Маркс неге пролетариатты басқа таптан таңдап алды? Қара шаруаның да біразы еңбек иелері, оларды неге алмады?
Маркстың пролетариатты таңдауы – олардың өзгеше боп жаралғандығы емес, олар да адам баласы. Олардың өзге таптан өзгешелігі – жекешілдік бағыт, меншік жоқ. Оларда еңбек ортақ. Олар – ортақ тұрмысқа үйренген, сондықтан олардың ортақ қоғам жасауға әлі келеді. Энгельс: «Капитализмнің пайдасы, өндіріс құралына ортақ, меншіксіз адамдарды өндіріске жиып, ортақ қоғам жасауға способный пролетариат жасап берді», – дейді. Маркс адамға қарсы емес. Ол – адамшыл. Ол адамды адам жеуге қарсы. Ол қанаушыны жоюға ұран тастаушы. Осы шын мағынасындағы адамшылық өмір жасауға әлі келетін тап – пролетариат. Оған пролетариаттың тұрмысы куә. Маркстың пролетариатқа сүйенуі, марксизмнің пролетариат идеологиясы екендігі осында.
Маркстың еңбекшіл қара шаруаға сүйенбегені – онда жекешілдік бағыт күшті. Қара шаруа, пролетариатпен одақтасқан күнде ғана социализмге бара алады. Іс жүзінде адамды теңдестіру, пролетариаттың қолынан ғана келсе, кімде-кім пролетариатқа қарсы болса, сөзінде пәленмін дегенмен, ол адамгершілікке қарсы. Мұны түсінген адам сөз жоқ, пролетариат тілегіне көшеді. Марксизм адам баласының миллиондаған жылдар жасаған күресінің, өркендеуінің ең жоғарғы мұнарасы. Кімде-кім осы мұнараға шықпаса, биік мұнарасы – коммунизмді көре алмайды. Сондықтан, сен сықылды адамдардың марксизмге келуі, ең алдымен, адамгершілігін өтегендігі.
Сенің бұдан былайғы әдебиет – шығарма жұмыстарыңда біраз қиындықтар болуы мүмкін, өйткені сен пролетариат тілегіне қарсы болған адамсың, сондықтан пролетариат саған біразға дейін сене алмайды. Сен «қателесем бе» деп біразға шейін жалтақтық істеуің мүмкін, «жасасын» жағын басыңқырауың мүмкін. Пролетариат, әрине, сенен оны тілемейді және ондай шарт қоймайды. Пролетариат – сынды, өзара сынды жақсы көретін тап. Кемшілігін жасырмайтын тап. Ол кемшілікті ашуды тілейді. Бірақ қалай ашады? Мәселе сонда. Біздің тұрмыстың жарық жағымен қатар күңгірт жағы да бар. Ол күңгірт пролетариатқа закономерный емес, ол ескі таптан қалған мұралар. Оларды ашу (жолы) – социалистік реализм. Бірақ ашқанда пролетариатша ашу керек.
Қазақстанның былтырдан бергі жағдайында перегип арқылы біраз қиындықтар болды. Бұл қиындық, пролетариаттың таптық тілегінен туған қиындық емес, жеке адамдардың дұрыс басқара алмағанынан туған қиындық. Осы қиындық біраз адамдардьң ішіне күдік салуы: «Марксизм ұсақ ұлттардың жүрер жолы бола алмайды”,– деген ойға келуі мүмкін. Әрине, ол марксизм ғылымына піспеген адамның ойы. Марксизм дұғалық емес, істің құралы. Төңкерісшіл пролетариат төмен қалған ұлттарды социализмге апара алады. Ол біздің одақта дәлелденді де. Ал Қазақстан жайында болған перегиптерге, марксшыл адам сын көзімен қараумен бірге, перегипті жоюға жәрдемдеседі. Марксизм төңкерісшілдікті іс жүзінде сынайды.