«Жалпы алғанда ол 1932 жылы берген уәдесін орындай алды деп айта аламыз»,– деп қорытты.
Бұған көңілі толмаған сектор меңгерушісі Я.Пильчук:
«Жұмалиев өзінің нақты көзқарасын жасырып қалған»,– деп бұрыштама қойыпты.
Бұдан кейінгі тапсырмалардың саяси және идеологиялық бағыт-бағдары анықталып берілгендіктен де, «жабық пікірлер» бұдан көрі нақты дәйектерге негізделіп жазылған сияқты. Алғашқы жылдары өзінің «меншікті қара сыншысын» білмегенімен де барған сайын оның «сұлбасы» анықтала түсіп, ақыры ашық жеккөрінішке ұласты. Бұл «ырғасу» екеуі үшін де өкінішпен аяқталды.
Жоғарыдағы Қажым Жұмалиевтің «жасырып қалған көзқарасын» Әдеби құпияларды сақтау жөніндегі Бас басқарманың өкілі Баймұрзин 1940 жылы қаңтар айында тиісті орындарға:
«1940 жылдың аяғында Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген Абайдың «Лирикалар мен дастандар» атты жинағына М.Әуезов жазған алғысөзде Шәкәрім Құдайбердин деген ірі феодал, «Алашорданың» көрнекті өкілі, 1917-1918 ж. Семей қаласындағы «Алашорда» сотының төрағасы, төңкерістен кейін мал-мүлкі тәркіленген бай, 1931 ж. Шыңғыстау ауданында кеңеске қарсы көтеріліс ұйымдастырып, осы көтерілісті басу кезінде оққа үшқан адамды автор Абайдың шәкірттері қатарында оң пікір білдірген... Біз: Мұхтар Әуезов кітаптың алғысөзінде Абайдың ең таңдаулы шәкірті ретінде Шәкәрімді көрсетіп, өрескел саяси қате жіберді – деп санаймыз... Шәкәрім Құдайбердин кеңес өкіметінің жауы болғандықтан, мақтауға тұрмайтындығын былай қойғанда, оның есімінің өзі баспа бетінде аталмауға тиіс деп есептейміз. Қазақ ССР-нің Главлиті сіздерден тиісті шара қабылдауды өтінеді»,– деп «астыртын» мәлімдеді.
Орталық комитет бұл мәселені Жазушылар одағына жолдап, «Жеке жазушылардың әдеби туындыларын тексеру» тапсырылды. Әуезовтің шығармаларын «құпия бақылау» алғашында Балқашевқа, кейіннен «М.Әуезов жөніндегі маман» Қажым Жұмалиевке жасырын жүктелді. Әрине, Ә.Тәжібаев төрағаның орынбасары болып тұрғанда «құпия пікір» иесін М.Әуезовтің білгені күмән тудырмайды. Қаншама діні берік болса да, мұндай тапсырманы орындаудан ешкім де бас тарта алмайтын әрі «сексот» деген ат ол тұста кімнің де болса денесін түршіктіретін еді.
Міне, келер күндерге кесірін тигізген кесірлі ырғасудың ашық түрі, яғни, осы бір ілік-шатыстан басталды.
4.
Мұхтардың тағдыры хақында толғағанда, бұлтартпайтын, айтуға да, айтпауға да болмайтын, бірақ қалайда жауап берілуге тиісті шындықтардың ұшырасатынын жасырып қала алмайсың. Үндемей кету – шындыққа қиянат.
1938 жылы қаңтарда БК(б)П Орталық комитетінің пленумы «Партия ұйымының коммунистерді партиядан шығарудағы қателіктері, БК(б)П-ден шығарылғандардың шағымдарына формальді-бюрократтық көзқарас туралы және кемшіліктерді жою жөніндегі шаралар туралы» қаулысы шығып, соның негізінде жазалау науқанының бірінші легін ұйымдастырғандардың өзі «халық жауы» болып жарияланып, Ежовтың өзі де ұсталып, атылып кетті. 1938 жылғы наурыздағы «ССР Одағының Прокуратурасының» Бухарин бастаған оңшыл-троцкийшiл блогы туралы» шығарған үшінші қаулыға сәйкес Қазақстандағы соңғы үкім 1938 жылы тамыз айында Алматы қалалық партия жиналысында шығарылды. Онда Мұхамеджан Қаратаев әшкереленді. Өзін ұстап берген өзі одаққа мүше етіп алған екі адамның атын бізге өз ауызымен айтып, олар туралы жақ ашпау жөнінде уәде алып еді. Біз сол уәдемізді бұзуды әдепсіздікке санадық. Ал үш рет үйіріліп соққан «қара дауылдан» Мұхтар Әуезов және бір ақын ешқандай қуғын көрмей аман қалды. Қалай?
Керісінше, бухариншілер қуғындалған тұста жұрттың бәрі халық жауы болып тұтқындалып, атылып, жер аударылып жатқанда Мұхтар Әуезов 1938 жылы 26-маусым күні ҚССР Орталық Атқару Комитетінің президиумына – жолдас Өмірзақовтың атына өзінің «сотталды» деген айыбын жоққа шығару туралы өтінішін жолдады. Онда:
«1930 жылы қыркүйек айында ПП ОГПУ-дің Қаз ССР-дегі өкілдігінің шешімі бойынша «Алашордашыл қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты ұлтшылдық әрекетім үшін (58 баптың 7, 10, 11 тармақтары бойынша) тергеуге тартылып, 1932 жылдың көкек айында үш жылға – 1930 жылдың қазанынан бастап шартты кесіммен үкім шығарылды.
Менің тергеу ісімді өзге алашордашылардан бөліп алуына және шартты түрде сотталуыма өзімнің бұрынғы ұлтшыл өткенімді шын жүректен айыптауым, оны баспасөз арқылы («Казправда», 1932 жыл, 10 маусым күнгі №131 саны, «Еңбекші қазақтың» да («Соц.Қазастанның – Т.Ж.) да сол күнгі саны) ашық мәлімдеуім себеп болды. Революция ісіне бұдан әрі шын жүректен беріле қызмет ету менің тереңнен түсінген өмірлік мақсатымнан туып еді. Содан бері, 1932 жылдың көкегінен бері мен кеңес жазушыларының қатарында өнер мен әдебиет майданында еңбек етіп келемін.
Осы жылдардағы менің атқарған істерім көпшіліктің көз алдында өтіп келеді. Нағыз төңкерісшіл жазушының мақсаты мен міндеттері менің де идеялық-саяси және қоғамдық-шығармашылық ісімнің мазмұнына айналды. Мен өз бойымнан пролетарлық төңкеріс ісіне деген құштарлық пен сенімді ояттым (таптым). Мен өзімнің ісім арқылы кеңестік социалистік мәдениеттің құрылысшылары қатарына нық қадаммен және мәңгілік қосылдым.
Достарыңызбен бөлісу: |