«Сүйікті ойларынан, таңдаған жолынан, берік түзу көзқарасынан айырған, қанатынан қайырған кеңестік сайқал саясат қой!»,– деген пікірімен ғана түсіндіруге, ақтауға болады.
Баяндамаға дайындалу барысында М.Ғабдуллин ұстазымен бірнеше рет кездесіп, кеңес алады. Сонда М.Әуезовтің өзін де сынауға тура келетінін айтқанда, ол:
«– Алдын-ала бір нәрседен сақтандырғым келеді. Батырлар жырын зерттеуде көбіміздің жіберген қате-кемшілігіміз бар, оларды әділ сына. Сын айтамын деп сыңаржақ кетпе, сының өткір де дәлелді болсын. Дәлелсіз дау айтпа. Батырлар жырын зерттеуде қате жіберген адамдарды жолдастық көңілмен сына, «ұр да жыққа» барма. Біз өзіміз байқамаған қатемізді түсініп, түзейтін болайық. Құр айғаймен ғылым жасалмайды... Сынды өткір етемін деп көрінгенге жармасу керек емес. Қатемізді айт, оны дәлеліңмен, фактіңмен көрсет. Бірақ адамның қара басына тиісіп, түрлі атақ тағудан сақ бол... Батырлар жыры жөнінде Әуезовтің жазғандарының бәрі де дұрыс деп, не бәрі жаман деп айтуға болмас. Ол да адам. Оның да қате-кемшілігі бар. Мәселе, соларды әділ сынап, дұрыс көрсету ғой. Егер дұрыс сынасаң, ренжімеймін, құп аламын. Ал қара дүрсінмен кетсең, оныңа дау айтамын»,– деген уәж білдіріпті.
Ал осы өтінішті орындай алатындай, «адамның қара басына тиіспей, түрлі атақ тақпайтындай» ерік, жігер керек еді. Ондай таңдау М.Ғабдуллинге берілген жоқ. Сонымен, Ғылым Академиясында өткен 1953 жылғы ақпандағы қысқы сессияның мәжілісі мен 2-көкек күнгі Жазушылар Одағы төралқасында және Тіл және әдебиет институтында өткен баяндаманы талқылау, ең соңында 1953 12-көкек күнгі дискуссияның бет алысы Мұхтар Әуезовті түңілдіріп тынды. Ол енді «Менің қателерім жайында» атты мақаласын қайтадан өңдеп жазып, оны баспасөзде жариялауға ұмтылды, дәрмен іздеп СССР Жазушылар Одағына жолдады.
Эпос пен фольклор туралы дискусияның негізгі мақсаты мен міндеті – бас баяндамашы Мәлік Ғабдуллиннің төрт жарым сағаттық сөзіндегі мына шағын үзіндіден анық байқалады:
М.Ғабдуллин: «Осыған қарамастан қазақ эпосының тарихы марксизм-ленинизм ұстанымы тұрғысынан әлі толық зерттелген жоқ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ эпосының тарихын зерттеу барысында жекелеген зерттеушілердің тарапынан өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтар жіберілді. Эпостарға, тарихи-әлеуметтік тартысты бейнелеудегі қоғамдық сананың жемісі ретінде маркстік-лениндік түрғыдан жан-жақты талдау жасалмады, оның идеялық-таптық мәні ашылмады. Қазақ эпосының тарихы мәселелерінің теріс, маркстік ілімге қарсы бағытта зерттелуіне белгілі бір дәрежеде М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин және басқалар кінәлі. Аты аталған зерттеушілердің кейбіреулері осы күнге дейін өздерінің қателіктерін ашық мойындамай келеді, өз міндерін қатаң сынға алған жоқ және партияның идеология мәселелері жөніндегі шешімдерінен тиісті қорытынды шығармай келеді. Аталған әдебиеттанушылардың қателіктері – олардың өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарында маркстік-лениндік методологияны қолдана алмағандығында, өткеннің эпостық мұраларына әрбір ұлттық мәдениетте екі мәдениеттің болатындығы туралы лениндік-сталиндік ілім тұрғысынан келе алмағандығында, қазақ эпосының тарихы мәселесін зерттеуде буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушыларға қарсы аяусыз күрес жүргізбеуінде, ал кейбір жағдайларда солардың өздерінің буржуазиялық-ұлтшыл көзқарастың шырмауында қалып қоюында, тіпті, өздерінің еңбектерінде оны насихаттауында.
