Түркі академиясы халықаралық Ұйымы йүСҮП ҰЛЫҚ хас-хажиб баласағҰНИ


Одғұрмыш бұ дүниенің айып-кемін айтады



Pdf көрінісі
бет65/139
Дата03.10.2023
өлшемі1,36 Mb.
#112851
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   139
Байланысты:
Й.Баласағұн.-Құтадғу-білік

Одғұрмыш бұ дүниенің айып-кемін айтады
Берді жауап Оғдұрмыш та елгезек:
«Ұқтым сені, тыңда менен сөз кезек!
Бұ дүние есіңді алып, көндірген,
Бар айыбын «жақсылық» деп сендірген.
Ол таң емес – бар той сөздің байыбы:
«Сүйген істің білінбейді айыбы». 
3470. Бұ дүние ойыңды алып құрсаған,
Содан айып ізгілік боп тұр саған.
Тыңда сөзін сүйіп басын игеннің:
«Ізгі іс болар бар айыбы сүйгеннің».
Бұл – белгісі сүйгендіктің, жақсы ұлық!
Сүйіктінің бар айыбы – жақсылық.
Дүниені сүйсең, нұры сөнбейді,
Бар айыбын көңіл жақтап, «жөн!» – дейді.
Құр мақтама бұ дүние тетігін,
Мен айтайын оның кем мен кетігін.


292
3475. Адамзаттың жазығы үшін бұл Ие 
Жаратқан ғой түнек етіп Дүние*.
Түнек болған не бар өмір-сымақта? 
Тіле құт пен күш-қуатты жұмақта.
Жарылқаса Құдай құлын – маза сол: 
Тауып берер Дүние емес, таза жол.
Бұ Дүние құты содан ізгі емес, 
Дін, Құдайдан сол бездірер, өзге емес.
Жұрт байыса, өзіңе жан теңгермес, 
Ақкөңіл жан кедейлікті кем көрмес.
3480. «Мен Құдаймын!» деген ессіз килігіп,
Ит боп өлер сұрап әлем билігін.
Жалаңаш кеп, өледі адам тырдай боп, 
Мал жиғандар кетеді ғой жұрдай боп.
Ей, өлермен, емінсектен бетерсің, 
Екі-ақ күндік конақ болып кетерсің.
Біл: тіршілік өлімменен бітеді, 
Ажал әзір: өз кезегін күтеді.
Есік ашар бұ Дүние, тағы бар: 
Жұрт өлімнің есігінен ағылар*.
3485. Екі-ақ күндік қонақ болу үшін де,
Көрер көзге бос күйдірме күшіңді.
Тәркі Жалған құты қайда көгерсе,
Дереу алар тез қайтарып не берсе.
Берер өмір, жойса дағы әр нені,
Шақырып ап күнде түрлі пәндені.


293
Біл: дүние – бір көлеңке албасты,
Қусаң – қашар, қашсаң – арттан қалмас-ты.
Бұған меңзеп айтқан сөз бар мәні – сын,
Ей, ақ көңіл, түсін соның мәнісін:
3490. «Дүниенің малы жау ғой – дінді ұрар,
Байқа, байлық дініңді жеп тындырар.
Бұ дүние қусаң – қашар жым-жылас,
Қашсаң – қуып, сағыңды бір сындырар!»
Бұ Дүние көздің жауын, нұрды алар,
Жасанып ап жас келіндей ырғалар.
Шалбар-шалбар беті жөндеп қарасаң,
Жаға жыртар көке мылжың орасаң.
Қулық, ісін мың құбылтар, ұялмас,
Байына да үш ай түгел сия алмас.
3495. Оған біреу көңіл қойса – бас кетер,
Ісі де оңбай, бар өмірі босқа өтер.
Бұ тіршілік адамға өте қымбат-ты,
Бос кешуге болмас оны тым тәтті.
Кеткен өмір жақсылыққа – бір басқа,
Ей, батырым, жіберме оны құр босқа.
Үш-ақ нәрсе Дүниеде бұл мәнді:
Адал, арам, үшіншісі – күмән-ді.
Шат қылар да, салар Жалған сүргінге,
Теріс қарар, мәз қып қойып бір күнге.
3500. Адалға – есеп, арамға – азап, сұрау бар,
Күмән болса – сақтанып жүр: бұрайды ар!*


294
Семіртеді, мәз қып көңіл өсіред,
Сосын – қайғы, аздырады қасірет.
Бақсаң: қайғы, қуаныштың арты – сол,
Мәз боп өссең, мұң басады, шарты – сол.
Соңына сор ертіп жүрген бағы бар, 
Сор қайнаса – келер бақыт тағы бар.
Білген адам не дейді екен – құлақ түр: 
«Бәле іздемей дүниеден жырақ жүр!» 
3505. Байлық көріп жарымас-ты алдандың, 
Місе тұтып жоқшылықты малдандың.
Көтер сөксе, бар жәбірін қастың да, 
Қайтар өшің қара жердің астында.
Кетер тарап тірнектеген, тергенің,
Шашылар да жинап, ұстап, көргенің.
Кетер нәрсе күн де кетер бір-бірлеп, 
Келер нәрсе өзі келер дігірлеп.
Бұ дүние өткінші ғой, тез кетер, 
О дүние келер күнін тездетер.
3510. Кететінге көңіл бөлмес ақылды,
Келетінге дайындалған мақұл-ды.*
Өлім көрген қуанбас та билемес, 
Оны білген құр жұбаныш күйлемес.
Жолға шыққан жолшыбай үй салдырмас, 
Көшкен кісі орнында түк қалдырмас.
Бұ дүние – қонақ үйі сен үшін, 
Оған төкпе қуаныштың кенішін.


295
Ол екпейді ізгіліктің әр түбін,
Өзгертеді жұрттың қылық, тәртібін.
3515. Әулие адам бар байлықты зая етед,
Құдай деген дүниеден жай өтед.
Бұ дүние ісі маған аян-ды:
Ол бір аушы, аңдып саған таянды.
Адам өзі – қамсыз жүрген аңғал жан,
Торға түссе, түк түсінбей таң қалған.
Тыңда, шайыр қандай сөзді қалаған,
Бұ Дүние сырына сақ қараған*:
«Қыз құлпырып, жүрек діріл қаққанда,
Аңшы қайда – аңы дайын қаққанға.
Шыдамы жоқ, тойымы жоқ қамсыз ер,
Бір ұмтылса – ілінеді қақпанға!» 
Бар байлықты жиып алып, қорықпай,
Мың жыл жасап, тыныш жүрсең тарықпай,
3520. «Пайда не?» деп ақырында қарарсың,
Қара жердің қойынына барарсың.
Өткен өмір көрген түс боп қалады,
Не қылса адам, соған жауап алады.
Бүгін пайда жоқ өкініп кісіге,
Ай, күн, жылдар куә болар ісіңе.
Өмір дәмі үш нәрседен құралар,
Ол үшеуі жүз нәрседен нұр алар.*
Бұл үшеудін ең бастысы – жем, ішім,
Сосын – әйел, жалғастырсаң жең ішін.


296
Ал, үшінші – денсаулық қой ең ізгі,
Осы байлық – бәрінің де негізі.
Үш нәрседе – бар қуаныш дәмі осы,
Басқа үшеуде болмасын ер дәмесі:
3525. Әуелі ауру жанталастан басталар,
Татуы жоқ өлім сосын бас салар.
Басқа нәрсе – қамы бала-шағаның,
Жүгін артып жүдейсің ғой тағы оның.
Тыңда, не дейд, ақыл айтар ер күшті, 
Ұл менен қыз, әйел жұтар бар күшті:
«Өте тәтті әйел қойны мәз етер, 
Суық суға жуынар шақ мезі етер.
Дәмді қайда – дәмсіз нәрсе сол жерде, 
Тәтті артынан ащысы да тез жетер!»
3530. Осы болса өмір дәмі біз татар, 
Дүниенің қызығы жоқ ұстатар.
Тәтті күн – жол ащы өлімге баратын,
Жарқын өмір тылсым болар қара түн.
Өмір – қызық, үш нәрсемен былықты
Тыңда соны, ей дос таза құлықты:
Өмір дәмі, адам тәні, о тұрған – 
Екі жау ғой, тұзақ құрып отырған.
Үшінші жау – діннің бұзу қақпасын, 
Зарарынан оның Аллам сақтасын!
3535. Бұлар жауыз жау ғой – адам азады, 
Бәрінен де тәннің батар азабы.


297
Алла атын айт – қашсын барлық бәлелер, 
Оны айтпасаң, дүние жоқ сені елер.
Жаным-тәнім қалай етсем, бір тынар, 
Өлсем егер, сонда бәрі ұмытылар.
Өте жақсы айтқан екен даналар,
Соны тыңдау орынды боп саналар:
«Жаным, тәнім қинап мұңға батырар,
Бір күлдіріп, бір жылатып отырар.
3540. Кезем әлем, іздеп арман бір емін,
Кейде аш жатып, кейде тоқ боп жүремін.
Бір тілегім орындалса, тағы бар,
Болса бірі, тағы бірі табылар.
Билей алмай жүрмін тәнді – өзімді,
Ием, өзің биле, беріп төзімді!» 
Бұ тән деген – жаман нәрсе, көріп қой,
Көп семірсе, бұзылады көрік, бой.
Тән – аңшының айнымаған итіндей,
Тойса, иесін тыңдамайды титімдей.
3545. Ауға шықпай жатар қарны тойғанда,
Иесінің тілін алмай қойған да!
Тәннен көрдім жас баладай қылықты:
Тойса тамақ – ойынды ермек қылыпты.
Қарны тойса, басқа түкке қарамас,
Оны еркіне жібергенің жарамас.
Бар өмірің түгел үш-ақ күн болар,
Одан әрі түс пен түнек түн болар.


298
Бірі – ертеңгі, бірі – кеше өткен-ді,
Бүгін тірі, көр, ертеңге жеткенді.
3550. Одан әрі тіршіліктің мықты өзін,
«Тіршілік» деп сенбе – айтатын нық сөзім.
Тәтті кезді әйелмен бір кешіру, –
Ер бойының отын бір сәт өшіру.
Ол от өшер мейірленіп игенде, –
Не сұмырай, не сұлуды сүйгенде.
Жеу рахат: қарынды бір шіресе,
Содан кейін пайда тауып күресе.
Арпасы не, алуа не – қарын тоқ,
Бәрі қалар, енді жейтін орын жоқ.
3555. Айтады екен алуа, бал татқандар:
«Азанда аш қой түнде тойып жатқандар».
Алшы тыңдап, тақуа адам не дейді,
Көз, көңілі бай-ау, өзі кедей-ді:
«Ылғи дәмді тамақ жедің өбектеп, 
Шүкір еттім мен тары мен кебек жеп. 
Түнде жаттық екеуміз де тойып ап, 
Өтер сағат келер күнді жебеп кеп!» 
Бай боларсың, өтетұғын кез жетер, 
Сонда саған екі-ақ құлаш бөз жетер.
3560. Өлгеннен соң бай мен кедей арасы, 
Тең болады жер қойнында, қарашы!
Екі-ақ күндік өмір ғой бұл мұнартқан,
Оны қуып несіне адам құмартқан.


299
Сен көздейсің мал жинауды теріп бір,
Өлім көздер сені ұстауды, көріп тұр.
Өмір сәні күнде сенен қашады,
Түбірің жеп өлім аран ашады.
Еш күмән жоқ, өледі екен тірі адам,
Ол қай күні – білмейді екен бір адам.
3565. Сақал шығу арман екен жігітке ер,
О сақалды ағартудан үміткер.
Ақсақалға өлім келіп қолдасты,
Оған қарсы амал-айла болмас-ты.
Фәни үшін өзің отқа түспегін,
Көрер көзге күймейтін іс істегін.
Өмір дәмі ащы судай оңбаған,
Қанша жұтса ішкен кісі қанбаған.
Адам өзі құрғақ құмдай жалмайды, 
Көздің сұғы көл – кеп құйса толмайды.
3570. Қарап тұрсаң: Дүние бір сағым-ды, 
Қанша қусаң, ұстатпай-ақ қағынды.
Көзден ұшар сағымды сен аңсама, 
Ел қашады қусаң дағы қаншама.
Тән қалауын алып жүрме мойынға,
Ләззат қуып, ол берілер ойынға.
Оралмайды өткен өмір, өлген күн,
Болжауы жоқ, не береді келген күн.
Әр күніңді бос өткізбе қабынып,
Өлімге әзір боп тұр ылғи табынып.


300
3575. Тыңда, қане, сергек кісі не дейді,
Бар бәледен арылған ер жебейді:
«Өткізіп ең кешегі өтер түніңді,
Өтер солай бұ келетін күнің де.
Өтер ол да, келіп тағы бір қонып,
Өмір солай, сен көтерме үніңді!»
«Босқа кетті өмір», – дедім, бекіндім,
Барады өтіп бар уақыт, – өкіндім.
Шақырасың бүгін елге, шаһарға,
Кім құтқарар нәпсім мінсе қаһарға?
3580. Тән – бір дұшпан, байлық та – жау соры бар,
Барлық жерге жайып қойған торы бар.
Құр нәпсіге көнбе, жігіт, білесің,
Кысып ұста тәннің тиер үлесін.
Дейді екен өзін өзі билеген
Құмарлықтың мойнын жұлып, илеген:
«Тәнге тұтқын болма, терең білімді ер,
Дінді шалар құрбандыққа ол, біліңдер!
Тек қандырса құмарлықтың құрышын, –
«Білімді» деп санама оны, құрысын!
3585. Тән қызығын ылғи қуған, бағынған,
Ол – белгілі надан адам, қағынган!» 
Мақау болса – «өлік» дей бер, туғандар,
Ауру адам – құмарлықты қуғандар.
Бұ дүние дәл осылай! Сәні не?
Бәрін айттым, түсініп ал мәніне!»


301


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   139




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет