Түркі филологиясына кіріспе гуманитарлық пән болғандықтан, оның аясындағы түркі жазба мәтіндері лингвистикалық, әдебиеттану және тарихи-мәдени зерттеу тұрғысынан қарастырылады. Жазба ескерткіштерді зерттеу тілдің тарихын және қоғамның рухани мәдениетін терең тануға мүмкіндік туғызады. Сондықтан аталмыш курс түркі халықтарының тарихи-филологиялық, мәдени-идеологиялық проблемаларын зерттеуге ерекше көңіл бөледі. Түркі халықтарының үлесі дүниежүзі мәдениетіне, адамзат өркениетіне қосылып, сол негізде жас буынды ата мекенін сүюге, халықаралық ынтымақ пен бірлікке тәрбиелейді. Түркі филологиясына кіріспе пәні – түркі тілдес халықтардың тарихы мен этнографиясын, мәдениеті мен әдебиетін, тілі мен рухани дүниесін зерттейтін тарихи-лингвистикалық циклдың алғашқы баспалдағы. Аталған пән тек лингвистикалық пәндерді меңгеруге ғана емес, сонымен қатар студенттердің таным дүниесін кеңейтуге, өз халқының өткен тарихы мен бүгінгі жайын, әдебиеті мен мәдени мұрасын жетік білуге жол ашады. Сондай-ақ, студенттерді түркі филологиясының қалыптасу, даму тарихымен, түркі тілдерінің топтастырылуымен, жазу тарихымен, ертедегі және қазіргі түркі әдеби тілдерінің графикалық жүйелерімен, жазба мәтіндерін талдау әдістерімен таныстырады. Түркі филологиясына кіріспе курсын оқып-үйрену нәтижесінде студенттер түркі филологиясының негізгі проблемаларынан жақсы бағдарда болып, мәнді-маңызды жетістіктеріне ғылыми баға беріп, көне және қазіргі түркі мәтіндерінің ұқсастықтары мен ерекшеліктеріне анализ жасап, жатық түрде оқып, ғылыми талдау принциптерін қолдана білулері керек. Түркі филологиясына кіріспе курсы түркологиялық білімнің іргетасы болғандықтан, студенттердің басқа да тюркологиялық пәндерді оқып-білуді көздейді, соған жұмылдырады.
Пәннің мақсаты – студенттерге түркі тілдері мен халықтарынын зерттелу тарихынан, түркі тілдерінің топтастырылуы мен өзіндік ерекшеліктерінен, сондай-ақ, түркі жазуы мен тіл мәдениеті тарихының кезеңдерінен мағлұмат беру.
Пәннің міндеті – студенттерге ертедегі және қазіргі түркі тілдерін, жазба мәтіндерін зерттеу жұмысымен таныстырып, болашақ мамандыққа дағдыландыру.
Достарыңызбен бөлісу: |