Қазақ эпосын зерттеу жұмысы басталған кезде, яғни, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында, буржуазиялық ұлтшыл-алашордашылар мұны өздерінің кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдаланды. Олар «Едіге», «Орақ – Мамай», «Шора» сияқты тағы да басқа феодалдық – хандықты уағыздайтын эпикалық туындыларды барынша кеңінен насихаттап, халық арасына таратты, оның есесіне нағыз халықтық туындылар туралы жұмған ауыздарын ашпады. Феодалдық – хандық эпостарды өткенді әспеттеп көрсетуге пайдалана отырып, ол кезді «алтын заман» деп атады, сөйтіп, таптық күресті жоққа шығарып, олар қалың бұқараға қарсы буржуазиялық-ұлтшыл идеялогиясын сіңірді. Біздің партиямыз буржуазияшыл ұлтшылдар мен алашордашыларды және олардың контрреволюциялық идеялогиясының тас-талқанын шығарды. Алайда олардың сарқыншақтары кейбір әдебиетшілердің еңбектерінде әлі де сақталып келеді».
Әлгі айтылған «сақтандыруға», «адамның қара басына тиіспей, түрлі атақ тақпау» туралы өтінішке осылай жауап беруге мәжбүр болған.
Мұны М.Ғабдуллин:
«Келесі бір күні Қазақ ССР Ғылым академиясының вице-президенті Нығымет Сауранбаев шақырып алды: Баяндамаңызды оқып шықтым. Мәселені көтеруіңіз, негізінен алғанда дұрыс. Бірақ сыныңыз әлі де болса әлсіз екен... Баяндамашы болсаңыз, біздің пікірімізбен есептесуіңіз керек. Сіз бұл баяндаманы өз атыңыздан жасамайсыз, институттың атынан жасайсыз... Міне, өзіңіз қараңыз, Мынау сіздің баяндамаңыз. Жоғарыдағы жолдастар да оқып, өздерінің замечаниесін жасапты. Қарап танысыңыз, – (деді). Сол арада мен баяндамамның «жоғарғы жолдастар оқыды» деген данасын қарай бастадым. 120 беттік баяндамамның тек төрт жерінде ғана қызыл, көк қарындашпен жазылған «усилить», «усилить» («күшейт», «күшейт») деген сөздер бар екен. Басқа беттерінде ешқандай таңба жоқ. Манағы «усилитьтер» Мұқаң жөнінде айтылған беттерге жазылыпты. Бұдан әрі қарай Сауранбаевпен «түсінісіп» жатуды артық көрдім де ... шығып кеттім... Баяндамамды қайта қарастырып, алдын-ала болған талқылауларда айтылған пікірлердің кейбіреулерін еске алдым»,– деп түсіндірді.
Бұл – М.Әуезовтің рухани тамырын толық жалаңаштап, оны бір-бірлеп отап, құлатудың амалы еді. Әр сөзі, сөйлем орамы, ойды жүйелеуі, қатыңқы, басыңқы тұстары ықтиятты түрде талқыланып, қырналып, қосылыпты. Сонымен...
М.Ғабдуллин: «1953 жылғы апрель айының он екісі. Үкімет үйінің үлкен залында (бұл үй кейіннен Қазақ университетіне берілген) қазақ эпосының мәселелеріне арналған республикалық айтыс (дискуссия) ашылды. Залда лық толған халық. Мұның ішінде: Москва мен Ленинградтан, Ташкент пен Фрунзеден, облыстардан, тағы да басқа жерлерден келген ғалымдар, қонақтар, республиканың басшы адамдары, әдебиетшілер, студенттер, т.б. бар. Айтысты Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Д.А.Қонаев жолдас қысқаша сөз сөйлеп ашты».
Тура осында көрсетілген өзі баяндама жасаған аудиторияда (үлкен залда) ұстазымыз М.Ғабдуллин екі қолын кеудесіне айқастырып қойып, анда-санда ауызын дәмдеп алып тура осы «айтыс» туралы естелігін бізге ұзақ-ұзақ әңгімелеп беруші еді. Аяулы ағаның сол бір асыл бейнесін еске ала отырып, төмендегі құжаттарды қинала-қинала қағазға түсіргенімізді жасыра алмаймыз. Бізге таныс ащы шындық. Бірақ айтпасқа амал жоқ.
Сонымен, осы талқылаудағы және соның ішінде тура М.Ғабдуллин таққан айыптарға да жауап беретін жоғарыда келтірілген «Менің қателерім» деп аталатын түсініктемесінің эпосқа қатысты тұстарынан орайластыра үзінді ұсынамыз. Әдеттегідей, партияны мадақтай келіп, қателігін мойындаудан бастайды.:
М.Әуезов: «Бұл жолғы сөзде жеке зерттеулерімдегі қателіктерді нақтылап теріп айтуға мүмкіншілік болмағандықтан, сол бір топ жұмысымның түгелінде байқалатын жалпы негізгі ортақ жайды айрықша атап өтпекпін. Ол айтпағым: әдебиеттану ғылымына мен маркстік-лениндік методология жағынан толық құралданбай келіп араластым. Шамасы отыз жылдан артық уақыт бойында өте көп мақалаларды, пікірлерді, зерттеулерді өз өмірімнің әр кезінде жаза жүргемін. Бұрын баспа жүзінде айтылмаған кейбір жайларды ең алғаш рет мәселе етіп көтеріп жазғандарым да бар. Қазір айқын байқағаным бойынша, 1932 жылға дейін орын алған мендегі буржуазиялық-ұлтшылдық идеялар мен шығармашылық идеяларымды кіналап, одан бас тартсам да, бірақ бертінге дейін, көп уақытқа шейін кеңес ғылымының сара жолын айқын меңгере алмадым. 1948-1950 жылдарға дейін кеңестік жоғары оқу орындарының әдебиет бөлімдеріне арналған оқу программасы, оқу кітабы, оқу құралы боп келген, өздерінің қателігі, идеялық-методологиялық терістігі мол шығармаларды – кеңес ғылымының табысы екен деп санап жүрдім. Осылардың ішінде жалған ғылымдық, космополиттік Веселовский жүйесі, Н.Я.Маррдың жалған ғылымы және буржуаздық-объективтік бірыңғай ағым жүйесі де болды. Осы соңғы жүйе – 1938 жылға дейін Қазақстанда ерекше орын алған реакциялық-буржуазиялық жүйенің орнына 1939 жылы келді. Жаңағы аталған, 1938 жылға шейін дәуірлеген теріс жүйе бойынша қазақтағы барлық ауызша әдебиет ескерткіштері «билер дәуірінің әдебиеті» деп аталды.
Осы жүйеге қарсы 1939 жылдан бастап, барлық ауызша әдебиет үлгілерін түгелімен халықтікі дейтін жүйе орын тепті. «Батырлар жыры» атты жинақ 1939 жылы осындай бағытпен шықты. Осы тұрғыдан орта мектептердің оқу құралдары және ағарту орындарының әдебиет программалары, методикалық құралдары жазылып, басылып, кеңінен тарап жатты. 1940 жылы «Дала жырлары» деген қазақ антологиясының эпос бөліміне арналған кіріспе сөзді мен де осы тұрғыдан жаздым».
Амалсыздан жасалған баяндамада біздің ұстазымыз өзінің ұстазының бүйірінен былай қадалыпты (бұдан әрі қарай біз өзге тақырыпқа соқпай, тек М.Әуезовтің ғалымдығы мен «Хан Кенеге» қатысты тұсын ғана назарға ұсынамыз):
М.Ғабдуллин (жалғасы): «Профессор М.Әуезов қазақ эпосының тарихы мәселелерін зерттеумен ширек ғасырдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Қазақ эпосының тарихы мәселелсі жөнінде ол көптеген еңбектер жазды. М.Әуезов өзінің қазақ эпосы туралы еңбектерінде орысқа қарсы реакциялық-пантүркистік және буржуазиялық-ұлтшыл көзқарасты ашық насихаттады, қазақ халқының патриархалдық өткен өмірін әспеттеді. Мысалы, ол өзінің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласында эпостар туралы айта келіп, өтіп кеткен феодалдық – хандық дәуірді мадақтап, «қазақ батырларының негізгі мақсаты ұлтшыл (быть националистам) болу, содан кейін діншіл адам болу» деп сендірді. Сөйтіп, М.Әуезов қазақ жастарын батырлардан үлгі ала отырып, ұлтшыл (быть националистам) болуға шақырды»,–деп жазғырды.
Батырлық рухсыз, әсірелеусіз эпос бола ма? Олар ұлт үшін емес, ел үшін атой салды. Ал «Ел» ұғымында тап пен ұлтшылдық, буржуазиялық идеология, партиялық принцип бола ма? Әуелде М.Әуезовтің жетекшілігімен «Қобыланды батыр» жырынан кандидаттық тақырып алған М.Ғабдуллинге бұл жақсы таныс болатын.
М.Ғабдуллин (жалғасы): «Қобыланды батыр» атты мақаласында М.Әуезов феодалдық ақын Марабайдың осы аттас жырының халыққа қарсы және реакцияшыл нұсқасын мадақтады. Сонымен қатар, буржуазияшыл-ұлтшылдардың ырқымен кетіп, тарихи шындыққа қайшы келіп, қазақ халқы қолына қару алып Иван Грозныйға қарсы күресті және 1552 жылы одан Қазан қаласын қорғады – деп сендірді. «Халық аңызында,– деп жазды М.Әуезов, – Қобыланды Қазан хандығының өзіне қарсы соғыспайды. Ол Қазан хандығын талқандаған, Қазан хандығын бағындырған кәпірлерге қарсы жорыққа шығады... Егерде, Қобыланды Қазан қаласын қорғау үшін Иван Грозныйға қарсы аттанды десек, қателеспейміз».
Шындығында да, бұл Қазан шаһары қай Қазан? Ол әлі тарихи тұрғыдан тиянақталған жоқ. Қобыланды емес, Иван Грозный Алтын орданың бір байтағы Қазанды қанға батырды емес пе? Осыдан кейін М.Ғабдуллин М.Әуезовтің ең осал тұсынан ұстайды.
М.Ғабдуллин (жалғасы): «1932 жылы М.Әуезов баспасөз беттері арқылы буржуазияшыл ұлтшылдармен өзінің байланысын үзгенін мәлімдеп еді. Оған өзінің «қылмысты ұстанымын» қайта қарауға, өзінің бұрынғы буржуазияшыл-ұлтшыл қателіктерін жеңуге мүмкіндік берілді. Алайда, Қазақстан Компартиясы ОК идеология мәселелері жөніндегі шешімдерінде және баспасөзде бірнеше рет аталып көрсетілгеніне қарамастан, М.Әуезов осы күнге дейін уәдесін жүзеге асырмай отыр».
Иә, өткендегі айыбын бетіне салық етіп басу арқылы М.Ғабдуллин бірден өзінің ұстазын, бір кездегі ғылыми кеңесшісін бірден тұқыртып алды және өзінің екінші ғылыми жетекшісі Қ.Жұмалиевтің бағытын ұстанды. Бұл «айыптауға» қарсы М.Әуезов ешқандай қарсылық көрсете алмайтын. Сондықтан да өзінің бұл тұстағы «қателіктерін» қайыра мойындауға мәжбүр болды.
М.Әуезов (Ашық хаттағы жауаптан): «Осы алуандас, 1930-1940 жылдары өзім жазған мақалаларды, кіріспе сөздерді, рецензияларды еске ала отырып «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы атты еңбекті дайындаудағы жауапкершілігімді сезіне отырып, оны айырықша сынға аламын. Бұл кітап – Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің 1947 жылғы «Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателер жөнінде» деген қаулысынан соң, 1948 жылы шыққан еді. Бірақ өзінің соңғы қалпында да бұл көп кісі бірігіп жазған еңбектің бірнеше тараулары мен бөлімдерінде өрескел қателер жіберілген құнсыз кітап боп шықты. Сол томның авторының бірі және редакторы болғандықтан да, маған бұрынғы көп қателіктерді қайта қарап, толығынан түзеп жазуға мүмкіншілік берілген еді. Бірақ мен өзімнің бұрынғы мақалаларымдағы және өзге де көп авторлардың оқу құралдарындағы, жоғары оқу орындарының программаларындағы, зерттеулеріндегі, кіріспе сөздеріндегі, жеке очерктері мен монографияларындағы қателіктерді маркстік-лениндік методология жолымен зерттеп шығу жағын қамтамасыз ете алмадым».
Ал М.Ғабдуллин оның өткендегі «қателіктерін» ескертуді місе тұтпай, бүгінгі қылмыстарын үстемелей қосты.
М.Ғабдуллин (жалғасы): «Кейінгі кездегі оның әдебиеттану саласындағы еңбектеріне жасалған талдаудың нәтижесіне жүгінсек, ол өзінің зерттеу жұмыстарында маркстік-лениндік диалектиканы пайдаланудан алыстап кеткенін көрсетті. Қазақ эпосының тарихына қатысты мәселелерді М.Әуезов бұқара тарихы мен таптық күрестен бөліп алып, өткеннің мәдени мұраларының әлеуметтік-таптық мәнін ажыратпай қарастыруды жалғастырып келеді. Бұл жайлар «Қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде» және Қазақ ССР тарихының (1943 және 1949) І томындағы эпосқа арнап жазған тарауларында кездеседі. Бұл еңбектерінде М.Әуезов қазақ эпосының тарихын антимаркстік «сана ағымы» теориясы тұрғысынан баяндайды, өткеннің эпикалық мұраларына сыни тұрғыдан келу туралы лениндік-сталиндік ілімді көзге ілмейді, қазақ халқы орыстарға қарсы, Иван Грозныйға қарсы күресті-міс делінетін өзінің ескі көзқарасын қайталайды. Өткеннің эпикалық мұралары туралы айтқанда, М.Әуезов «Едіге», «Қобыланды батырдың» Марабай нұсқасын және «Еңсегей бойлы ер Есім» сияқты реакциялық, феодалдық – хандық дастандарды халық мұрасының қатарын жатқызады. «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» («Литературный критик» журналы,№1, 1940) атты мақаласында ол халық қарақшысы Едіге туралы: «Едіге батыр және халықтың жоғын жоқтаушы, бәріне сүйікті кейіпкер»,– деп жазды»,– дейді.
Мұндай «қылмыстан» қиялап барып құтылудың амалын қарастырған М.Әуезов «мойындауын» жалғастырап, жіптің ұшығын М.Ғабдуллиннің өзіне әкеп ілді.
М.Әуезов («Ашық хаттағы» жауаптан): «Томның зерттелмек материалдары арасынан сол кездегі оқу құралдарында, жинақтарда көп тарап жүрген «Орақ», «Мамай», «Шора» сияқты дастандарды кіргізбей шығарып тастағаным болмаса, бар жайды барарына барғыза алмадым. Өзімнің зерттеуімде бірыңғай ағым жүйесін бұзып, «Қозы Көрпештің» кей нұсқаларын және «Қыз Жібекті», онан соң бір топ ертегілерді тыңнан сынап тексергеніммен, бұл істегендерім жеткіліксіз болды. Және «Қорқыт» жайын тексеруде де оны дұрыс деп бағалап, терістік жасадым. Ал бұл ескерткіш кейін, 1951 жылы реакцияшыл шығарма ретінде сыналды. Қатал сынап, талдау әдісін және реакцияшыл феодалдық мазмұндарды әшкерелеп ашу негізін «Қарасай», «Қази», «Алпамыс» сияқты эпостарға және «Қобыландының» Марабай жырлаған феодалдық нұсқасына қолдана алмадым. Сол әдісті, әсіресе, өрескел залалды феодалдық-монархиялық тарихтық жырларға, нақтылап айтқанда, қазақ еңбекші халқының қас дұспаны Кенесары мен Наурызбайға, солар жайындағы жырларға қолданып, оларды таратып сынауға орын берілмеді. Осылардың орынына, бірінші томда, бұрынғы оқу құралдарында, жоғары мектеп программларында, монографияларда талданып жүрген хандық-феодалдық фольклорға берілген жағымды бағалалар молайтылып, бұрынғы қалпынша қайталанып отырды».
Ал оқу құралдарының бағдарламасының авторлары Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин болатын.
М.Ғабдуллин (жалғасы): «М.Әуезовтің редакциясымен және тікелей қатысуымен басылған (1948 ж.) «Қазақ әдебиеті тарихының» І томында өрескел саяси қателер жіберілді. Бұл кітап Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1947 жылы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» шешімінен кейін жарық көрді. Бірақ та М.Әуезов партияның шешімдерінен тиісті қорытынды шығармады. Керісінше, ол бас редактор ретінде, халық жаулары Исмаиылов пен Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшыл және кеңеске қарсы көзқарастарының таралуына жағдай жасады»,– деп «атап» көрсетті өзінің кешегі ұстаздарын.
Бұл кезде ол екеуі де – Исмаиылов пен Жұмалиев жиырма бес жылды арқалап, жер аударылып кеткен болатын. Олар М.Ғабдуллиннің ғылымдағы тікелей жетекшісі, бір мекемеде қатар істеген әріптесі еді. Енді М.Әуезовтің солармен бірге істегенінің өзі айып болып тағылды.
Осы әшкерелеуден кейін туған қатер туралы Мәскеуге барған кезінде А.Фадеевке М.Әуезов:
«Мәселе мынада, Университеттің ректорының міндетін атқарушы адам маған ұлтшыл деген жаманатты жапсырып, мені қызметтен шығарды (көшірмесі қосымшада беріліп отыр). Эпос туралы талқыдағы өзінің баяндамасында доцент М.Ғабдуллин мені: өзінің бұрынғы саяси қате ұстанымында тұрақтап қалған, сондай-ақ өзінің эпос туралы мақалаларында кеңес еліне жау буржуазиялық-ұлтшыл идеяны насихаттап келген буржуазияшыл ұлтшыл ғып шығарды. Соңғы үш жылда республика көлемінде кеңінен орын алған әдебиеттану саласындағы буржуазиялық-ұлтшыл қателіктерді сынаған қажетті де маңызды сыни талқыларда менің қателерім туралы да көптеген әділ, принципті, обьективті тұрғыда дұрыс пікірлер айтылды. Ол туралы өткен көптеген жиналыстарда өз мінімді мойындай сөйледім, ол жөнінде жолд. Пономаренкоға да жаздым, ол туралы қосымшасы ұсынылып отырған талқыда сөйлеген сөзімде де айттым»,– деп түсінік берді.
М.Ғабдуллин (жалғасы): «Онысымен де қоймай, қазақ әдебиеті тарихының авторларының бірі ретінде оның өзі қазақ халқының қарақшысы Кенесары мен Наурызбайды және Қорқыт туралы феодалдық-хандық аңызды дәріптеді, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» тұрмыс-салттық жырын теріс талдады. М.Әуезовтің бұл еңбектерінде аталған туындылардағы әлеуметтік-таптық қатынастардың белгісі де жоқ».
Сонда «әлеуметтік-таптық қатынастың» белгісін анықтау үшін «Қорқытты» жоққа шығарып, Қодар құлды кедей тобының өкілі ретінде мадақтауы тиіс пе еді Әуезов? Бұл мінеу емес, жалаға жол ашатын логикалық қисынды іздеу ғана. Сондықтан да сөздің ретіне орай М.Әуезов өзінің «Ашық хатында»:
«Сонымен қатар, үш жыл бойы осы мәселелердің барлығын талқыға салған пікірлердің нәтижесінде маған айтылған сыннан, талқыланған жиналыстардың қорытындысынан (Қазақ университетіндегі сияқты) екіұшты сыңаржақ әділетсіздікке жол беріліп келеді»,– деген уәж білдірді.
Ал. М.Ғабдуллин оның бұл қателіктерінің саяси-идеологиялық «улы түп тамырын аршып», ол – кездейсоқ пікір емес, жүйеге түсіріліп, мақсатты түрде жүзеге асырылған ұстаным – деп баға берді.
М.Ғабдуллин (жалғасы): «Мұның барлығы, М.Әуезовтің өзінің бұрынғы буржуазиялық-ұлтшыл тұжырымын соңғы уақытқа дейін қазақ әдебиеттануында насихаттап, бүгінге дейін сүйрете жалғастырып келе жатқандығын дәлелдейді. Бұл ретте М.Әуезовтің қателігі кездейсоқ қате емес. Бұл қателіктің тамыры – оның қазақ әдебиетіндегі «Алашорда» идеясының көсемі болып жүрген жылдардағы қайраткерлігінде жатыр. Бұл контрреволюциялық партия талқандалғаннан кейін М.Әуезовке буржуазиялық-ұлтшыл ашық ұстанымнан кетуіне тура келді. Міне, содан бастап аталған «қателер» пайда болды, талдаулардың нәтижесі, мұның бәрі М.Әуезовтің сол бір буржуазиялық-ұлтшыл көзқарасының нақты және бүркемеленген жүйесі екенін танытты».
Бұған дейін үш жыл бойы айтылып келе жатқан айыптауларда дәл осындай «нақты, жүйеленген», ашық үкім шығарылған емес.
Баяндамадағы осы сөздермен «Кірбіңі кеткен көңілден» атты естеліктегі:
«Бір айта кететін нәрсе: мен баяндамамда батырлар жырын зерттеген жолдастарға «ярлық» тақпауға, бірақ олардың еңбектерінде жәберілген қате-кемшіліктерді ашып айтуға тырыстым. Осы ретте Мұқаңды «әдейі қате жіберген» деп айыптамай, оның батырлар жырын зерттеуге арнаған еңбектерінде елеулі қате -кемшіліктердің орын алғанын айттым»,– деген пікірлердің арасында қайшылық барлығы анық аңғарылады.
Мұндағы көрсетілген «қате –кемшіліктердің» өзі «қате –кемшілік» екеніне тоқталмаймыз. Бірақ, «әдейі қате жіберген» деп айыптамай... айттым» – деген сөздің әдібі жатқызыла айтылғаны анық.
Міне, осы тұста М.Әуезовтің жүрегі жанып-күйіп кетіпті.
М.Әуезов («Ашық хаттағы» жауаптан): «Біріншіден, менің өткен кезде жазған, оның ішінде қате пікірдегі мақалаларымды, көркем туындыларымды, сол талқыланып отырған тарихи тақырыпқа арналған көптеген пьесаларымды, повестерімді, романдарымды, тіпті қате пікірде жазылған мақалалардағы жайлардың өзі – пьесаларым мен прозалық шығармаларымда дұрыс көрсеткен жазушылық еңбегімді еш жерде және ешқандай сыншы ескерген емес. Менің негізгі шығармашылық еңбегімнің назардан тыс қалғаны сондай, таяуда эпос жөніндегі талқылауда негізгі баяндамашы М.Ғабдуллин менің барлық өміріме және қызметіме саяси қатаң үкім шығара отырып, өзінің қорытынды сөзінде: маған – жазушы ретінде емес, тек ғылыми қызметкер ретінде баға бергенін айтты. М.Ғабдуллиннің бұл үкімінің шындығын жоғарыдағы Алматыда өткен талқылауға қатысқан Л.И.Климович растай алады. Бір жағынан алғанда, адамды құртуға бағытталған сын айта отырып, екінші жағынан, сенің негізгі қызметіңді ескермейді. Адамға баға беруге келгенде мұнда қандай қисын, қандай әділет бар?»,– деп жан ұшыра жанашырлық сұрайды А.Фадеевтен.
«Адамды құртуға бағытталған, қисынсыз, әділетсіз сынына» қанағаттанбаған М.Ғабдуллин:
«Өзінің әдебиеттанушылық еңбектерінде осындай өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтар жіберген М.Әуезовтің осы уақытқа дейін баспасөз арқылы жіберген қателіктерін мойындамай, сынға алмай келуі – өзінің бұрынғы жіберген қателіктерін үнсіз және табанды түрде қорғағаны емес пе екен?»,– деген салмақты сұрақ қояды (Қазақ эпосының жағдайы мен зерттеудің міндеттері туралы. Вестник Академии наук Казахской ССР,1953, № 4).
Бұл – әдеби не ғылыми пікір емес, тура айыптау үкімінің өзі еді. Ал баяндамашыға бұл ренжитіндей сын емес сияқты көрініпті:
М.Ғабдуллин: «Байқаймын, айтыстан кейін Мұқаңның маған деген көзқарасы, қарым-қатынасы өзгеріп қалған сияқты.Сәлемімді жылы шыраймен қабыл алатын бұрынғы Мұқаң көрінбейді, өкпелі Мұқаң көрінеді. Бұл қалай? Мұқаңның маған дегенде өзгере қалу себебі неде? – деп көп ойландым. Байқаймын, арамызға от тастаушылар, Мұқаңа мені жамандап шағыстырушылар бар секілді... – Апыра-ай, мұнысы несі? Бір-екі ауыз сын айтты, сынады екен деп осыншы бұлан-талан болғаны қалай?»,– деп «таңданады».
Шындығына көшсек, ол өкпенің себебін түсіну соншалықты қиын ба еді? Бұл арада батыр-ұстаз жорта аңғалсып отырған жоқ па? – деген де ойға қаласың. Әйтпесе, басты «шағыстырушы» адам емес, өзі келісімін берген «Орталық комитет», Сужиков емес пе? Ал осы «бір-екі ауыз сынмен» Әуезовтің басы бәйгеге тігілгенін, өз еркімен «жер аударылуға» мәжбүр болғанын Мәкең – Мәлік Ғабдуллин білді. Дәл сол сәтте білмесе де, бір аптадан кейін көзі жетті ғой.
Ал өзін-өзі ақтауға тырысқан М.Әуезов бұған:
«Қазақ әдебиеттану ғылымындағы салт-саналық қателіктерді сынау, маркстік-лениндік тұрғыдан дәлелдеп сынау 1951 жылы «Правдадағы» «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала шыққан соң, әсіресе, мол өріс алды. Фольклор, XIX ғасыр әдебиеті, абайтану жөніндегі біздің қателерімізді анықтау – жыл санап менің де ғылымдық түсініктер мен міндеттерімді дұрыстап ұғынуыма себеп болды. Бірақ сол бағыттағы түзетулерді өз лекцияларыма кіргізе жүргеніммен, партияның қаулыларына сай боларлық кесек ғылыми еңбек жазып үлгіре алмадым»,– деп жауап берді.
Ұстазымыз болған марқұм М.Ғабдуллин өзінің осы баяндамасын Орталық Партия комитеті зорлап жасатқанын, еріксіз ұстазына қарсы шығуға мәжбүр болғанын, араздықтың ұзаққа созылғанын, «Қазақ әдебиеті» газетіне ашық хат жазған соң Мұхтар Әуезовтің өзі хабарласып, «Абай» романына «Кірбіңі кеткен көңілден» деп қолтаңба жазып бергенін қинала отырып, шәкірттерінен де кешірім сұрағандай нәумез күйде:
«Әрі ойлап, бері ойлап дегендей, менің бар тапқаным Мұқаңа хат жазу болды. Онда бүгінгі қазақ поэзиясының бір мәселесін сөз ете отырып, Мұқаңмен сөйлескім, пікірлескім келді. Егер ол хатыма жауап берсе, онда ұғысамыз... Ал жауап бермесе, хатты аяқсыз қалдырса, онда Мұқаңмен түсінісетін күнді алдан күтеміз деп ойладым. Сонымен, «Мұхтар Әуезовке хатымды» жаздым. Бірақ оны Мұқаңның үйінің адресіне жібермей, «Қазақ әдебиеті» газетіне жолдадым. Редакциядағы жолдастардан бұл хатты газетке жариялауды өтіндім. Олар тілегімді қабыл алды да, ешбір өзгеріссіз газетке шығарды («Қазақ әдебиеті», 1955 жыл, 28-октябрь,№ 43).
... Хат мынадай сөздермен аяқталады: «Қазақ әдебиетінің шешілмей жатқан мәселелері өте коп қой. Оларды бірлесе, ынтымақтаса, бір-біріміздің қате, кемшіліктерімізді жолдастық ниетпен сынаса отырып шешуге тиістіміз. Бұл айтылған жайлар соңғы кезге дейін болмай келді ғой. Бір кезде сын деп, сынау деп сыңаржақ кеткен, асыра сілтеген жеріміз болды. Ондайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын».
Менің Мұқаңа айтайын дегенім, хат арқылы білдірейін деген ойым – хаттың осы соңғы абзацында берілген деуге болады. Таңернтең сағат тоғыздан асып бара жатқан кезі еді. Институтта қызметте отырғам. Телефон сылдыр ете қалды. Трубкадан таныс дауыс естілді. Кәдімгі Мұқаңның дауысы:
– Мен Мұхтармын ғой. Хатыңды оқып шықтым. Кешірдім бәрін де. Сен қазір біздің үйге келші, отырып сөйлесейік...
Достарыңызбен бөлісу: |