«Әдебиет энциклопедиясының» редакция алқасы жiберген қателiктердi түзету мүддесiн көздеген бiздiң бұл пiкiрiмiзге «Правданың» бетiнен орын беруiңiздi өтiнемiз.
Коммунистiк сәлеммен: О. Исаев, Ә. Құрамысов, Ғ. Тоғжанов, С. Сапарбеков, О. Жандосов, Х. Жүсiпбеков, А. Байдiлдин».
Сол кездегi қазақ зиялыларының қаймағы мен идеологтары мақұлдап қол қойған бұл ашық хат, шын мәнiнде, мемлекеттiң атынан жасалған ресми айыптау мәлiмдеме едi. Бұрын Мәскеуге жалтақтаған жандар ендi олардың да сөзiне қарсы уәж бiлдiре алатындықтарын байқатып, жонын көрсеттi және мұқым кеңес империясына оларды жау деп жариялады. Iле-шала бiр айдың iшiнде Ахмет пен Жүсiпбек, Мағжан қамауға алынды.
Қазақ ұлтының рухани тұтқалары тұтқындалған соң саяси сахнаны тылсым тыныштық басты. Сәбит Мұқанов, Әбдiлда Тәжiбаев, Сағыр Камалов, Iлияс Қабылов iспеттi әр нәрседен дәмелi ұрпақтардың әдебиет төңiрегiндегi шақпа тiлдi ұрандары баспасөзде жарияланғанымен, олардың пiкiрiнiң ұлы идеологияға ықпалы жүрмедi. Олардың сөзiне әлi тұлғалық салмақ бiте қоймап едi. Тек өшiп бара жатқан қазанның отын қағыстырғандай ғана әрекет-тiн. Ғаббас Тоғжанов қана киiп-жарып, қиғылық салып қойып отырды. Ал мемлекеттiң идеология саласын басқаратын қайраткерлер дымын iшiне тартып алды. Өйткенi, Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзi абақтыға қамалған соң, есерге де өмiр керек, олардың барлығы бұқпалап, қалтарыста қалды. Өздерiнiң де жазалау диiрменiне жем боп тартылып кететiнiн тез аңғарды. Диiрменнiң тасы етектерiне тиiп кетiп, тиiп кетiп жүрдi. «Қарғайын десе – жалғыз, қарғамайын десе – жалмауыз» болды. Қамаудағы қайраткерлер оларды жақтырмаса да жалған айып тағып, бiз көргендi – сен де көр демедi. Онда қазақ ұлты мүлдем иесiз қалатынын бiлдi. Ал әйгiлi белсендiлер тiске жұмсақ байлардың тамырын шабуға кiрiстi. Сонда да түрме жақтағы дыбысқа қуыстана құлақ түрдi.
«Алашордашылардың» алдыңғы тергеу iсіндегі айыптау қорытындысын кейінгі лекке орайластыру үшiн тергеушілер Дiнше Әдiлев сызып берген кестеге сүйене отырып, Әбдiрахман Байдiлдиннiң:
«Бiрде ол (С.Сәдуақасов – Т.Ж.) менiң бөлмеме келдi. Бұл құрылтайдан кейiн шамамен 11-12 күн өткеннен соң болатын. Әңгiмесiн зiлдi салмақпен бастады. Ол: отаршылдар менi қудалауын тоқтатқан жоқ, керiсiнше, менi партиядан шығарып тастауы да мүмкiн. Сондықтан да, бiр батыл қадам жасағым келедi, бiрақ не iстерiмдi өзiм де бiлмеймiн»,– дедi. Әуезов оған: «Ташкентке ауыс, содан әрi қарай басмашыларға қосыласың»,– деп ұсыныс жасапты. Әуезовтiң бұл ұсынысын қабылдауға қарсы еместiгiн, бiрақ та ол туралы менiң пiкiрiмдi бiлгiсi келетiнiн айтты. Мен Смағұлға не айтарымды бiлмедiм. Оның жағдайының сондай қиын екенiн және көңiлiнiң қобалжып жүргенiн бiлетiнмiн. Алайда мен оның дәл осындай ойда жүргенiнен және басмашыларға қосылып кетуге келiсiм бергенiнен мүлде хабарсыз едiм әрi ондай арандатуға көне қояды деп ойламағанмын. Маған: дәл осындай келеңсiз кеңес берген обком партияның мүшесi және Казаткомның саяси хатшысы Әуезовтiң кеңесi түсiнiксiз, оғаш көрiндi. Мен бiздiң мақсатымызды (ұлт мәселесi жөнiнде жүргiзiп отырған партияның бағдарламасын) басшылардың мүддесiмен сәйкестендiре алмадым. Мен өзiмше, осындай кеңес берген Әуезов әлдебiр шiрiк мақсатты көздедi ме деп ойлаймын. Сонымен қатар, осы пиғылы арқылы ол Сәдуақасовтың көзiн құртып, бiздiң арамыздағы көсем өзi болғысы келдi ме екен деп топшылаймын. Себебi: ол кезде бiздiң мақсатымыз ортақ болса да, жершiлдiк, рулық тұрғыдан алғанда әрқайсымыздың жекелеген iшкi мүддемiз бар едi: Әуезов – семейлiк, ал бiз Сәдуақасов екеумiз – ақмолалық едiк. Соңғы мәселе – Әуезовтiң көкейiн тескен шешушi мәселе сияқты боп көрiндi маған... Бұл оқиғадан кейiн мен Әуезовке күдiкпен қарайтын болдым. Ол менiң көз алдымда екiжүздi адам боп елестедi: бiрiншi Әуезов – партия мүшесi, жауапты қызметкер, ақылды кiсi, бiздiң көзқарасымыздың көсемдерiнiң бiрi, ал екiншi Әуезов – бiрiншi адамның қасиетiне ие, бiрақ, та әлдебiр астарлы оймен жүрген сияқты көрiндi»,– деген көрсетуі негіз қалады.
«Правдаға» жолдаған хаттың негізгі авторы және Мұхтардың өзімен түйдей құрдас («Мұхтардың меншікті сұрқылтайы»), 1897 жылы туған, «Петропавл округiнiң арғын руынан шыққан» (анкетада дәл осылай жазған) Ә.Байдiлдин екені анық еді. Тергеу барысында Байділдин өзін де, Әуезовтi де Колчактың сыбайласы, «сәдуақасовшылар тобының» белсенді мүшесі қатарына қосты. Өзiн «Алашорданың» жас қайраткерi әрi Колчактың барлаушысы, сонымен қатар кеңес өкiметiнiң белсендi адал қызметкерi ретiнде сезiнетiн «Қаламның» – Ә.Байділдиннің шегiнетiн жерi де қалмаған болатын. Өзiн‑өзi әшкерелеу арқылы Смағұл мен Мұхтардан iргесiн ажыратып алуға тырысқан ол, қырындысын қалдырмай қағазға түсiрген.
Осының өзі-ақ айып қорытындысын шығаруға толық жарап жатқан болатын. Бұл өте салмақты алғышарт еді. Сондықтан да тергеушілер ойланып жатпастан Мұхтар Әуезовке:
Достарыңызбен бөлісу: |