«Менiң халқымның да тарихы солай жазылды»,– деп белгi қойғаны дәлел.
Иә, ұлылардың ойын ұлылар ғана терең түсiнедi. Демек, бiз қанша дербес ойлаймыз, тәуелсiз жазушымыз, тарихшымыз дегеннiң өзiнде, жанымыз бен тәнiмiздегi басыбайлылыққа байлаулымыз. Ұлы адамдардың ұлы жүрегiн кеулеп кеткен тәуелдiлiктiң күйдiргiсi – ғұмырын тәуелсiздiк үшiн күреске бағыштаған жандардың жанын шырмап алғанда, пейілін пиғылына жеңдірген қарапайым пенденің көкірегіндегі өксік қаншама десеңізші!
Міне, бұл әфсана осындай ұстанымды нысана еткен, жеке тұлғаның басына қатысты оқиғалар мен себеп-салдарға, түрлі психологиялық, идеологиялық арандатулар мен бопсаларға қатысты деректер мен құжаттарға, жымсымалар мен сыпсымаларға, хабарлар мен хаттарға берілген түсініктеме ғана емес, сонымен қатар сол тұстағы заман талқысына түскен, жұлын-жүйкесі шүйкеленген, түйсігі үреймен тітіркенген тұлғалардың пенделенуі мен пенделердің ірілену барысындағы жантығы мен жансарына деген автордың көзқарасы да болып табылады.
Сондықтан да жалпы қоғамды жанталасқа түсірген жансебіл жанығудың ебебі мен себебін қазымырлана қазбалағандай көрінгіміз келмесе де, тұлғаны құмықтырған қысымның қыспағы оқырманның да жадын жаңғыртып, сол көңіл-күйді сезіне отырып санасында саралатуды қалаған жазушылық ырқымыз болды. Кей тарауда тікелей басты тұлғаға қатыссыз аты-жөндер сыналана кіріктіріліп, басы артық сілтеме мен үзінді келтірілген сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ сол «қыстырмалар» арқылы жазушы да әлденені емеуірін етіп отырғанын біз де сіздерге емеуірін ете кетеміз. Отыз жыл екшеп, он жыл жазылған «Жегі» мен «Тездің», соның ішінде «Талқының» ұзына желісін байыппен шыжымдаған аңғарлы зиялы мұның астарын аңғарар, әдібін жазар деген үміттеміз. Тіпті сонша бір тереңдеп те жасырылған жоқ. Шындықтың да кейде осындай бір дәрменсіз күйге түсетіні бар екен.
Сонымен, бұл әфсана: рухани тәуелділіктің танымына талыс боп тартылып, тартысып өскен ұрпақтың тәуелсіз «мәңгілік ел» тұжырымына негізделген Біртұтас Алаш идеясының ұстанымын – тәуелсіз санамен тәрбиеленген келер толқынның назарына ұсынған тәжірибе толғамы1.
Рухани тәуелділік атты талыстың көні әлі жібіген жоқ. Соның пұшпағын жібітетін бір бүркім су болса екен деген тілекпен, барлық жиған-тергенді жеке бір тұлғаның тағдырына негіздей тәпсірледік. Сол арқылы тұлғаларды тұмсыратқан бір ғасырлық рухани арандатудың астарын ашып, әдібін жазғымыз келді. Ниет – дұрыс, тілек – қалыс.