3. 2. Қазақтың әдет құқығы және ұлттық мәдениет
Еліміздің егемендік алуымен қазақ халқының өткендегі құқықтық,
мемлекеттік құндылықтары мен дәстүрлерін зерттеу мүмкіндіктері
пайда болды. Қазақ құқығы әдет-ғұрыпқа негізделгендігі белгілі. Ол
көшпелі қоғам дүниетанымының барлық салалары мен қырларынан
хабардар береді және көне замандардан келе жатқан – Дала
құндылықтары мен заңдары оның негізін құрайды. Айта кететін жәйіт,
Шыңғысханның «Жасасы» да, жоңғарлардың әдет-ғұрып заңдар жинағы
да, әмбебап бастама болып табылады.
Дала заңы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жататын халықтық
дәстүрлерге негізделген, адамның өмір сүруге деген табиғи құқығымен
тығыз байланысты болғаны бірден көзге түседі. Оған берілетін
философиялық және этикалық дүниетанымдық түсініктемелердің сан
салалы болып келетіндігінде де белгілі бір заңдылықтар бар. Бұл үрдісті
жаңа заманның көрнекті құқықтанушылары, неміс ғалымдары Густав
Гюго мен Карл Савиньи ыждаһаттылықпен зерттеген еді.
Құқық халықтың дамуымен қатар өсе түседі және халықтың
күшімен күшейеді, ақырғы соңында, ұлт өлген кезде өзінің
ерекшеліктерінен айырылады Савиньи былай деп жазады: «Құқық
жалпыхалықтық рухта болады, демек әрбір жеке адамның күш-жігерінен
құралатындықтан, жалпыхалықтық ортақ күш-жігерде болады. Бірақ
жеке адам (индивид) өзінің бостандығына сәйкес, нені қалаймын, қалай
ойлаймын деуге ерікті» [115, 7 б.].
Құқық ең бірінші кезекте айрықша мінезімен, оның «ұлттық
рухымен» айқындалады. Әрбір халықта, деп атап көрсетеді Савиньи,
белгілі бір дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қалыптасып дамиды, олар үнемі
қайталанып отырылғандықтан заңнамалық нормаға айналады. Осы әдет-
ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді мұқият зерттеу жолымен ғана, құқықтың
шын мазмұнын табуға болады.
Қазақтардың әдет-ғұрып құқығы – әлем халықтары құқықтық
тарихының құрамдас бөлімі. Барлық халықтардың әдет-ғұрып құқығы
рулық қоғамнан бастау алады. Әлем халықтары құқықтық жүйесінің
ұқсастығы да осында. Қазақ халқының әдет-ғұрып құқығы туралы
айтқан кезде – терминологияның этимологиялық төркінінен бастау
қажет. «Адат» сөзінің өзі «әдет» сөзімен бірге араб диалектілерінің
бірінен екендігін естен шығармау қажет.
Әдет-ғұрып құқығы өзінің құрамы жағынан біртекті болмайды.
Оның құрамында сипаты жағынан әртүрлі нормалар мен институттар
бір-бірімен ажырамай, тығыз ұштасып, өзара әрекеттеседі. Әдет-ғұрып
құқығында кейінгі замандарда қалыптасқан нормаларды көне
замандардағы нормалардан ажырату өте қиынға түседі. Бұл дәстүрлі
136
қоғам феномендерінің бірі. Қазақ құқықтық ойының маңызды белестерін
білдіретін асулар сөз жоқ «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның
ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» болып табылады. Осы
орайда көптеген сұрақтар туады, атап айтқанда, жоғарыда аталған
заңнамалық құжаттардың барлығы да, белгілі бір хандардың қызметімен
байланысты болып тұр, яғни қазіргі тілмен айтқанда биліктің,
мемлекеттің рұқсатымен қабылданған құжаттар. Ондай жағдайда бұл
құжаттар әдет-ғұрып жинағы болып табылады ма, әлде мемлекеттік
құқықтық нормалар ма?
Дәстүрлі ұғым бойынша әдет-ғұрып құқығы дегеніміз биліктен
тыс өмір сүріп келе жатқан ғасырлық тәжірибесі бар қоғамдық нормалар
жиынтығы, ал құқықтық азаматтық нормалар дегеніміз – мемлекет,
оның білікті органдары белгілеген мінез-құлық, жүріп-тұру нормалары.
Мұндай жағдайда классикалық қазақ қоғамында құқықтық қызмет етті,
позитивті деңгейге жетті деп айтуға бола ма?
Мұның ара жігін ажырату үшін әдет және позитивті құқық
ұғымдарының мазмұнына қайтадан үңілу өзін-өзі ақтайды. Кешегі күнге
дейін құқықтық категориялар заңнамалық тұрғыдан қаралып келді. Бірақ
бүгінгі күнге дейін мұндай стереотиптер жарамайды, зерттеу нысаны
жаңа әдістемелік талаптар тұрғысынан қарастырылады, атап айтқанда,
құқық теориясы төңірегіндегі проблемалардың көпшілігі үзілді-кесілді
философиялық араласуын талап етеді. Бұл кездейсоқ нәрсе емес, өйткені
екі ғылым саласының бір-бірімен дәстүрлі өзара тәуелділігі ежелгі
замандардан келе жатқан көрініс. Адамзат жинақтаған рухани
құндылықтарды, жетістіктерді, рухани кәмелетке келуді, моральдық
тазалық пен талапкершілікті, тұрмыстық даналықты, рахымшылықты
және т.б. қоғамның сапалық күйін білдіретін барлық компоненттерді
нормативті формаға келтіретін құқық – қоғамдық сананың формасы
ретінде өркениет институты болып табылады [116, 58 б.].
Адам қоғамында, әсіресе оның мәдени тереңгі қатпарларында сырт
көзге байқала қоймайтын, демек әлі бейтаныс үлкен адами-мәдени
мүмкіндіктер, құбылыстар, феномендер жатыр. Олардың барлығын
танып-білу, лайықты ескеру – біздің міндетіміз. Олардың көпшілігі
ұрпақтар алмасуы барысында немесе өркениеттің даңғыл жолының
шегінде замана дамуы қарқынына ілесе алмай қалып қойды. Алайда
тарихи уақыт тұрғысынан алып қарағанда, олардың құны арзандаған
жоқ, қайта керісінше, сауатты жан бітірген жағдайда өміршеңдік
танытып, біздің дағдарыстарды шешуге жәрдемге келетіндей. Олардың
арасында бүтіндей бір әлеуметтік-мәдени қатпарлар болып, халықтар
мен мемлекеттер тарихындағы дәуірлердің мазмұның құрап тұр,
солардың бірі қазақ құқығы екендігі сөзсіз [117, 26 б.].
Қоғамда үнемі қолданыста болып, қалыптасқан жазылмаған мінез-
құлық ерекшеліктерінің жиынтығы – әдет-ғұрып құқығы [118, 439 б.].
137
Әдет-ғұрып құқығының негізгі компонеттері – салт-дәстүрлермен
тығыз байланысты болып, соның негізінде қалыптасады. Осылайша
олар ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан рухани-адамгершілік
құндылықтарының өте маңызды элементін құрайды. Ұлттық әдет-
ғұрыптар мен салт-дәстүрлер ұлттық мінез бен ұлттық мәдениеттің аса
маңызды белгілері мен сипаттарын білдіреді.
Позитивті құқықтың да бағыты дәл осындай нормативті реттеуші
қызметін атқарады, бірақ формасы жағынан әдет-ғұрып құқығынан
біршама ерекшеленеді, атап айтқанда, позитивті құқық жазылған
нормаларға жатады. Әрине, өз қалыптасуының ерте сатыларында,
сондай-ақ өз болмысының айрықша формаларында құқық болды және
«жазылмаған» түрде әрекет етті, қызмет жасады. Осы күйінде белгілі бір
пропорцияда ол әлі күнге дейін өмір сүріп, әрекет жасап келе жатыр,
бірақ бұл өз қалыптасуының алғашқы сатыларында семіп, дамымай
қалған құқық.
Әдет-ғұрып және позитивті құқықтың негізгі ерекшеліктеріне
сипаттама бере келіп, олардың тығыз өзара байланысын, өзара
тәуелділігін және өзара жағдаяттылығын атап көрсетер едік. Бұл екі
ұғымның екеуі де – әлеуметтік феномен, олардың әрқайсысы да
өркениеттің белгілі бір жетістігі болып табылады, бірақ айырмашылығы
сонда, әдет-ғұрып құқығы – дәстүрлі қазақ қоғамының рухани
дамуының шыңы болып табылатын болса, позитивті құқық туралы
осылай деу даулы болған болар еді. Өйткені Қазақстанда көп
жағдайларда жазылмаған нормалардың жазылған нормаларға ұласуы
өте даулы мәселе.
Соңғы нормалардың генезисіне мұқият талдау жасау бірқатар
мәселелерді алға шығарды: біріншіден, қазақ құқығы «позитивті»
дәрежеге дейін жетті деп толық сеніммен айтуға бола ма, екіншіден,
позитивті құқық дәстүрлі қазақ қоғамы құқықтық дамуының бүкіл
барысымен қоян-қолтық жүрді деу қаншалықты орынды?
Ұлттық-құқықтық
жүйедегі
позитивті
құқыққа
қатысты
мәселелерді мұқият зерттеу мынандай тұжырымдар жасауға жетелейді:
позитивті құқық – құқық жасаушылықты ұйымдастыру ісіндегі ең
жоғарғы саты, бұл құқықтың ең соңғы шегі.
Әдет-ғұрыптық құқықтан позитивті құқыққа өту мәселесі қашанда
біртектес емес. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты құқықтық
жинақтардың болуы да қазақ құқығының позитивтілік дәрежесіне
жеткендігін толық дәлелдей алмайды. «Жеті жарғы» жазба құқығы
болған жоқ, ол әрбір би немесе әрбір рудың ақсақалдары білуі тиіс
ауызша мақал-мәтелдердің, ережелердің, ұстанымдардың жиынтығы
болды. Бұл жинақта орта ғасырлық қазақ қоғамының негізгі принциптері
мен нормалары белгіленген [119, 42 б.].
138
Жазба заң өзінің қалыптасуының алғашқы сатыларында және
кейбір формаларда жазба күйінде көріне алмайтындығын ескеруіміз
керек. Нақ осы жағдайларда ол кенже қалып, едәуір дәрежеде құқықтық
санамен және құқықтық емес әдет-ғұрыптармен қосылып кетуі де,
позитивті құқық үшін бұрыннан келе жатқан қадыр-қасиетке,
нормативті-құндылықты реттеушілік сипаттарға ие бола алмайды. Бір
сөзбен айтқанда, қазақтың әдет-ғұрып заңдар жинағы классикалық
үлгідегі позитивті құқық дәрежесіне дейін көтеріле алған жоқ.
Жазбаның өте көне ескерткіштері – бұл өз заманының аса
маңызды құқықтық құжаттары болып табылады және оған өзіндік
тамаша қалыптасқан стиль тән. Қазақстанның өзіндік мәдениеті, оның
бітім болмысы ең бірінші кезекте коммуникацияның ауызша –
вербальды формаларына негізделген.
Халықтың негізгі көпшілігі сауатсыз болғандықтан ауызша
шығармашылық әдет-ғұрыптық құқықтық нормаларға тән болады.
Қоғамның артықшылық жағдайдағы өкілдері ғана әдет-ғұрыптарды
жинақтап, жүйеге келтірді, түсініктеме жасады, содан кейін халыққа
таратылып ақын-жыраулар, билер, ақсақалдар тарапынан насихатталып
отырылды. Билер де аталып кеткен адамдардың осы бір шағын
категориясы – Дала заңының сақтаушылары, реформаторлары және
жүзеге асырушылары, дәстүрлі қоғамның өзіндік идеологтары болды.
Тарихи жағдайдың ерекшелігі сонда, ұлттық құқықтың жүйе
қалыптасқан
әлеуметтік
катаклизмаларға
байланысты
елеулі
өзгерістерге ұшырап, мәдениеттің, құқықтың және жалпы тұрмыстың
көріністерінде өзіндік із қалдырды. Ғасырлар бойы қалыптасып,
ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан қазақтың әдет-ғұрып құқығы
бірқатар күрт өзгерістерге ұшырады. Тарихта әдет-ғұрыптың бірте-бірте
құқыққа ұласқан жағдайлары көптеп кездеседі. «Әдет-ғұрып – құқық»
схемасының бірізділікпен жүзеге асуы үшін, мейлінше тұрақты, тіпті
тарихи «мамыражай» жағдайлар қажет. Алайда, жоғарыда айтқан схема
ішкі-сыртқы дағдарыстар тұсында жүзеге аспайды деген сөз емес, қайта
керісінше, өркениеттен қашық көптеген халықтар мен тайпалар «өтуді»
өте табысты жүзеге асырғаны мәлім. Бірақ олардың барлығы бірдей оны
сабақтастықпен жүзеге асыра алған емес. Тек санаулы халықтар ғана
әдет-ғұрып, құқықтық әдет-ғұрып, сонан соң «позитивті құқық»
сатыларын басынан кешті.
Неғұрлым жаңартылған формада заңнамалық позитивизм бүгінге
дейін едәуір ықпалын сақтап отыр, бірақ ол көбіне көп саяси-құқытық
доктриналар мәселесін зерттеушілердің назарын аударуда. Заңнамалық
позитивизм орны мен рөлін дұрыс бағалау үшін, көп жағдайларда оның
философиялық-әдістемелік
және
дүниетанымдық
бағдарларымен
айқындау керек. Алайда, әлі күнге дейін «позитивтілік» ұғымын
түсіндіруге келгенде біржолата қабылданған үрдіс жоқ.
139
Құқықтық позитивтілік концепциясы танымның позитивистік
теориясына негізделеді және онымен біруақытта позитивистік
социологияның әртүрлі варианттарына бағдар алады. Позитивизм
философиясын қолдана отырып, заңнамалық позитивизм барлық
детальдарды негізінен құқық дерегінің мәтіндеріне әкеліп салды, заңға
әкеліп тіреді де заң ғылымын құқықтық догмамен шектейді [120, 3 б.].
Адамдардың күнделікті тәжірибесінде кездесетін заңнамалық
шарттылықтар – реалийлер, әдетте «құқықтық догмалар» деген атауға ие
болған. Олар негізінен қолдаңбалы профильдегі сапалық заңнамалық
тәжірибеде кездеседі. Мысалы, қылмыстық құқық, әкімшілік құқық
және т.б.
Заң ғылымының мәселелерінде құқықтың тек мәндік және
аксиологиялық аспектілері ғана емес, құқықтың әлеуметтіліктік
жағдаяттылығы, оның пайда болуы, құрылымы мен қызметі де маңызды
рөл атқарады. Заңнамалық позитивизм философиялық позитивизммен
таным теориясын алды, оның социологиялық идеяларын керек етпеді
[121, 32 б.]. Заңнамалық позитивизмде мынандай да ерекшелік
болатынын ескеру қажет, ол құқыққа деген формальды-догматикалық
көзқарастан
туындайды.
Осы
тұрғыдан
алғанда
құқықтағы
социологиялық, саяси, философиялық-этикалық ізденістердің маңызды
екені рас, бірақ олар «өз мағынасындағы заңнаманың» шеңберінен шыға
алмайды, яғни екінші кезекке ығыстырылып, қосымша – көмекші
«қолдаңбалы» мәңге ие болады [121, 52 б.].
Азғантай зерттеушілер тарапынан ғана формальды-догматикалық
әдіс өз бағасын алды. Формальды-догматикалық тенденциясына назар
аудармағанда, заңнамалық позитивизм табиғи құқықты және құқықтың
рационалистік философиясын жоққа шығарады. Сонымен, заңнамалық
позитивизм, рухтың екі сферасын айқын екі бөлікке бөледі, яғни
құқықты моральдан бөліп алып қарайды. Бұл позицияның субъективті
мотиві позитивті зерттеудің формальды нысаны ретінде құқықты
адамгершілік мазмұндағы жүктемеден босату деп есептейді маман
Ю.В.Тихонравов.
Осы айтылғандардың барлығын қазақ құқығының ерекшеліктеріне
қатысты
қолданар
болсақ,
қазақ
мәдениетіндегі
«құқықтың
позитивтілігі» туралы мынаны айтуға болады:
Біріншіден,
қазақтың
дәстүрлі
қоғамында
құқықтың
«позитивтілігі» болуы әбден мүмкін, бірақ ол нақ құқықтық емес әдет-
ғұрыптармен байланыста болғандықтан, жазба құқығына қатысты
талаптарға қайшы келетінін ескеру қажет (дәлірек айтқанда, белгілі бір
дәрежеде ғана позитивті деп атауға болады).
Екіншіден, қазақ құқығы заңнамалық позитивизм позициясынан
алғанда субъективтік мотивтің болатындығын білдіреді. Құқық
адамгершілік жүгінен айырылады, бірақ бұл қазақ жағдайына сәйкес
140
келмейді, өйткені Ш. Уәлиханов жазғандай, «қырғыздардың
(қазақтардың) әдет-ғұрып құқығының адамгершілікті жақтары көп»,
олар гуманизмге, демократизмге толы [122, 94 б.].
Үшіншіден, қазақ құқығы нағыз позитивтік құқық деңгейіне
жәдігерліктерге
қарамастан,
қазақ
мәдениетінде
біржолата
қалыптаспаған, дәлірек айтқанда, аяқталмаған жағдайда қалған.
Қорыта
келгенде,
бұл
тұжырымдардың
барлығы
қазақ
мемлекеттілігі мен құқығының кенжелеп қалғандығын атап көрсету
емес, қайта керісінше, қазақ мәдениетінің құқықтың ерекшеліктерінің
астарына үңілу болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |