Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Жолдастықпен: Сәбит Мұқанұлы»



бет91/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   273
Байланысты:
Ұраным Алаш ТАЛҚЫ Т.Тұртбай 3 том

Жолдастықпен: Сәбит Мұқанұлы».

Саяси-таптық қарсыласын бауырына тартқан Сәбиттің осы қадамын нағыз азаматтық қасиет ретінде бағалауға толық негіз бар. Әрине, олардың араз боп, айтысып жүрген кездері де болды. Бірақ, оған әлі талай жыл бар еді. Ең бастысы – Мұхтардың басына күн түскенде Сәбиттің жанынан табылуы.

Мұның өзі Мұхтарға дәл уақытында, ділгір шағында көрсетілген тілек еді.

Біз жазушының таным жолы қаншама күрделі оқиғаға толы болғанын көрсету үшін ғана бұл түсініктерді қайыра баяндап отырмыз. Егер де жазушының өміріндегі үлкен түйін боп келген дәл осы мезет айқын ашылмаса, онда Мұхтар мен Сәбиттің бүкіл өмір жолдарына ұласқан ырғасудың себептерін толық түсіну мүмкін емес.

Әрине, Сәбиттің хаты кілтипансыз емес, «субьективно ұнатпағандық» та аңғарылады. Оның да өзіндік өкпелейтіндей салдары бар. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Ескілік көлеңкесінде» атты жинағына жазған алғысөзі оның партиядан шығарылуына «септігін тигізді». Өзге-өзге, бүкіл саналы өмірін пролетаприатқа қызмет етуге жұмсаған Сәбит үшін одан артық жаза жоқ еді. Сондай қасіретті қарбаластан аман шыққан екі тұлға араға екі жыл салып барып қырғи қабақ күйге көшкен. Оған не себеп болды? Екеуі де бір күнгі еркіндікті көтере алмады ма? Ол да мүмкін.
3.
Бірақ та Мұхтар үнемі жазықсыз жапа шекті, оған жасалмаған жауыздық, көрсетпеген қиянат қалмады, дос таба алмады, халық қолдамады және оны өзі сезінбеді, тұрмыста да жарым көңіл күй кешті, ылғи да от пен судың ортасында жүрді, жалғыз қалды десек – онда шындықтың бетін шымылдықпен бүркегеніміз және қиянат. Өкінішке орай бір кесе шайының өзін күдіктене ішетін секемшіл, жапа шеккен жасқаншақ жан етіп көрсеткісі келген дүниелердің пайда болғаны да рас. Мұхтарды қорлаудың ең оңай жолы бұл! Мұхтарды ешкімнің мүсіркеуге хақысы жоқ және мүсіркетпеген де. Еркелесе – еркелеткен шығар. Бірақ басына шығарып, басындыртпаған. Өз есесін емін-еркін алып, емін-еркін төрде отырған. Қатты ренжітіп, өкпелесіп, ұзақ сілкілескен кездері бар. Ол – қатыгез дұшпандықтан, өмір сүруін көп көрген өшпенділіктен ада, таза пендешіліктен туған ұсақ реніштер. Мүмкін, кейбірінің тым ушығып барып басылуы да. Ал, Мұхтардың көзін жойып, атын өшіру үшін исі қауым бірігіп, қасақана қастандық әрекет жүргізді деу – оқиғаны өз ыңғайына қарай бұра, әдейі өршіте түсу үшін әрекеттенгендердің далбасасы.

1939 жылы 9 ақпанда Қазақстан Қ(б)П Орталық комитеті мен Қазақ ССР халық комиссарлары кеңесі «Қазақстанда өнер мен әдебиетті одан әрі дамыту туралы» қаулы қабылдап, сынды және өзара сынды күшейту туралы мәселе қойды. Сол қаулының желеуімен М.Әуезов пен С.Мұқановтың арасында алғашқы ашық ой егесі басталды. Оған 1939 жылы 3-наурыз күні өткен қазақ өнері мен драматургия туралы Жазушылар Одағының пленумындағы М.Әуезовтің «көрсеткен қыры» дәлел. Бұл – одақтың төрағасы Ә.Тәжібаевтің – бұрынғы төраға С.Мұқановтың мысын басып, оны мінбеден ығыстырып, уақытша Семейге «ықтап кетуге» мәжбүр еткен тұсы. Күн тәртібіне драматургия мәселесі қойылған. Сол жылы ақпанда М.Әуезовтің «Әбділда ақын» атты мақаласы жарияланып, «Мен қазақтың Гейнесімін» деген жолдарды ақындық өр рухқа бағалады. Міне, екеуінің арасына пенделік өкпе мен наразылық осы арадан туындаған сияқты.

Күні кеше түрмеден шыққан Мұхтарды бауырына тартып, жинағына алғысөз жазып, қатарға қосқан Сәбит қудалауға ұшырағанда «еруліге қарулы қайтарып», қол үшін берудің орынына, оны «мүйіздеп шығарған» Әбділданың сөзін сөйлеп, аспанға көтеруін, әрине, Мұқанов өзіне деген сатқындық ретінде бағалаған. «Өзінің тірі екенін» білдіру үшін пленумның қарсаңында С.Мұқанов «Айман – Шолпандағы» Көтібар бейнесі туралы «Көтібардың көтін ашпайық» – деген мағынадағы сыни мақаласын жариялады. Оған қарсы М.Әуезовтің «Жақсы сынға – жан пида» атты қарымта жауабы шықты. Алдына-ала баспасөз арқылы өзара «азу білескен» мұндай шарпысу мен көңіл-күй пленумның ширығып өтуіне де ықпал етті.

Пленумда бірінші болып С.Мұқанов сөз бастап, мақаладағы екпінмен «Айман – Шолпан» пьесасына елеулі сын айтты. Оған жауап ретінде Ә.Тәжібаев мінбеге көтеріліп, С.Мұқановқа «лайықты тойтарыс» берді. Екеуінің аражігіне сына боп М.Ақынжанов қағылды.

М.Ақынжанов: «... Ол (Мұқанов Т.Ж.) Әуезовті және оның «Айман – Шолпан» пьесасын дұрыс сынады. Біз бұл автордан толық сомдалған бейнелерді күтуге қақылымыз. Оның тарапынан жіберілген әдепсіздікті (нетактичность) Мұқанов өте дұрыс сынап отыр. Әуезовтің мақаласында өзіндік сын мүлдем жоқ, тек қана жеке бастың мүддесін күйттеген. Мұндай мақала, біз көріп отырған Әуезовтің мақаласы туралы Мұқановтың сөзі де ерегестен басқа ештеңе әкелмейді. Ештеңе бермейді, жас мамандарды өсіруге ықпал етпейді. Егерде өзара кикілжіңге құрылмаса бұл мақаланың пайдасы өте зор болған болар еді. Егерде Мұқанов жолдас ҚК(б)П-ның шешіміне сай айтса, онда Жазушылар одағындағы көптеген кемшіліктерді ашып, құнды ұсыныстар жасап, не істеу керек, қалай істеу керек, өзге жолдастар не істеп жатыр, қандай тақырыпа жазу керек – деген мәселелер қозғалар еді. Біздің бүгінгі міндетіміз осы»,– деді.

Өз кезегінде М.Әуезов те мінбеге көтеріліп, бірден тақырып тізгінін қолға алып, Сәбитті түйреп өтті. Қыза-қыза келе пленумның күн тәртібіне өзгеріс енгізгісі де келіпті. Өзге-өзге, М.Әуезовтің кеңестік мәжілісті ықпалында ұстауға құзыры әлі жетпейтін әрі оған жол да бермейтін. Сондықтан да жарыссөзге шығушылар драматургті «өз орынына» қойып, екінші күні түсінік беруге мәжбүр еткен. Мұхтар Әуезовтің:



«Мен кеше бұл мәселені басқа күнге ауыстыру туралы ұсыныс жасағанда бұл жиналыстың бетін бұрып, бүйректен сирақ шығарайын деген жоқ едім және жалпы мәжілістің барысына тікелей қатысы жоқ еді. Тек «Айман-Шолпан» жөнінде, яғни, бір туындының негізінде жазылған тегі бір либретто мен сахналық шығармалар, ондағы фольклорлық сарындардың пайдаланылуы мәселелері жеке талқыланса, әйтпесе, жұрттың назары осыған ауып кетіп, негізгі жайлар ықтасында қалып қоя ма деген ниеттен туған еді. Ал мен өзімнің мақаламда: композитор, сыншы, жазушы үшеуміз оңаша отырып өзара талқыға салайық, содан кейін барып мен тиісті өзгерістер енгізейін деген пікір айтқанмын. Ақынжановқа да осыны айтқанмын. Мақаланың бірінші жартысында мен шығарманың сахнаға лайықталуына байланысты тосын ұсыныстар жасағанмын. Онда режиссерға да, жазушыға да қатысты пікірлер бар. Менің айтпағым осы жайлар еді. Ал кейіпкерлерге, оның ішінде Көтібарға берілген Сәбиттің бағасымен мен келіспеймін. Көтібар дастанның желісі бойынша фольклорлық тұлға, оған ешқандай қорғаушының қажеті жоқ, тек сезім түйсігімен ғана сынай қабылдау қажет. Бір шығарманың бойында әрі жылатып, әрі күлдіріп отыратын кейіпкерді көрермендер бір қалыпта қабылдай ала ма. Сәбиттің Ботагөз деген әдемі кейіпкері бар. Оны болыс зорлап атастырады, сонда мұны: қыз да ықтиярлы болды, болыс та оған ынтызар еді – деп түсіндіруге бола ма?

Мен көпшілікке: Көтібар батыр адам, сондықтан да оны арашалу керек – деген сықылды үстірт мәселені көтергендей көрінуім мүмкін. Бұл арада маңызды бір мәселе бар. Мен өзімнің мақаламдағы ширыға, кейбір тұстарда шектен тыс көтеріңкі леппен жазылғандығын мойындаймын, бірақ та Сәбит айтандай, Көтібардың көтін ашпайық деген мағына білдіретін емеуірін танытқамын жоқ... Шапшымай байыппен пікір алысайық. Енді мен неге бұлай шамырқана жаздым, соған келейік. Сәбит өзінің сөзінде: Әуезов сауатты драматург, сондықтан да пьесаны жазған кезде батырлар туралы зиянды, саяси тұрғыдан қате тұжырымды саналы түрде қайталаған – деп даурықты. Міне, осы даурығу менің есіме 30-31 жылдардағы топшыл сыншыларды есіме түсірді, сондықтан да менің де Сәбитті шаншып өткім келгені рас, алайда ондай пиғылдан бәріміздің де бас тартқанымыз жөн.

Өзінің сөзінде Ақынжанов маған: өзіне өзі сын көзбен қарамайды – деген мін тақты. Ол екеуміздің қателерімізді қалай түзетуіміз керектігіне ақыл қоспайды, сөйте тұра біреуміздің сөзімізді сипақтап, екіншіміздің сөзін сызып тастағысы келеді. Бұл екеумізді де тезге салатын тура бидің қылығы емес. Ал Исмайловтың пікірін қабылдаймын. Алайда Сәбиттің де қателіктері бар екендігін ашық айтамын. Неге екенін білмеймін, бізде осы уақытқа дейін сыни талдаудың орынына тас-талқанын шығаруға әуестік орын алып келеді. Тоқжановтан бастап Қаратаевқа дейінгілерде осындай зиянды сұғанақтық болды. Олар шығарманы талдаудан бастап авторына ауыз салатын және міндетті түрде оның авторын қылмыстық жазаға тарту туралы айып тағумен аяқталатын. Егерде әдеби олқылықтар жіберілсе, оның әдеби кемшілік екенін түсінбей, автор мұны қасақана солай істеп отыр деп мәлімдейтін. Сәбит те сондай дертке шалдыққан еді. Біздің жазушыларға әдебиет пен сынға мүлдем жат, оған үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жалған жала жапқанын мен жақсы білемін. Ал қазақ әдебиетінің кәнігі өкілі нақты мысалға жүгінбей, автор саналы түрде зиянкестік әрекетті қайталады деп айып таққанда, менің ойыма: «Еруліге қарулы» (как аукнется, так и откликнется) деген мәтел оралды, ол маған саяси қателіктер жіберді деп айып тақты, ал мен оған жауап бердім. Бұл туралы әлі асықпай пікір алысатын боламыз. Ал Ақынжановтың пікірімен мүлде келіспеймін...»,– деген сөзінен көп жайдың аңысы аңғарылады.

Өкінішке орай бұл «майданға» орта буындағы зиялылар да еріксіз тартылды. Бұл оқымыстылардың арасында орынсыз ырғасулар мен ешкікөзденген мінездерді, тіксінулерді туғызды, оның ақыры асқынып барып, ашық дұшпандыққа ұласты. Оны енді жасырудың реті келмес. 1940 жылдан бастап 1953 жылға дейін Мұхтар Әуезовтің шығармалары мен ғылыми еңбектерінің ресми құпия рецензенті Қажым Жұмалиев болды. Оның 25 беттік алғашқы «жабық пікірі» 1940 жылы мамыр айында Қазақстан Орталық комитетінің бақылау және саяси-ағарту бөлімдерінің тартпасына түсті. Бұрын мұндай іске тартылмаған әрі өзінің тұлғалы, тік мінезін сақтағысы келген Қ.Жұмалиев «Шатқалаң» пьесасында Мирзоянның есімін атайтынын саяси қателікке жатқыза келіп:





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет