Бұдан артық барынша шектен шыққан, барынша ғылымға қарсы, маркстік танымға қарсы деп сыналған буржуазиялық бірыңғай сана ағымы теориясымен жазылған пікірдің болуы мүмкін емес.
Кенесары мен Нысамбай және басқа да ақындар туралы ең үлкен, ең өрескел қателікті Исмаиылов жолдас жіберді. Турасын айтайын, 30-жылдардың соңынан бастап таяу уақытқа дейін Исмаиылов жолдас өзінің мақалаларында, кітаптарында, баяндамаларында Кенесарының ең белсенді насихаттаушысы, әспеттеушісі және жоқтаушысы болып келді. Ол аздай, Кенесарыны әспеттеуде ол халық ақындарына, жазушыларға өте зор ықпалын тигізді.
Мұқанов жолдастың «ХҮІІІ және ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің очерктері» атты кітабында да өте өрескел қателер көп. Жиырмасыншы жылдары Кенесарыға дұрыс баға беруден бастаған Мұқанов жолдас сондай таңқаларлық әрі түсініксіз себептермен құбылып түсті де, Кенесарының нағыз қарсыластарының жағынан оның нағыз қолдаушыларының жағына өтіп кетті.
Енді, тағы бір тарихи шындық пен әділетті қалпына келтіру үшін өзімнің 1934 жылғы жоғарыда аталған «Оқулық» пен «Хрестоматияға» кірген Нысамбай мен Кенесары туралы авторы мен болып табылатын сыни мақалама оралайын. «Хан Кене» пьесамдағы қателіктен кейін сол кездегі талапқа сай кеңес ғалымының ұстанымына көштім. 1934 жылғы ХІХ және ХХ ғасыр «Хрестоматиясында»:
«Нысамбай сол жолды таңдап алды және өзінің жырын жоқтауға айналдырды. Бұл жоқтау Нысамбайдың таптық сыпаты мен бағытын көрсетеді. Ол өз билігін ханмен бөліскен адам емес. Алайда ол ханның билігінен табылатын ақын. Ол – жұбатушы, көңіл көтеруші, әміршіні халық алдында мадақтап өлең шығарушы ақын. Ол ханның көңілін табуға ұмтылды, үстем таптың жақтаушысы, жыршысы болды»,– деп жаздым (11-бет). Ал сол 1934 жылғы Кенесары туралы очеркте: «Айналып келгенде, барлық байлам – Кенесарының жеке хандығын қамтамасыз етуге, таққа отыруға, даңққа жетуге әкеліп тіреді, міне, қандай сәттер болған. Мұны Кенеге жақын батырлар тобы қостаған. Олардың мақсаты – Кенені хан сайлау, сөйтіп өздерінің билігін жүргізу (31-бет).
Міне, менің осы пікірім кейін Жұмалиевтің оқулығында бірнеше қайталанып сыналды. Жұмалиевтің сол оқулығының 22-бетіне назар аударуларыңызды сұраймын. Онда ол кітаптың авторының атын атамастан бағдарлама мен хрестоматиядағы пікірді сынап: «Ол материалдарда көтерілістің халықтық мәні, халықтың тәуелсіздік үшін күресі, халықтың басын қосып, осы көтерілісті ұйымдастырған, бастаған Кенесарының орыны көрсетілмеген, керісінше, қозғалыстың прогрессивті маңызы көмескіленген»,– деп жазған. Мұны өзге де авторлар қайталап пайдаланды».
Арасында Абайдың ақын шәкірттеріне тоқтала кетіп, содан кейін негізгі тақырыпқа – Кенесарыға қайтып оралған бұл пікірлердің де өз астары болатын. Алдағы «аламан науқанның» ұзақ талқысы тұсында әркім бір бетіне баса бермес үшін «өзін өзі әшкерелеген». Сонымен қатар «идеологиялық майдандағы» жалғыз «жау» болып көрінгісі де келмеген. «Көппен көрген ұлы той» болсын деген пиғыл да қылаң беруі мүмкін.
М.Әуезов (жалғасы): «Міне, мен Кенесары мен Нысамбай туралы 1934 жылы жазған соңғы мақаламнан соң 1947-1948 жылдарға шейін, қашан «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына редактор болғанша үндемей жүрген кезде осындай да оқиғалар болды.
Ал жолдас Жұмалиев Нысанбай туралы ғана емес, сонымен қатар Бұқар, Шортанбай, әсіресе, Мұрат туралы бұрынғы өрескел қателіктерін ҚК(б)П Орталық комитетінің шешімінен кейін де жалғастырып келеді. Бұл қателіктер мынадан көрінеді, жолдас Жұмалиев жолдас ҚК(б)П Орталық комитетінің шешіміне орай оларды феодализмнің ақындары, қанаушы таптың идеологтары ретінде атай келіп, тікелей әдеби талдауға көшкенде оларды шебер ақын ретінде жоғары бағалап, шығармаларын бір ыңғай мақтай жөнеледі. Соңғы оқулығында ол Бұқарды шектен тыс әспеттеп, жыраулардың атасы, жазба әдебиеттің басы деуге дейін барды. Хандықтың бас идеологы, феодалдық сарай ақыны жөнінде осындай пікір білдірген.
Әрине, Ж.Жұмалиев оқулықтарды құрастырушы ретінде белгілі және онымен бұрыннан айналысып келеді. Осы арада оның өте елеулі кемшілігін айтпасқа болмайды. Оның саяси қателіктеріне әділ сын айтсаң, Ж.Жұмалиев сол арада өзгенің қателіктерін термелей жөнеледі. Өзінің қатесін өзгелердің өткендегі қатесімен бүркемелегісі келеді. Басқасын былай қойғанда, осы арада ең бір заңды және түйінді сұрақ туындайды: өзінің кешегі қатерлерін осылай жуғысы келген, өткендегі қателерін мойындаған сол автордың кітабына сілтеме жасадыңыз ба? Ол сілтеме жасаған жоқ. Оны өзінің пікірі ретінде көрсетті. Ендеше сол пікірлер мен қателерді, өзінің кінәсін ашық мойнына алсын.
Осы айтылғандардың барлығын – біздің әрқайсымыздың қатеміз бен кемшілігімізді обьктивті түрде көрсетіп, партия көрсеткен саяси қателерімізді жоюға көмек қолын ұсынып, бағыттап отыратын көпшілік қауым да ескеруі тиіс.
Сонымен қатар, партия мен ауқымды да әділ көпшілік қауым кейбір сөйлеушілердің (Мен Тіл және әдебиет институтының қызметкерлері арасындағы пікір таласын айтып отырмын): жеке адамның мұқым еңбек жолын жалаң сөзбен келеке етіп, өткендегі жіберген жекелеген қатерлері мен сілтемелерді бетіне шіркеу ете отырып, соңғы жылдардағы қол жеткізген нақты табыстарды мүлдем өшіріп тастағысы келген жойымпаздардың, қайталап айтамын, БК(б)П Орталық комитеті мен «Правда» газеті, Кеңес одағының жалпы көпшілігі қатал сынаған, ниглист Белик сияқты айқайшыл, раппшыл жаңа жойымпаздардың сөздерін байыппен талдап, тиісті шешім шығарады деп ойлаймын.
Осы арада өзімнің және ж.Жұмалиевтің, әсіресе, оның көпшілікке кең тараған оқулықтарындағы қателерін сынай отырып: Жұмалиевке қарсы ешқандай қызғанышым да, арам ойым да жоқ, өйткені онымен бөлісе алмай жүрген ештеңем жоқ, ол – менің, мен – оның қателіктерін көрсету – міндетіміз – дегім келеді. Пікір таласы болсын, пікір таластыра жүріп, партия, Сталин үйреткендей, шындықтың жолын табайық. Тек принципті, обьективті-партиялық, әділ сын, өзара сын болсын. Соны жетекшілікке ала отырып, көпшілік партия-кеңес қауымының күнделікті көмегіне сүйене отырып, біз – зерттеушілер мен жазушылар жас кеңес ғылымы, оның ішінде Қазақстан тарихы мен мәдениет тарихын зерттеу барысында тұйыққа тірелген әдебиеттану саласы осы ауқымды да ауыр жағдайды бұзып шығады және оған міндеттіміз деп есептеймін».
Сөзінің соңында Қ.Жұмалиевтің Бұқар жырау туралы пікіріне айтылған сын, екі үлкен ғалымның арасындағы Абайдың ақындық мектебі туралы айтыстары олардың аражігін мүлдем ашып тынды. Тіпті бір-бірін жеккөрінішті етіп көрсетуге дейін барды.
Қ.Жұмалиев: «...Кенесарыны, Наурызбайды және басқаларды Алашордашы ақындардың қалай мақтағаны қазақ зиялыларының көпшілігінің есінде шығар. Мұны жоққа шығарудың өзі, ақиқатты бұрмалау болып табылады. Автордың (Е.Бекмахановты айтып отыр – Т.Ж.) мұндай көзқарас ұстанған өзге де әдеби нұсқалар туралы пікірін айтуға болады. Мысалы, «Наурызбай – Қаншайым» мен «Жасауыл қырғыны» дастандары: Қасымовтың ерліктерін паш ету үшін, оның есімін ел есінде мәңгілік қалдыру үшін шығарылған (44-бет) – деп пайымдайды автор. Онда бұл дастандардағы Қасымовтардың бейбіт тұрғындарды қырғынға ұшыратқан, малдарын тартып алған, қорғансыз адамдарды өлтірген заңсыз қылықтары қалай әшкереленбек. Автордың Абай сияқты өзге де аса көрнекті адамдарды өз жағына тарту ниеті байқалады. 49-бетте Бекмаханов: «Кенесарының қазақтың тәуелсіз мемлекетін құруға ұмтылысын жоғары бағалаған Абайдың кеңесімен Көкбай өзінің «Абылай мен Кенесары» дастанын жазды»,– дейді. Профессор Әуезовтің: Абай Кенесары туралы дастан жазуға тапсырма берді-міс, – деп таратқан аңызын қазіргі уақытта жалған мәлімет деп есептеймін, бұрынырақта мен өзімнің кейбір жұмыстарымда мұны дерек ретінде пайдалансам да, қазір оны ешқандай дерекпен расталмаған қауесет деп есептеймін. Алайда бұған Бекмаханов өз жанынан: Абай да жоғары бағалаған – деген аңызды қосып қойды.
Мұндай деректік және методологиялық сыпаттағы қателіктер Бекмахановтың кітабында өте көп және бұл Қазақ ССР тарихын жазуда аса принципті мәселе болып табылады. «Правда» газетінің Кенесары Қасымов қозғалысы жөніндегі бағасын мен дұрыс деп есептеймін, онда: «Барлық тарихи деректер Кенесары қозғалысы революцияшыл да, прогресшіл де болмағанын баяндайды. Бұл қазақ халқын кері, патриархалдық-феодалдық тіректің бекуіне, ортағасырлық хандық өкіметтің қайта орнауына, Қазақстанның Ресейден және ұлы орыс халқынан қол үзуіне әкелген реакцияшыл қозғалыс болды»,– делінген.
Достарыңызбен бөлісу: |