құрмет, ішіп-жейтін, киетін.
Кім осындай игілікті сезеді, –
Іздеп соны дүниені кезеді.
3670. Түк істемей тапсам дәулет құр босқа,
Зияны оның тимес еді бір басқа.
Бірақ бөтен бар ғой оның зарары, –
Өзім барсам – белгілі оның барары.
Мұның бірі – қызымет жоқ, бұл – арман,
Енді бірі – елге опалық қыла алман.
Жоқ болса әдет, бұ жұмысқа құлығы,
Ел адамның жақпайды ғой қылығы.
Енді екінші – бұ дүние, білермін,
Жапа қылар – мен де сондай бір ермін.


308
3675. Бір Құдайға бағышталған нақ басым,
Иманымды Ием таза сақтасын!
Нені жеймін, иініме не кием –
Құр қалдырмай жеткізеді оны Ием!
Берді саған мал-дүние аямай,
Маған Алла түк те бермей қоя ма, ай!
Болды, жетті бұған дейін еңбегім, 
Алла тағы жеткізеді, ей, бегім!
Жақсы, жаман, кедей, байлық – барлығы 
Бір Алладан, бәрі соның жарлығы.
3680. Мен ем Алла есігіне табынар,
Барлық халық сол есіктен табылар.
Барсам сенің есігіңді сая қып, – 
Не тілеймін өмірімді зая қып?
Сен екеуміз бір Құдайдың құлымыз, 
Құл мен құлдын теңдігі ғой мұнымыз.
Құл боп құлға екінші құл табынса, – 
Болар ұят мұндай атақ тағылса!
Тек жүретін кісі айтыпты былай деп, 
Ей, ақкөңіл, тыңда осыны құлай кеп:
3685. «Бір тоқ, бір аш – бұл адамға жалынба, 
Қызымет қып, мансап қуып, салынба. 
Тынбай ылғи Аллаға қыл ғибадат, 
Күні-түні есігін бақ, жолын да!» 
Қылсаң патшам төрт қажетті аңсаған, 
Қолды қойып табынамын мен саған:


309
Бер кеселсіз өлмес өмір мен үшін, 
Қарымайтын жігітшілік кенішін.
Ауру білмес денсаулықты сай етсең, 
Кедей болып көрмейтұғын бай етсең!
3690. Бұл төртеуін берсең. мен – бір қол балаң, 
Жаным құрбан, табынам да құл болам.
Сен бұларды берсең егер, қайтер ем, – 
«Құл болуға қол берем!» – деп айтар ем.
Күшің жетпей бере алмасаң, алайда, – 
Нең бар, айтшы, артықшылық, қалай да?
Ішіп, жейтін, киетін бар ұдайым, 
Керек болса тағы берер Құдайым.
Сор мен құрмет – бір Құдайдан, – бөлінбе, 
Содан келер өмір шіркін, өлім де.
3695. Ақылды адам мұны «шын» дер, – жасқама, 
Ей, Ел басы, осылай ма, басқа ма?
Сақтар мені бір Құдайым, ал қайсың... 
Ей, асыл бек, өзің сақтай алмайсың!
Сені бақсам, жексем сенің қосыңды, 
Мені бағар Алла, айтайын осымды.
Патша тоймай маған «ас же» демейді, 
Алла мені тойғызады – жемейді.
Іштегі мұң, шерімді айтып шашпай-ақ, 
Біледі Алла мен аузымды ашпай-ақ.
3700. Құл ұстаушы тыя алмайды қорлықты, 
Аллам маған жасатпайды зорлықты.


310
Сен күнәмді кешірмейсің мұнда бір, 
Ием күнә кешіреді мың да бір.
Тыңда – бір сөз айтыпты құл кінәлі,
Сыр ашыпты, сен білмейсің мұны әлі:
«Ей, Жаратқан, мейірімді, киелі, 
Мен таппадым сенен басқа Иені.
Мен мұңайсам – сен қыласың аяныш, 
Тірегі жоқ сорлыға сен – таяныш.
3705. Дертке – шипа, қайғыма сен – қуаныш,
Шерге – дару, жалыққанға – жұбаныш.
Үміт, қызық, сүйінішім, әр күнде –
Бәрі сенің, ей, Жасаған, еркіңде.
Талай жазық қылды саған мендей құл:
Рахымың көп қой, күнәм – аз ғой бұл.*
Кешір! – саған зияны жоқ қимасаң,
Сен қинама, – пайдасы жоқ қинасаң!
Ей, падишам, өтер өмір біртіндеп,
Таусылар ол жеміріліп бір күндеп.
3710. Оған сеніп ойланамыз несіне,
Мәз боламыз артық іздеп несібе?
Босқа кетсе өткен күндер – сол ғайып,
Бос өткізбе келер күнді сарғайып.
Өтер күннен аларыңды қал алып,
Келер күнге дайын отыр қадалып.
Осы халді көріп тұр ғой мына бас,
Содан сөзім патшамызға ұнамас.


311
Мені босат, патшам, тауып қолайын,
Осы жерде мен дұғашың болайын.
3715. Енді қалған өмірімді білейін,
Бір Құдайдың рахымын тілейін.
Бәрі де бар, керек емес басқа бақ,
Бұ Дүние бос нәрсе ғой бастан-ақ.
Иінім бүтін, тамағым тоқ – ырысым,
Пайдасы жоқ бұ Дүниең құрысын!
Жақсы айтыпты мейманасы толған ер, 
Құт-қуаты бақуатты болған ер:
«Бұ жалғанда жейтін нәрсе табылар,
Киім де бар иығыма жамылар.
3720. Керек болса Ием нәсіп етеді,
Өмір болса, жетеді ғой, жә, бұлар!»
Пайда көздеп патшам айтса бақыл ой, –
Менен гөрі ізде білім, ақыл-ой.
« Ел ісіне, десе, мені жарайды», –
Жарай алман, кесіп айтам бар ойды.
Керек болса адам іске шапқылар,
Мың ер ісін бір Өгдүлміш сап қылар.
Ей, падишам, мені жақсы сен көрсең, –
Тап өзіңді жақсылыққа теңгер сен!
3725. Көп кісінің даңқы әлемге тараған,
Мың түмендеп патша аузына қараған.
Не пайда бар патшаға көз сатудан, –
Пайдасы жоқ істе қалмас тату-дәм.


312
Бар үзірім: маған мені табыста, 
Сен қоя бер, енді маған жабыспа.
Біз сөйлестік талай сөзді біз де елеп, 
Айтар саған туысқаным тізбелеп!»
Сөзін бітті, орап хатты байлады, 
Туысы алып, салып қойды, жайлады.
3730. «Арыз-тілек жаздым, – деді, – хатқа мен, 
Айтқан сөзді тоқып алдың жадқа сен.
Патша есітісін – тілмен баян етерсің, 
Қоя беріп мені, қолын көтерсін.
Сөз әкеліп, елші жауап тасиды, 
Жауап беріп, міне, пендең бас иді.
Үч Орданың ханы айтып кетіпті, 
Ол таралып бүкіл елге жетіпті:
«Сөз бұзбаса – елші зиян шекпейді, 
Шын сөзіңді дәл айтумен шектейді!» 
3735. Бұдан жақсы патша айтыпты, ол – шыны: 
«Сөз айтқанда қинама, – деп, – елшіні!»
Елшіге өлім болмақ емес – жақсы біл, 
Естіп алып, дәл жеткізсе сайрап тіл.
Елшіні жұрт хабаршыға балады, 
Сөзді дәлдеп айтса, тірі қалады.
Елші сенің сөзіңді айтса, – ақтағын, 
Сыйлық беріп, бітті сөзім, мақтағын!»


313


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   139




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет