Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ТҰРСЫН ҒАБИТОВ
ҚАЙРАТ ЗАТОВ
ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ РУХАНИ КЕҢІСТІГІ
Cарапшылар:
философия ғылымдарының докторы, профессор Нұрмұратов С.Е.
философия ғылымдарының докторы Әбдіғалиева Г.Қ.
философия докторы (PhD) Оңғаров Е.А.
Монографияда қазақ мәдениетінің рухани, этикалық, діни және
әлеуметтік құндылықтарына, олардың тарихи дәуірлер арасын
жалғастырушы сабақтастық рөліне және тәуелсіз Қазақстан
мәдениетінің бүгіні мен болашағына мәдени-философиялық талдау
жасалады. Сонымен қатар Қазақстан мәдениетінің қазіргі жаһандану
кеңістігіндегі инновациялық үрдістеріне сараптау беріледі.
Кітап мәдениеттанушы мамандар мен жоғарғы оқу орындарының
бакалаврлары, магистрлері мен докторанттарына арналған.
Монография ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2012-2014
жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру
аясында «Исламдағы толеранттылық дәстүрі» жобасы бойынша
орындалған.
2
1. МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨРКЕНИЕТТЕГІ ӘМБЕБАПТЫЛЫҚ ПЕН
ЕРЕКШЕЛІК
1.1 . Мәдениет ұғымы, құрылымы және қызметтері
Адам баласы өмірінің басты мақсаты – ол мәдениет ұстындарына
сүйене отырып, өзінің бойындағы қасиетті дәйекті де тұғырлы етіп
тәрбиелей отырып, жүзеге асыру. Өйткені мәдениеттің өзі өмірдің
тиянақтылығын,
дәйектілігін,
мәнділігін,
табандылығын,
тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірден-бір институт болып
табылады. Ал соңғы онжылдықтарда, көп деңгейлі және көп
мағыналы болып табылатын осы мәдениет феноменіне өскен
қызығушылық себептерінің бірі – қазіргі кездегі қоғамдық өмірде
дәйексіздік, тұрақсыздық, тиянақсыздық, негативтілік сияқты
белгілердің біршама орын алғандығынан деп білу қажет. Қоғамда
айқын көрінетін мына жағдайлар – ата-ана мен баласы арасындағы
түсініспеушілік, олардың арасындағы дау-жанжалдар (кейде қол
жұмсаушылық), адамдардың бір-біріне сенімсіздік білдіруі, бір
мемлекеттің азаматтары бола тұрып, ұлтқа, нәсілдікке, діни ұстанымға
бөліну, бір-бірін белгілі бір себепсіздіктен жек көру, т.с.с. негативті
бейсаналыққа, эмоцияларға негізделген келеңсіздіктер қоғам,
мемлекет, әлем өмірінде орын алып келуде. Мұның себебін іздеп,
анықтап алудың кезі әбден келді деуге болады. Ал қоғам өміріндегі
мәдениет функцияларының бірі – бұл реттеу (немесе нормативті)
функциясы. Оның негізгі мәні – адамдардың қоғамдық және жеке
әрекет түрлерін реттеу. Мәдениет мораль мен құқыққа негізделе
отырып, адамдардың мінез-құлқына ықпал етеді [1].
Сонымен, мәдениет ұғымы бір жақты да емес, бір сатылы да емес
болып табылады. Мәдениет түсінігі аясына жеке адамға, қоғамға,
халыққа, ұлтқа, мемлекетке және Әлемге қатысты мәдени позициялар
жүйесі енеді. Және айтып кететін бір нәрсе, мәдениетті анықтаудағы
үш көзқарасты қолдана отырып, зерттеуші соған тән барлық
үдерістерді толық қарастыра алады: тарихи (уақыттылық) – қандай да
бір мәдени құбылыстардың өмір сүруінің уақыты және орны;
формальды-функциональды (уақыттан тыс) – мәдениеттің қызметі мен
құбылыстарын талдау, олардың уақыттан тыс, қайталанатын және кері
түріндегі үдерістерін, интеграция мен дезинтеграцияны түсіну;
формальды-уақыттылық үдеріс, әдетте, мәдениеттің өсуі немесе
дамуы деп атайды – бұл мәдени жүйенің әр уақытта өзгеруі, бір
форма алдыңғы формадан шығуы және келесі бір формаға айналуы.
3
Бұл үдерістің шеңберінде өзгерістер жеке құбылыстармен емес,
мәдени құбылыстардың сыныптарымен болады.
Мәдениет ұғымына адамзаттық қоғамның өндірістік, қоғамдық
және рухани өмірдегі жетістіктер, ережелер мен тәртіптер жиынтығы,
тәрбие мен білімділіктің белгілері, т.с.с. түсініктер кіреді [2, 42 б.].
Ауылдар, аймақтар, этникалық топтар, халықтар, діни ұстанымдар –
бұлардың барлығы мәдени әртүрліліктің деңгейлерін көрсететін
өзіндік ерекшелігі бар белгілі бір мәдениетке ие. Мәдениет туралы
ХХ ғасыр гуманисі Альберт Швейцер былай дейді: «Мәдениет
дегеніміз адам баласының және бүкіл адамзаттың прогресінің
жиынтығы, ал бұл прогресс индивидтің рухани жетілуге ықпал тигізуі
тиіс. Өйтпеген жағдайда, бұл прогресс мәдениетке апармайды» [3, 103
б.]. Яғни, бұл прогресс адам баласының рухани жетілуінің белгісі
болып табылады және солай болуға тиіс. Прогресс дегеніміз тек
ғылыми техникалық прогресс емес, керісінше, рухани дүниенің,
қазынаның, құндылықтың, болмыстың өркендеуі болуы тиіс.
Біріншіден, мәдениет адам жасағаннан немесе жасайтыннан
тұрады: адам қызметінің түрлері мен формалары, соның нәтижесінде
пайда болатын өнімдер (артефактілер) және қатынастар. Сәйкесінше,
бұл жағынан мәдениет табиғатқа қарама-қарсылық, жасандының
табиғиға қарсы қойылуы ретінде болады. Екіншіден, мәдениет
қоғаммен сәйкес келеді де, сәйкес келмейді, өйткені адамның тіршілік
әрекеті мен қоғамда табиғи сипаттағы факторлар аз орын алмайды.
Үшіншіден, және де бұл ең бастысы, мәдениеттің мазмұны адамды
«жасау», тәрбиелеу, қалыптастыру болып табылады, яғни адамның
биологиялық жағынан тұлға болуы (әлеуметтік адам).
Бұл үдерісте адамның өзін дамытуы үшін жасалған қызмет
жүйелері мәдениетке жатады. Сонымен біз мәдениетті адамның
табиғатты түрлендіруінің саналы қызметі, материалдық және рухани
салаларда іске асырылған осы қызметтің нәтижесі ретінде түсінеміз.
Мәдениеттің қоғам өміріне белгілі бір дәйектілік пен
позитивті дамуы бойынша әсеріне қатысты «мәдениет» ұғымы
гуманитарлық ғылымдардағы ең басты ұғымдардың бірі болып
табылады. Бұл ұғым қазіргі мағынада XVIII ғасырда Еуропада Дж.
Вико, И.Г. Гердер, Ш. Монтескье сынды ойшылдардың еңбектері
арқасында пайданалына бастады. Бұл кезеңде географиялық экспансия
толқындары адамдардың өз мәдени құндылықтарын, стереотиптерін,
өмір
сүру
тәсілдерін
өзге
мемлекеттерге
тән
мәдениет
құндылықтарымен салыстырудың мүдделерінің шиеленісуіне әкелді
және мәдени көптүрлілік құқығы туралы пікірталастардың тууына
ықпал етті.
XIX ғасырдың екінші жартысынан кейін «мәдениет» ұғымы
біртіндеп ғылыми категория мәртебесіне ие бола бастады. Сөйтіп,
4
Ағартушылық кезеңіндегі мәдениеттің қоғам дамуындағы «жоғары»
деңгейі деген мағынасы өз құндылығын жоя бастады. «Мәдениет»
біртіндеп өркениет, қоғамдық-экономикалық формация, жаһанды
аймақтандыру категорияларымен тоғыса бастады.
Мәдениет – бұл өте күрделі, көп деңгейлі жүйе. Мәдениетті оның
жеткізуі бойынша бөлеміз, әлемдік және ұлттық мәдениетті бөлу. Әрбір
мәдениет этносқа, халыққа қатысты болады, ұлттық болып табылады.
Алайда осы мәселе бойынша әртүрлі көзқарастар бар.
Ежелгі заманда мәдениеттің этноұлттық сипаты бойынша екі
қарама-қарсы
тенденция
пайда
болды:
этноцентризм
және
космополитизм. Біріншісіне сәйкес қандай да бір этнос өзінің
мәдениетін үлгі мен эталонның кейбір үлгісі ретінде қарастырады, оны
басқадан жоғары қояды, басқа мәдениеттерді сенімсіз немесе
өшпенділікпен, кейде ксенофобия, не басқадан қорғау түрінде
қабылдайды. Екінші тенденция үшін өзінің этносы мен елінің
шеңберінен шығып, әлем азаматы болуға тырысу керек. Бұл жағынан
космополитизм патриотизмге қарама-қарсы болады.
XVIII ғасырдан бастап көрсетілген тенденциялар ұлттық және
әлемдік мәдениеттер арасындағы қатынастар проблемасын құра отырып,
мәдени релятивизм мен мәдени универсализм формасында болады.
Мәдени релятивизмнің басында француз философы Монтень тұрды, ол
әрбір ұлт өзінің жеке, ұлттық идеясын құрайды деп болжаған. Алайда
бұл неміс философы Гердердің жұмыстарында жеткілікті түрде дайын
күйінде ұсынылған. Мәдени релятивизмнің қазіргі өкілі француз
мәдениеттанушысы К. Леви-Строс болды.
Мәдени универсализмнің белгілі өкілдері Руссо, Кант, Гете,
көптеген ағартушы-философтар адамгершілік универсалды, көпшілік
ұстындар жағында болады деп болжаған. Кант белгілі кесімді
императивті тұжырымдады, оған сәйкес егер қылық универсалды,
жарамды болса, жақсы болып саналады. Осыдан әділеттілік жалпылық
болады, әділеттілік дәрежесі универсалдылық дәрежесіне сай келеді.
Мәдениет – философиялық ой-толғамның аса маңызды, терең
теориялық мәнді ұғымдарының бірі. Мәдениет ұғымы қоғам өмірінің
түрлі салаларына байланысты жиі пайдаланылады. Қысқасы, бұл ұғым
саналы іс-әрекет жемісін даму үдерісінде көрсетуге бағытталған. Әрбір
тарихи дәуірдің өзіндік мәдениеті бар. Сол сияқты әрбір халықтың өзіне
ғана тән дәстүрлері болады. Бұдан мәдениеттің көптүрлілігі ондағы
жалпылықты, әмбебаптықты теріске шығарады деген қорытынды
тумайды. Керісінше, мәдениеттің нақтылы – тарихи түр алуы оның
мазмұнының
күрделілігін
және
ондағы
жалпы
ерекшеліктің
диалектикасын білдіреді.
Көпшілікке арналған әдебиетте мәдениет мәселесін рухани,
көркемдік салалармен байланыстыра қарау басым. Шынына келгенде,
5
мәдениет – адам әрекетінің, саналы қызметінің көрінісі. Олай болса,
оған рухани да, материалдық та жетістіктер жатады. Басқаша айтқанда,
адам болу үшін еңбек құралдарын жасауы, сөйлесуі, пікір алысуы,
түсінісуі қажет.
Мәдениеттің философиялық сипаттамасын оның құрылымы арқылы
көруге болады. Ресми әдебиетте «саяси мәдениет», «экономикалық
ойлау мәдениеті», «адамгершілік мәдениеті», «тәрбие мәдениеті»,
«ұлтаралық қатынас мәдениеті» деген көптеген мәдениетке қатысты сөз
тіркестері кездеседі [4, 32 б.]. Олардың әрқайсысы, жекелеп алып
қарағанда, философиялық мәселелер. Басқаша айтқанда, философия мен
мәдениеттің арақатынасы қоғамның рухани өмірінде орын алатын
келелі, күрделі құбылыс екенін бөліп қарау қажет.
Ұлттық
және әлемдік мәдениеттер арасындағы қатынастар
проблемасы кейде «Батыс – Шығыс» белгілі мәдениеттану дилеммасы
арқылы қарастырылады. Батыс және Шығыс мәдениеттері арасындағы
үйлесімділік немесе үйлесімсіздік туралы дау ертеде пайда болды және
әлі шешімін таппай, жалғасуда. Оның бірін Р. Киплинг ұсынды: «Батыс
ол Батыс. Шығыс ол Шығыс… Олар ешқашан қосылмайды». К. Юнг
де осындай көзқараста болды. Ол Шығыс пен Батысқа тән ойлау типтері
соншалық өзгеше болғандықтан, қосылу оларға мүмкін емес, әрі қажет
емес деп есептеген. В. Соловьев керісінше, болашақта Шығыс пен
Батыс бірыңғай әлемдік өркениетке бірігеді де, бұл «алқалық»
ұстындардың толық жеңуіне негіз болады деп санаған.
Мәдени релятивизм және универсализмді бағалай отырып, оның
көптеген ережелері толық негізді және дәлелді болады деп санауға
болады, алайда оның бірде-біреуі толық шындыққа үміттене алмайды.
Сондықтан олардың қарама-қарсы тұруы емес, бірін-бірі толықтыруы
жемісті болар еді.
Қазір
ғаламшарымызда
тұратын
халықтардың
ұлттық
мәдениеттерінің ең үздік жетістіктерінің синтезі ретінде Әлемдік
мәдениет ұғымы қалыптасуда. Ұлттық мәдениет өз кезегінде сәйкес
қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтары мәдениетінің синтезі болады.
Ұлттық мәдениеттің өзінділігі, оның белгілі қайталанбас ерекшелігі
және сонылығы өмір мен қызметтің рухани (тіл, әдебиет, музыка,
кескіндеме, дін) және материалдық (экономикалық құрылыс,
шаруашылық жүргізу, тұрмыс, еңбек және өндіріс салтының
ерекшеліктері) сфераларында байқалады.
Мәдениеттің нақты таратушысына сәйкес әртүрлі субмәдениеттер
бөлініп көрсетіледі. Субмәдениеттерге дифференциация қоғамда әртүрлі
таптардың, топтардың болуына байланысты болады. Осы фактордың
рөлі қазір азайған, бірақ қалған. Қоғамның кедей, маргинал топтарының
мәдениеті өте төмен болады, ол білімнен жеке бас гигиенасына дейінгі
бар салада байқалады. Жоғары топтағы адамдардың қоғам элитасының
6
мәдениеті жалпы жоғарғы деңгеймен, кейбір сыртқы түрлерімен
ерекшеленеді: қатаң этикет, таңдамалы мәнерлер, ерекше кішіпейілділік,
ежелгі (аристократтық) дәстүрлерді сақтау.
Орташа топтар мен таптар қазір «бұқаралық мәдениет» деп
аталатын ең көп тараған, басым мәдениетті тарататындар болып
саналады. Олардың жалпы деңгейі жоғары емес, орташа болып
табылады. Сонымен қатар бұл топқа барлық мәдениеттің жаңаруының
негізгі көзі болып табылатын, зерде мен шығармашылық потенциалдың
жоғарғы деңгейін таратушы ғылыми және шығармашылық зиялы
қауымның негізгі бөлігі жатады. Ауыл мен қала мәдениетінің арасында
едәуір айырмашылық бар. Сонымен қатар кәсіптік мәдениеттің
ерекшеліктері туралы да айтуға болады.
Мәдениет нақты түрлерге бөлінеді. Адам қызметінің алуан түрін
есепке алу осылай бөлуге негіз бола алады. Осыдан материалдық және
рухани мәдениет бөлініп шығады. Материалдық мәдениет ең алдымен
материалдық өндіріс сферасы мен оның өнімдері – техниканы,
технологияны, байланыс және коммуникация құралдарын, өндірістік
ғимараттар мен үймереттерді, жолдар мен көлікті, тұрғын үйді,
тұрмыстық заттар мен киімді қамтиды.
Рухани мәдениет рухани өндіріс сферасынан және оның
нәтижелері – дін, философия, мораль, өнер, ғылымнан құралады.
Рухани мәдениеттің ішінен көбінесе өнер мен ғылым туындыларынан
құралатын көркем мәдениетті арнайы бөліп көрсетеді. Ғылым, өз
кезегінде, зерделік, ғылыми-техникалық мәдениет негіздері ретінде
қарастырылады.
Материалдық және рухани мәдениет арасында терең бірлік бар,
өйткені олардың екеуі адам қызметінің нәтижесі болып табылады, оның
бастауында рухани басы – адамның материалдық формаға
айналдыратын идеясы, жобалары, ойлары тұр.
Алайда материалдық және рухани мәдениетке бөлу көбінесе
шартты түрде болады, өйткені шынайы өмірде олар тығыз байланысты,
бір-бірімен сіңісіп, толықтырып тұрады. Тек материалдыққа немесе
руханиға жатқызуға болмайтын мәдениеттің бірқатар түрлері бар
(экономикалық, саяси, экологиялық, эстетикалық).
Адамдарға әсері бойынша мәдениетті прогрессивті және
реакциялық деп бөледі, өйткені мәдениет тек өнегелі тұлғаны ғана емес,
өнегесіз тұлғаны да тәрбиелейді. Моральдық мәдениет – адамдардың
жасаған заттық және рухани құбылыстарының әлемі ретінде түсінілетін
мәдениет, онда дүниені игерудегі, адамның дүниедегі орнын
анықтаудағы, адамның тірі жан және әлеуметтік субъект ретіндегі тектік
қабілеттері мен мүмкіндіктері дамытылған, адамдық күштері іске
асырылған. Мәдениет – бұл адамның текті жан ретінде қалыптасу
нәтижесі, шарты.
7
Моральдық мәдениетті қоғам мен индивидтер қол жеткізген
адамгершілік деңгей, әлеуметтік субъектілер қатынасындағы
адамгершілік, адамға деген қатынастың мақсатқа және өзін-өзі бағалау
бағыты ретінде анықтауға болады.
Экономикалық
мәдениетті
мәдениеттің
элементтері
мен
құбылыстарының кешені, экономикалық сана-сезім стеоротиптері,
мінез-құлық, экономикалық өмірдің ұдайы өндірісін қамтамасыз ететін
экономикалық институттардың мотивтері ретінде анықтауға болады.
Қазіргі
ашық
қоғамның
базалық
моделі
нарықтық
шаруашылықтың экономикалық мәдениеті болып табылады, онда
көптеген жеке шаруашылықтар-кәсіпорындар және үй шаруашылығы өз
бетімен
жоспарлар
жасайды, бір-бірімен нарық
формасында
экономикалық қатынастарға түседі, өзін-өзі ұйымдастыру ұстыны
бойынша жұмыс істейді. Шаруашылық жүргізетін субъектілердің
жоспарларын үйлестіру бағалар мен айырбас құны арқылы жүзеге
асырылады. Осы экономикалық мәдениет XVI-XVIII ғ.ғ. ұлы әлеуметтік
революциялардың нәтижесінде қабылдана бастады.
Бұқаралық
мәдениет
–
бұқаралық
қоғамға
тән,
коммуникациялық-ақпараттық
жүйелердің
дамуының
жоғарғы
деңгейінің, урбанизация мен индустриализацияның жоғарғы дәрежесінің
арқасында мүмкін болатын күрделі әлеуметтік-мәдени феномен. Ол
индивидтің шеттеуінің жоғары дәрежесімен, даралығын жоғалтып,
өзімшілдікке айналумен сипатталады. Осыдан бұқараны жойып,
олардың бұқаралық коммуникациялар арналары арқылы мәдени-мінез
құлықтарын орнатып, элитаның оларды жеңіл билеп алуы шығады.
Бұқаралық қоғам сатысында өзіндік мақсатқа айналатын техниканың
дамуы Ж. Эллюльдің пікірі бойынша барлық қоғамның дәстүрлі
құндылықтарын жояды, бірыңғай маңызы жойылған мәдениетті құрады.
Ол адамды қазіргі қоғамның құндылықтар еркіндігінен босатады, ол
екінші жағынан, Э. Фромның ойы бойынша техникалықты абсолюттеуге
және адам болмысының құндылықтарын жоюға әкеп соғады.
Қазіргі бұқаралық қоғам әрбір индивидтің тереңде жатқан жеке
қажеттіліктерін жүзеге асыруға бөгет жасайды. Адамның өзін-өзі тану
және басқа адамдармен жеке қатынастарын орнатуға тырысуы, не мінез-
құлық стандарттылығын тудыратын рухани енжарлықты, не индивид өзі
туралы бұлдыр түсінікті жасау үшін қолданылатын жалған бағытқа,
«пұтқа» табынуды тудырады.
Мәдениеттануда адам қамының, үрей мен азаптарының тікелей
көзі одан тыс жатқан жоқ, ол адамның өзінде, тіршілік етіп отырған
ортасында емес, қажеттіліктерде, оларды қанағаттандыру тәсілдері мен
мүмкіндіктері арасындағы үйлесімсіздікте екендігі анықталған.
Қажеттіліктер көбінесе жеткілікті түрде мәдениетті болмайды, оларды
қанағаттандыру тәсілдері мәдениетті бола бермейді және жабайы
8
болады, стихиялы өсетін қажеттіліктерді қанағаттандыру мүмкіндіктері
шексіз емес. Соңында әлеуметтік-мәдени бағдарламалардың үнемі
жоғары болатындығы және табиғи тежегіштері жоқтығы байқалады, ал
адам өзінің жаратылысында табиғатпен тығыз байланысты және адам
әлеуметтік-мәдени қайшылықтар мен кедергілерді көтере алмайды.
Соңында бұл қайшылықтар мен кедергілер – адамның мәдениеттілігінің
емес, мәдениетінің аздығының, әлеуметтік эгоизмінің, тарихи
шектелуінің белгісі. Сонымен қоғам болашағы үшін күресте субъективті
сфераға көп күш түседі. Қазіргі заманда экологиялық танымды
қалыптастыру, қазіргі өркениетті басқарудың экологиялық ұстындарын
жасау және экологиялық ғылым ұсыныстарына сәйкес мәдени
құндылықтарды тексеру, экологиялық дағдарыс әсерінен мәдени
құндылықтарды оңтайландыру жолында күрес жүріп жатыр.
ХХ ғасырдың соңында қоғам мен қоршаған ортаның өзара
әрекеттесу заңдылықтарын, оны қорғаудың практикалық проблемаларын
зерделейтін әлеуметтік экология пайда болды. Экологиялық этика оның
бір тарауы болып қалыптасты, оның адамзаттың мәдени дамуы үшін
мәні күн өткен сайын өсіп келеді. Біздің ғаламшарымызда экологиялық
мәдениет еуропа елдерінде қалыптасқан техника культіне қарсы нақты
дәрежеде дамып келеді. Сонымен биосфера, өмір және адам культі
техника культіне қарсы. Бұл экологиялық мәдениеттің бірінші ұстыны.
Экологиялық мәдениеттің екінші маңызды ұстыны – биосфераның
бейнесі ретінде адамды жыртқыш-адам өмірінен қорғау, адамды
ізгіліктен, биологиялық өмір мазмұнынан ада физика-техникалық
теориялардан қорғау.
Жаңашылдық пен дәстүрлер – мәдениет дамуы үдерісінің екі
жағы. Мәдениет тұрақты және өзгермелі моменттерден тұрады.
Мәдениеттегі тұрақтылық, «инерциялық» – бұл дәстүр. Дәстүрде
мәдени мұрагерлік элементтері – идеялары, құндылықтар, дәстүрлер,
салттар, дүние тану тәсілдері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріледі.
Дәстүрлер рухани мәдениеттің барлық формаларында болады. Ғылыми,
діни, моральдық, ұлттық, еңбек және басқа дәстүрлер туралы айтуға
болады. Соның арқасында қоғам дамиды, өйткені жас ұрпақ велосипедті
ойлап табумен айналыспайды, адамның қол жеткізген тәжірибесін,
мәдениет нормасын игереді.
Дәстүрлер
жүйесі
қоғамдық
организмнің
тұтастығын,
тұрақтылығын бейнелейді. Оған өрескел қарауға болмайды, өйткені
мәдениеттің нәзік және күрделі механизмдері бұзылуы мүмкін. Ескі
рухани құндылықтарды, тарихи естелікті ұмыт қалдырып, рухани өмірді
жақсарту мүмкін емес. Екінші жағынан, мәдениет жаңарусыз болмайды.
Шығармашылық, өзгеріс қоғам дамуының екінші жағы болып табылады.
Дәстүрлер мен жаңарулар бірлігі – кез келген мәдениеттің әмбебап
сипаттамасы.
Мәдениетте
дәстүрлер
мен
жаңарулардың,
9
шығармашылықтың әртүрлі ара қатынасы қоғамдар үшін дәстүрлі және
қазіргі негізді береді. Бірінші дәстүрлерде шығармашылыққа билік
жүргізеді. Мәдени үлгілер бастапқы түрінде өндіріледі. Өзгерістер
жүйесіз және кездейсоқ жолмен дәстүрлер шеңберінде енгізіледі.
Нормадан ауытқу қабылданбайды және теріске шығарылады.
Мәдениет нормалары – нақты үлгілер, мінез-құлық пен әрекет
ережелері. Олар қоғамның үйреншікті танымында қалыптасады,
бекітіледі. Осы деңгейде мәдени нормалардың қалыптасуында дәстүрлі
және аңдаусыз сәттер үлкен рөл атқарады. Қабылдау дәстүрлері мен
тәсілдері жылдар бойы қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған.
Қайта өңделген түрінде мәдени нормалар идеологияда, этикалық
ілімдерде, діни тұжырымдарда іске асырылған.
Мәдениеттің нормативтілігі адамдардың тұлғааралық, көпшілік
қарым-қатынастары және әртүрлі әлеуметтік институттардың жұмыс
істеуі арқасында қолдау табады. Ұрпақтан ұрпаққа рухани тәжірибені
жеткізуде білім беру жүйесі орасан зор рөл атқарады. Онда өмірге аттап
басқан индивид тек білім алып қана қоймайды, қабылдау мен әрекет ету,
қоршаған ортаны түсіну және қатынас жасау ұстындарын, нормаларын
алады. Мәдениет нормалары өзгермелі, мәдениет ашық сипатта болады.
Ол қоғамда болып жатқан өзгерістерді бейнелейді.
Мәдениет, негізінен, қарқынды түрде қоршаған ортаны, қоғамды,
адамзаттың өмір сүру салтын өзгеріске ұшырата алады, сондықтан да
ол өмір сүрудің шығармашылық факторы ретінде және қоғамдық жаңа
өзгерістердің шексіз қайнар көзі ретінде бағаланады. Осыдан
мәдениеттің потенциалын, оның ішкі байлығын іздеп табуға және
оның мүмкіндіктерін жүзеге асыруға деген құлшыныс туындайды.
Адам баласы мәдениетті өзінің ішкі потенциалын жүзеге асыруы мен
өзінің жеке ерекшелігін атап көрсетуінің құралы ретінде қарастыра
отырып, мәдениеттің тарихи үдерістерін және адам баласына
позитивті әсер ететін жаңа түпсіз, шексіз импульстарын көруге
болады.
Мәдениет мемлекеттік немесе халықаралық қарым-қатынаста тек
әлеуметтік, ділдік, сана-сезімдік ерекшеліктерді көрсететін белгі емес,
керісінше, ол саясаттың, экономиканың өркендеуіне және кең етек
алуына «жәрдемдесетін» құрал болып табылады. Осындай пікірді
ұстанушы неміс ғалымы, тарихшы Д. Гиноу-Хехт былай дейді:
«Қырғиқабақ соғыс кезінде американдық дипломаттар Америка
Құрама Штаттары өзінің өмір сүру салтының артықшылықтарын шет
елдерге мәдениет арқылы көрсетуі қажет деген ұйғарымға келді. Егер
Кеңес
Одағы
коммунизмді
экспорттаса,
АҚШ-тың
қоғам
қайраткерлері мен саяси стратегтері өз елінің бүкіл Әлемге ықпалын
мәдениет арқылы жүргізу әрекеттерін одан сайын күшейте түсті» [5,
56 б.]. Қазіргі уақытта бұл тәсіл болашақты болжап көре алатын
10
шынайы көрегендердің әрекетін күткен нәтижеге апаратын тәсіл
екендігін көріп отырмыз.
Әлеуметтік білім негізіндегі әртүрлі салаларда қалыптасқан
мәдениет анықтамаларын бөліп қарастырып, дәлелдеуге болады. Ол
үшін мәдениет ұстындарын бөліп қарастыру қажет. Ресей ғалымы
Юрий Резник мәдениеттің мынадай зерттеу ұстындарын атап
көрсетеді:
философиялық ұстын;
антропологиялық ұстын;
әлеуметтік ұстын [6, 47 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |