Соның салдарынан әдебиет зерттеушісі есебінде мен қабылдаған буржуазиялық объективтік бірыңғай ағым жүйесі осы тұста «Абай» романының да бір тарауына теріс әсер етті».
Мұхтар Әуезов «Абай» романын әшкерелеуден аман сақтап қалу үшін өзінің қандай да бір көзқарасы мен қателіктерінен бас тартуға дайын еді. Ал «Абай» романы үшін марксизм-ленинизм ілімі мен қоса, оны сталиндік тұрғыдан жазуға да мойынса болды.
М.Әуезов (жалғасы): «Ал Абай жайындағы менің романдарым он екі жыл бойында менің ой-санамның бар күшін салып тудырған белгілі бір дәуірдегі өмірлік тақырыбым есепті шығармалар еді. «Правданың» мақаласында бұл жайдың атап ескертілгеніндей, ол романдарда мен өзімнің бұрынғы көзқарастарымның барлығын өте терең, салмақты түрде қайта сынап жазып ем. Қазақ халқының тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан түсінуге өзімнің жаңа идеялық-саяси ең қадірлі, барынша асыл ойларымды танытуда осы еңбектерге ерекше зер салған едім.
Осылайша ұғылған кеңестік оқырмандар, осылайша бағаланған «Абай» романы өзінің бар мүддесімен, барлық негізгі идеясымен және күрделі сюжеттік тартысымен, тұтас тұлғасымен жаңалықтың ескілікпен алысуына арналған-ды.
Және жиырма-отыз жыл бойына созылатын сол алыс, сол тартыс – тарихи жағынан дәлелдену, баяндалу тұрғысындағы диалектикалық процесті сталиндік түсінік бойынша көрсеткен деп түсінемін. Нақтылап айтқанда, бұл жай – жаңалыққа ұмтылған, біртіндеп өсіп, күшейіп бара жатқан Абай бейнесінде көрсетілді, ал ескілікті түсінік – әуелде тұғырында мықты отырғанымен тозуға, жоғалуға, жойылуға үкімі шығарылған Құнанбай бейнесінде, Абайдың әкесі бейнесінде суреттелген. Осындай тарихтық елеулі екі адамды біріне бірін қарсы қойып алу кездейсоқ емес-ті. Бұл «Абай» романы мен кейінгі романдардың да идеялық көркемдік мазмұнындағы ең соқталы арқауы, барлық желінің тұтқасының өзі болатын.
Осы аталған өзімнің негізгі еңбектерімде Құнанбайдың және оның салт-сана жөніндегі туыстары болған арғы-бергі дәуірдің құнанбайшаларын әшкереледім. Сол арқылы тек қана патриархалдық-феодалдық салт-санаға өкім шығарып қана қоймай, панисламизмге, пантюркизмге және сол шақта туып келе жатқан реакцияшыл буржуазиялық-ұлтшылдықты да әшкерелеп үкім айтуға тырыстым. Ал «Абай» романында – Абай бейнесінде, «Абай жолы» романында оның жас серіктері – Әбіш, Дәрмендер бейнесінде қазақ пен орыс халқының достық идеясын танытуға тырыстым. Еңбекші қазақ халқына жарық дүние тек қана орыс мәдениетіне қол арту арқылы ғана болатынын айттым. Ескілікті дәріптеуші консервативтік реакцияшыл санашылдардың барлық топтарын айыптап көрсетуге тырыстым.
Осы аталған еңбектерімде және өзімнің де ұлтшылдық қалыптағы қателерім мен кемшіліктерімді айыптадым да, сол өткен заманды дәріптеген өзімнің бұрынғы бірнеше пьесаларымды, әңгімелерімді, повестерімді де сынап өттім (Қараш).
Осы себепті, әсіресе, ең салмақты және менің идеялық-саяси дұрыс көзқарасымды ең толық, ең айқын көрсететін шығармаларыма әдебиетшілдік-зерттеушілік қателерім әсер еткеніне («Ақын аға» романы сияқты және «Абай» романының кейбір беттері сияқты) ерекше күйінемін.
Өзімнің Абай жөніндегі еңбектеріммен байланысты бір топ мәселелерді сынап өтудің нәтижесінде, өзімнің ендігі қарызым деп білетінім – Абай жайындағы шығармаларымды ерекше зер салып, түбірлі түрде қадағалап, қайта қарап өтуім керек және қажет тұстарымда қайта түзеп жазуым шарт. Бұл жөндегі міндеттерімді романдардың қайта басылу қарсаңында орындамақпын. Және де Абай жөніндегі романдарымның соңғы кітабы «Абай жолы» романының екінші кітабын идеялық көркемдік жағынан мінсіз толық етіп аяқтауым шарт.
Бұл жөнінде, сын ретінде Кенесары мен Абайдан бұрынғы дәуір ақындарын көрсетудегі талаптардан басқа, Абайдың өзінің төңірегінде болған Көкбай, Шұбар, тағы басқалар сияқты адамдардың бейнесін сипаттауларға да қатты зер салып, қайта қарап өтпекпін. Бұрынғыдан да әшкерелей түсіп, олар жайынан қатал үкім шығарып, Абайдың жасырын жаулары етіп суреттеуім шарт. Абайдың тірісінде оған жасырын жау боп, ал ол өлген соң ұлы ақын жолының жауы боп және еңбекші қазақ халқының жауы боп шыққан феодалшыл-байшыл, буржуазиялық-ұлтшылдардың жаулық әрекеттерін аша көрсетуім шарт».
Бұл өзгертулер мен өңдеулер, «қыстырмалар» романның табиғатына жат жалған тартыс әкелді. «Қарашығын» атты тарау қосылып, қазақта жоқ жатақ деген тапты ойлап тапты. Мұсылманшыл, түрікшіл, ұлтшыл Әзімхан бейнесі кіріктірілді. Ұлттық діл мен идеологияға және автордың ішкі көзқарасына мүлдем қарсы, шығарма үшін обал, ұрпақ үшін қауіпті және түзелмейтін тұс осы еді.
М.Әуезов (жалғасы): «Правданың» мақаласында менің қазақша, орысша жазған мақала, зерттеулерімдегі буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателіктердің барлығы айтылған. Бұлардың саны ол мақалада көрсетілгеннен гөрі де көбірек. Солардың кейбіреулері туралы «Правданың» «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласын 1951 жылы талкылау тұсында мен өзімнің ілгергі, соңғы қателерім деп атап-атап өткем-ді. Әдебиеттанудағы өз қателерімді мойындап, Қазақстан Ғылым академиясының жиналысында, Жазушылар Одағының жиналысында, Тіл және әдебиет институтында және де Алматының интеллигенциясының қалалық жалпы жиналысында сөйлегемін. Сол жиналыстарда және республикалық баспасөз жүзінде менің қателеріме арналған әділ сындар айтылғаны есімде. Және Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ҮІІІ пленумында, онан соң Ү-ҮІ партия сьезінде жасалған Шаяхметов жолдастың баяндамаларында менің идеялық-саясаттық өрескел қателерім туралы әділ сын айтылғаны және де есімде.
Мұның барлығы бұрын аталып өтсе де қайталауға мәжбүр еді.
Бұл қызыл өңеш даудың басы ғана болатын. Негізгі әңгіме мен әшкерелеулер алда еді. Сол тұста қайталанып пайдаланылатындықтан да, «Ашық хаттың» желісін мына пікірден кейін үземіз.
М.Әуезов (жалғасы): «Осы сөзімнін соңына орай, тағы бір қажет деп тоқтай кететін мәселем – «Правданың» мақаласында көрсетілген негізсіз жікшілдік, отбасылық жөнінде, бұндайлық анық татымсыз, жиренішті фактының ең ауыр ащы жағы – осындай құнсыз, болымсыз әлекке түсу – біздің өзімізге, жазушыларға бәрінен залалды. Жікшілдік кей кездерде бақай қулықтарды туғызады. Соның жетегімен әділетсіздік, қиянат, қызғаныш және талай өзге де былғаныш араласып кетеді. Мұндайда кісі өз еңбегін қуанышты, жарқын, жақсы көңілмен істей алмайды, сондықтан да ішкі ойымен де, сөзімен де нашар пиғылдан сау болу шарт.
Сол залалды мінездер, әсіресе, біздің әдебиеттің өсуіне бөгет болды. Бұндай дертті жағдайда көп нәрселер өзінің лайықты бағасын ала алмайды. Және бәрінен бетері көп сорақы, жат, жаулық жайлар терең тамырына шейін ашылмай жүреді. Отбасылық, жалған достық қарым-қатынастарды бүркенген сондай жаман «шылықтар» жазушылардың сау ортасын бықсытып, көптен бері тырмыса жабысып келді.
Бұл мәселеде жөнінде өзімнің жауаптылығымды терең сезіну нәтижесінде мен жазушыларды осындай масқаралық күйлерден арылуға бекінгеніме сендіремін. Жұртшылықтың бізді сынаған әділ талабына ден қойып, ендігі еңбекті ұлы Отанымыздың игілігіне арнап, шабытты жарқын жолда творчестволық еркін жарыс жасауға арнайық деймін. Мұхтар Әуезов, ақпан, 1953 жыл.».
Иә, жанталас! Екі көзқарас иесінің қақтығысы осымен аяқталуға тиісті еді. Енді шайқалса, екеуі де бірге құлайтынын екеуі де білді. Бірақ жаныққан саясат, жандайшап идеология, кеңестік өктем әрі арандатушы үгіт-насихат жүйесі оған мүмкіндік бермеді.
Өкінішке орай, олар сол «майданда» бірінің жанын бірі қинап, бірінің жүйкесін бірі тоздырып, бірінің сүйкімін бірі кетіріп, жанығумен болды.
Әрине, саяси ширығу әлі де өзінің «биік деңгейіне» жетпегендіктен де, бұл «Ашық хатты» баспасөзде жариялауға ерік бермегені анық.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ: ҚЫЗЫЛӨҢЕШ ТАЛҚЫ
(«Жеке басыма аяусыз зорлық көрсетіп отыр»)
1.
Шарықтау мен шалықтау деңгейіне жеткен «қызылкеңірдек» науқанның барысында Мұхтар Әуезовтің ғылыми-шығармашылық еңбектерінің бәрі де әшкереленіп, рухани тұрғыдан жалаңаштанып келе жатты. Жазушылардың жиналысында ғылыми-зерттеуден бас тартуының да өзіндік себебі де бар еді. _Оның басты себебі, 1953 жылдың қаңтар-ақпан айларында «адам кейпіндегі террорист-докторлардың», «ақ халатты ажал иелерінің» екінші толқыны Лефортово түрмесіне ауыстырылып жатты. Олардан үкім шығару үшін қылмыстарын мойындауды талап етті. Оның жай-жапсарын, тындымданып бара жатқанын барлығы да Левитанның дауысы арқылы радиодан естіп, баспасөзден оқып отырды.
Демек, ғылымның да, ғалымның да басына қатерлі күн туып келе жатқаны анық болды. Мұны саясаттың ығына ықтап тақыстанған, «құйрығы бурылданған» (С.Мұқановтың теңеуі) Мұхтар Әуезов тез аңғарды. Қарышты қарқынмен жүргізілген «Дәрігерлер ісінің» екпініне орайластырылған оқиғалардың ең елеулісі және М.Әуезовтің жеке басына тұтқындалу қаупін тудырған жиналыс – қазақ эпосы мен фольклорына қатысты дикуссия еді. Бұған Қазақстан К(б)П Орталық комитеті және оның идеология жөніндегі жаңа хатшысы М.Сужиков пен бөлім меңгерушісі Н.Жанділдин бір жыл үш ай дайындалды. Кенесары қозғалысын қолдағаны үшін Қаныш Сәтбаевпен қатарлас орынынан алынған Ілияс Омаров енді оларға қол үшін бере алмайтын. Сөйтіп, эпостық, фольклорлық мұрадан айырылу қаупі қазақ халқының да басына төнді. «Манасқа» байланысты бүкілодақтық дикуссияның барысында «партия мен кеңес өкіметінің қандай әділ пікірді талап етіп», өздерін «арандатушы серкенің» орынына пайдаланғысы келген пиғылын сезген М.Әуезов пен С.Мұқанов өздерінің 1952 жылы қаңтар айында берген уәделерінен айынып:
«Баяндамаға керекті материалдармен танысқанымызда қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу жөнінде көп қатені өзіміз жіберген екенбіз, сол үшін біздер қатты сынға алынуымыз керек. Сондықтан, ондай сынды баяндамамызда өзіміз жеткізіп айта алмауымыз мүмкін. Біз жарыссөзге шығып пікір айтайық»,– деп (М.Ғабдуллин) екеуі де бас тартты.
Бұл – түсініктері тістескен қос тұлғаның ортақ пікірге келген сирек ұйғарымдарының бірі. Олар жазушылық түйсікпен сезіне отырып, халық алдында, ғылымның алдында, тарих алдында арандап қалудан сақтанды. Ал қазақ зиялылары мен қара халқы қырғыздар сияқты театрдың ішіндегілер «тайкемайлап», сырттағылар театрды атпен қоршап алып, «Манастап!» атой салып, эпостың тілеуін тілеп, қолдайтындай береке-бірлікке ие емес болатын. Он ай бойы өз шешімдерін іште сақтап келгеніне қарағанда, екеуі де дикуссияны сиырқұймышақтатып жіберуді де ойлауы мүмкін. Сөйтіп, бұл міндет 14-қазан күні түнде Абай атындағы педагогикалық институттың ректоры Мәлік Ғабдуллинге жүктеледі. М.Сужиков М.Ғабдуллинге:
«Уақыт жағы тыңыз. Өзіңізге мәлім, әдебиет мәселесіне арналған республикалық айтыс алдағы ноябрь айында өткізілуге тиіс еді. Ал баяндамашылардың жаңадан белгіленуіне байланысты айтыстың мерзімі үш айға кешіктірілсін деп отырмыз... Айтысты өткізу мерзімін енді кешіктіруге болмайды, қайтсе де оны өткізуіміз керек... Және есіңізде болсын, бұл баяндаманы Орталық комитеттің Сізге берген арнаулы тапсырмасы деп түсініңіз»,– деп (М.Ғабдуллин) сөзін нығыздайды.
Әмір қатты, жан тәтті. Осы баяндаманы дайындау үшін Орталық комитет М.Ғабдуллинді уақытша жұмыстан босатып, уақытша пұрсат беріпті. Ол еш қарсылықсыз:
Достарыңызбен бөлісу: |